» » » RED-ORDA МИЛЛИОНЕР АТАНДЫ

RED-ORDA МИЛЛИОНЕР АТАНДЫ

Лагерь десе есімізге таң қылаң бергеннен кешке дейін жалғасатын көңілді достардың креативті ойыны, тұлғалар тренингі және қызықты думан түсетіні белгілі. "Zeren Camp 2019" жазғы лагері де осы форматта. Бірақ бұл жолы жастардың демалыстан бұрын білім алуына басымдық берілген. Лагерьдің бірінші кезеңінде еліміздің әр облысынан бас қосқан белсенді 200 жасқа білікті мамандар тренинг өткізіп, 12 ментор жаңа жобалардың дүниеге келуіне себепші болды. Зерендіге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Ақпарат және Қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қатысушылар қалай таңдалды?
Жазғы лагерді Жастар жылына орай  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен Қазақстан Азаматтық Альянсы ұйымдастырған. Алдымен оқу мерзімі тоғыз күннен үш кезеңді қамтитын Зерендіге 600 жастың қалай іріктелгенін айтайық. Көрікті жердегі лагерьге 18-29 жас аралығындағы шығармашыл, тың идеясын жетілдіргісі келетін жастар 30 маусымға дейін өтініш жолдаған. Өтініште эссе жазу міндетті, яғни әрбір жас өзін таныстыра отырып, жас кәсіпкерлерге арналған «Zeren 2019» жазғы лагеріне қатысу жеке және кәсіби келешегін кеңейтуге қалай көмектесетінін, оның өзі тұратын аймаққа қандай пайда әкелетінін нақтылап көрсету міндеттелген. Осы талаптарды мұқият орындаған зейінді жастар табиғаты тұмса Зерендіде бас қосты. Лагерьдің ашылу салтанаты өткізілмес бұрын жастар дамыту бағыттарын анықтап, 12 командаға бөлінді. Мұнда төрт маңызды бағыт қарастырылған: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлікті дамыту, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа. Лагерь бағдарламасы бойынша әр команда бизнес жоба дайындап, әр кезеңнен он үздік жоба таңдалады. Нәтижесінде 30 бизнес жоба жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені иемденеді, яғни әр кезеңге 5 миллион теңге тиесілі. Қызылорда облысынан лагерге 20-ға жуық жас жолдама алған, оның бесеуі Жас Отан ЖҚ-ның белсенді мүшесі.
Азаматтық қоғам дегеніміз не?
Республикалық жазғы лагердің ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Дүйсенбайұлы, Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Асылбек Қожахметов қатысып, жастарды мерейлі жобаның ашылуымен құттықтады. Сол арада белгілі саясаттанушы Дос Көшім азаматтық қоғамның Қазақстандағы дамуы мен қазіргі уақыттағы басты мәселесіне тоқталды. Жоғарыда айтып өткеніміздей лагерьдегі басты мақсаттың бірі азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Осы орайда саясаткердің пікірін қысқаша беруді жөн көрдік.
