» » » ҚАЗАҚСТАННАН КОРЕЯҒА ДЕЙІН...

ҚАЗАҚСТАННАН КОРЕЯҒА ДЕЙІН...

     Іңкәр Халиқызы – Қызылорда қаласында алғаш рет «Шеф» аспаздық өнер студиясын ашқан кәсіпкер. Бүгінде  ол «кәріс тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша Оңтүстік Кореядағы Кангнам университетінде білім алуда. Осы аптада білімді бойжеткенмен «таңғы шық еліндегі» жаңа мүмкіндіктер жайлы емен-жарқын әңгіме өрбіттік.
 
    
Күт мені, Корея немесе
 минусты плюске айналдыру жолы

    ‒ Бастапқыда кәріс тілін анамның  ұсынысы бойынша үйрендім. Мектеп қабырғасында сыныптастарым шеттілін жетік білетін, соларға қызығып жаңа тілді  үйренгім келді, алайда ағылшын курсының оқу ақысы қымбат екен. Қаржының біріне жетсе келесі біріне жетпейтін аз кезі. Анама «менде басқа тілді үйреніп, аудармашы болғым келеді» деген тілегімді айтқанымда, іздестіріп жүріп, тегін оқытатын кәріс тілінің курсын тауып берді.  Менің бұл мүмкіндікке қалай қуанғанымды білсеңіз ғой?! Уақыт өте келе Кореяда білім алсам деген ой да қылаң берді.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түскен сәттен бастап Кореяда білім алуға талпындым. Бірінші курсымда қайта-қайта халықаралық қатынастар бөліміне барып шетелге қалай оқуға түсуге болатынын сұрастырып жүрдім. Ондағы оқытушылардың «сен әлі бірінші курс студентісің, әлі төрт тоқсанды оқуың керек» дегеніне амалсыз көндім. Арада тағы бір жыл өтті. Үшінші курсқа өткен кезде жөн сұрап халықаралық қатынастар бөліміне тағы бардым. Бұл жолы оқытушылар отбасылық деңгейімнің шетелге шығуға жетпейтінін алға тартты. Ол кісілерді де түсінуге болады, себебі шетелде оқу мен жатақхана тегін болғанмен ұшақ билеті, виза, медициналық сақтандыру, коммуналдық төлем, ас-ауқат, күнделікті шығынды студенттің ата-анасы қамтамасыз ете алу керек. Ал менде шетелде оқып келетіндей асып-тасып жатқан қаражат болмады. Анам жалғызбасты кісі, оның үстіне балабақшада жұмыс істейді. Ай сайын алатын жалақысы мені Кореяға жіберуге жетпейтіні белгілі еді. Сондықтан менің  шекара асуым мүмкін емес дүниеге айналды. Соңында жағдайдың бәрі қаржыға келіп тірелгеніне қатты қиналдым, бірақ қалайда Кореяда білім алатыныма  сендім. Сол үшін қалада алғаш рет Шеф аспаздық өнер студиясын аштым, оған қоса корей тілін үйренуді жалғастырдым. Алған бетімнен қайтпай тағы да құжат тапсыруға барғанымда жеке кәсібім бар екенін айтып, шетелде жүріп өз-өзімді қамтамасыз ете алтынымды дәлелдедім. Содан кейін ғана  университет мұғалімдері маған сенім артып, академиялық  ұтқырлық бағдарламасымен грант иегері  атанғанымды сүйіншіледі. Негізі Кореяда оқу ақысы бір тоқсанға − бір жарым миллион теңге. Бір курста студент екі тоқсан оқиды деп есептесек, жылдық төлемақы үш миллион теңгені құрайды.


Кәріс демеуші немесе тағы да мүмкіндік...

‒ Кореяға оқуға түскенім белгілі болған соң, ұшақ билетіне  қаржы табу үлкен уайымға айналды. Менімен бірге Кангнам университетінің оқу грантын иеленген құрбым екеуміз қаржы іздеп барлық жерге бардық, демеуші де іздедік, бірақ ешқандай мүмкіндік болмады. Соңында амалсыздан Да Мин, И Ёнг есімді кәріс мұғалімдерге оқу грантынан бас тартатынымызды айттық. Ол кісілер біраз ойланып, кейін бізді қайта  шақырып алды. «Сендердің жағдайларыңды жақсы  түсінеміз, бірақ Кореяда білім алу екінің біріне берілмейтін мүмкіндік. Сол үшін сендерге өзіміз демеуші боламыз. Ұшақ билетіне қаржыны  біздің есебімізден алып, қыркүйек айында қайтарсаңдар болады. Әрі сендердің Кореяда жұмысқа орналасуларыңа мүмкіндік жасаймыз» деп еңсемізді қайта тіктеді. Алдын-ала алаңдамас үшін Кореяға жол жүретінімді анама билет қолға тиген соң ғана айттым (күліп). Сонымен 2018 жылдың мамыр айында аяқ астынан Кореяға ұшып кеттік.

