» » » СИПАТЫ ӨЗГЕРГЕН САЛТ

СИПАТЫ ӨЗГЕРГЕН САЛТ

  Наурыз – ел асыға күтетін мереке. Әсіресе қазақылықтың боямасыз бейнесін, ұлттық дәстүрдің әдемі көрінісін сезінетін шақты ертеректе жастар да тағатсыздана күтіпті. Жер ана бусанып, күн нұры көңілге үміт себелегенде бойжеткен «ұйқыашарын», бозбала «селт еткізерін» дайындауға қамданыпты. Жастардың отбасын құруға себепші бұл дәстүрдің бүгінде көмескі тартқанын білсек те, тақырыпты тарқатып көрдік.
Ұяң берер ұйқыашар
Ел болып ұлан-асыр тойлайтын Наурыздағы қалқатайдың қылығы да ерекше. Әсіресе мінезі ұяң, жанары жәудір бойжеткеннің серіге берер ұйқыашары қазақтың әдемі дәстүріне айналған. Ұйқыашардың тарихын этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбек былай суреттепті: «қой қоздап, қалың төгін басталар кезде түнге қарай ауылдың қыз-бозбаласы өздері тіленіп көмекке шығады. Әдетте, босаға жұлдыздары көкжиекті жағалай айналып барып көзден таса болған кезде қой төгіні саябыр тартады. Қыз-бозбаланың тықырши күтетіні де осы шақ. Олар уақыт алмай «ұйқыашар» деп аталатын тағам жасауға кіріседі. Ол үшін қыздар жағы қойдан уыз сауып, бозбалалар жағы ауыл-үйдің шошаларынан жуырда ғана ашылған бүрменің бір-бір бөлек етін алып келеді. Мұндайда еттің сыбағалы мүшелері балалардың қолында кетпеуін ойлайтын шешелері ұйқыашардың етін алдын ала бөлек шығарып қоятын әдеті де болады. Әр үйден әкелінген ұйқыашардың еті жиылған соң қотан шетінен қазан көтеріліп, отты лаулата жағып, әнді шырқата айтып жүріп, уызға қатырған сүр етін пісіреді. Берекенің басы болған мал төлінің қуанышы, маужыр көктемнің лебі сияқты бұл дәстүр де әркімнің-ақ жанын жадыратады». Анығында, ұяң берер дәмнің ұйқыашар аталуы да тегін емес. Халық арасындағы әңгімеге сүйенсек, халық 21-нен 22-не қараған түні Жаңа жылдың алғашқы таңын асыға күтіп, күн көрінгеннен кейінгі уақытты «Күн сәті» деп атаған. Кімде-кім Ұлыстың ұлы күнінде «Күн сәтін» маңдайын тосып қарсы алса, сол адам үшін жыл берекелі, құтты болады деген түсінік қалыптасқан. Демек бозбаланың да ұйықтап қалмай «Күн сәтін» қарсы алуын қалаған ару ұйқыашар берген. Ұйқыашар – тек тәтті дәм ғана емес, бойжеткеннің емеурінін сездірткен әдемі ғұрып.
Ақбота Нұрланқызы, студент:
− Шынымды айтсам, бұл дәстүрді естігенім болмаса өмірде қолданып көрмеппін. Әрине ескі дәстүр екенін, ұйқыашар ретінде қыз баланың
ер жігітке тағам ұсынатынын білемін. Бұл Наурыз мейрамында бозбаланың ұйқысы сергек, санасы ояу болсын деген ниетпен берілетін болу керек. Қазіргі таңда ұйқыашар мен селт еткізерді барлық жас біледі деп ойламаймын. Ал биылғы Наурыз мерекесінде Қайратқа  қазақы ою бедерленген жейде алып беремін, бірақ бұл тағам болмағандықтан ұйқыашарға саналмайтын да шығар. Бұрынғы кезде Наурызды қасиетті айға теңеп, жыл басына, жақсылыққа теңеген. Қазір жаһандану кезеңі болса да, ұлттық дәстүріміздің күнделікті қолданыс тапқанын қалаймын. Менің ауылымда, яғни Қоғалыкөл жерінде Наурыз ерекше тойланады, ағайын, туыс үй-үйді аралап, қонаққа барады. Ол күні кез келген үй Наурыз көже ұсынып, орталық алаңда қыз қуу, арқан тартыс, көкпар сынды ұлттық ойындар жүргізіледі. Мүмкін алдағы уақытта атауы көмескілене бастаған ұйқыашар мен селт еткізер жиі насихатталса, жалпыхалықтық сипатқа ие болады деген ойдамын.   