  • Біз Кеңес үкіметі кезінде, еліміз тәуелсіздік алмай тұрып азаматтық қоғамның бастамасына қатыстық, бірінші кезеңін көрдік. Ол кезеңде бізді «бейресми ұйымдар» деп атайтын. Бұл уақыт 1987-88 жылдар аралығы еді. Сол кезеңде қоғамды өзгерткісі келетін, бұрынғы коммунистік партияның идеологиясына қарсы адамдар пайда бола бастады және оның көбі Қазақстан мемлекеті өз тәуелсіздігін алсын деген адамдар еді. Бастапқыда бір-екі адам шықса, кейін олар топтасып ұйым құра бастады. Бірақ сол уақытта азаматтық қоғамның мүшесі екенімізді білмедік. Себебі  бізде заң жоқ еді. Ал Кеңес үкіметінде «Комсомол», «Пионер» сынды қоғамдық ұйымдар болды, бірақ олар үкіметтің саясатын жүргізетін, тек биліктің идеологиясымен жұмыс істейтін. Бұл 90 жылға дейінгі азаматтық қоғамның бастамасы еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бізді оқытуға халықаралық ұйымдар, Голландияның, Американың институттары келе бастады, сол кезде үкіметтік емес ұйым мен азаматтық қоғам деген ұғымды естідік. Азаматтық қоғам деген сөзді алғаш естігенде қазақтілді топ қарсы болдық, себебі түкке де түсінбедік. Біздің ойымызша, «азаматтық қоғам бұл – Америкадағы сияқты әртүрлі азаматтардан құралған мемлекет. Бірақ біздің ұлттық қоғам құрғымыз келді. Демек азаматтық қоғам бізге сәйкес келмейді» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек олай емес екен. Азаматтық қоғам − азаматтардың мемлекет жұмысына араласу мүмкіндігі бар қоғам. Кей уақытта азаматтық қоғам мен билік бір-біріне қарама-қарсы деп айтады. Жоқ, билік те, мемлекет те азаматтық қоғамның құрамына кіреді. Тек мемлекетте белгілі бір функциялар  шектеулі, ал азаматтық қоғамда ондай жоқ, біздің қызметіміз шексіз. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда шамамен 24 мың, кейде нақты жұмыс істейтіні 6-7 мың үкіметтік емес ұйым  бар. Мұның өзі үлкен күш және олардың әрқайсысының бағыты әртүрлі. Бірі жетім мен жесірге көмектеседі, бірі демократияны үйретеді, енді бірі сайлауға бақылаушы болады. Бірінші сектор − билік, екінші сектор − бизнес болса,  бұл – үшінші секторға жатады, − деді саясаттанушы.
Мүмкіндіктің есігін қақ
           Мұнда алғашқы күннен бастап таңғы сағат 07.00-ден кешкі 22.00-ге дейін лагерь қатысушылары бизнес, жаңа медиа, азаматтық қоғам тақырыбында лекция тыңдап, шеберлік сыныбына демалыссыз қатысатын дәстүр пайда болды. Тәртіп пен талап сондай. Таңертеңгі  Sport time кезеңінде қатысушылар бір сағат бойы командалық жарыс өткізеді. Бұл жақтағы ойын түрі де қызық, қарағайлы ауданды от, су, жер, ауа деп бөліп, күн сайын адам ойына келе бермейтін сайыспен бір сынап алды. Ал тәулігіне екі мезгіл өтетін лекция спикерлеріне сәтті таңдау жасалғаны жастарды шынымен қуантты. Айталық, бизнес тақырыбында Ғани Абадановтың жобаны жасау және идеяны ойластыру турасындағы дәрісі, Абылай Жүсіповтің «Маркетинг: идеялар жиынтығы» лекциясы, жас кәсіпкер Тоқтар Әлімбековтың «Біз білмейтін мүмкіндіктер»  атты дәрісі көп нәрседен бейхабар екенімізді дәлелдеді.
      Енді жастар тағатсыздана күтетін Motivation Speech кезеңіне тоқталайық. Кешкі сағат 21.00-де лагерь төріне көпке танымал тұлғалар жайғасады. Сол сәтте қатысушалар алдыңғы орынға таласып, сауал қою үшін барын салады. Алғашқы күні мұнда опера әншісі Майра Мұхамедқызы қонаққа келді. Осы орайда әншінің әсерлі әңгімесі  жастарды қалай қайрағанын білу үшін лагерь қатысушысы Маржанның пікірін сұрадық. 
