» » » Құрсақ той қандай той?

Құрсақ той қандай той?

Сен қазақсың!
    Ұрпақ қамын ойлаған көргенді ене арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді дәстүрлі қонаққа шақырады. Шақырылған әйелдер құр қол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат –  келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Құрсақ шашудың негізгі мәні де, мақсаты да осында жатыр. Өйткені бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-сонды өзінде болмаған сезім түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табуға көмектесіп, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады.
Құрсақ тойда жас келін әлгі әйелдер әкелген тағамның бірін сүйсініп жесе, оны әзірлеп әкелуші, мәртебесі асып-ақ қалады екен. Содан келіннің жерігі қанғанша сол дәмді ас иесі жасап беріп, қамқор болады. Алда-жалда бір реттік құрсақ шашу кезінде келіннің аңсары табылмаған жағдайда бәрібір іздеуді тоқтатпайды. Қалайда ретін келтіруге әрекет етіледі. Бұған тек әйелдер ғана емес, келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдас, дос-жарандары да қолғабыс етеді. Жабайы аңның, құстың еті, балық секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдем жасайды. Осы жерде айта кететін бір тыйым аяғы ауыр әйелдің жұбайы аң атпайды, тұзақ құрмайды, қармақ салмайды, яғни жандыға әдейілеп зиянын тигізбейді. Іштегі балаға кесір болады дейді.
Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Ол болашақ ананың өз қалауына, өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпия құбылыс. Күні бүгінге дейін сақталған ел ішіндегі аңыз-әңгіме, жыр-дастандарда жолбарыстың жүрегіне, қабыланның, аюдың, ұлардың, сұңқардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін ержүрек батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы айтылады. Мысалы, әруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы, Ақтұмар жарықтық, көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Сол секілді Шапырашты батырдың анасы Жұпар шешеміз де арланның бауырын шикідей жеп, жерігін қандырған екен деп аңыз етеді. Әрине, аңыз тарих, дәлел емес, алайда аңыздың ішінде шындық жатады.
Сонымен құрсақ шашу болашақ ана мен өмірге келер нәрестенің қамын ерте ойлаған тілегі тұнық, ниеті ақ, мазмұны терең, салиқалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып керегіне жараған ұлағатты рухани мұра. Аналарымыз басынан өткізген жөн-жоба.
Алайда біреуі байлықпен үдеп, біреуі жоқшылықтан жүдеп, теңсіздік тереңдеп бара жатқан заманда қалталылар ақша шашып, "айға түкіріп" көңіл көтерудің тағы бір түрін шығарыпты. Үлкен мейрамханаға жүздеп қонақ шақырып, атақты-атақсыз, "жұлдыз" әншілерді тұмсығынан тізе кезекке қойып, тамақ пен ішімдікке үстелді майыстыра сықап, өңештері талғанша тост сөйлеп, аяғы талып, тізесі бүгілгенше секілдеп билеп, "құрсақ тойын" жасайтын болыпты. Аты бар да, заты жоқ даңғазаның құрсақ шашуға не қатысы бар екенін ұқсам не дейсіз? Жаман дерт қашанда жұқпалы, күні ертең жаппай үрдіске айналып кетпесіне кім кепіл? Ол да мүмкін.
Зейнеп Ахметова, "Күретамыр" кітабынан
31 мамыр 2018 ж. 1 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

14-343

09 сәуір 2020 ж.

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930