» » » САХНАНЫҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ БОЛМАЙДЫ

САХНАНЫҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ БОЛМАЙДЫ

    Арал теңізінің табанында орналасқан шалғайдағы Қаратерең ауылын былайғы жұрт ел мойындаған жүйріктерінен таниды. Журналистика саласында Шәкірат пен Шәкізат Дәрмағамбетов, Бауыржан Омарұлы, авиацияда ұшқыш Дулан Дәрменов, Қайбалды Орынбаев сынды тұлғалар түлеп ұшқан ұяның қай перзенті болмасын халық алдында ерекше дараланатыны рас. Бүгін алдыңғы буынның жолын жалғап, ауылдың атын абыроймен көпке танытып жүрген  тағы бір қаратереңдік жас жайлы қалам тербеуді жөн көрдік. Себебі, көк теңізді жырға қосып, ауылды әнмен тербеген Дәулеттің талантына көпшілік таңдай қағып жүр.
   
    Өнерлі отбасында ән мен жырға қанып өскен Дәулет Талғатұлы мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ талай іс-шараның тізгінін қолға алды. Сыныптастары да соған сай, бірі әнші, бірі биші немесе әзілкеш, әйтеуір өнерден құр алақаны жоқ белсенді еді. Бақтарына орай, қоғамдық жұмыстар берілген кезде жандарынан Ерлан Бекмырзаұлы, Айдар Шынтемірұлы секілді тәртібі қатал, түсінігі мол ұстаздар табыла кететінін қайтерсіз?! Осындай тату да талантты ортаның тәлімін көрген Дәулет кейін ұзаққа шапты. Алдымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қайық» киносында актерлік қырынан танылды, одан соң «Музарт Life» жобасына қатысып, дүйім жұрттың назарын өзіне қаратты. Өткен жылы шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевтың 117  жылдығы аясында «Ғани жұлдызы» төс белгісімен марапатталған Дәулет қазір Қаратерең ауылдық мәдениет үйінде шәкірт тәрбиелеумен қатар жеке шығармашылығына да көңіл бөліп жүр. Шабыты келгенде теңіздей толғанып, сөзден сурет салатын ақындық қасиеті де бар зерделі жаспен тілдескенімізде бір адам жасаған «таңғажайып» дүниені келесі бір пенденің жасай алатынын мысал ете отырып, шығармашылық әлеміне бізді еріксіз ілестіріп әкетті.
− Ауылдағы мектеп оқушыларының қабілетін тап басып, өнерге бейімдеу, аудан, облыс көлеміндегі байқауларда тәжірибе жинақтауына себепкер болуды негізгі міндетім деп білемін. Былтыр Ернұр атты шәкіртім аймақтық жас бүлдіршіндер сайысының «Вокаль» жанры бойынша ІІ орынды иеленді. Қазанғап атындағы музыкалық колледжде білім алып жүрген Әділет есімді оқушымның да болашағынан үлкен үміт күтемін. Айта кетейін, биыл мектеп әкімшілігімен бірлесіп, жас жайдарманшыларды аудандық фестивальге апардық. Нәтижесінде оқушылар жартылай финалға өтіп, жеңімпаз атанды. Енді осы жайдарманшылардың республикалық жобаға қатысуы үшін еңбектеніп жатырмыз.
 Жеке шығармашылығымды дамыту мақсатында ақын, сазгерлермен бірге қызу жұмыс жүргізудемін. Осы кезге дейін «Гүл алып барамын», «Арман қыз», «Ғашық болып қала беремін», «Қарындасқа» атты әндерді жеке жинағыма енгіздім. Алдағы уақытта жергілікті сазгер әрі ақын ағамыз Талғат Тілеулесовтың сөзіне жазылған бірнеше әнді орындайтын боламын. Қазір эстрада әншісі атанып, шоу-бизнес әлеміне ену үшін қомақты қаражат керек әрі жастардың тілімен айтқанда «хит» әннің орындаушысы болуың шарт. Бейнабаян да халыққа танылуыңа себепші болатын дүние. Ал мен ән таңдағанда мәтініне көп мән беремін және өнерде өзіндік қолтаңбамды қалдыру үшін алдыма нақты мақсат қойдым. Кейде жанымдағы достарым «үлкен сахнада орындамайтын болсаң, ән жаздырып қайтесің?!» деп сынап жатады. Бірақ мен үшін сахна үлкен-кіші деп бөлінбейді. Қай жерде болса да сахна киелі орын екені даусыз, − дейді Дәулет.
Елгезек жас қоғамның түрлі саласындағы жаңалықтарды қалт жібермей, санада саралауды әдетке айналдырған. Ауыл болашағына бей-жай қарамайтын ол жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің алаңдататынын тілге тиек етті.
− Біздің ауылдың жастары өте ұйымшыл, бір-біріне қамқор, еңбекқор екеніне ешкім талас білдіре алмайды. Тіпті әр жыл сайынғы мектеп
түлектері бас қосып, туған жерге пайдалы шара ұйымдастыруды дәстүрге  айналдырған. Алайда мені ауыл жастарының жұмыссыз жүруі жиі ойландырады. Қолында дипломы бар, білімі жоғары жастардың өз мамандығы бойынша қызмет жасамауы жаныма батады. Соның әсерінен талай жас ауылдық, аудандық деңгейден әрі аса алмай жүргені де жалған емес. Бірақ қаратереңдік жастардың әлі талай биіктерді бағындыратынына сенемін, − дейді өнерлі кейіпкер.
Әңгіме барысында жас әнші Арал ауданының барлық ауылын аралап, жанды дауыста концерт беруді жоспарлап жүргенін қуанышпен жеткізді. Ауыл жастарының жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты етуді ойластырып жүрген Дәулеттің татулыққа үндейтін, көрші елді мекендерге үлгі болатындай дүние жасауға ниет еткенін де сөз арасынан аңғардық.  «Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен болашағына қам жеген бір адамға әйгілі данышпан. Дәулет тәрізді ұстанымы берік, өнерге адал, шәкірттеріне жанашыр жасты көргенде ауылдың әлі-ақ көркейіп, кемелдене түсеріне сенім арта түседі.
Гүлдана ЖҰМАДИН
 
11 мамыр 2020 ж. 198 0

PDF нұсқалар мұрағаты

21-350

28 мамыр 2020 ж.

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031