Маржан ЕРДІБЕК, «Батылдық» командасының мүшесі:
−  Адамның ашықтығы оның қарапайымдылығынан хабар береді. Майра Мұхамедқызымен тілдесу барысында біз осыны анық сезіндік. Ол кісінің мотивациялық сағатында ұққаным өмірде барлық нәрсе өз уақытында болғаны дұрыс. Кейде біз күйбең тірлікпен жүріп өміріміздің қалай өтіп жатқанын аңғармай қаламыз. Сондай сәтте уақыттың құнын сезінбейтініміз рас. Әншінің өмірде бәрінен бұрын отбасын биік қоятынын түсіндік. Сонымен қатар қазақ экономикасының дамуына ерекше үлесін қосқан бизнес-леди Жанат Бердалиннің мына сөзі маған ерекше әсер етті. «Мотивацияның әсері әрі кетсе 128 күнге жетеді. Бұл америкалықтар жүргізген зерттеу нәтижесі. Егер сен бір мықты адамнан тәлім алып, оны тәжірибеге енгізбесең, оны нөлге тең деп есептеуге болады. Бизнес саласына келгенде мүмкіндіктер есігін қағудан қорықпа. Егер сен есікті қақпасаң,ол өздігінен ашылмайды» деді кәсіпкер. Спикерлердің дәрісінен түсінгенім жетістікке жету жолы түрлі қиындықтан тұрады, оны бағындыруда сен өзіңе есеп бере алумен қатар табандылық таныту керексің.
Лагерьдің келесі күні Қазақстанның мемлекет қайраткері, Астанадағы Мемлекеттік Қызмет Хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов болашақ ел көшбасшыларына пессимист пен оптимисттің айырмасын ажыратып берді.
      − Пессимист деген − жақсы ақпараттанған оптимист. Көп адам жасы үлкейген кезде пессимист қатарына қосыламыз деп ойлайды. Ал шынында олай емес. Осыдан 15 жыл бұрын Еуропада «қай жасқа келгенде адам өзін бақытты санайды?» деген сауалнама төңірегінде зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде 45 жасқа дейін бақытты адам саны аз болатыны, ал 74 жасқа келгенде көпшілік өзін бақытты санайтыны анықталған. Себебі 45 жасқа дейін адамның ішкі арманы өзінің мүмкіндігімен санаспай биік болады, әр сәт сайын оларды «мен көздегеніме жете алмадым-ау» деген ой қажай береді. Ал бұл жастан кейін шүкір етушілер қатары артады екен. Қазір сіздерде ерекше идея мен үлкен мақсат бар. Кезінде Герберт Уэлс «адамзаттың тарихы − идеялардың тарихы» деп анықтама берген. Мен ол кісімен келісе отырып, адамзаттың тарихына көшбасшылар мен махаббат тарихын қосар едім. Себебі, осы үш ұғым адамзаттың жасампаздығын айқындайды, − деді Ә. Мұхамедияұлы.
       О баста лагерьге альпинист Мақсұт Жұмаевтың келетінін естіген біз спортшыны өзгелерден ерекше күттік. ҚР Альпинистер құрама командасының капитаны, Еңбек сіңірген спорт шебері, әлемдегі сегіз мың метрлік 14 шыңды бағындырған Мақсұт жер бетінде екі мамандықтың бәрінен маңызы жоғары екенін атап өтті. 
       − Бірі − космонавт, екіншісі – альпинист. Екеуінде де ешкім өміріңе жауап бермейді. Қазір сіздерді толқынға, өзімді желге теңеуге болады. Менің мотивациям сіздерге жоғары импульс беріп, асау толқынға айналдыратынына сенемін. Жетістікке апаратын ең үлкен күш − өзіңе сену. Шың басына шыққанда сен өмірде барлық дүниені жасауға мүмкіндік барын түсінесің»,−деді альпинист.
       Лагерьдің бесінші күні Президент кеңесшісі, ғалым Ерлан Қарин диалог алаңында жастармен жүздесті. Ә дегеннен-ақ Ерлан Тынымбайұлына сұрақтар легі «Жусан» операциясы мен ұлттық арна тақырыбында қойыла бастады.
