» » » Жолаушы жасаған домбыра

Жолаушы жасаған домбыра

  Жұмыс бөлмемдегі әрбір заттар өз тарихымен, сырымен, маған ғана сезілетін ілтипатымен, сүйіспеншілігімен оңаша қалғанымда өткен өмірімнің өзгелерге белгісіз соқпақтарына жетелейді. Қолтаңбаларымен сөреде тізіліп тұрған, үлкен ықыласпен сыйға тартылған Қазақстанға белгілі авторлардың кітаптарын айтсам, әңгіме ұзаққа созылып кетеді. Сондықтан бүгінгі айтарым төрімде ілулі тұрған күмбірлеген әуенге толы домбырам туралы ғана.
         Әңгімені оны жасаған шебер – Жолаушы кім, мен үшін өмірлік рухани құндылығыма айналған осы домбыра маған қалай келді, содан бастасам.
         Жолаушы Тұрдықұлов – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданының тумасы. Алматы көркемсурет училищесін, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (бұрынғы КазПИ) тәмамдаған. «Дана қобыз», «Алтын қобыз», «Үкілі домбыра», «Алтын домбыра» байқауларының жүлдегері. 1998 жылы Австрияның Молын қаласында өткен варгандық музыканың ІІІ халықаралық байқауының, 2009 жылы Түркияда өткен «Әлем жауһарлары» атты халықаралық ғылыми шығармашылық фестивалінің лауреаты. Демек, ішекті аспап домбыра, қобыз жасаудың аты әлемге мәшһүр болған майталман шебері. Дүниенің төрт бұрышына даңқы жеткен, елімізде өткен ЭКСПО – 2017 көрмесі де Жолаушының есімін әлемге әйгілей түсті. Қазір Алматыда арнайы шеберхана ашып, шәкірттерді ұлттық өнерімізге тәрбиелеуде. Жұбайы – Зоя суретші, ал ұлы Ерасылан – әке жолын қуған, музыкалық аспаптар жасаудың қыр-сырын жақсы білетін шебер. Келіні Ақбота да ұлттық өнерден құр алақан емес.
         Еңбек жолын ауылда бастаған Жолаушының өз сөзімен айтсақ, алғашында оны осы өнердің жолына бейімдеген ұстазы болмаған. Өзінің ынтасы болар, әлде Алланың қалауы ма, жарамай далаға тасталынған домбыраларды жинап, соларды жөндеп, қалпына келтіруден жалықпай, әрбір домбыраның дыбыс ерекшелігіне ерекше мән беріп, зерттеп отырған. Осы бір «Дала шеберханасындағы» алған тәжірибесінің кейін кәсібіне көп пайдаcы тигенін шебер жиі еске алады.
         Әр шебердің өз қолтаңбасы, өзіне ғана тән сансыз құпиясы болатыны талассыз шындық. Жолаушы шебердің үлкен өнерге байланысты сан мың құпиясының бірін ғана байқаған інім Алпысбай туралы әңгіме сәл кейінірек.
         Осыдан 32 жыл бұрын шебер қолынан шыққан домбыра менің төрімнен қалай орын алды, ол қалай ең қасиетті өмірлік құндылығыма айналды, соған келейік.
         С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Қазақ мемлекеттік университетінде студент кезімізде бір оқу тобында оқып, бітіріп, үйленіп, перзентті болып, жарты ғасырдай отбасылық өмір кешкен жарым жалағаштық Жәнібекова Жақсыбике Жомартқызымен Қызылордаға қызметке келдік. Ол қаладағы №212 мектепте, кейін Кооператив техникумында (қазіргі «Ұлағат» колледжі), мен сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы пединститутта ұстаздық еттік. 1987 жылы Жақсыбике қатты науқастанып, дәрігерлер Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы республикалық хирургия орталығына жіберіп, бір бүйрегін алдырды. Операция сәтті шығып, ол ауруханада емін жалғастыруға қалды да, мен Қызылордаға қайттым. Бір айдай емделіп келгенде пойыздан күтіп алдық. Өңі жүдеу, қолында осы домбыра, көңілді күйде вагоннан түсті. Қуанышымызда шек жоқ. Бұл 1987 жылғы наурыздың 13-і болатын. Екі күннен кейін отбасымызда менің 45 жасқа толғанымды атап өтпекші едік. Үйге келгеннен кейін ақ матаға орап, нәрестедей мәпелеп әкелген домбырасын маған сыйлады. Оның бетіне:
«Қазыбай! 45 жас.
Азаматтық ізгілікпен көктедің,
Шаттық толып оралсын әр көктемің.
Қыздарыммен, Ароныммен тойлайын,
Сары шалымның жүз жасқа бір жеткенін.
Жұбайың Жақсыбике. Алматы, 15.03.87 ж.» деп жаздырыпты. Мен әрине жүрегімнен шыққан шексіз ризашылығымды білдірдім. Содан бері 32 жыл өтіпті.
