JASTAR - EL TIREGI

   Өткен аптада Арал ауданы, "Қамбаш" олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Осымен үшінші жыл қатарынан өткізілген жиынға облыстық департамент және басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері және орынбасарлары, ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі мамандар, "Жастар ресурстық орталығы" қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты.
"Jastar – el tiregi” атты кеңес аймақ басшысы Қуанышбек Досмайылұлының төрағалығымен жүргізілді. Көшпелі кеңес отырысының ерекшелігі, бұл галстуксыз кездесу болды. Әрі бейресми форматта өтті. Жастар кез келген мәселені ашық айтып, облыс әкімімен еркін пікір алмасты.  
Бүгінде жастардың "білім аламын, жұмыс істеймін" деген желеумен әскерге барудан шет қалып жүргені жасырын емес. Кездесуде облыс әкімі осыған баса назар аударды. Сондай-ақ күн тәртібінде облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру тиімділігі, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, Қазалы және Арал аудандарында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы кеңінен талқыланды.
Мұхтар Оразбаев,
Арал ауданының әкімі:
– 90 азамат "Бастау Бизнес" бағдарламасы арқылы оқу-курстарын аяқтап, жолдама алды. Бір балыққа қарап отыра беруге болмайды. Әр ауылда, әр елде шаштараз, монша, наубайхана ашу жұмыстары, оған берілетін жеңілдіктер турасында жастарға сала мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мұрат Ергешбаев,
Қазалы ауданының әкімі:
    – Жастарды жұмыспен қамту мәселесі алаңдатады. Экономика, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық саласындағы мамандарға елді-мекендерді аралатып, қолайлы кәсіп ашу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Бір айта кетерлігі, Арал, Қармақшы, Байқоңыр аудандарында жұмыссыз жастардың қатары көбейген. Салдарынан жастар арасында құқық бұзушылық көрсеткіші өскен. блыстық жергілікті полиция мәліметіне сәйкес Арал ауданында 2018 жылдың 7 айында жастар жасаған қылмыстың саны 28-ді құраса, 2019 жылы 41-ді құраған. Бұл жастар арасында қылмыстың алдын алу жұмыстарының аудан деңгейінде мардымсыз жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жалпы бұл мәселеге байланысты қандай шара қолданып отырсыздар"?, – деп сауал жолдады аймақ басшысы Арал ауданының әкіміне.
– Соңғы кездері аудандағы студенттер арасында түсініспеушілік туындаған. Соған орай аудандағы белсенді жастарды, кәсіпкерлерді, зиялы азаматтарды қоғамдық кеңес, депутаттардың бәрінің басын біріктіріп, 4 рет ата-аналарымен аудандық мәдениет үйінде кездесу өткіздік. Мәселенің алдын-алуға қатысты қандай жұмыстар жасалу керегіне кеңінен тоқталдық. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында жұмыстар істейміз, – деді аудан әкімі.
  Кездесуде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Қуантқанұлына бірнеше тапсырма жүктелді. Мәселен, жастар жылын атап өтудегі кешенді іс-шаралар жоспарының сапалы орындалуын қадағалау, сол жағалаудан берілген "Жастар ресурстық орталығында" семинар мен үйірме жұмысын үйлестіру, сондай-ақ Ресей Федерациясында білім алған түлектерді жұмыспен қамтуды бақылауға алу, бір ай көлемінде оның шешімін табу тапсырылды. "Биыл "Жастар жылы" болып бекітілгені баршаңызға белгілі. Осы орайда "Жастар жылы" жастардың есінен кетпестей болу керек. Сол себепті де жастар жылында өткізілетін шараның ауқымдылығына назар аударуды тапсырамын", – деді аймақ басшысы.
Қуаныш Жанұзақов,
облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша мәселелерге өте қатты назар аударылды. Жастар арасындағы қылмыстылық өзекті болуда. Бізге бір айдың көлемінде тапсырма берді. Қорғаныс істер  департаменті, білім басқармасы, жұмылдыру басқармасымен бірлесіп, арнайы жұмысшы топ құрамыз. Тәрбиенің бастауы – мектепте. Сондықтан мектептер алғашқы  әскери дайындық пәндерінен сабақ беретін мұғалімдердің дайындығы мен мектептегі материалдық техникалық базаның жабдықталуы бойынша бір ай көлемінде жұмысшы топпен жұмыс істейміз.
Биыл Ресейден 107 жас білім алып келген. Оның ішінде 23-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Солардың бірі – Жандос Тойбазар.
Жандос Тойбазар,
 «Сыр маржаны» ЖШС инженер-механигі:
– Ешқандай қиындыққа қарамай, осы жұмысқа орналастым. Білім алғаным экс әкім Қырымбек Көшербаевтың арқасы деп айтуға болады. Шын жүректен алғысымды білдіремін. Алған білімімді елдің дамуына жұмсауға тырысамын. Менімен бірге бітіріп келген, оқып жатқан жастар да сондай пікірде.
Шарада аймақ басшысы белсенді 10 жасқа "Жастар Отанға" республикалық жастар лагеріне қатысуға жолдама берді.
Дархан Меңдібаев,
Арал аудандық жастар ресурстық орталығының маманы:
– Аймақ басшысының қолынан "Жастар Отанға" республикалық лагеріне жолдама алдым.  Республикадағы барлық жастармен танысып, жаңа достар тауып, жақсы көңіл-күймен елге ораламыз деген сенімдемін.
Арал аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Ізбасаров облыс әкіміне, кеңеске қатысушыларға алғыс білдірді.
– Алдымен айдынды Аралға қош келдіңіздер! Бұл кеңестің ерекшелігі еркін форматта өткізілді. Ешкімнің баяндама оқымауын назарға алдық. Ең бастысы, аймақ басшысымен кездесіп, көкейдегі сауалдарды жолдауға мүмкіндік бердік. 100-ден аса делегат қатысқан шарада біршама мәселелер сөз болды. Әрине біз оны "айтылды" деп жеңіл қарамай, сол мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Сонымен қатар жұмыссыз жастар санын азайтуға жұмыс істейтін боламыз.
Кездесу соңында алау жағылып, жастар ән шырқады. Облыс әкімінің ұсынысымен облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы өлең оқыды.
P.S Кездесуде басқарма қызметкерлеріне тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жүйелендіру керегі де айтылды. Өзекті мәселелер бір айда шешімін табу керек. Бұл тапсырылған міндеттің нәтижесі қалай болмақ? Оны уақыт еншісіне қалдырғанымыз жөн шығар. Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын тоқтатқан "Сыр үміті" сыйлығын табыстау рәсімі қайта қолға алынатын болды.
Мөлдір САБЫРЖАН
29 тамыз 2019 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031