» » » ТОЙ ЖАСАУ ДАҢҚ ПА, ДАҚПЫРТ ПА?

ТОЙ ЖАСАУ ДАҢҚ ПА, ДАҚПЫРТ ПА?

 Әттең, әлемде бес құрлықтың басын қосқан олимпиада секілді той жарысы жоқ. Егер дүниежүзінде той жарысы өтетін болса, қазақ бас жүлдені шаппай-ақ алар еді.
Бүгінде қалтасында көк тиыны жоқ болса да дүркіретіп той жасайтындар қатары көбейді. «Қалайша» деп таң қалатын шығарсыз. Банктен несие алады. Ақыры жылдар бойы банктегі берешегін өтеумен күнін өткізеді. Қазақ халқының тойшыл қауым екенін бәрі біледі. «Бұдан да қиын кезеңде тойға барғанбыз» деп отыратын ақкөңіл ағайын кейінгі астатөк молшылық жылдары тойды көбейтті. «Ел арасында тойдың неше түрі өтіп жатыр. Былтыр жұрттың бәрі несие алып той жасады. Бұл да өзінше шашылудың бір түрі. Жұрт бостан-босқа ақша шашайын демейді. «Ұят» дейтін құрғыр өлтіріп бара жатқан соң қайтеді. Анаған қараса, ананың тойы керемет. Мынаған қараса, мынаның тойы керемет. Шап-шағын қылып, тек жақын туыстары мен құда-жекжатын жиып той өткізе салайын десе, елдің сөзі «өлтіріп» барады. «Жалғыз баласына той жасап бере алмаса, жер басып не ғып жүр?» деп айтады. Амал жоқ, қарызданып-қауғаланып той жасауға мәжбүр.Біз де тойға қарсы емеспіз. Тойдың болғаны да, боладысы да қызық екені рас. Бірақ жалпы жұрт ретінде сәл ойланып көрсек қайтеді? Ысырап қазақпен бірге туған жоқ еді ғой» - деген еді бір көкеміз.
Иә, үйсіз-күйсіз жүрсе де, той жасау тек біздің елдің ғана қолынан келеді. Миллиондап несие алып, оны кемі – 150, көбі - 1000 адамға шашып жіберіп, сосын жылдап, банкке берешек болатын да біздің қожанасыр қазақ...
Ғаламторға сенсек, елімізде жылына 100 мыңнан астам адам некеге отырады. Ал оның шамамен әрбір үшіншісі жыл сайын ажырасып тынады. Сонда ата-ананың бар жиған-тергені далаға су болып ағып кетті дей беріңіз. Бұның моральдық жағын айтпағанның өзінде, экономикалық салмағы бес батпан.
Қарызданып алған қалыңдықтың өзінің де қарызы болады. Себебі екінің бірінде несие бар. Банк тегін қаржы таратып жатқандай кезекке тұрып несие алады. Ешкімнің қалтасына қол салып, әмиянын ақтармақ емеспіз. Алайда, қазіргі халықтың қалтасындағы ақшаның дені қарыз екенін көпшілік біледі. Қазақ о заманда бұ заман дәл мұндай қарыз алып көрмеген. Банктерден берілетін «жеңілдетілген несиенің» қызығын көреміз деп шыжығына шыжғырылып жүргендер аз емес. Шаңырағы шайқалып, ағайын-туыстықтың арасы суып, өмір сүруден баз кешкендер жетерлік. Несиені әркім-ақ несібесіне жаратқысы келеді. Десе де күліп кірген қарыз жылап қайтады.
    Бейресми ақпараттар елімізде ең көп үй­лену тойы Оңтүстік Қазақстанда деседі. Мәселен, сандарды сөйлетейік, Оң­түстік Қазақстанда – 24 мың, Алматы об­лысында – 18 мың, Алматы қаласында – 14 мың, Қарағанды облысында – 13,2 мың, Шығыс Қазақстан аймағында – 12,7 мың неке қиылыпты бір жылда. Ең азы – Сол­түстік Қазақстан облысы – 5 мың. Ең көп ажырасқандар Алматы қаласында – 5500, Қарағанды облысында – 4,9 мың, Шы­ғыс Қазақстан облысында – 4,5 мың дей­ді.
Түйін. Айтпағымыз, тойды тыю да емес, «той – қазына» деген қазақтың біреуіміз ғой. Әйтсе де несие алып, «ел-жұрттан ұят болады» деп үйіп-төгіп дастарқан жайып, көліктерді кешегі сауда керуеніндей созған үстіне соза түсіп, атағы дардай әншілерді алдырып, түрлі-түсті шамдарды жандырып, той жасағанның абыройы алысқа апара ма? Бүгін көкке бір елі жетпей тұрған жастар ай сайын төлейтін қарыздың кесірінен күл-парша болмай ма? Несие алып үйленудің соңы неге апарып соғады өзі, ойланайықшы...
28 наурыз 2018 ж. 1 074 0

PDF нұсқалар мұрағаты

14-343

09 сәуір 2020 ж.

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930