» » » Мысырлықтар асықты ұлықтайды. Біз ше?

Мысырлықтар асықты ұлықтайды. Біз ше?


Сіз аулада асық ойнап жүрген баланы кезіктірдіңіз бе? Жауап берер сәтте ойланып қаларыңыз хақ. Себебі жас кезіңізде яки осыдан бірнеше жылдар бұрын көрген боларсыз. Күнделікті сәтті елестетіңізші. Балаңыздың қолында планшет. Ғаламторды жетік меңгерген. Таннан кеш батқанға шейін экраннан бас алмайды. Пайдасы не? Ұтар тұсы қайсы? Осындай сәтте ата-ана неге ұлттық ойындарды үйретіп, насихаттамайды деп қынжыласын. Ата-бабамыз дәріптеген, ойнаған асық мысырлықтарда мұражайда тұр екен. Бізде де мұражайда тұрмасына кім кепіл?
Бір топ БАҚ өкілдері Мысырға іссапармен барса керек. Сонда Каир қаласындағы тарихи мұражайды аралайды. Перғауындардың аты аңызға айналған жас перісі «Тутанхамонның ойыншықтары» деген бөлімге барса, қаздай тігілген асық көздеріне оттай басылады. «Иә, иә асық. Тутанхамонның ойыншықтарының қатарында біздің бала күнімізде ойнап өскен асығымыз тұр» деп таңданады журналистер. Сонда деймін, мысырлықтарда біздің асық қайдан жүр?
Әр халықтың өз салт-дәстүрі бар. Сол дәстүрге сай мәдениеті бар. Ал, мәдениеттің бастауы оның өмір сүріп отырған ортасына, шаруашылығына, әлеуеті мен экономикасына байланысты. Қазақтың ұлттық спорты да сол сарында дамыған. Өйткені, егін егіп, мал баққан ата-бабамыз мейілінше сол кәсіптен ұлтқа тән ойын түрлерін ұрпақтан-ұрпаққа дарытқан. Бойға сіңген асыл қасиет ғасырдан ғасырға жалғасқан. Бірақ, мына технологияланған жаңа дәуірде ұлттық қасиеттеріміз бен ұлттық ойындарымыз жоғалуға жақын. Соның бірі – асық ойнау. Асық ойынының бірнеше түрі бар. Мысалы, қазақ совет энциклопедиясының 1- томының 538 бетінде мынадай жолдар бар. «Асық ойыны – балалардың ежелгі спорттық ойыны. Тақыр аланға көлденеңінен түзу сызық сызады да, соны бойлай тігілген кенейді кезектесіп сақамен ату арқылы мергендік сынасады. Асық ойынының түрі: үш табан, бір табан, шығу, шеңбер т.б. Қыз балалар кешкісін үйде отырып ойнайтын асық ойындары қора, хан, құмар т.б» делінген. Ұлттық энциклопедиясының 1- томының 500 бетінде Б.Төтенайтегі сипаттап берген анықтама бұдан сәл кеңірек. «Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндіздікі мергендікке, түнгісі ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық-алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары оңқай аталады. Асық ойының мынадай түрлері бар: Құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату) қақпақыл» деп келтірген.
Белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің айтуынша, құр босқа компьютер алдында телміріп, көзін, миын ауыртып, жүйкесін шаршатқанша, бір мезет асық ойын­да­рын ойнауды үрдіске айналдырған дұрыс. «Асық ойнау – балалардың дүниетанымын кеңейтетін ойын. Ойынға бірнеше бала араласқанда әркім өз асығын қателеспей тауып алу үшін апа-әжелеріміз кілем және киіз жүндерінен бояп жатқан қазанға асықтарды салып алатын. Сонда әр асықтың түрі-түсі әртүрлі болып шыға келер еді. Қызыл, жасыл, қара, көк, сары, қоңыр деген бояу түрлерін балалар екі-үш жасында-ақ еркін ажыратады. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, әр бала өз асығының санын тез-ақ біліп алады. Бұл санауға жақсы, балалардың есепке жүйріктігі бала кезден қалыптаса бастайды. Асық – кәдімгі санағыштың рөлін қоса атқарады. Асықтарды қаз қатар тігу кезінде олардың санын алу, кейін ұтысты есептеп, ұпай бөліскенде жапырлап асық санау кез келген баланың математикаға бейімін арттырады. Қазақ баласының есепке жүйріктігі міне, осындай ойындарды ойнаудан-ақ қалыптасқан, – дейді.
Ал қазіргінің балалары сірә, асықтың не екенін де білмейді. Өкінішке қарай, қазір асық ойыны ұмытыла бастады. Көптеген түрлері ұмытылып, мүл­­де ойналмайды. Ауылда болмаса, қалада балалар асық ойнамайды. Осыған қарап ұлттық ойындарымыз ұлықталмай, балалар әлеуметтік желінің құрбаны болады ма деп қорқасын. Өйткені ғалымдардың пікірінше, ғаламтор суицидке жетелейтін бірден бір құрал. Асықтың ойнау тәсілін ата-ана балаларға үйретсе екен деген қалауымыз бар.
Мөлдір САБЫРЖАН
05 сәуір 2018 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 27 (252)

05 шілде 2018 ж.

№ 20 (245)

17 мамыр 2018 ж.

№ 19 (244)

11 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031