Елші бізді неге күтті?

  ‒Халықаралық Инчхон әуежайы. Корея астанасы Сеулден 70 шақырым қашықтықта орналасқан әлемдегі ең ірі әуежайға келіп қондық. Кореяға жеткен кезде кинодағы картинаға ұқсамайтын басқа әлем екеніне көзім жетті. Тіпті өзімді ойламаған жерден өзге ғаламшарға өтіп кеткендей сезіндім. Бәрі ертегі тәрізді. Әуежайға келгенде алдымен тіл мәселесінен қиындық туындады. Өйткені Қызылордада жүріп тілді едәуір үйренгеніммен, ол жақтың адамдары өте тез сөйлейтін болып шықты. Жылдам сөйлегендері сонша менің аударуға шамам жетпей қалды (күліп). Ол жақта бізді Кангнам университетінен келген арнайы елші күтіп алды. Бір қызық жағдайды айта кетейін,  Кангнам мен Қорқыт ата университетінің арасында мынадай келісім бар екен: біздің оқу орны кәріс студенттерін қалай күтіп алса, кәрістер бұл құрметті еселеп қайтарады. Сондықтан біздің жатақханаға орналасып, университетке үйренісіп кетуіміз ешқандай қиындық тудырмады.
    Тағы бір қызық жағдай, университет тауда орналасқан, әрі  студенттер қалашығында жастарға барлық мүмкіндік қарастырылған. Бастапқыда лекцияны толық түсіну үшін бір жылды тілдік курсқа арнауға тура келді. Кәріс тілінің тарихы қытай тілінен бастау алады, сондықтан сатылай оқып, тереңдеген сайын қиындай береді екен. Мен бір жылда  кәріс тілінің үш деңгейін бітіріп, арнайы  сертификат алдым.
Университеттің ең жақсы тұсы, айына  бір рет арнайы сабақ ретінде Кореяның танымал аудандарын аралатады немесе кәрістің дәстүрлі тарихи орындарын таныстырады. Әрі оқу орнында студенттер пәнді, сабақ уақытын өзі таңдай алады. Сабақты таңғы сағат 9.00-ден кешкі 22.50-ге дейінгі аралықта ыңғайлы етіп орналастыруға мүмкіндігі бар. Мысалы, менің мамандығым кәріс  және ағылшын тілі  пәнінің мұғалімі болса да, негізгі мақсатым бизнес саласын оқу еді. Арнайы міндетті пәндерден бөлек, гольф, атқа міну, дизайн тәрізді салаларды таңдауға болатынын білген соң, бизнес-стартап бағытын да оқимын деп шештім. Себебі қосымша пәннің бәрі есептеліп, дипломға жазылады.

Кәріс студенттер ата-анасына салмақ салмайды

 ‒ Бірнеше айдан соң Кореядағы таныс құрбым пицца дайындайтын орталыққа жұмысқа шақырды. Өз-өзімді күнделікті қаражатпен қамтамасыз ету үшін барынша жақсы жұмыс істеуге тырыстым. Ол жерде менімен бірге төрт қазақ қызы қызмет етеді. Аптасына үш күн жұмысқа барамын, себебі шетелдік жастардың жұмыс уақыты күніне бес, аптасына он алты сағаттан аспау керек. Маған Кореяда ерекше  ұнаған бір жағдайды айта кетейін, ол жақта кез келген жұмыс орны студенттерді қызметке қабылдай береді, бірақ алдымен сабақ графигі сұралады. Ал біздің елде университет таңғы сегізден кешкі алтыға дейін сабақ кестесін бекітеді де, студент тек сабақ үшін жүгіреді. Егер студент ақылы оқитын болса оқуының ақшасын қалай төлейді? Ал Кореяда студенттер ата-анасына салмақ салмай өзін-өзі оқумен де, жұмыспен де қамтамасыз ете алады. Маған әлеуметтік желі арқылы ҰБТ-дан төмен балл жинап, білім грантын ала алмаған жастар жиі хат жазады. Оларды дипломы жоқ болған соң еш жерге жұмысқа алмайды, сондықтан жастар ақылы оқуға тәуекел етпейді. Сырттай бақыласаң, біздің елдің студенттері не оқу орны, не жұмыстағы басшы түсінбейтін кезеңде тұр. Сол үшін алдағы уақытта Қызылорда қаласында  пицца орталығын ашсам, тек студенттерді ғана жұмысқа аламын деп шештім.