ЖОҢЫШҚА ЕГУ  ‒ ТАБЫС КӨЗІ
         Лагердің сегізінші күні қатысушы командалар бизнес-инвесторлар алдында төрт бағытты қамтитын жобаларын қорғады. Тартысты кезеңде финалға 12 команда жолдама алып, жастар тағы бір бақ сынасты. Бір аптада алған жаңа білім мен бизнестегі ойларын ортаға салған қызылордалық Red-Orda  командасы бас жүлде 1 500 000 теңге мен GOA Group компаниясының 1 000 000 теңгесін жеңіп алып, Сыр елінің абыройын биіктетті.
       Нұржан Амандық, "Red-Orda” командасының жетекшісі, Жалағаш жастар ресурстық орталығының кеңесші маманы:
     ‒ Мұндай жеңісті өзіміз де күтпеген едік, дәл қазір командамен бірге жобаны одан әрі қалай жетілдіру керегін ойластырудамыз. Біздің  жобамыз "Жоңышқа ‒ табиғи тыңайтқыш" деп аталады. Кең байтақ қазақ даласында игерілмеген жер көп әрі тыңайтылмаған ауыспалы егіс ауданы да біршама. Ал жоңышқа осы мәселені толығымен шешеді, ол топырақтың құнарлылығын арттырады әрі 1 жыл ішінде 3 рет орып алып бірнеше есе пайда көруге болады. Сонымен қатар жоңышқа мал шаруашылығымен айналысатындар үшін маңызды өнім. Сол үшін де біздің жобамызды табысты бизнес деп атауға болады. Осы орайда бірлік пен білімді серік еткен командама үлкен алғыс білдіремін.
Әлем тәжірибесі & ментор қызметі
Лагерьде  қатысушылар үшін 12 ментор қызмет көрсететінін айттық. Олар командамен тәуліктің үш кезеңінде арнайы жолығып, жастарға бағыт көрсетіп отырады. Осы орайда менторлыққа Алматы қаласынан таңдалған Мақсатпен тілдестік.
Мақсат БІЛІМЖАНҰЛЫ, Халықаралық IT университетінің аға оқытушысы, ментор:
  • Мені  жобаға Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен бірге оқыған жақын досым Әйгерім шақырды. Бұл менің алғашқы тәжірибем, бұрын соңды менторлық қызметпен айналыспадым. Бірақ халықаралық IT университетінде аға оқытушы болып жұмыс істегендіктен мұғалім мен менторлықтың ұқсас тұстары көп деп есептеймін. Сондықтан лагерьге қатысуға өтініш жазып, менторлыққа іріктеуден өттім. Өз басым жастармен, студенттермен жұмыс жасағанды жақсы көремін, себебі мен білгенімді үйрете отырып, олардан да пайдалы ақпарат аламын.
  • Бұл жоба Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылуда. Негізі лагерь былтыр да өткізілген, бірақ оның концепциясы бөлек болды. Мұндай тәжірибе үлгісін Ресейден, Англиядан, Америкадан көруге болады. Мәскеу облысында Селигер деген лагерь бар, оған жылда ел Президенті В.Путин арнайы келеді. Сол жерде жастар мемлекет басшысына жаңа жобаларды таныстырады. Біздің лагерьде соған ұқсас, себебі жоба соңына таяу Елбасы келуі мүмкін деген ақпарат бар. Ал Англиядағы лагерьде инновациялық жобаға бөлінетін қаржы қоры үлкен және жастардың жобасын жүзеге асыруға дайын компания өкілдері бірге жүреді. Бізде де бұл дәстүр келешекте қолданыс табады деп ойлаймын. Мен «Ұмтылу» командасының менторы ретінде бекітілдім. Команда үш топқа бөлінген, яғни бізде жасыл экономика бағытында дайындалған үш жоба бар. Бірінші жоба Agro Green Park (AGP) деп аталады, оны Қызылорда облысының Мейірбек есімді азаматы жасауда. Ол өз облысының шөлейтті даласында өсетін павловия деп аталатын ағаш түрі арқылы экожүйені жақсартпақшы. Екінші жобаның атауы − экотуризм, ол да Қызылорда өңірінде жасалады, бірақ кейін бүкіл республикаға тарайды. Үшінші жобамыз − экотұрақтар. Жобада Алматы, Астана, Шымкент қаласында экологиялық материалдан жасалған газонды қолдана отырып қоғамдық орында, мектеп алаңында жаңа тұрақтарды қамтамасыз ету көзделген. Жоба барысында қоқыстарды өңдеу арқылы ауруханаға кірер алдында аяқ киім сыртынан киетін бір реттік пакетті жасап шығару жоспарланған. Өзіңіз білетіндей, ол аяқ киімдер полиэтилен пакеттен жасалады, яғни қоршаған ортаға зиянды. Сондықтан қағаз қоқысты өңдеу арқылы картон типтес аяқ киім жасап, целлофан мен пакеттің орнын ауыстыру команданың басты мақсаты болып отыр. Біз сол арқылы қоғамда экологиялық таза өнімдердің қатарын көбейтпекпіз. 
