» » Менің арманым – қазақ журналистерінің агенттігін құру

Менің арманым – қазақ журналистерінің агенттігін құру

   Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ, Ұлттық арнаның «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі:

− «Мәселе» шешіліп жатыр ма?
− Иә. Аллаға шүкір, бағдарлама жүгі жеңіл емес. «Мәселе» шешкен мәселе деген айдар аштық. Халықтан түрлі мәселелер келеді. Рак ауруына шалдыққан қызылордалық Айдана есімді келіншек келді. Түркияда ем алуы үшін 10 миллион қаржы жиналды.Бұл тағдыр ғой. Бұйырып тұрған нәрсе. Дегенмен себепші болғанымызға қуаныштымыз. Бұқаралық ақпарат құралдарына деген бұқараның сенімін арттырады. Сіз бен бізге, әріптестерімізге қоғамда сенбейтіндер де бар. Елдің ішін алатайдай бүлдіріп жүргендер айдап салады, бұлар айтпай отыр, жазбай отыр деп. Түптің түбінде шекараның сыртында жатқан шибөрілер емес, қазаққа жаны ашитын сіз бен біз. Қазақтың журналисі, мұғалімі, дәрігері тағы басқа. Ел болған соң телісі мен тентегі қатар жүреді. Жамандар да бар. Жемқорлар да бар. Ұсталып жатқандар да бар. Жасырмаймыз. «Ауруын жасырған өледі». Алайда жақсы тенденцияны да жоққа шығаруға болмайды. Осы ретте әлеуметтік бағдарламалар халық сеніміне ие болуда. Мәселені әлеуметтік желіде орынды көтерсе таптырмас байланыс құралы.  Ескерту жасап, ұсыныс айтуға болады. Ресми жаңалық қатар жүргені дұрыс.              
− Қазақ журналистері көтере алмай жатқан қандай тақырып бар?
− Біз бәрін ашып көрсетіп жатырмыз, бәрін айтудамыз. Қазақ журналисті ашаалмай жатқан тақырып жоқ. Әрқайсысы бір-бір саланың
атқарған жұмыстарын дұрыс жеткізіп, мәселесін де орынды көтеруде. Салалық журналистика дамып келеді. Қазақ журналистері елдің жүгін арқалауда ауызбіршілікпен қызмет етіп келеді. Біз барлық мәселені көтеріп жатқанымызға сенімдіміз. Елдің жүгін арқалаймыз деп жүрегімізбен ант еттік. Бұл − азаматтық ант. «Айтылған сөз атылған оқ» дейді. Елдің алдындағы уәдеңде тұру  − ең басты жауапкершілік.
− Мемлекеттік арналар мен басылымдарда цензура бар ма?
− Мемлекеттік арна айтпайды деген дүние жоқ. «Мәселе» бағдарламасында көтермеген тақырып қалмады. Мына тақырыпты мүлде айтпаңыздар немесе мына жерін қырқып тастаңыз деген ешкім жоқ. Журналистердің зерттеуі эфирге қаз қалпында шығып жатыр. Біздің міндетіміз халықтың талабы мен биліктің уәжін дұрыс жеткізу. Басшыларды жамандай беруден де аулақпыз. Себебі оның орнында ертең өзіміз отыруымыз мүмкін.
− Басшылық қызметке баруыңыз мүмкін бе?
− Басшы болуды мүлде қаламаймын. Жиырма төрт жасымда Алматы қаласыда Оқушылар сарайының директорының бірінші орынбасары болдым. Басшы болғаннан гөрі шығармашылық жұмыс ұнайды. Елдің мәселесін шешіп бергеннен ләззат аламын. Халықтың батасы, әлеуметтік желіге жазған шынайы пікірі осыдан артық бақыт жоқ.  Медиа саласына шығармашылық адамның басшы болғаны қалай болады екен? Он жылдан кейін әуелі мен тірі болғым келеді. «Жүз жасағым келеді жасырмаймын»  деп Қадір атамыз айтқандай, амандық керек. Екінші халыққа қызмет еткім келеді. Ең бастысы, менің ұлым «Әкем Нартай Аралбайұлы» дегенде ұялмаса екен. Қазір-ақ өседі. Біз туралы мәлімет іздеп тере қалса «Google» жасырмай алып шығады. Әу баста елдің алдына шықпау керек еді. Халықтың бата тілеуінің арқасында елге танымал болдық. Сондықтан дұрыс жүру керек.
− Жастармен кездесіп жүрсіз. Замандастарыңызға не айтасыз?

