» » » ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЛАР

ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЛАР

  Ақтөре Ибрагимұлы ‒ қаламына қанат байлап, поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған талантты жас ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Жастар жылы аясында оның мемлекеттік қолдаумен «Жүректегі жазулар» атты кітабы жарық көріп, оқырманға жол тартты. Осы аптада өлең сүйер оқырманға «Көңіл көкжиегі», «Сезім дәптері», «Арнау өлеңдер» бөлімінен құралған жыр жинағынан үздік туындыларды ұсынып отырмыз. 
 
МЕН ӨЛЕҢ ОҚЫҒАНДА...
Мен өлең оқығанда,
Әсем гүлдер төбеде ырғатылып,
Күллі әлем қалады нұрға тұнып.
Жүректі жан қарайды таңданумен,
Жанарынан жас тамып жырға тұнық.
Мен өлең оқығанда,
Қыз-бозбала сүйсініп сезімменен,
Тыңдайды ақын түнімен көз ілмеген.
Әйел біткен бақытқа таяп қалып,
Арпалысар ақылмен, төзімменен.
Тәтті ғой сезім деген.
Мен өлең оқығанда,
Оралып ойға бәрі өткен күннің,
Аңсап жатар кіді күз көктемді мың.
Нәзік жүрек соғады бүлк-бүлк етіп,
Белгісіндей баяғы өкпелі үннің.
Мен өлең оқығанда,
Тыңдарманым тастай бір тына қалып,
Асып-тасыр сезімнің бұлағы анық.
Өжет жігіт өлеңмен намыс қайрап,
Тұрады құлап алып.
Мен өлең оқығанда,
Жанарлардан ып-ыстық жас тамады,
Сылқымдардың бұзылып қас-қабағы.
Сыңарсыз жан жанына жылу тауып,
Орындалар ақ арман асқаралы.
Мен өлең оқығанда...
Мен өлең оқығанда,
Қалам алып қолына сұрапылдар,
Тыңдайды өлең мәнін ұғатындар.
Дейді бәрі мойындап Әз өнерді:
Сөзі мір, өлеңі дүр бір ақын бар!
ЕРТЕ КЕЛДІМ ЗАМАНҒА АЙ-КҮНІМНЕН
Ерте көрдім барлығын, ерте көрдім,
Ерте ұзады жанымнан еркелер күн.
Өмір мәнін ертерек білдім-дағы,
Ерте сездім, енді ерте өртенермін.
 