  • Мен қатысушыларға кәсіпкерлік концепцияларын экологиялық стартаптарға қалай енгізу керек екенін жүйелі түрде түсіндіремін. Оған арнайы екі күн уақыт бөліп, командама дәріс өткіздім. Енді олар менің айтқанымды талқыдан өткізіп, тапсырма орындауда. Айта кетейін мен лагерьдің үш кезеңінде де ментор қызметін атқарамын, бірінші кезеңде жасыл экономика бағытын таңдасам, екінші маусымда кәсіпкерлікті дамыту тақырыбына ауысамын. Ал үшінші кезеңде креативті экономика және жаңа медиа бағытын таңдайтын боламын. 
  • Біз үшін үлкен құрмет
  • Өміртай БОЛАТБЕК, «Бірлік» командасының мүшесі:
  • − Біз тұратын Бай-Өлкеде, яғни Моңғолияның батыс аймағында қазақтар көп шоғырланған, шамамен 150 мыңға тарта қазақ бар. Сол жерде ұлттық тілімізді, дінімізді, дәстүрді сақтап отырған жайымыз бар.
  • Ал лагерьге дүниежүзілік қауымдастық атынан «Отандастар» қоры арнайы жолдама беріп, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай жерінен 15 этникалық қазақ өкілі келдік. Өздеріңіз білетіндей, Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінде дайындық бөлімі ашылғалы екі жыл болды. 2017-2018 оқу жылында оқу орнында Түркіменстан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолиядан этникалық қазақ балалары келіп білім алған. Ал биылғы жылы Моңғолиядан 150-ге тарта, Қытайдан – 20, Өзбекстаннан – 8 бала дайындық бөлімінде оқыдық. Осы лагерьге оқу бөлімінен үздіктер, белсенді жастар таңдап алынды. Апта бойына мотивациялық дәрістер оқылып, танымал тұлғалармен тілдесіп жатырмыз. Мұның өзі біз үшін үлкен құрмет. Жиын барысында маған альпинист Мақсұт Жұмаевпен кездесу ерекше әсер қалдырды. Жалпы мұнда барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз командамызбен той орталығының ғаламтордағы сайт нұсқасын жасаудамыз. Осы орайда Zeren-2019 жазғы лагерін ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін.
  •      P.S. Лагерьдегі әрбір сәт ерекше. Бұл ортада бәсекелестік пен бірлік, білім мен бизнес салтанат құрған. Мұндағы әрбір жас кәсіпкер болуды армандамайды, себебі олар көп ұзамай бизнес әлеміне кедергісіз енетініне нық сенеді. Біз көрген "Zeren Camp – 2019" қатысушыларының жарқын бейнесі осындай.
  • Гүлдана ЖҰМАДИН,
  • Қызылорда−Зеренді−Қызылорда.
17 шілде 2019 ж. 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031