» » » Ақыны болған Алаштың

Ақыны болған Алаштың

  Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сыр перзенті, ақиық ақын Әбділда Тәжібаевтың туғанына биыл 110 жыл толады.
Ақын болып туу – үлкен бақыт. Қазақ елі еш уақытта өлеңге, ақынға кенде болған емес. Бірақ өлең жазғанның бәрі ақын болмайтыны да рас.
Қиыннан қиыстырып, жү­ректен жүрекке жеткізетін нағыз ақын ілеуде біреу ғана. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлеңдерімен поэзия әлемінің қақ төрінен орын алатын Әбділда Тәжібаев нағыз арқалы ақын, қазақтың аса көрнекті қаламгері.
Өз заманында ұлы Мұхтар Әуезов «Әбділда қазақ поэзия­сына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деген екен. Дана жазушы талантты інінің бойындағы тамаша қасиетті сол кездің өзінде-ақ өте дәл тауыпты. Әлі күнге дейін Әбділда жырлары жалын атып, жұлқынып тұрады. Бұл ақынның рухани мықтылығына, талант құдіретіне байланысты болса керек. Алау жалын, асау қайрат жоқ жерден жігерлі жыр да шықпақ емес.
Ақын шығарма­шылы­ғын­дағы екі ерекше жай қатты бай­қалады. Біріншісі – оның өлең­дерінің өршілдігі, екіншісі – сыр­шылдығы. Бұл екі қасиет оның жырларын әркезде биікке көтеріп, дара танытады.
Ақынның өз сөзімен айтқанда «Үнемі жастық құшағында жатқан сырдың» лай суын жұтып, оның арынды ағысының өр даусын естіп өскен туған жері – Сыр елі оның ақындығына үнемі арқау болды. Гейне Рейн өзенін, Тарас Днепрді, Пушкин Еділді жанындай сүйіп өлеңге қосса, Әбекең өзі туған Сырдариясын анасына теңеп, сағынып көрген анаға деген баланың сезіміндей, махаббатындай сүйіспеншілікпен:
Білем сені, сүйем сені,
Сырдың суы қарт анам.
Сенсің мені әлдилеген,
Туған сенен мен балаң.
Сүйсе Гейне, анам десе,
Сүйген суы Рейнесін.
Сырдың суы туған ол да,
Өз ақынын – Гейнесін.
Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа,
Сырда туған елімді, – деп жырлады. Ақын ағаның осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазған «Сырдария» атты осы өлеңін әрбір ұрпақ қасиетті бойтұмардай қастерлеп, туған жердің туындай ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Ал, жерлесіміз белгілі әнші-композитор Бексұлтан Байкенжеев осы өлеңге әдейі арнап ән жазғаннан кейін бұл туынды Сыр бойының әнұранына айналды деп айтуға болады. «Сырдария» термеші, жыршылардың әлі күнге сүйіп айтатын шығармасына айнал­ған.
С.Мұқановтың алғы сөзімен 1932 жылы шыққан ақынның тұңғыш жинағы «Жаңа ыр­ғақтар» деп аталған. Одан кейін жазылған «Құлғара», «Қо­бы­ланды батыр», «Ай­набұлақ», «Олқылық», «Құт­қару», «Кешеден бүгінге» сияқты тағы басқа да поэмалары өз заманында бүкіл халықтық оқи­ға­ларға тікелей атсалысып, үн қосқандығының айғағы болды. Мұндай өзгерістер туған елінде болып жатқандықтан да, ақын жүрегіне біртабан жақын еді. Туған жерге деген махаббаты ақынның дүниетанымы мен дүниеге көзқарасын шектемей, қайта құбылысты тереңінен, кеңінен тану үшін рухани ерік-күшпен аспанға шарықтады.
Ақын халықтар достығын мейлінше жырлап өтті. Достық тақырыбы көңілі мен өміріне айналды. Соғыс жылдарында жеңіске деген сенім, жауын­гер­лердің ерлік ісіне масаттану сезімі ақынның терең де патриоттық өлеңдер туғызуына жол ашты. Қоршаудағы Ленинград жөнінде ол былай деп жырлаған еді:
Граниттей Ленинград,
Емессің сен маған жат.
...Жүрегімде жатталған ат,
Ленинград, Ленинград.
Әбділда ақын әркезде туған жерін естен шығармаған. Әр жылдары өзінің әсіресе мерейтойларында туған жеріне келіп тәубе жасауды, сәлем беруді дағдыға айналдырған. 70 жасқа толғанында Сыр бойына бірге келген өзінің өкшелес інісі Тұманбай Молдағалиев былай деп жазады.
«...Шиелі – Әбділда ақынның ата-бабасының жері екен. Екі ауданның шекарасынан бізді Шиелі аудандық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы, Со­циа­листік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов жолдас бастаған аудан еңбеккерлері әнмен, күймен қарсы алды.