− Жағдайларын біліп, қай тақырыпта болмасын ойларын білгім келеді. Мені тек тұлға деп қабылдамаса екен. Тұлға дегенді дұрыс түсіну керек. Мен мыңнан бір пайыз тұлға емеспін. Тұлға десе, ақын, философ, профессор кісілерді ойға аламыз. Әр жасқа өз көшбасшысы болу керек. 18 жастағы жігіттің өз тұлғасы бар шығар. Көшбасшы бізден әлдеқайда белсенді болу керек.  Алты жастағы балаға алпыстағы шалды көрсетіп «мына кісі тұлға, осыдан үлгі ал» дей алмаймыз. Себебі екеуінің арасында жарты ғасыр ғұмыр жатыр. Көзқарас, заман бөлек. Жастармен сөйлесу керек. Елдің ертеңі осылар.
− Журналист мәртебесі туралы заң қажет пе?
− Қажет. Менің қанымның қараятыны − мемлекеттік мекемеден ресми хатқа жауап алудың баяулығы. Жазған хатымызға жауап бір аптадан соң келеді. Жиырма бірінші ғасырда әрбір ақпарат дер кезінде жету керек. Ашықтық жоқ. Сіз бен біз құзырлы органдарға жеке мүддемізді көздеп хат жазбаймыз. Халық үшін қажетті сенімді ақпаратты іздейміз. Жеделдік керек. Журналистер өз абыройымызды өзіміз көтеріп жүрген жандармыз. Жазамыз. Қолдаймыз. Әріптестерім не жазды, нені талқылап жатыр деп қарап отырамын. Қазақ журналистері бір-бірін қолдау керек. Ауызбіршілік керек. Біреуімізге сын айтылса, екіншіміз жақтауымыз керек. Өткенде Нұрбек Байбосын деген әріптесіміз тікелей эфир барысында «Бір жағадан бас, бір жеңген қол шығарып» деген мақалды айтамын деп жаңылып қалды. Оны бәрі жабылып сынады. Күлгендей мысқылдап айтпағандары қалмады. Тікелей эфир. Түрлі жағдай болады. Алла аузыңа сөз салмаймын десе, көк жәшікте адастырайын десе, жеті атаңның әруағына сыйынсаң да аузыңа сөз түспейді. Өзімізді өзіміз сыйлауымыз қажет. Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Үлкен күш болуымыз қажет. Қазақ журналистері бір-бірімізге ғашық болуымыз керек. Журналистер одағы, «Әділ сөз» ұйымы секілді журналистердің ұйымдары бар. Осы ұйымдарды көтерер бірлік керек бізге.
− Не нәрсеге көңіліңіз толмай жүр?
− Екі жақты пікір қалыптастыру қажет. Бейтараптықтан айырылмау керек. Біреу жаман адам екен десе, бәріміз қосылып талап тастаймыз. Осыған жүрегім ауырады.  Өз пікіріміз қайда? Сын керек. Дегенмен кез келген жаман адамның да бір жақсылығы болады. Кез келген жемқорлықпен ұсталған шендіні алсақ, оның әйтеуір қызмет барысында кем дегенде бір
адамға жасаған жақсылығы болады. Жемқорды жазалау керек. Талқанын шығару қажет. Дұрыс. Қызметі үшін, мамандығы үшін сынау керек. Тек оның отбасына, ата-анасына, балаларына тіл тигізбеуіміз керек. Бұл адамдыққа жатпайды.  Иә ол қателесті. Facebook желісіне жариялап қаралаудың керегі жоқ. Ол онсызда қарабет болып отыр. Біз оны қолтығынан демеуіміз керек.
