» » » ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

   Арайлым ӨМІРБЕКОВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы:

Аптап ыстық пен алақайлап демалысқа шыққан оқушылардың жазғы демалысы бітуге таяу. Білім күні жақындаған сайын ауылдан қалаға алып-ұшып жеткен студенттің, мектеп партасына асыққан оқушының жаңа оқу жылына дайындығы қыза бастады. Алғашқы қоңырауға аз қалған мезетте демалысында Нью-Йоркте тәжірибе алмасып, жаңа оқу жылын SAT тестіне дайындықпен бастаған Арайлыммен тілдестік.      
                                               
    ‒ Жазғы демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу оқушының өз еркінде. Бірақ біздің мектепте бәрімізге ортақ «Ауылдағы екі апта тәжірибе» және «Ата-ана жұмысындағы 10 күн» атты тапсырмалар беріледі. Бұл тапсырманы биыл бесінші рет орындадым. Жазғы демалыстың екі аптасын ауылда өткізіп, сол жердің мәдениетімен танысу және шаруашылығына бейімделу оқушылар үшін қызықты тәжірибе. Мысалы, біз ауылға барғанда сиыр сауып, бақша мен ауланы тазалап үлкендерге қолғабыс еттік. Осы жолы мен Шу қаласының Төлебай ауданындағы нағашымның үйіне барып аталған жұмыстар бойынша күнделік толтырдым. Қаланың қызы болғандықтан бұл тәжірибе маған ерекше әсер етті және алдағы өміріме сабақ болды. Ал «Ата-ана жұмысындағы 10 күн» тапсырмасы бойынша үлкендер оқушыға табыс табу жолын  үйретеді. Тапсырманы орындау үшін мен анамның кафесінде даяшы болып жұмыс істедім. Бұл жерде оқушы үлкендермен бірге нәтижелі жұмыс істеуді, қаражатты тиімді басқаруды үйренеді. Оған қоса мектепке келген соң жетекшіге тапсырма қорытындысын баяндау кезінде эссе жазып,  жазу дағдысын қалыптастырады.  
       Биыл мектептегі соңғы жыл болған соң, жауапкершілікті сезіне бастадым.  Сол үшін жазғы демалысымды  шет тілін толық меңгеруге

арнадым. Осы аптада Алматы қаласына барып  IЕLTS (International English Language Testing System) тестін тапсырып келдім, нәтижесі бір аптадан соң белгілі болады. Ендігі меже шетелдегі оқу орнының гранты үшін SAT (Scholastic Assessment Test ) тестінен ойдағыдай балл жинау болып тұр.
НЬЮ-ЙОРК & ЖЕКЕ ТҰЛҒА
‒ Нью-Йорктегі Колумбия университетінде өткен 3 апталық курсқа республикадағы барлық Назарбаев зияткерлік  мектебінен  10 оқушы іріктелді. Бұл қаладағы оқушылардың еркіндігі мені қатты таң қалдырды. Мысалы, біздің елде оқушы үнемі ата-ананың немесе ұстаздың бақылауында болады ғой. Ал ол жақта оқушылар жеке тұлға ретінде толық қалыптасқан. Университеттегі бағдарлама игеруге өте оңай, бірақ жаңа материалдар өте көп, яғни уақыт аздық етеді. Сосын оқытушылар ізденушіге тек бағыт көрсетеді, ал біз ақпаратты  әрі қарай өзіміз дамытуымыз керек. Нью-Йоркте мен бизнес және маркетинг бойынша жаңа білім алдым, оған қоса командамен жобамызды қорғадық. Біз сол жерде экологиялық таза өнім болып саналатын қаламсаптың (ручка) макетін ойлап тауып, құрастырып шықтық.
Осы кезге дейін өзіме ұнайтын бағытты айқындау мақсатында үлкен ізденіс үстінде жүрдім. Сол үшін география пәнінен өңірдегі климаттың өзгеруіне әсер ететін факторларды зерттеп, биология пәнінен олимпиадаға қатысып, информатика мен робототехникадан жерді құнарландыратын машина жасап шығардым. Машина жобасы Нұр-Сұлтан қаласында қорғалды, менің ойымша, бұл жобаның әлеуеті жоғары, сол үшін роботты алдағы уақытта қайта жетілдіру керек. Оған қоса бос уақытымда спортпен айналысып, би үйірмесіне қатысамын, өлең шығарып, сурет те саламын.
Айта кетейін, осы кезге дейін мектепте оқушылар президенті қызметін атқардым. Бірақ президент болу оңай емес, себебі оқушылардың бірігіп жұмыс жасауына жауапты болумен қатар, олардың ұсынысын мектеп басшылығына жеткізуің керек. Ал биыл бұл жауапкершілікті өзге қатарластарыма тапсырамын.  
Нью-Йоркте мен өзімнің мамандығымды нақтыладым, енді жаңа оқу жылында Назарбаев университеті немесе шетелдегі оқу орнына тапсыру үшін дайындықты жалғастырамын. Ал болашақта еліміздің бизнес секторын жаңа жүйемен алмастырып, әлемді саяхаттағым келеді, ‒ дейді Арайлым.
Гүлдана ЖҰМАДИН
 
29 тамыз 2019 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031