» » Арманның түсі

Арманның түсі

    Түн. Аспан төрінде шалқалап жатқан ай бүгін соншалықты кербез көрінеді. Жымың-жымың еткен жұлдыздардың бәрі де соған қошемет көрсетіп жатқан секілді. Барлығы да оның бүгінгі көркіне таң қалып, көздерін бір ашып, бір жұмып жыпылық-жыпылық етеді. Аспан ханымының назарына бір ілігу үшін ешқайсысы да аянбайтын сияқты. Ал ханым болса сол шалқайған күйінен бір танар емес. «Менің көңілімнің қалағаны – алыста. Көгілдір аспанның да ар жағында» дегенді білдіріп жатқандай. Ал жер бетінде кәдімгі жердің күндегі тірлігі жалғасуда. Сәкідегі масахананың ішіне орналасқан Арман, протездерін шешіп тастап, кесілген аяқтарының қанға тойған масаның бөксесіндей қызарған тұқылдарын қолындағы журналмен желпіп жатыр. Желпіген сайын жаны рахат табады. Қансыраған тұқылдардың күні бойы сыздағаны бір сәтке ұмытылып кетеді. Бір ғана сәтке Тәңірінің бұған да рахаттануды бұйырғанына қуанды. Сол қуаныш үстінде қолындағы журналды жанына қойып, езуіндегі күлкісін де жимай ұйықтап кеткенін де сезбей қалды. Сол түні Арман түс көрді... Ғажайып түс. Бұл еш жері де ауырмай, сырқамай ұшып баады екен. Тұп-тура аспан төрінде кәдімгідей самғап барады. Құдды қыран сияқты. Жұлдыздар жымың-жымың етіп бұған ерекше қызығушылық білдіруде. Енді байқады: тәні жерде, баяғы масахана ішінде қалыпты. Ал қалықтап бара жатқан адам жанының мыңнан бір бөлігіндей-ақ жаны екен. Сонымен, Жан-арман самғап келеді. Құлағына қоп-қоңыр әуен естілді. Соншалықты таныс, етене жақын әуен. Тіпті, ғұмыр бойы бұл қойған сұрақтарға осы бір қоп-қоңыр дыбыстар жауап беріп жатқан секілді. Рахат. Тоқтар емес. Алдынан жетпіс жеті бояулы кемпірқосақ көрінді. Соншалықта алыста. Тіпті жеткізер емес. Бұл болса соған қарай өлерменін салып келеді. Міне, бірте-бірте жақындай түсті. Жақындаған сайын жетпіс жеті дегені бекер екенін түсіне бастады. Бояуларда сан жоқ екен. Қызыл, сары, көк, қара, қоңыр. Тағы, сансыз түстер. Тіпті бұл білмейтіндері де бар. Кенет Арман әрбір түстің өлең екенін, әр өлеңнің өмір екенін ұқты. Бағанағы қоңыр өлең мұның тірлігі екен. Ал кемпірқосақ тәңірлердің жыры болса керек. Иә, ұғына алмайтыны өкінішті-ақ. Самғап келеді. Самғаған сайын бояулардың құшағына еніп барады. Енді бірде солардың ар жағынан бұған біреу үңіле қарағандай көрінеді. Иә, енді анық сезінді, соншалықты терең, тұңғиық көздер өзіне қадалып тұр екен. Сол көздердің отына қанаттары күйгендей бойын әлсіздік биледі. Кенет көздер үнсіз сөйледі:
– Пенде, неге шақырғанымды ұқтың ба?
– Бәлкім, сені көп тілдегенім үшін шығар.
– Жоқ, мені күніне сендейлердің қаншасы тілдейтінін білесің ғой...
– Онда неге?
– Көзіңді ашқым келеді. Сені аядым.
– Онда неге маған бақытты, қызығы мол өмір сыйламайсың? Неге мені, барлық адам атаулыны алаңсыз етпейсің?
– Олай етуге болмайды. Өйтсем сендер мені тіпті де ұмытасыңдар. Тәубелеріңнен жаңылуларың да мүмкін.
– Сонда?
– Бірің бақытты, бірің мұңлық болсаңдар ғана мені ұмытпайсыңдар. Мұңлықтарың рахым тілеп, мұңсыздарың алғыс жаудырып отырасыңдар.
– Демек адамзат ешқашан толық бақытты болмай ма?
– Неге болмасын. Тіпті бақытты болудың сансыз жолдары бар. Бірақ мен оларды құпия сақтаймын.
– Ал ол құпияны ешкім аша алмады ма?
– Оны мыңнан, тіпті миллионның бірі ашады. Мен ондайларды өзіме алып, басқа өлшемге өткіземін де, саналарының мыңнан бір бөлігін жер бетіне қайтарамын.
– Неге?
– Өйткені сендер әлі түгел жетілмегенсіңдер Мен сендерге талай шарапат төктім. Пайғамбарлар мен ұлылардың аузымен сендерге қалай ғұмыр кешу керегін айттым. Бірақ сендер пайғамбарларды да жіктеп алып, ақыр соңында оларды аяқасты еттіңдер. Сенген тәңірлерің бір болғанмен, діндеріңді де әр басқа еттіңдер. Тіпті оны күшпен таратуға дейін бардыңдар.
Аяқталмай қалған
30 желтоқсан 2019 ж. 125 0

Ұқсас жаңалықтар:

title
Тұрғын үй
Жаңалықтар
title
МАСА
Жаңалықтар
title
Осы ма?
Жаңалықтар
title
ЕРТЕГІ
Жаңалықтар

PDF нұсқалар мұрағаты

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

17-346

01 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031