» » » Экспедиция: "Өркениет өзені"

Экспедиция: "Өркениет өзені"

Кешегі демалыста "Жас ұландықтармен" бірге жолға шықтық. Жаңақорған, Арал, Қазалы ауданына бағыт алған "Өркениет өзені" экпедициясына барлығы 50 жас қамтылды. Олар Ақтас мешіті, Хорасан Ата, Оқшы ата кесенесі, сондай-ақ киелі Қармақшыдағы "Қорқыт Ата" кесенесі, Сортөбе қалашығы секілді тарихи жерлерге саяхаттады. Осылайша облыстық "Жас ұлан" ҚБ төрайымы Гүлайым Ермекбайқызы бастаған топ үш күнде тарихи орындарды аралап, оқушыларға пайдалы ақпарат берді. Бір қызығы, ұзақ жол жүрсек те, оқушылардан шаршаңқы сезімді байқамадық. Жалындап тұрған жастар жол бойы Абай өлендерін жатқа айтып бақ сынады. Сондай-ақ олар өз ауданына қатысты өлеңдер оқыды. Жол бойы түрлі-ойындар ойнатылып, бір-бірімен жақын танысты. Осылайша оқушылармен бірге жүріп уақыттың қалай тез өткенін де аңғармай қалдым. Жолсапардың қуантқан тұсы көп болды.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен "Жас ұлан" ҚБ-ның ұйымдастыруымен өткен экспедициясының басты бағыты Жаңақорған ауданындағы – Ақтас мешіті. "Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан көне қалаларды, көне тарихи ескерткіштерді баяндау, балаларға көне мұраны насихаттау үшін экспедиция ұйымдастырдық. Көзбен көргеннің әсері мол. Сол арқылы патриоттық сезімін,  өзінің еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруды басты орынға қойдық. Жеті ауданнан, қаладан тарихқа, өлкетануға қатысы бар, қызығушылық танытатын 50-ге тарта өрен жасақталып, республикалық деңгейде жетістіктерге жеткен балалар іріктеліп алынды. Мұның нәтижесінде дидактикалық жұмыстар жүргізіледі", – деді облыстық "Жас ұлан" ҚБ-ның төрайымы Гүлайым Ермекбайқызы.
Экспедицияны облыстық музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау жүргізді. Ол делегаттарды тың мәліметтермен қамтып қана қоймай, оқушылардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Жол бойы тарихи орындардан сыр шертіп, жастардың тарихқа қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар экспедицияның маңыздылығына тоқталды. "Бұл жобаның жастарға берері көп. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов "өз елін сүйетін азамат инженер болсын, ғалым болсын, жалпы қай мамандық иесі болса да өзінің тарихын танып-білсе сол елдің патриотына айналады" деген. Міне, осы сөзді ұстаным етемін. Қандай мамандық таңдасаң да тарихты білу керегін жастардың түсінгенін қалаймын. Бұл – "Рухани жаңғыру" бағдарламасындағы біздің жас жеткіншектер, мектеп оқушылары үшін жасалған үлкен тағылымды жоба", – деді Асхат Қожагелдіұлы.
50-ге жуық  қатысушы Көне Сығанақ қаласы, Қармақшы ауданындағы киелі Қорқыт ата кесенесі, Арал қаласындағы жазушы Ә.Нұрпейісовті мәдениет үйі, Балықшылар музейі, Қазалыдағы тарихи-мәдени орындармен етене танысты. Қаладағы №264 мектептің оқушысы Арайлым Алмат Сығанақ қаласының сырын танып, білуге ынтық. Ол бізбен әңгімесінде теориялық тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми байқауларда топ жарып жүргенін айтты. "Осыған дейін көптеген байқауларға қатысып жүрмін. Ізденісімнің көп бөлігін кітаптан алатын едім. Сыр бойының мәдени мұраларына шолу жасап, Сығанақ қаласын өз көзімізбен көріп, білгенімізді, бір-бірімізбен бөлістік. Осындай жобалар көптеп болса, тарихқа деген қызығушылығымыз одан әрі артар еді", – дейді ол.
