Келін

    Таңертең көзімді тырнап ашып, аулаға шыға бергенде көрші Мөлдір жеңгем қолына шелегін ұстап, қораға қарай тартып барады. Ал кейде жұмыстан кешеуілдетіп, түннің бір уағында үйге келе жатсаң, тағы да жарығы өшпестен, үй шаруашылығында бір тынбай жүргенін көремін. Апырмай, деймін ішімнен. Сонда қай уақытта кірпік іледі екен?!
Жексенбі күн болатын. Көше бетте көлігімді жөндеп, ақауын қарап жатқанмын. Амандық білейін болмаса көмегім тисе, оны көрейін дегені шығар, Болат ағам жаныма кеп жайғасты.
– Сен өзі ауылдасың ба? – деп сұрақты төтесінен қойды.
Таңертең кетіп, түн ауа үйге асығып, шешеме баладай еркелеп, отбасыммен қауышатын менің күйім ауылдағы біраз адамға белгілі. Ал ағамның мұнысы несі дегендей кейіппен:
– Сенбі-жексенбі көрінгенім болмаса, басқа күндері жұмыстамын ғой, – дедім мен де сұраулы жүзбен таңырқай қарап.
– Ауылда екі келінге көңілім толады, – деп бастады әңгімесін ол алысқа көз тастай. – Бірі – менің Мөлдір келінім. Екіншісі – сенің келіншегің. Мөлдірім қолына жемге тола шелегін ұстап, емізулі баланы қолтығына қысып барып, сиыр сауып келе береді. Содан ара-тұра аулаңа көз тастасам, біреу отын жарып жатады. Сен екен деп барсам, келін боп қалады. Ойбу деймін де кейін қайтам. Тағы бірде аулада біреу су тасып жүреді. Қараймын, сенің келіншегің. Шаңыраққа түскен келіндер осылай отымен кіріп, күлімен шығып жатса, ата-анаға одан артық қандай бақыт керек?! Ары қарай тірлігіңді жалғайтын, өміріңді өшірмейтін ұрпақ бар екен деп қуанып қаласың ғой.
«Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген бар емес пе?! Болат ағаның отбасымен бала күннен араласпыз. Ол үйдің отанасы жиен апамыз. Сосын көршілігіміз өз алдына, құдалығымыз да бар. Бір-біріне тамыр тартып, туыстықтың бойына қан жүгіргелі қашан. Ал біз тұратын Алтынсарин көшесінің тұрғындарының барлығы бір-бірімен осылай араласып тұрады. Құдайы-той тәрізді жиындардан қалмайды, келіндері бір күнін кәдімгідей арнайды. Айт мерекесінде ақсақалдардан бастап айттайды, балалар жарапазан айтудан қайтпайды. Қысқасы, осындай көшеге түскен келіннің кері кететін кезі де болмас, сірә!
Мөлдір жеңгем осы үйдегі Азат бауырымыздың жары. Екеуінің шаңырақ көтергендеріне 9 жыл толыпты. Үлкені мектепке барады. Таяуда ғана Саламат есімді ұлын сүндетке отырғызып, ұланасыр той қылған. Берекесі артқан мерекелі шаңырақта бірлігі жарасқан ерлі-зайыптылар бір-бірін ыммен түсінісетін деңгейге жеткен. Сірә, бұл отбасындағы тәрбиенің өзегі болар.
– Қыз баланы қырық үйден тыйған халықпыз ғой. Оның үстіне, ата-ана балаға әркез дұрыс нәрсе үйретеді. Ер азаматтың бетіне келіп, қарсы сөйлеуге болмайды. Ол уақытта сен азаматыңның қадірін түсіресің. Өзгеге де сондай ой қалдырасың. Үлкендерден ұққанымыз көп. Соны бойымызға сіңіргеніміз болмаса, біздің тындырып жатқанымыз шамалы, – дейді Мөлдір.
Азаматы атқа қонып, тірлікке аттанса, отанасы шаңырақта қалып, үйдің жұмысын реттейді. Бұл қашаннан қалыптасқан қағида. Даусы гүр-гүр еткен Зилді оталдырып, Азекең шөп тасуға, отынға кетеді. Жаздың аптап ыстығында да, қыстың қытымыр суығында да дамыл көрмейді. Ал жолдан қажып келген жолдасының алдынан шығып, жылы қабақ танытып, балаларын тамақтандырып үлгеретін жеңгемнің жүзінен нұр шашырап тұрады.
– Келіннің қызметі – дәстүр-салтымыз. Барлық әйел атаулының өтетін сатысы. Сондықтан жылдар жылжыған сайын баста ауыр көрінген жауапкершілікті істі кейін ұршықша иіре кетесің. Өзім осы Қоғалыкөлмен іргелес жатқан Шіркейлінің қызымын. Ауылда туып, ауылда өскен соң менің де кіндігім қазақтың қарашаңырағына байланған. Үйде келініміз де, қайныларымыз да бар. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатырмыз, – дейді өнегелі келін.
Шекесі торсықтай үш ұлды өмірге әкелген Серіккүл апамның шаңырағындағы қос келіннің бірі – Әсел. Ол да үй шаруашылығын дөңгелентіп жүр. Бас келіннің көмекшісі. Оның жолдасы Саят – дәрігер.
– Ауылда тұрған соң қолыңда мал ұстамасаң, ұят нәрсе тәрізді. Азын-аулақ төрт түліктің сүтін ішіп, аздап өнім өндіретінім де бар. Құрт-майын, ірімшік пен айран-қатығын дайындап отырмын. Сатып, байып кетпесең де, балалар тоқ болады. Бастысы, осы, – дейді Мөлдір.
Ауылдағылар жұмыс жоқ деп отырған жоқ. Облыс орталығынан таяқ тастам жерде болған соң, көпшілігі қалада жұмыс істейді. Болат ағамның ортаншысы Саят пен кішісі Бағдат та солардың қатарында.
Жеңгемнің жүзіне қарап отырып:
– Сіз осы қай кезде кірпік ілесіз? – дедім.
Талай мәрте байқаған соң, таңданысты қалай жасырарсың?.. Сонда ол:
– Адам қолымнан келмейді десе, ол ешқашан келмейді. Бастысы, барлық нәрсені өз уақытында істеу. Сондықтан мен өз уақытымның қожайынымын. Міне, биікке көтерілем деген адам солай істеу керек, – деген келін ғибраты мол дүниеден бастап, әңгімені ары қарай жөнелте кетті.
Аян СПАНДИЯР
05 қыркүйек 2019 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30