− Сынды қалай қабылдайсыз?
− Сын жүйелі болса қабылдаймын. Журналистиканың қазанында қайнаған адам келіп, «Нартай балам, былай сөйле, мынадай тәртібі бар» деп кеңес берсе әрине шаттанамыз.
− Қандай кемшілігіңіз бар?
− Менің бойымда кемшілік көп. Артықшылық жоқ-ау. Батыстың адамымын. Бір басшымның, «Әй, Нартай, сендердің бірінші істеп алып, сосын ойланатындарың қиын» дегені бар. Қызуқандымын. Ойымдағының бәрін ашық айтып қоямын. Менің ашықтығымды өз пайдасына алатындар да болады. Тез ашуланамын. Тез қайтамын. «Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше» деп өзіме теліп қоямын. Бес минут ашуымның ішінде айналамдағы адамдарды тез ренжітіп алуым мүмкін. Қазір қасымда жанашыр әріптестерім бар. Солар мені тоқтатып үлгереді.
− Әттеген-ай, деген сәттеріңіз болды ма?
− Әттеген-айым болды. Өкінетін тұсым көп болды. Оларды айта алмаймын. Адам ретінде, азамат ретінде көп қателестім.
− Жастар жылынан не күттіңіз?
− Көп нәрсе күтіп едім... Қазақстан Жастар конгресінің төрағасының орынбасары Тоқтар − менің жақын досым. Сол арқылы атқарылып жатқан шаруалардан хабардармын. Тек игілікті сіңіре білу керек. Әлі де әрбір жас айтарымызды, ұсынысымызды қоса беруіміз керек. 19, 20-дағы жастың өзі ашық пікір білдіру керек. Саясатқа да жаңа көзқарастағы жастар бару керек. Біреу ерекше ұсыныс айтса «Міне, жарайсың! Алға!» деп қолдай білуіміз қажет.
− Алда қандай жоспар бар?
− Ұлттық арнада жаңа маусым басталды. Күзгі маусымда басты арнада 14 жаңа жоба көрерменге жол тартады. Соның бірі − "Ашық алаң" ток-шоуы. Тағы да тікелей эфирге шықтық. Күн сайын қорытынды жаңалықтардан соң, ойын ашық айтатындарды осы эфирге шақырамыз.

− Нені армандайсыз?
− Менің арманым журналистер агенттігін құру. Бірнеше жыл тәжірибесі бар журналист жұмыссыз қалса, қайда барады? Футболда агенттіктер бар ғой. Маған үлкен ой салады. Мен де мықты журналистке жұмыс іздер едім.  Қазақ журналисі жұмыстан шығып қалса, бүкіл арнаны,  агенттіктерді аралап жүрмей-ақ осындай мықты журналист бос деп жұмыс тауып берер едім. Әріптесім жұмыстан шығып, ақшасы жоқ адамдай емес, сықиып киініп, хандай болып арнайы шақырумен сұранып емес, сұраныспен келген жан болар еді. Жеке продюссері бар, мықты маман ретінде жұмысқа орналасса деп армандаймын.
− Неге қуанасыз?
− Адамдарға қуаныш сыйлай алғанымызға қуанамын. Мені іздеп, көргендеріне қуанып жатқан халқыммен кездескенде  шаттанамын.
− Әңгімеңізге рақмет! Әркез қуанып жүріңіз!
− Сіздерге де көп рақмет!   
Гүлбану МАҚАЖАН
07 қыркүйек 2019 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30