Тоғжан ИМАНҒАЛИ,
Шиелі ауданы, № 46 мектеп лицейінің оқушысы:
– Экспедициядан Сыр өңірінің тарихын біліп жатырмыз. Соның ішінде ұнағаны – Оқшы ата кесенесі. Оқшы ата туралы айтылған аңызда өте қызық.  Мәселен, ол өлтірген зұлым ханның жүрегін ашып қараса,  ішінен күріштің кебегі сырты табылады. Содан халық аңыз бойынша Оқшы ата деп атап кеткен. Тарихшы Ә.Қоңыратбаевтың айтуынша, Оқшы ата оқ жасауы мүмкін. Яки қару жарақ жасайтын адам болған. Бұл кісінің тарихта аты қалуының бірден бір себебі оқ жасауында. Міне, біз экспедиция барысында осындай мағлұмат алдық. Сонымен қатар Жаңақорған және Шиелі аудандарында болдық. Сығанақ қалашығының орнымен таныстық. Ол жердің энергетикасы, қалашықтың бұрынғы орны мүлде бөлек. Адамға басқаша әсер сыйлайды. Бірге жүрген бәріміздің де көңіл-күйіміз жақсы. Шиелі ауданындағы Оқшы ата мазаратын көзбен көргеніме қуаныштымын.
Ақмарал САҒЫМБАЙ,
Жаңақорған ауданы, №193 мектеп оқушысы:
– Алдымен Ақтас, Қорасан ата мешітіне барып зиярат еттік. Жолда тәлімгерлер көптеген тарихи ақпаратпен бөлісті. Бізге эспедиция қызық болды. Мәселен, Айқожа ишан дүниеден өткеннен соң 25 жылдан кейін ескі мешіт орнын жаңартылып, 1882-1884 жылдары Айқожа ишанның немересі Атамағзұмның басшылығымен, Тасжан деген байдың демеушілігімен және жергілікті халықтың күшімен салынған екен. Мешіт құрылысын Бұқарадан арнайы алдырған Халид шебер жүргізген. Бұл республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштердің тізімінде.
Дильназ Срайл,
Қазалы ауданы, №70 мектептің оқушысы:
– Мен Қорасан ата мешітіне алғаш келдім. Жалпы  Қорасан ата кесенесін ХІХ ғасырдың аяғында ұрпақтары жөндеуден өткізген екен. Аңыз бойынша Қорасан атаны Әзірет Әлиден таратады. Қорасан ата таңғы намазын Меккеде оқитын болыпты. Қорасан ата кесенесі 2005 жылы қайтадан кірпіштен қаланып, күмбезделген. Кесене күйдірілген кірпіштен қаланған. Ол өмірі мен өнегелі тірлігі алты алаштың баласына мәлім, сонау Арабиядан Орта Азия, түркі, қазақ жерлеріне, соның ішінде Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алғаш әкелгендердің бірі – халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Әбдіжалил Баб еді. Халық аузындағы әңгімелерде ол Қорасан ата деп аталады. Ораза, Құрбан айт намаздарында осы Қорасан ата басына келіп Құранын бағыштап, Меккедегі Қағбатілләның осындағы көшірмесіне жүзін беріп, намазын оқып қайтады екен. Аңыз әңгімелерде Қорасан ата бамдат намазын оқып тұрғанда бүкіл тұла бойы қорғасындай еріп тұратын болған екен. Біз бұл тарихи ақпаратты біліп таң қалдық.
Ғани СЕЙДАЛЫ,
Сырдария ауданы, №147 орта мектептің оқушысы:
