» » ТҮСІНІСУ ФИЗИОЛОГИЯСЫ

ТҮСІНІСУ ФИЗИОЛОГИЯСЫ

    Адамзатты алаңдататын, толғандыратын бірнеше мәселе бар. Мысалы, олардың кейбіреулерін атайтын болсақ, ол экология проблемасы, температураның жыл сайын күрт жылуы, ауаның ластануы, топан су басу қаупі, жаппай қырып-жою қарулары (атом, сутегі бомбалары, химиялық, биологиялық қарулар) т.б. Бұларды ғалымдар дәлелдеп және олар осы қауіп туралы тынбай айтып та, жазып та келеді. Ол адамдардың түсініспеуі, тіл табыспауы, бітімгершілікке келмеуі. Осы экологиялық қатермен пара-пар қауіп.
Қазір қоғамда адамдар арасында қатыгездік бой ала бастағанда түсіністікпен өмір сүрудің орны тым ерекше. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз бізге қарағанда өмірдің қиындығын көп көрді. Бірақ олар түсіністікпен өмір сүрді. Өзінің тіршілігінде шалқыған дәулеті болмаса да ағайынға, көршіге деген қамқорлығын аяған жоқ. Біздер солардың мирас қылып қалдырған жақсы істері мен өнегелерін бойымызға сіңіріп, келер ұрпаққа жеткізе алдық па? Ауыр сұрақ. Жалпыламай жауап беру қиын, кібіртіктей береміз. Бәлки, көп кінәрат үлкендерде –  бізде жатқан шығар?
Енді түсінбеудің себеп-салдарына келейік, өз пікір-пайымымызды ортаға салайық. Біріншіден – сөз. Қазақ сөздің қадірін ертеден түсінген, сөзге тоқтаған, уәдеге берік болған. Сөзінде тұрмағандарды ақпа құлақ, сөзінің пәтуәсі жоқ, көң қатса қалпына барады деп жеріне жеткізе айтқан. Бір ауыз сөз адамдардың да тіпті мемлекеттің де тағдырын шешкен кездер болған. Аз жазса да саз жазатын, поэзияға сүбелі үлес қосқан лирик ақын Жүрсін Ерман: «Аттан жығыл, жығылсаң оқасы жоқ, жығылуға болмайды сөзден, балам», – деп сөздің қадірін шегелей түседі.
Барлық мәселе адамдардың бір бірінің айтқан сөздерін тыңдамауы, тыңдаса да оны ой елегінен өткізіп екшемеу, оның түпкі мақсатын ескермеу, пайдалы дұрыс қорытынды шығармау, бір сөзбен айтқанда, түсініспеуден басталады. Осыдан кейін ұрыс-керіс шығады, тіпті кейде оның аяғы қайғылы жағдайға ұласатыны жасырын емес. «Бір күндік керістің қырық күндік зардабы бар» демей ме?!
Қандай бір жазушының кітабын оқып қарасаңыз, адамдар арасындағы, тіпті адамдар мен басқа тіршілік иелерінің арасындағы қат-қабат қайшылықтарды, түсінбеушілікті көреміз. Осындайда есіме осыдан 15 жыл бұрын оқыған ағылшынның атақты философ жазушысы Роберт Гриннің “48 законов власти” деген кітабындағы оқиға еріксіз еске түседі. Қысқартып айтқанда аңыз әңгімеге құралған оқиға мынандай: Күздің қара суығында бір адам келе жатып қатты тоңып жиырылып (оратылып) жатқан жыланға кездеседі. Жылан: – Адам мен суықтан өлейін деп жатырмын, жылытып құтқаршы, – дейді.
Адам оны көйлегінің ішіне салып жылытады, бірақ жылан жылынғаннан кейін келісімді бұзып адамның көйлегінен шықпай қояды. Адамның қапаланып, ренжіп келе жатқанын көрген ақ дегелек көмекке келіп, адам көйлегінің ілгегін сәл ағытқан кезде ақ дегелек жыланды іліп әкетеді, бірақ сол кезде жылан адамды шағып үлгереді. Автор бұл жерде екі нәрсені баса айтқысы келіп отыр. Біріншіден, тіршілік иелерінің түсінбеуінен орны толмас қасіретке тап болатынын, екіншісі көмекті, қайырымды кімге жасау керек, қалай жасау керек, кімге жасамау керектігін тағы бір еске салады. Жақсылық кейде драмаға толы болса, кейде трагедияға алып келеді.
Түсінбестіктің тағы бірі қанағатсыздық, ашқарақтық, тойымсыздық, өркөкіректік, бәсеке, іштарлық, шүкіршіліктің болмауы. Жүзге тақап қайтыс болған нағашым Қазтоған атам «бергеніңе шүкір, шүкіршілік етіңдер, қанағат» деп отырушы еді.
Менің бір жақсы жолдасым бар. Мүмкіндігі болса да коттедж үй салмады. «Жағдайың жақсы ғой, неге үлкен үй салмайсың?» дегенде, көршілерден, жан-жақтан ыңғайсыз деді. Жалпы мен коттедж емес, одан да көп қабатты үй сала алам, бірақ біріншіден, оның соншалықты қажеті жоқ, әрі ондай сән-салтанатта отырсам мен бәрібір бұдан да абыройлы, сыйлы жігіт болмаймын. Міне, азаматтық, міне қанағат пен шүкіршілік, іштарлық жасамау.
Өздеріңіз білетін тойларды алайық. Әсіресе үйлену тойлары бірінен-бірі өтеді, жатқан жарыс. Мүмкіндігі болса істей берсін, оған қарсылық жоқ. Біздің айтайын дегеніміз өздері қоңыр күй кешіп отырып, банктен көп мөлшерде қарыз алып, оны тойға шашып (жұмсап емес), уақыты келгенде өткендегі алған сол қарыз ақшасын өтей алмай, отырған үйін банкке амалсыздан бергенін де көрдік. Бұл не? Бір сөзбен айтқанда ойсыз, парықсыз бәсеке, не істеп жүргенін өзі де түсінбеу. Басқаша қалай айтуға болады?
Түсінбеушілікпен қалай күресуге болады, бітімгершілікке, келісімге келудің жолы қандай? Бұған жауап беру немесе формуласы мынандай деп айту қиын болар. Тек айтпақ ұсынысым бар. Ол ойға, ақылға салып көру, сол арқылы тек екі жаққа да жақсы тиімді, пайдалы шешім қабылдау.
«Ақмешіт жастары» газетіне аз да болса өз пікірімді жаздым. Осы мәселеге бей-жай қарамайтын ойлы оқырман өз сөзін айтар.
Түсінісіп жүрейік адамдар, сонда өміріміз мағыналы-мәнді, сәнді де болады.
Қырымбай МҰХАМБЕТЯРОВ,
зейнеткер
22 қаңтар 2020 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930