» » » ҚАШАНҒЫ ТҰТЫНУШЫ БОЛАМЫЗ?

ҚАШАНҒЫ ТҰТЫНУШЫ БОЛАМЫЗ?


Кәдімгі қағазды жазу-сызуға пайдаланғаннан кейін не істейсіз? Әрі кетсе екі бетіне де жазамыз. Сосын қоқыстан орын табады, не қайда ұшарын жел «біледі». Ескі газет, қағаз, кітапты жинайтын орынның барын ел білмейді. Білсе де ниет жоқ. Өйткені, бізде қоқысты әрі қарай пайдалануға болады деген түсінік қалыптаспаған. Сол қағазды жеті рет өңдеп, жеті рет кәдеге асыруға болады. Ең өкініштісі, біз тек – тұтынушымыз.
Бізге шам мен иненің өзі шекараның арғы бетінен келеді. «Дайын асқа тік қасық» деген осы болса керек. Демек, «жасап шығару» деген түсінік санаға сіңбеген, тек жер қойнындағы шикізатты игеріп, экспорттағанға тоқмейілсиміз. Бүгінде кәсіби макияж жасату трендте. Бұрын қыз-келіншек мейк-ап үшін жиын, тойды себеп қылса, қазір арнайы сылтаудың қажеті жоқ. Айтпағымыз, сырттан әкелінетін өнімнің басым көпшілігі – косметика. Шетелден, әсіресе АҚШ пен Кореядан әкелінеді. Қазақстанда тау бөктерінде небір емдік шөптің түрі бар, кейбірі басқа ландшафтарда кездеспейді де. Демек, табиғи ресурсқа баймыз. Бірақ декоративті косметика шығаратын кәсіпорынды май шаммен іздеп таппайсыз. Опа-далап, әтір секілді өнімдер мұнай мен газ, металл мен астықтың ақысына алынады. Қара алтынның да қызығы бір күні бітеді. Ендеше, санаға сілкініс керек.
Асқар Жұмаділдаев, математик ғалым:
  • Қазақ технократтық жолға ауысу керек. Ең болмағанда мына телефонды өзіміз шығаруымыз керек. Егер өзіміз шығармасақ, баларымыз «Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жеттіңдер? «Қобыланды батыр» жыры ғана ма сақтағандарың?» – деп күледі. Сондықтан бізге технократтық сана, технократтық ұмтылыс керек. Өзгеріске ұмтылу керек. Біз одан ұтылмаймыз. Қазақтың сөзі асыра мақтауға да, жермен-жексен етуге де жетеді. Бірақ конденсат пен резисторға келгенде, бүгелектеп қала береміз. Біздің үлкен мәселеміз осында. Қазақтың тілі бай дегенді көп айтамыз. Ол бай, бірақ керек емес сөздерге бай. Мысалы, бір ағамыз “Жылқының 3400 атауы бар” деп  диссертация қорғады. Ағылшында бір ғана атауы бар – Horse. Сонымен жылқының жасын да, түрін де, түсін де атай береді. Сол сөздерімен-ақ әлемде алға шығып кетті. Ал біз жылқының 3400 атауын айтып,  әлі жүрміз. Енді ғылым жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Жоқ сөзді, жоқ ғылымды, жоқ технологияны өзіміз табуымыз керек. Қазақ тілін ғылымға араластыру керекпіз.
         Рас, сенгеніміз, мұнай мен газ. Бірақ жақында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мынадай қызықты пікір білдірді. «Биылғы жылдың басты жаңалығы – Қазақстанда мұнай дәуірі аяқталды. Оның нақты күні де бар – 2017 жылдың 10 қыркүйегі. Бұл күн қазақ тарихына дәл осылай болып кіретін болады. Баяғыда мұнайды экспорттаушы елдер ұйымының хатшысы Ахмед Заки Ямани: «Тас дәуірі – тас біткендіктен аяқталған жоқ. Мұнай дәуірі де мұнай біткендіктен аяқталмайды» деп айтқан екен. Еліміздегі мұнай қоры әлі біраз жылға жететін шығар. Бірақ осы мұнайдың экономика мен қоғамға тигізер пайдасы жылдан-жылға кеміп келді. Тіпті ертең мұнайдың бағасы 200 доллардан асып жығылса да, оның экономикаға тигізер пайдасы, эффектісі бұрынғыдай бола алмайды. Осы кезге дейінгі экономикалық дамуымызды, өсуімізді, салынған жолдарымыз бен ғимараттарымызды негізінен шикізаттан түскен табыс қамтамасыз етті, экономиканың басты локомотиві – мұнай, газ, металдан түскен қаржы-қаражат болды. Ендігі уақыттан бастап бұл жағдай күрт өзгерді. 
Айтпақшы, ЭКСПО-ның басты тақырыбы – балама энергия көздері еді ғой? Шынын айтса, сол көрменің біз байқамаған, елемеген энергия көзі бар: ол – азаматтардың бойындағы арман-мұрат, қажыр-қайрат, ерік-жігер. Ендігіде шынайы дамуды, өсімді бірдеңе қамтамасыз ете алар болса – тек осы ғана»,-дейді ол.
         Енді мұнай болса да, болмаса да экономиканың «иммунитеті» мықты болуы үшін, шикізаттың «бетіне қарап отырмай» техниканы, кез келген өнімді өзіміз жасауымыз керек. Шекарадан әрі көз тастайық. «ХХ ғасырдың экономикалық фено­мені» − табиғи ресурсы өте аз Сингапур елі. 1965 жылы тәуелсіздік алғанда Сингапур ең кедей ел екен. Ішетін су мен құрылысқа керекті құмның өзін көрші Малайзиядан алады екен. Ал қазір бұл елге әлем қарап отыр. Сонымен дамудың кілті неде? Сингапур инвестицияны алдымен халқына жасаған. Үш мәселені алдымен шешкен: Сапалы білім, қолжетімді баспана, бизнес жасайтын мүмкіндік. Билік барынша адал жұмыс істеуді мақсат еткен. Жемқорлықты түбірімен жойған. Алғашқы премьер министр Ли Куан Ю заң бұзған туыстарын да, достарын да аямаған. Заңды жиі өзгертпеген, ағылшын тілін ұлт аралық қатынас тілі ғана емес мемлекеттік әкімшілік және бизнес тіліне айналдырғаны ең маңызды шара болған. Мұнымен қатар талантты жастарды ғылым, технология, бизнес пен экономиканы басқаруға, ағылшын тілін жетік меңгеруге баулығаны жеке адамға жасаған ең тиімді инвестиция, дамудың ең негізгі кілті болған.
         ТҮЙІН. Байқадыңыз ба, бар мәселе – санада. Экономика даму үшін, кәсіпкерге жол ашылу керек. Бірақ естен шығаруға болмайтын қағида бар: кәсіп алыпсатарлыққа емес, жаңа идеяға құрылуы керек. Зерттейік, қазақтың өнімін жаңа заманға бейімдеп шығарайық, жарнамасын халыққа әсер ететін, «өтетін» етіп жасайық.  Ал мемлекетте іске, адамдарға деген адалдық ерекше бағалануға тиіс.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
13 қаңтар 2018 ж. 459 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031