Пионерлер ақын ағаның құ­шағын тағы да гүлге толтырды. Әдебиетіміздің ақсақалы, қазақ сатирасының атасы, «Қырғи тілді» Асқар Тоқмағамбетовтің өзі кеп, ақын інісін бауырына қысты, маңдайынан сүйді. Асе­кең­ді көргеннен кейін ақын інісі біршама жасарып қалғандай көрінді.
Кездесу кештерінің бәрінде де қазақ әдебиетінің кешесі мен бүгіні әңгіме болды.
Ыбырай Жақаевты көріп, қолын алу – кімге де болса арман ғой. Біз Қызылордаға келу сапарымызды Ыбырай ақсақалға сәлем беруден бастадық. Шал таяғына сүйеніп кеп, Әбекеңнің маңдайынан сүйді. Бәрімізді үйдегі дәмге шақырды.
– Әбділда, сен де жетпіске келдің бе? – деп сұрау қойып бастады сұңғыла қария өз сөзін.
– Келдім, келдім, – деп күлім­деді Әбекең.
– Ал, мен екі-үш жылда тоқсанға келем. Сенің өстіп үлкен кісі боп жүргенің кімнің арқасы білесің бе? – деп Ыбекең Әбекеңе тағы сұрақ қойды.
– Халықтың арқасы, – деді Әбекең.
– Оның да рас. Бірақ көбіне-көп менің арқам. Сен – менің жиенімсің және ер боп туған жиенімсің, – деді Ыбекең.
Екі мәртебе ер атанған атаның қасында болу, дастарханнан дәм тату менің ағамды біртүрлі жасартып жіберді. Ыбекеңнің қасында Әбділда маған бозбала секілді көрінді.
Қызылорда – Әбділда ақын­ның туған қаласы. Шыр етіп дүниеге келген жері. Бұл қала­дағы кездесуге Қызылорда об­лыстық партия комитетінің бюро мүшелері Тәкей Есетов, Шәймерден Бәкіров, Сұлтан Сәрсенбаев, Дәуірхан Айдаров, т.б. жолдастар қатысты. Қы­зыл­орда қаласындағы әдеби кеште СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбді­жәміл  Нүрпейісов ақын творчествосы туралы ойлы да әсерлі сөйледі. Ә.Нүрпейісов Әбекеңдермен бірге Қазалы ауданына барып қайтты. Кез­десудің бәрінде де Мұха­метжан аға мен Әди аға сөз сөйлеп, ақын туралы тыңдаушыларын риза еткенін көзім көрді».
Соңында өлмес мұра қалдыр­ған, поэзия атасы атанған Әб­ділда Тәжібаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында  ­облысымызда біршама шара атқа­рылды. Қы­зылорда қа­ла­сын­дағы бір көше ақынның көзі тірісінде оның есімімен аталды. Терең­өзек кентінде Тәжі­баев есімімен аталатын бір көше бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен облыстық ғылыми-әмбебап кі­тап­ханаға, Сырдария ауда­нындағы №36 орта мектепке ақынның есімі берілді. Қы­­зылорда қаласындағы Ә.Тә­жі­баев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы ғи­маратының алдынан ақын­ның алып ескерткіші бой түзеді. Сондай-ақ, қаладағы әсем де көрікті жерде тағы бір ескерт­кіш қойылған.
Әбділда ақынның образын мәңгілікке өлеңмен жазып қал­дырған ақын іні-шәкірт­терінің бірегейі, классик Мұқағали Мақатаев:
Ол: Тұрғанда ұйпа-тұйпа ақ самайың,
– О, Әбе, сені неге жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның,
Ашулы Грозный патша­дайын, – деген еді.
Ақынды дәл осы қалпында, дәл осы айбарлы бітімінде мәң­гілікке көре беретін боламыз.
Ә.Тәжібаев туған елінің, өскен жерінің атағын алысқа жайып, өрелі өнерін жалпақ жұртқа паш етті. Хас жақсыны тап басып тани білетін хал­қы­мыздың әр көңілі ақын ағаның сарқылмас жыр дариясы, қуатты арнасы болды. Қазақ поэзиясында қай­таланбас қолтаңбасын қал­дырып, әдебиетімізді өрге сүйреген Әбекеңнің өзі де арнасы мол өзенге айналды. «Дүниеде өлмейтін жақсының аты, ақынның хаты» деп дана халқымыз айтқандай, бұл өмірде өшпестей, өл­местей етіп ізгілікті із, ұлттық әдебиетіміздің асыл қазы­насына қосылған баға  жет­пес мұра қалдырған Әбділда ағамыз мәңгілік жүрегімізде, мәңгілік бізбен бірге.
Орынбасар ӘЛЖІК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 
02 сәуір 2019 ж. 483 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031