» » Отбасылық – Керім сұлу

Отбасылық – Керім сұлу

   "Қазір кәсіпкерлікке қолдау бар, неге оны пайдаланбасқа" деп бастады бізбен әңгімесін "Керім сұлу – Қызылорда" тігін цехының басшысы Шынар Мақсатқызы.
Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы көпшілікке танымал "Керім сұлу – Қызылорда" тігін орталығы осыдан екі жыл бұрын өз кәсібін бастады. Алғаш кәсібін екі тігін машинасын сатып алып, бір жұмысшымен бастаған екен. Тапсырысты ұнатқан бойжеткеннің арқасында цех танымалдылыққа ие болды. Тұтынушы бойжеткен өзі де тапсырыс беріп, достарына да жарнама жасайды. Осылайша бұл кәсіптің дамуына септігін тигізеді. Бүгінде кәсіпкер 4 адамды жұмыспен қамтуда. "Керім сұлудың" бір ерекшелігі өздеріне бренд қалыптастырғанында. Яғни арнайы дизайнері бар. Бұл тіккен төсек-жабдық келесі жерде қайталанбайды. Көрпе-төсек, қыз жасауы облыстың түкпір-түкпіріне сонымен бірге Семей, Ақтау, Жаңаөзенге жол тартады. Келер жылдың басына дейін тапсырыс алған апалы сіңілі Жанар мен Шынар есімді бойжеткендер тапсырыстың көп екенін алға тартады.
 – Біз ұлттық нақышта, ою-өрнекпен безендіріп тігеміз. Тапсырыс көп болғандықтан келесі жылдың басына дейін тапсырыс қабылдай алмаймыз. Шыны керек үлгермей жатырмыз. Қазіргі таңда барлық жұмыс үйімізде жасалуда. Жақын арада кәсіпті кеңейтіп, орталықтан цех ашпақпыз. Бізде арнайы дизайнер бар. Біз ешкімнің өнімін қайталамаймыз. Құда-құдағи, қыз жасауына тапсырыс көп. "Құдам құрдасымдай болсын, құдағайым сырласымдай болсын" деген арнайы тілек жазылған көрпе-төсекке сұраныс жоғары. Оған екі жастық сыйға беріледі, – дейді жас кәсіпкер Шынар Прекеева.
   "Керім сұлу – Қызылорда" цехында жастық бағасы 5-7 мыңның көлемі болса, көрпе 13-18 мыңның аралығын қамтиды. Кәсіпкер бағаны емес, сапаны басты орынға қойған. Барлығына қымбат мата пайдаланады. "Үлкен баспалдақтың басы басталды, енді тоқтап қалмаймыз" дейді кәсіпкер әңгімесінде. Иә, шағын тігін цехында құрақ көрпеше, құрақ көрпе, махаббат көрпесі, ұлттық ою-өрнегі бар жастық, бесік жиынтығы, ұлттық оюы бар дастарқан, тұсау кесу жиынтығы бар.
Шынар Мақсатқызы бала кезінен тігін тігіп, өз цехын ашуды жоспарлайды. Сөйтіп "Даму" КДҚ" АҚ-ның Қызылорда филалынан кеңес алып, өзінің арманын орындау үшін құжаттар жинай бастады.  Биыл "Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы" микроқаржы ұйымы" ЖШС-не жабдықтар сатып алу үшін несие алуға өтінім береді. Жоба нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тапты. Кәсіпкердің кепілдік қамтамасыз етуге ұсынатын мүлігі болмағандықтан "Даму" қоры несие сомасының 85 пайыз мөлшерінде өз кепілдігін береді, қалған 15 пайызы кәсіпкер кепілдігінде болады.
  Апалы-сіңілі Шынар мен Жанар болашақта кәсібін кеңейтеді. Кәсіптің қыр-сырымен бөлісіп, білгенін жастарға үйретуді де қолға алған. Жақында 4 студент тәжірибеден өткізеді "Бұның барлығы болашақта өрісі кеңейетін цех жұмысына кадр дайындаудың бір жолы"- дейді кәсіпкер Шынар
Мөлдір САБЫРЖАН
19 қараша 2019 ж. 165 0

PDF нұсқалар мұрағаты

21-350

28 мамыр 2020 ж.

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930