» » ЖАҢА ҰРПАҚҚА ЖАҢАШЫЛ БІЛІМ

ЖАҢА ҰРПАҚҚА ЖАҢАШЫЛ БІЛІМ

    Аймағымызда дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы ұстаздардың білім беру ісіндегі өзекті мәселелер3 сүзгіден өтетін «Білім және ғылым» тақырыбындағы тамыз мәслихатына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова, Парламент депутаттары, жалпы 600-ге жуық сала мамандары қатысты.
Тамыз мәслихатына қатысушылар мен қонақтар «Цифрландыру-білім саласын дамытудың стартегиялық бағыты» тақырыбындағы танымдық көрмені тамашалады. Алқалы жиынның ашылу салтанатында аймақ басшысы өңірдің білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттерге тоқталды.    
 − Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болу білім деңгейімен өлшенеді. Қазіргі таңда адами капиталды дамыту және білім сапасын жетілдіру негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл бағытта Сыр еліндегі білім саласындағы ауқымды жетістіктер мен нәтижелер аз емес. Өңірде жаппай білім беруді қолдау жүзеге асырылуда. Облыста балабақшалар желісі жыл сайын артып келеді. Оның 77 пайызы жеке сектордың үлесінде. Нәтижесінде 3-6 жастағы балалар 100 пайыз қамтылып отыр. Балалардың ерте дамуы мемлекеттің табысты болуымен тікелей байланысты. Мұны әлемдік ғалымдар қашанда айтып келеді. Облыста 3 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар, кейбір балабақшаларда оқу-тәрбие процесі өз деңгейінде жүргізілмейді. Бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көрініс тауып, халықтың сыни пікіріне көп ұшырауда. Осы ретте облыстық білім басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бұл проблеманың алдын алу шараларын қарастыруды тапсырамын,– деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Аймақ басшысы білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген негізгі көрсеткіштер орындалып жатқанын айтты.  «Облысымызда соңғы 6 жылда 69 мектеп салынды.  Нәтижесінде 3 ауысымды және 37 апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешілді. Қазіргі таңда Жаңақорған, Жалағаш аудандарында апатты деп танылған 2 мектептің құрылыс жұмыстары жүруде. Аймақ мектептерінің 60 пайызы жаңа модификациялық пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етіліп, компьютерлер 100 пайызы жаңартылды. Ауыл мен қала мектебі, шағын және үлкен білім беру ұйымы арасында білім сапасында айырма болмауы тиіс», − деді облыс әкімі.
Сырдың талантты балалары да әлемдік танымал оқу орындарында білім алуы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалаы отбасылардан шыққан балаларға биыл міндетті оқу қорынан 1,5 млрд теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. Бұл қаржы балалардың ыстық тамақпен, киіммен қамтылуына және жазғы демалысын ұйымдастыруға жұмсалмақ. Қосымша жергілікті бюджеттен 390 млн 400 мың теңге қаржы қаралған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасауды қала және аудан әкімдеріне тапсырды. Балаларды әлеуметтік қолдау шаралары бойынша жұмыстар білім басқармасы мен әкімдіктердің бақылауында болмақ.
Конференция барысында ҚР Білім және Ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департамент директорының орынбасары Бану Нарбекова, ерте жастан балаларды дамыту бағытына көп көңіл бөлу керектігін айтты.
  • Орта білім дамуының жаңа стратегиясы қарастырылуда. Алдағы 2021 жылдан бастап 12 жылдыққа көшу мәселесі байыппен асықпай, кезең-кезеңімен, зерделеніп, қайта қарастырылуда. Сонымен қатар үш тілділік жүйе әр мектептің, оқушының, сыныптың дайындығына байланысты жүзеге асады. Өздеріңізге белгілі ауыл мен қала балаларының арасында біркелкі ерекшеліктер бар. Оларды теңестіру мәселесі де алдағы күннің басты шаруасы болып отыр. Жастарды білім саласына тарту немесе педагогикалық кәсіпке шақыру да үлкен мәселе  ретінде қарастырылуда.  Биыл жоғары оқу орындарына бөлінген гранттардың саны көбейгенімен, сол мамандықтарға тапсыратын түлектердің білім көрсеткіштері төмен. Мұғалім мәртебесі заң жобасында  педагог өзінің білімін арттыру уақытын және мерзімін өзі таңдайтын болады. Сонымен қатар, тек өзінің негізі жұмысынан басқа шаруалар қосымша жүктелмейді. Сынып жетекшілік пен дәптер тексеру жұмыстарына екі еселік үстемақы қойылатын болады. Бұл заңда педагогты қорғау мәселесі де жеке қаралған,– деді министрлік өкілі. 
«Балаларды балабақшадағы инклюзивті ортаға неғұрлым ерте үйретсе, мектепте оқуын жалғастыру соғұрлым жеңіл болады. Орта білім беру деңгейінде кестеге сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жалғасады. Барлық қажетті оқулықтар мәселесі шешілді. Бұл мақсатта облыс бюджетінен 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. 10 сынып оқу жоспарына  «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жаңа пәндері енгізіледі. Алғашқы әскери дайындық курсының мазмұны толық жаңартылып, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» жаңа атауымен оқытылады. Сонымен қатар биыл 9 сыныптар функционлады сауаттылыққа негізделген  жаңа форматтағы мемлекеттік емтихан тапсыратын болады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді 10-11 сыныптарда ағылшын тілінде оқыту, мектептердің дайындық деңгейіне қарай, кезең-кезеңімен енгізіледі»,– деді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.
