» » Балаңды аясаң аяма

Балаңды аясаң аяма

  Бұл – қазақтың аталы сөзі. Дегенмен бүгінде бұл сөздің астарына үңіліп  жатқан адам жоқ. Себебі "балаң аяулы болсын десең, өзін аяма" деген тіркесті ұмыт қалдырдық. Баланы өмірдің қиындығына төтеп беруге үйретпейміз. Бір жағдайға тап болса тамыр-таныс іздеп, бар мәселенің шешімін табуға тырысамыз. Одан қалды "үйде отыра бергенің дұрыс" деп жұмыс істетпейміз. Ол да жанын қинамауға дайын тұрады. Қайда барамын, не істеймін деп те қиналмайды. Өйткені сіз оның бар жағдайын жасап қойғансыз. Ал оның болашағы қандай болмақ? Кейін өз отбасын қалай асырайды, баласына қандай тәрбие береді?
Қазір ата-анада "балам бір нәрсеге ұшырап қалмаса екен" деген қорқыныш басым. Бұл қорқыныштың көпшілігі қиындық көрмегеннен шығады. Ата-анада "балам мен көргенді көрмесе екен" деген түсінік қалыптасқан. Бала десе өбектеп жолында құрбан бола жаздаймыз. Мұның бала болашағына қаншалықты кері әсер ететінін білмейміз. Қарапайым мысал, балаңыз үй тапсырмасын орындамай ұйықтап қалды. Сіз не істейсіз? "Апайы ұрыспасын" деп, сабағын орындай саласыз. Сосын студент атанған кезде, "шаршап келді ғой" деп киім-кешегін жуып қоясыз. Жұмысқа тұрғанда да сол таза киім, таза төсек. Осылайша жартылай мүгедек бала тәрбиеленеді. Ертең ол қоғамға араласады, сол кезде ел жұрт оның әкесі мен шешесіндей болмайды.  "Балам ұйықтай ғой, жата ғой, іше ғой" деп ешкім айтпайды. "Тез кел, жұмысқа неге 8-де келмейсің, қайда жүрсің" деп айқайға қалғанда ғана "маған мына жұмыс лайық емес, бастығыммен тіл табыса алмаймын" деп қашатын балалар пайда болады. Кез келген жұмыстан қашпайтын бала қалыптассын десек үйде оны еңбекке үйретіп, отқа да, суға да салып тәрбиелеу керек. "Балаңды аясаң аяма" деген сөздің мағынасы оған зұлымдық қыл, оны ұр соқ деген сөз емес, аяла, мәпеле бірақ кез келген уақытта өмірде кездесуі мүмкін ауырпашылық отбасында сезінсін деген сөз.
Статистикаға көз жүгіртсек, қазір жұмыссыздар саны көп. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, жұмыс сұрап келушілер ұсынған жұмысты қабылдағысы келмейді. Себебі бәріне бір-бір "жылы орын". Бұған үйреткен ата-ананың өзі. Аялап, мәпелеп өсіреді, кейін опық жейді. "Сенен басқа ақылды адам жоқ" деген түсінікті санасына құяды. Сөйтіп бала ақылды адамның образынан ұзақ уақытқа шыға алмай жүреді. 
– Мен жұмысқа таңғы 8-де келе алмаймын.
– Басқа қызметкерлер жұмыс уақытында кеңседе болады. Сіздің олардан қай жеріңіз кем?
– Мен азанда ерте тұрып үйренбегенмін, оның үстіне біреудің айтқанын істегім келмейді.
– Олай болса, есік әне тұр. Сіздің орныңызға басқа ақылды қызметкер аламын.
– Анам маған үнемі "ақылдым сол" деп айтатын...
Бұл бастық пен қызметкердің екеуара әңгімесі. Кейін не болды дейсіз ғой, жігіт жұмыстан қуылды. Үпелектеп отырған анасы да дүниеден озды. Енді әкесінің де басқа  отбасы бар. Екі ортада жас жігіт басына түскен қиындықтан құтылу жолын білмейді. Не істейді, қайда барып, кімнен көмек сұрайды? Бұл да белгісіз. Ендігі жерде оны ыстық тамақ дайындап, тосып отқан анасы жоқ. Әттең дейсің. Егер өмірде орын алған кез келген жағдайға төтеп беруді, басына түскен ауыртпалықтан шығар жолды үйреткенде бала бұлай жұмыссыз қалмас еді. Ендігі отбасын құрып, бір шаңырақтың тірегі атанар ма еді...
"Балам, балам" деп балаңызды өбектеу қажет те шығар. Дегенмен өзін-өзі басқарып, аяқтан тұрып кететін мықты тұлға етіп қалыптастыру да ата-ананың міндеті. Қазіргі таңда балаңызға шаң жуытпай өсіргенмен, кейін өмірде қандай қиындыққа тап болары белгілісіз?! Сол кезде сізде, өзге де көмек қолын соза алмасы анық. Сондықтан балаңызды "айналайын" деп басынан сипап қана қоймай, өмірдің қатал сынана төтеп беруге үйретіңіз.
Мөлдір САБЫРЖАН
08 қазан 2019 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031