Ерте ес жиып, ойланып елден бұрын,
Күттім рас тым терең елден бір үн.
Жəне ертерек сезініп өмір мəнін,
Бесігінде сезімнің тербелдім мың.
Туа сала тағдырмен табыстым да,
Тартпасын деп тірлікте əр іс мұңға.
Ерте ерттеп намыстың сəйгүлігін,
Тауқыметпен күресіп, алыстым да.
Ерте іздедім мəн-маңыз даналықтан,
Ерте арылдым мен сосын балалықтан.
Тым ертерек есейтті мені тағдыр,
Менің ғазиз жанымды Далам ұққан.
Ерте келдім заманға ай-күнімнен,
Сезіле ме жырдан сыр, қайғы үнімнен.
Ерте білдім бəрін де,
Ерте білдім,
Шыға алмадым сондықтан ой түбінен.
Ерте құшып сезімнен жаралған жар,
Ерте ертті сыр толы əн, армандар.
Бəрін ерте таныдым,
Бəрін ерте,
Егер ерте қартайсам таңғалмаңдар!
МЕҢДІ ҚЫЗ
Аңсаған шаққа орала алмаймыз,
Орала алмаймыз енді біз.
Көктемді күткен шағаладаймыз,
Шағаладаймыз, меңді қыз.
Кезіктірген ем көктемде сені,
Көктем де өтті...
Келді Күз.
Сағыныш дерті жүдетті мені,
Жүдетті мені, меңді қыз.
Өкпе-ренішті құп алғаным жоқ,
Бақытыңды талай тілермін...
Ойымнан мүлде шығарғаным жоқ,
Сағынбай қалай жүрермін?!
Өткенді ойласам көзімді жұмып,
Тап келем жалын, жасынға.
Әлдилеп сен де сезімді ұлық,
Сағынасың-ау, расында.
Шаттық сыйлайды төзім білемін,
Сезімге құлмын өтінген.
Сені ойлап жатып көзімді ілемін,
Оянбай қалсам...
Өкінбен!
ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ БІР ОРКЕСТР СЕКІЛДІ
Домбырашы Қуаныш Жүнісовке арналады
Сәулелі сәт сезіндіріп арайды,
Көрермендер құштарлықпен қарайды.
Жүректердің ақ төрінен орын ап,
Бір күй баурап бара жатыр маңайды.
Шалқып-тасып әз сезімнің теңізі,
Көз алдымда Ұлы дала мінезі.
Көңілге енген сұрамай-ақ қандай күй,
Ойнап жатқан домбырада кім өзі?!
Ақын жаны қала алмайды толғанбай,
Күй ғажабы – асқақ, зеңгір қорғандай.
Мені елітті, елді елітті білемін,
Жер бетіне Нұрғиса кеп қалғандай.
О, ғажап-ай, неткен әсем әуен бұл,
Мөлдірлікке құлай ғашық жан ем бір.
Әр нотасы әр тамырда ойнақтап,
Ақ қағазға түсіп жатты Өлең-Нұр.
Назды әуені бастап алға көшті кең,
Тірі пенде тебіренер естіген.
Осы күйде ойнап берген серіге,
Періште де сүйгізеді, бәс тігем.
Тапса дәйім күй мен көңіл үйлесім,
Күй ырғағын қалай қазақ сүймесін?
Бұлақ суы бұрқырасын толқынмен,
Қыр гүлдері жайқала бір билесін.
Арғымақтар күш алсыншы тың істен,
Сүрінбесін сосын қайта жүрістен.
Менің жаным – әр қазақтың жүрегі,
Бұл жалғанның бал мен уын тең ішкен.
Сарнайды күй жүрегіңмен, ал, тыңда,
Осы сәтке жетпес жақұт, алтын да.
Өліп кетсем өкінбеспін о,Тәңір,
Күйге балқып тұрған осы қалпымда.
Шіркін, өнер мұншалықты ғажап па ең,
Бұл домбыра анық егіз қазақпен!
Шертеді ол сақ бабамның сарқытын,
Аманаттап алған ауыр азаппен.
Белгісіндей берекелі ырыстың,
Ұшты әнекей жанарынан бір ұшқын,
Үлкен залды сиқыр үнмен тербеткен,
Төл баласы екен абыз Жүністің.
Үні жеткен Сырымды асып, Арысқа,
Есімі оның Қуаныш қой, таныс па?
Саңлақ Ол күй өнерін жаңғыртқан,
Қызыға бір қарайтындай ғарыш та.
Ол шертсе күй көзім алды мөлдіреп,
Өткен күнім ой-санамда телміред(і).
Ешкім талас тудыра алмас, сірә да,
Саусағына қонған десем құдірет.
Күйге енсе асып-тасыр сезім шын,
Бал ләззаты жүректі жан сезінсін.
Сүгірдейін боз інгенін боздатқан,
Құрманғазы, Тәттімбет те өзіңсің.
Ұғынғанға бұдан асқан бақ бар ма,
Сандығынан рахатыңды ал, ақтар да.
Жасай берсін Қуаныштай өр қазақ,
Бастай берсін және әрқашан топты алға.
Солға тастап, оңға тастап кекілді,
Күй ойнайды шарпытумен өртімді.
Бұл Қуаныш – «Домбыра дастан» авторы,
Жалғыз өзі бір оркестр секілді.
Тұла бойы тұнған өнер, киелім,
Алдыңа кеп басымды да иемін.
Нұрғисаның ізін басқан кемеңгер,
Хас талант деп мен өзіңді сүйемін!
Бағалайды алыптар тек алыпты!
Қуанта бер мына дархан халықты.
Қос ішектен күмбірлетіп мың сан күй,
Нұрға бөле, жырға бөле жарықты.
Атқан таңмен, батқан күннен ой сұрап,
Сен деп білсін Сырдың елі күйші нақ.
Талантыңмен тарпып мінген тұғырың,
Қалмасыншы ешқашан да ойсырап.
Төгілте бер, әз өнерлім, ардақтым,
Құдіретін сезіндіріп бармақтың.
Өнеріне басын иіп, тәнті боп
– Ақын інің оқысын жыр арнап мың.
МЕН БҮГІН ӘКЕМІН, СЕН БҮГІН АНАСЫҢ!
О, Тәңір, бер маған сәл тыным,
Онсызда сынына тәнтімін.
Досым аз, жанымда жарты мұң,
Өтуде зымырап әр күнім.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен бүгін анасың, алтыным!
Хор қызы мекені пейіштен,
Келбеті көркіне келіскен.
Сыңарым, серігім, сырласым
Өмірдің бал-уын тең ішкен.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен бүгін анасың, періштем!
Біреуден төмендеу, біреуден биікпін,
Өмірді өлең деп түйіппін.
Өлеңді мәңгілік сүйіппін,
Тәңірден бүгін мен сый ұқтым.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен бүгін анасың, сүйіктім!
Жақтасым жаныма панасың,
Серігім тек өзің ғанасың.
Бір кешіп келеміз екеуміз,
Жалғанның ақ пенен наласын.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен бүгін анасың, анасың!
Күшімнің білетін шамасын,
Дарасың, данасың.
Сен солай жанымда мәңгілік,
Қаласың, қаласың!
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен бүгін анасың, анасың!
ҚАРЫНДАСҚА
Айыптап әркез жасық жүрегін,
Айта алмайтын ашық тілегін.
– Аға,- деп мені құрметтеп жүрген,
Бір ару маған ғашық білемін.
Шарасыздыққа байлап талабы,
Жалғыз қалғанда ойды ақтарады.
Көзіме менің түскісі келіп,
Қайдағы жоқты ойлап табады.
Сенімі серпін береді көшке,
Сезімі салар Еділді еске.
– Ағамен бірге барғым келед(і), - деп
Шақырады жиі көңілді кешке.
Шайыр жүрегін телегей дей ме,
Толқындай тасып ереді бейне.
«Ақынға әйел атану» дейтін,
Өлеңімді оқып береді кейде.
Бақандай алты арада жас бар,
Сүйсініп кейде қалады жастар.
«Жас қызды ақын арбаған несі?!»
...өсек-аяңмен талады қастар...
Сыңары емес ойдың Ар неге,
Сүймесең, жаным, қайғым бар деме!
Үздіккен ару үмітті білем,
Кім бағыт берер, айтыңдар, қане?!
Айтыңдар оған, бағыт беріңдер...
Мысалға мұңды алып келіңдер.
Ақынды сүю – әлемді сүю,
Осыны ұқпас ғаріп па едіңдер?!
Өлеңім ойың бұзбайды дедім,
Өткенім мұңды қозғайды керім,
Өмір ғой, өмір, бірақ неліктен,
Жан дүнием қатты сыздайды менің...?
02 шілде 2019 ж. 209 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

44-321

31 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930