Қымыздан да сабын дайындалады

  ‒ Бос уақыт аз болған соң кәрістер жұмыс, сабақ кестесін алдын-ала бір айға жоспарлап қояды. Сондай-ақ бәрі кітап оқығанды жақсы көреді. Университете шетелдік жастарға  арналған Friends  деген үйірме клубы ашылған. Ол жерде өзге елден келген студенттер кәрістің ерікті жастарымен бірге сабын, иіссу, экосөмке, былғары сағат, сусабын т.б заттардың  жасалу жолын тегін үйренеді. Мысалы, мен макколи деп аталатын күріш суынан сабынның қалай жасалатынын, әрі макколидің орнына қымызды пайдалануға  болатынын білдім. Алдағы уақытта ШЕФ студиясына келген балаларға қымыздан сабын жасау жолын үйрететін боламын.

«Құлаққа балауыз шамын құюға бола ма?»

‒ Кореяда медициналық қызмет көрсету бағасы өте қымбат. Бірде құлағыма аздап салқын тиген соң, емханаға барып тексерілдім. Сол кезде диагностикалық кеңес берілгені үшін 35 000 теңге төлем жасағаным бар. Бірақ кейін бұл шығын медициналық сақтандыру есебінен алынып, қаржы өзіме қайтарылды. Сондықтан жастар шетелге шықпас бұрын медициналық сақтандыруды ескергені жөн.
Жалпы кәрістер – өте сенгіш халық. Осы орайда Кореяда орын алған келесідей қызық жағдай есіме түсіп отыр. Жақында ғаламторда «құлақты тазалаған кезде балауыз шамын ерітіп құйса толық залалсызданады» деген ақпарат тарады. Соған сеніп, үй жағдайында қайталаған кәріс тұрғындары ауруханадан бір-ақ шықты. Ал жалған ақпартты  бесінші сыныптың оқушысы парақшасына ермек үшін жаза салған екен
 
Кәрістер не үшін көшеде тамақтанады?

‒ Оңтүстік Кореяның жер көлемі біздің облыс аумағындай ғана, бірақ тұрғындар саны 52 миллионнан асады. Кореяға алғаш барғанымда болашақта мұндай тар мемлекетте өмір сүре алмайтынымды ұқтым әрі өз елімнің кеңдігін, қадірін жақсы түсіндім. Сондай-ақ Корея мемлекеті ‒  өте қауіпсіз ел. Әжем шетелге жолға шыққанымда  «қол сөмкеңе абай бол» деп талай рет тапсырған. Бірақ  Кореяда заң қатал әрі халықтың тұрмыс жағдайы жақсы, сондықтан тұрғындар өзгенің затына қызықпайды. Тағы бір айта кетер ерекшелігі, көшеде қоқыс тастайтын орын мүлде болмайды, сондықтан Корея «ең таза мемлекет» болып есептеледі. Олар үйлеріне артық  дүние жинағаннан гөрі шетелге саяхаттанды дұрыс көреді. Уақыт тығыз болған соң тұрғындар көбіне үйден емес, көшеден тамақтанғанды ұнатады. Сол себепті Кореяда асханалар мен тамақтану орны өте көп. Тіпті кәріс қыздары тамақ істеуді білмесе оған ешкім таң қалмайды.

Косметиканың табиғи түрін ойлап тапсам...

    ‒ Биыл Кореяда  білім алып жатқаныма үш жыл толады. Сол елде жүріп қазақ қыздарының өзге ұлтқа қарағанда әлдеқайда сұлу екенін түсіндім. Ол жақта косметика индустриясы қанша жақсы дамығанмен, кәріс қыздары сыртқа табиғи келбетпен көрінгісі келеді. Алайда бәрібір косметиканың көмегіне сүйенеді. Біздің елде қыздар еуропалықтарға еліктеп, аса қатты боянады ғой, ал кәрістер бұрыс жолдағы қыздар ғана солай жасайды деп түсінеді екен. Сондықтан әрбір қазақ қызын көрген сайын «табиғи сұлулықты бағалау керек» деп айтқым келіп тұрады.
      Қазіргі уақытта түрлі идеяларды ойлап жүрмін. Болашақта пицца дайындайтын үлкен орталық  ашып, оны ШЕФ студиясының жұмысымен байланыстырғым келеді. Әрі тек қазақ қыздарына арналған дизайны ерекше, табиғи косметика түрін ойлап тауып, өндіріске енгізу де жоспарымда бар. 
Гүлдана ЖҰМАДИН
20 ақпан 2020 ж. 426 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930