Сондай-ақ, биылғы жаңалық – балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы енгізілмек. Балабақшаға бару кестесі де жаңартылмақ. Бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны артып келеді. Қаладағы №4,12,187,217,278 мектептерге IT-лицей статусы берілді. Енді мектеп ұжымы сенімді ақтау қажет. Жаңа оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылады. Биылдан бастап ыстық тамақпен қамту, лагерьге жолдама беру, тасымалдау, 1 сыныпқа қабылдау қызметтері автоматтандырылды. Наурыз айынан бастап республикада алғашқылардың бірі болып, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау электронды түрде жүргізіле бастады. Қазіргі таңда осы жүйемен 129 мұғалім жұмысқа орналасып үлгерген.
  • Жиын барысында «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы Нұрбек Саясат «Жаңа мамандықтар Атласы жобасы: еңбек нарығы мен дағдылар сұранысы қалай өзгеруде?»  «Promethean» компаниясының бас консультанты Инна Стивенс «Интерактивные технологии для цифрового поколения» тақырыбында баяндама оқыды.
  • Сондай-ақ «Дарынды балаларды анықтауда ата-ананың рөлі» тақырыбында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев, «Жас маманға жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Сырдария ауданы, №35 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айдана Жакиева сөз алды.
  • Шара соңында «Үздік білім беру ұйымы» номинациясы Байқоңырдағы №277 мектеп лицейіне табысталды. Жеңімпаз білім ордасына 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Бірқатар үздік педагогтар «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, министрліктің және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Алғыс хатпен марапатталды.
Тамыз кеңесінің қалалық жиыны да жоғары деңгейде өтті. Шараға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Жиында қаланың "Құрметті азаматы" атағы білім саласының ардагері Амангелді Жолмырзаұлына берілді. Он мектептің мұғалімі 150 мың теңгеден сыйақы алды. Тағы бір ерекшелігі, екі мұғалімге 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Майра Мелдебекова,
Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы:
− 2020 жылдан бастап министрліктің жоспарына сәйкес мектептер жан басына қаржыландыру механизміне көшеді. Онда әрбір оқушы қаржыландырылады.
Қаржы саясатын жүргізуде мектептің стратегиялық даму бағыттарына сәйкес белгілі жағдайда дербестік беріледі. Нәтижесінде, мектептер арасында шынайы бәсекелестік орта қалыптасады. Ол өз кезегінде оқу сапасы көрсеткіштерін жақсартуға негіз болады.
Бұл мақсатта мектеп сапалы және тиімді қызмет жасау үшін жаңа заман директоры новатор, әдіскер, ұстаз, стратег, экономист, менеджер, бір сөзбен айтқанда, өзгерістерді басқара алатын көшбасшы болу қажет.
Саясат НҰРБЕК, «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы:
− Білім беру саласы мен еңбек нарығының арасындағы байланыстың жоқтығы бүгінде мамандық таңдауда проблема туындатып отыр. Осы себепті де біз «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын жасадық. Бұл келешекте еңбек нарығына қандай мамандық керек екенін, қандай мамандықтың «зейнеткер», өзгермелі екенін анықтап береді. Бүгінде бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін біз әрбір жоғары оқу орнына осы мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік жасаймыз.
Қазіргі білім саласы онлайн білім алуға көшкен уақытта мамандық ауыстырудың жолы тым тез дамуда. Бұрын бір саланың маманы 20-30 жыл болса, қазір мамандықты өзгертудің жолы 5-8 жылға қысқарып кетті. Демек, біз жаңа мамандықтар таңдау арқылы болашақта жұмыссыз қалмауға әрекеттенуіміз керек.
Инна Стивенс,
«Promethean» компаниясының
бас консультанты:
− Сыр еліне алғаш рет келуіміз. Қызылордадағы №140 мектепке демеушілік есебінде химия, физика кабинеттерін интерактивті панель орнаттық. Электронды журнал, дәптерлер, смарт сағаттар баланың алаңсыз білім алуына жағдай жасайды. Бұл ата-аналар үшін де тиімді. Бүгінде цифрлық білім беру саласы дамып келеді. Әрбір цифрлық контенттер біздің балалардың білім алуын жеңілдету үшін жасалып отыр. Интерактивті панель арқылы оқушылар электронды кітапхананы, сабақты жүргізудің әдіс-тәсілдерін онлайн бағытта көре алады.
Байтақ ТҰРСЫНБАЕВ,
мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі:
− Қай ата-ана болмасын, баласының дарынды, қабілетті болғанын қалайды. Белгілі бір жетістікке жеткенін армандайды. Дарынды, қабілетті баланы айналасындағы адамдар қабылдап, бағалауы тиіс. Мен бұл тұрғыда мақтана аламын. Ең бастысы, ата-ана тарапынан Элизбетке үлкен қолдау көрсеттік.
Қазіргі ғылым тілімен айтсақ, біздің қоғамда «Z» ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып келе жатыр. «Х, Ү» дәуірі ұрпақтарының өз ерекшелігі болса, «Z» терминінің ерекшелігін «Цифрлы адам» баламасымен қарастыруға болады. Біздің балаларымыз цифрландырылған, ақпараттандырылған дәуірде өмір сүруде. Олар үшін барлығы жеткілікті.
Ұлы ақын Абай Құнабайұлы: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деген болатын. Өз балаларыңыздың бойынан қандай да бір ұшқынды байқасаңыз, оның қоғамға, елге қызмет етуіне ықпал етіңіз, ата-ана!
Гүлбану МАҚАЖАН
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
31 тамыз 2019 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30