Адасқақ


Қаладан келгеніме аз ғана уақыт өтті. Туған ауылымның жусан иісі аңқыған топырағына тағы да бір сәт табаным тисе деген тәтті сағыныштың жетегі ат басын ауылға бұрғызған еді. Бірақ кешелі бері ауырып, мазам болмағасын үйден аттап баспадым. Бүгін күн ұзаққа тынысым тарылғасын таза ауамен серуендеп қайтуға, кешкілік көшеге шықтым. Қаланың тас құрсанған кейпінен мезі болғаным тағы бар. Біраз жер жүріп тастаппын. Әп-сәтте ауыл шетінде тұрып-ақ тозған аппақ мешіттің жанына келіп бөгелдім. Не нәрсеге де көз көріп, жүйке шыдар. Алайда, Алланың ақ үйінің терезесінің шағылғанын көргенде, санам суық тартты. Есіме жақында ауыл адамдарынан естіген әңгіме түсті. Бір жігіттер түн жамылып келіп, мешіт терезесін сындырып, садақаға беретін жәшіктегі ақшаны ұрлаған. Бұл соның ізі болса керек. Бұндайды бұрын да құлақ естіп, көзіміз шалған. Әкесінің аялы алақанын көрген қолдың, бабасының жаратушысына құлшылық қылған мешітінің терезесін сындырғанын сезгенде жүрегім қарайды. Дінді діңгегіне айналдырған ағайынның осыншама пақыр пайым тізгінін ұстағаны қалай? Ислами қауымның шындығында да азғындықтың шыңырауына түсіп кеткені ме деген ой келді. Қай заманда да қоғамның күнгейі мен көлеңке тұсының болатынын білетінмін. Алайда, жетім-жесірге, жағдайы жоқ жандарға қол ұшын созуға жиналған пітір-садақаны ұрлайтындай басымызға не күн туды?
Абай атамыз ұлылықтың кілті дінде деп бағамдайды. Дұрыс. Бірақ дінді тәлкек еткендермен қалай күресеміз? Кешегі өткендер жарғақ құлағы жастыққа тимей, балаларына ізгілікті сіңірді. Ал біз ше? Бабалардың батпандай қылып артып берген жүгін келешекке бәз қалпында жеткізе алып жүрміз бе? Көк аспаннан күліп таңы атқаны үшін бабасының қаны мен анасының көз жасына тағзым етпейтін қазақ жоқ шығар, сірә? Ал біз келешек ұрпаққа нені үлгі етеміз? Рухына талғажау болатын қандай тағылым қалдырамыз?
Ендігі қолдан келері – жас ұрпақты азғындықтан арашалап қалу. Алдағы күресті күндерде табандылық танытсақ, төреші уақыт та түзу жолдың торабын бізге бұрып, өмірден алар еншімізді берері бесенеден белгілі. Адасқанға айып көп. Алайда, жығылғанға жұдырық болу тағы жат. Бәлкім, алдағы уақытта имандылық жаңғырар. Терезесі сынса да, сағы сынбаған алаштың күндердің күнінде имани айнасы бірігер. Сол мезетте мешіттің терезесі де бүтінделетін болар. Кім біледі?
Ақтілек БІТІМБАЙ
25 қазан 2018 ж. 47 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 46 (271)

15 қараша 2018 ж.

№ 45 (270)

08 қараша 2018 ж.

№ 44 (269)

01 қараша 2018 ж.

Экономика

Әлеуметтік шаштараз

Әлеуметтік шаштараз

18 қазан 2018 ж.
Ащы, ащы да болса тәтті

Ащы, ащы да болса тәтті

06 қыркүйек 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930