– Бұл саяхат маған өте қатты әсер сыйлады. Қызылордада осындай көптеген киелі жердің бар екенін білмеппін. Тарихшылардың айтуынша, Қорасан ата діннің таралуына өте қатты ықпалын тиген. Осыған қарап, Қорасан атаның керемет тұстарын байқадым. Мұндай киелі жердің бар екенін білмейтін өзге де жастар бар. Дәл осы жоба арқылы тарихты танып-білуге болсады деген ойдамын.
Жанар ӘЛИШОВА,
Қазалы аудандық оқушылар үйінің Өлкетану үйірмесінің жетекшісі:
– Әрбір тасын түртсең тарихы сөйлейтін Сыр елінің қыр-сырларына қанықтық. Үш күн бойы көптеген ақпарат алдық. Бұл экспедицияны ұйымдастырудағы мақсат жас өскелең ұрпақтың өз тарихын танып-білуі оның бұрынғы тарихқа тереңнен үңілуі, Отан тарихын білу үшін алдымен өз өлкесінің тарихын жете білу керек. Бұл жастардың болашақта өз өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыруға өлкесінің әлі де ашылмаған тарихын, қырын-сырын анықтауға деген жақсы бастама болды. Экспедицияда болашақта тарихшы болатыны бар, болмайтыны бар дегенмен осы жастар бізге дейін аға ұрпақтардың жасап кеткен сара жолын білсе деймін.
       Шамсинұр ЖаҢбыршАЙ,
Арал қаласы №264 мектептің оқушысы:
– Мен бүгінгі үш күндік эспедициядан өзіме көп әсер алдым. Тарихи орындарға барғанда өзімді сол ғасырда жүргендей сезіндім. Орта ғасырдың адамдарының тұрмыс-тіршілігін, қалай өмір сүргенін, олардың үйлерін, пайдаланған ыдысын көрдік. Өзімді рухани байыттым деп толық айта аламын. Маған ұнағаны – Қалжан Ахун мешіті, біздің тек Сыр еліне ғана емес Қазақстан бойынша бірегей архитектуралық ескерткіштердің бірі. Қалжан Ахун Бөлекбайұлының араласуымен салынған мешіт-медресе. Қалжан Ахун –тарихи тұлға. Бұл тарихи ескерткіш мешіттің де, медресенің де рөлін атқарған. Қалжан Ахун туралы ел аузында бір аңыз бар. Кезінде Абайдың әкесі Құнанбай қажылыққа атанып бара жатқан уақытта Сыр өңіріне келгенде Қалжан Ахунның ауылына келіп тоқтаған. Сол уақытта алты алашқа аты шығып жатқан Қалжан Ахунды сынау үшін "маған батаңды бер, менің денем Меккеде шахид болса сол арманым" дейді екен. Сол кезде Қалжан Ахун мүдіріп қалып ағасы Божан алға шығып, "Құнанбай аға, батаны мен берейін, дегенде "аға тұрғанда іні бата бермейді" депті. Осылайша алақанын жайып, "Ер тілегі орындалса сүйегіңіз Меккеде қалсын, ел тілегі орындалса аман есен елге оралыңыз" деп батасын берген көрінеді. Бұл батаның мағынасы тереңде жатыр. Яки "сіздің тілегіңіз орындалса сүйегіңіз Меккеде қалсын, халықтың тілегі орындалса аман-есен елге қайтыңыз" деген мағына береді.
P.S Үш жылдан бері жоспарланып келген жұмыс үш күнде өз мәресіне жетті. Экспедицияда оқушылар тарихқа қатысты біраз мәлімет алды. Жаңақорғаннан бастау алған сапар Қазалы ауданында қорытыланды. Оқушылардың жүзінен ерекше әсер алғандарын аңғаруға болады. Әр ауданнан келген оқушылар тарихқа қанығып, тарихи орындарды көзбен көргеніне қуанды. Олардың көкейінде "Жас ұландықтар" бастаған игілікті жоба келесі жылы да жалғасса деген тілек қалды...
Мөлдір САБЫРЖАН,
Жаңақорған – Арал – Қазалы
19 қыркүйек 2019 ж. 525 0

PDF нұсқалар мұрағаты

49-326

05 желтоқсан 2019 ж.

48-325

28 қараша 2019 ж.

47-324

21 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031