Селт еткізер сезімі
  Наурыздағы ерекше думан, ай астындағы алтыбақан мен ақсүйек жастардың көңілін тіпті толқытса керекті. Бұл орайда сырғалымға сыйлар селт еткізердің жөні бөлек. Салт бойынша берілген сыйлық сезімді сөзсіз-ақ жеткізіп, бұрымдыға бозбаланың ойын білдірген. Бұл дәстүрдің ерекшелігін мына жыр жолынан түсінуге болады:
«Сізді көріп сермейді жыр құлашын,
Кеудемде бір қомданып тұрды лашын.
Наурызда жөн сұрау айып емес,
Амансың ба, атың кім, құрбыласым?!
Жыр дегенің әнің бе жер тепкізген,
Жөн сұрайтын бар ма еді еркек бізден.
Жас кезінде атам ат сұрамай -ақ
Сыйлық беріп әжемді селт еткізген.
Не десең де теңсіздер, еріктерің,
Сый жинауға алаңға келіп пе едің?
Өйтетіндей ес кіріп, ерте тұрып,
Өзің маған «Ұйқыашар» беріп пе едің?
Серілер сұлуға селт еткізер ретінде әшекей бұйым, айна, тарақ сынды сыйлық тарту еткен, оның өзі тазалық пен жастықтың, әдеміліктің нышанын білдірсе керекті. Анығында жастар үшін сыйлықтың көлемінен бұрын, маңызы, берушінің риясыз сезімі құнды болған. Кей деректерде «ұлыс» сөзін көне түрік тілінен аударғанда «бірігу, қосылу» мағынасында көрсетеді. Демек, екі жастың табысуына дәнекер болған ғұрыптың нәзік иірімі тек жастар арасында ғана емес, ұлт үшін де үлкен маңызға ие болған.
Қайрат Айбарұлы, студент:
Селт еткізер жайлы теледидардан жыл сайын Наурыз қарсаңында беретін бағдарламадан көретінмін. Бірақ әлеуметтік желіде бұл тақырыптың талқыланғанын байқамадым. Селт еткізер де, ұйқыашар да ата-бабамыздан қалған ескі ғұрып, сондықтан оны жаңа заманда жоққа шығаруға болмайды. Бұрын ұйқыашарды сақпаншы жігіттерге күш, қуат берсін деп әзірлейтін болған ғой, ал селт еткізер сыйластыққа көрсетілген ілтипат сынды. Бүгінде бұл дәстүрдің орындалу сипаты ғана басқа, мәселен, қыздар уыздан көже дайындамай-ақ бозбалаға тәтті тоқаш немесе жеңіл тағам өнімін ұсына алады. Меніңше жігіттер селт еткізер кезеңін күтпей бойжеткенге жиі сыйлық беріп тұруы тиіс. Бұл арадағы сүйіспеншілікті арттырады, екі жастың бір- біріне деген құрметін күшейтеді. Ал өзім Ақботаға осы кезге дейін орамал, жайнамаз, гүл, түрлі тәттілер сыйладым. Биылғы Ұлыстың ұлы күнінде қазақы әшекей бұйым сыйлаймын, бірақ нақты шешкенім жоқ. Ол мүмкін білезік немесе салпыншақ алқа болады.
P.S. Ертең – Ұлыстың ұлы күні. Әлем тойлайтын жаңа жыл тәрізді ай бойы дайындық жүргізіліп, көше біткенге киіз үй тігілмесе де, елдің ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртып, хал қадірінше тойлайтыны анық. Ұйқыашар мен селт еткізер де дәл бұрынғыдай жастар арасында маңызды болмағанмен, дәстүрдің құндылығын жоғалтпайтыны рас. Себебі сезім қашанда құнды, сыйлық оған дәнекер.  
Гүлдана ЖҰМАДИН
27 наурыз 2019 ж. 456 0

PDF нұсқалар мұрағаты

34-311

22 тамыз 2019 ж.

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031