» » Қалай бақытты боламыз?

Қалай бақытты боламыз?

  Жер шарында қанша адам болса, соның бәрі  бақытты болғысы келеді. "Бақытты бол, онда бәрі бар" деген  тілекті де  жиі айтамыз. Бірақ қалай бақытты боламыз? Оның жолы қандай? Жалпы бақытты адам деген кім?
Бақытты әркім әр қалай түсінеді. Біреулер үшін бақыт – денсаулық, отбасы, махаббат, ал біреулер үшін бақыт – атақ-абырой және байлық. Адам жүрегімен нені жақсы көрсе соны бақыт деп түсініп, соған қол жеткізуді армандайды. Мысалы, адам байлыққа кенелсе, жұдырықтай жүрегі тыныштық таба ма? Бірақ байлық – қолға ұстаған мұз, еріп кетпесіне кім кепіл? Ал атағы жер жарып, даңқы тасып, мансабы өрлеп, бір сәтте солардан бір күнде айырылса, өмірден қор болып өтпей ме? Ал кедейлердің көңіл-күйі қалай? Кеше ғаламторды қарап отырып Германияның Бремен университетінің ғалымдарының зерттеуін тауып алдым. Нәтижесі келесідей, дәулетті еуропалықтарға қарағанда африкалық жарлы-жақыбайлар өздерін қуанышты сезінеді екен. Ал денсаулығының кемдігі бақытсыздыққа алып келеді десек, мүмкіндігі шектеулі жандардың жарқын жүзі ойымызға қайшы болып шықпай ма? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырына қарап, тұяғын жалғар ұлы жоқ әкелер бақыттың не екенін сезінбейді деп айта алмайтыныңыз тағы анық. Материалдық формадан бақыт табылмаса, сонда оны қайдан іздейміз? Қандай адам бақытты болады?
Өмір тәжірибем аз болған соң менде осындай сұрақтар көп. Соған қарамастан бұл сауалға өзімше жауап беріп те көрдім. Үйде атам бар. Сол кісі бақытты адам деген ойға келдім. Ол кісі қандай жағдай болмасын "шүкір" деп отырады, яғни жүрегінен иман мен қанағат орын тапқан соң  атам өте жайлы, тіпті адамдар қасынан кеткісі жоқ. "Атаңнан бізге жылы әрі жағымды энергия тарайды" дейді достарым. Қазір өзінің басында бір мәселе  пайда болса, соған өзгені, үкіметті кінәлі қылып шығаруға дайын тұратындар көп. Ал атамның жүрегі кең, Құдайдың әр күніне, әр ісіне риза. Дүниенің ары тарт, бері тарт тірлігі оның көңіл-күйін бұза алмайды. Бір күні атам маған "Шүкір қылған адамның төрт жағы да – құбыла, айналасы – шұғыла" деген мағыналы сөз айтты. «Сондықтан балам, көп шүкірлік ет. Жасаған Ием несібеңді, берекеңді арттырады. Егер шүкіршілігің болмаса, ешкімге жақпайсың, өмірдің дауылы соқса, шайқалып кетесің" деді де бір хикая айтып берді.
Ертеде бір байдың керуені болыпты. Күндердің күнінде бір адам "сіздің керуеніңізді тонап кетті" деген хабарды жеткізеді. Бай оған селт етпеді, "шүкір" деп отыра береді. Сәлден соң тоналған керуен оның керуені емес екені белгілі болды. Бай тағы да шүкір қылады.
"Балам, бұл хикая не айтқысы келеді, – деп сөзін ары қарай жалғады. – Шүкірлік қылсаң, қиындықта басың салбырап, қуанышта әсерленіп кетпейсің. Мінезің тұрақты болады, айналаңа сыйлы боласың", – деп сөзін түйіндеді атам.
Осыдан соң жүректегі иманды, рухани байлықты армандасам бақытты боламын деген қорытындыға келдім. Яғни қазақ болғаныма, тәуелсіз, тыныш еліміз, ұлан-байтақ жеріміз, отбасым, берік денсаулығым болғанына, Абай, Тұрмағамбет, Нұртуған секілді дана ата-бабалардың рухани мұрасымен сусындап жатқаныма және тағы басқа барлық нәрсеге – шүкір етсем, атам сияқты ағайын-туыспен, көрші-көлеммен, дос-жаранмен тату-тәтті өмір сүріп, әр күнімді ризашылықпен өткіземін. Сөз соңын ақын Мұрат Рақымжанның жыр шумағымен түйіндегім келеді.
Бақыт жайлы ойлайды әркім әртүрлі,
Ол туралы пікірлер де әрқилы.
Білмесе де шын бақыттың не екенін,
Бақыт тілеу адамдардың салты игі.
Түрлі-түрлі түсінеміз бақытты,
Шын бақыттың дәмін кімдер татыпты?!
Ал мен үшін ең бақытсыз сәтте де,
«Бақыттымын!» деген адам – бақытты!..
Димаш МҰРАТҰЛЫ
06 наурыз 2020 ж. 744 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930