«Өзің науқастанып жатып домбыра жасатуға қалай үлгердің» деп  сұраймын ғой. Жолаушының анасымен ауруханада бірге жатқанын, сол жерде ол кісімен танысысымен домбыраға тапсырыс беріп, ауруханадан шыққанша домбыраның дайын болуын сұраған екен. Жолаушы інісі Жақсанымның өтінішін мүлтіксіз орындап, домбыраны өзі әкеліп беріп, маған сәлем айтып жіберіпті.
«Мына домбыраның бетіне жаздырған өлеңің мені тебірентіп жіберді. Сенде ақындық жоқ еді ғой» деймін күліп. «Менде болмаса ініңдей болып кеткен досың, сырласың, көршің Ерболатта бар емес пе? Телефон арқылы сөйлесіп, өлең жолдарын Қызылордадан алдырдым. Сонда домбыраны жасаған шебер Жолаушы, бетіндегі өлеңін жазған Ерболат Жүсіпов, ал маған қалғаны саған деген сүйіспеншілігімді, шынайы махаббатымды осы домбыра үні арқылы жеткізу болды», – деді. Екеуміз де тебірендік.
Иә, қазақтың екі ішекті домбырасының құдіретін мен жеткізе алмаспын. Бірақ оның адамның қуанышын, ренішін, ішкі сезімін, көңіл-күйін әуенмен беретіні бесенеден белгілі. Кешегі сұрапыл соғыс кезінде жауынгерлерді жігерлендіруде домбыраның құдіретін ағам, ұстазым, журналист Ахат Жанаев «Туымы бөлек тұлға еді» деген мақаласында («Сыр бойы», 20 сәуір 2015 ж.) жауынгер Ғабдулла Мұсайыновтың Қазақстан Компартиясының хатшысы Әбдіхалықовқа жолдаған жеделхат арқылы дәлелдепті. Онда: «Қаһарлы қарумен киелі домбыраны қатар ұстап, жауға аяусыз соққы береміз деп бүкіл бригада атынан ант етемін» деп жазыпты. Осы бір жауынгердің жүрекжарды сөзі, уәдесі мылтықтың қан шашатын соғыс құралы екенін, ал домбыраның жанның, сезімнің құралы екенін әйгілеп, менмұндалап тұрғандай! Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Мен домбырашы емеспін, бірақ Жолаушы шебердің қолынан шығып, Жақсаным арқылы маған жеткен аманат-домбыраны жиі шертемін. Өткен ғасырдың 60-жылдары Алматыда өткен студенттік, аспиранттық өмірім – Жақсаныммен өткізген ұмытылмас қызықты жастық шағым: «Қайықта», «Ақ маңдайлым», «Аралдағы жеңеше-ай», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Жайық қызы», «Армандастар» т.б. әндермен үндескен домбыра арқылы қайта оралғандай күй кешемін. Кейде сезім жетегіне еріп кеткенімді аңғармай қалатындаймын. Жаныңды тербейтін 60-жылдардың әндері-ай десеңізші! Оның үстіне «Ароныммен тойлайын» деген арманына аяғына дейін жете алмаған, ұлынан айрылған Ана – Жақсаным да, ұлым да қасымда жоқ. Өкінішті өмір!
Домбырамның «дәрігері» музыкант, шебер, әріптес інім – Алпысбай Асқаров. Қасиетті домбырамның бір кілтипанымен барғанымда інім маған: «Қазеке, маған үлкен жақсылық жасадыңыз, оны өзіңіз білмейсіз. Бұл жолы шанағының бетін аштым. Сөйтсем, домбыраңыз есімі тек Қазақстан ғана емес, әлемді шарлап кеткен шебер Жолаушы Тұрдықұловтың туындысы екен. Шанақтың ішінде қолтаңбасы тұр. Өзім де шебер ретінде талай домбыраларды жөндедім ғой. Жинаған тәжірибеммен, кейбір шеберлердің ерекшеліктерін сараптап, Жолаушы жасаған домбырамен салыстырып, оның дыбысының шығу мүмкіндігі перделер тағылған сабын шанаққа жалғастыруда екенін білдім. Оған өте дәлдік қажет. Микромиллиметрден ауытқыса, домбыраның сазы, үні өзгеріп сала береді екен. Қас шебер Жолаушы да әдетте ауылда әбден тозған домбыраларды жөндеп, содан мол тәжірибе жинақтаса керек. Осы бір шебердің құпиясын өз өнерімде пайдаланып та жүрмін, – деп сөзін түйіндеді.
Жуырда Жақсанымның өмірден озғанына 10 жыл толды. Жұмыс кабинетімдегі өзі сыйлаған аманат-домбырасы арқылы оны күнде есіме аламын. Менен бұрын кететінін сезіп, домбыраның сазды әуеніне 60- жылдардың әндерін қосып, өзін еске алып отырсын дегені шығар.  Солай жасап та жүрмін. Домбыра-аманатыңа еш алаңдама, рухыңмен мәңгі біргемін!
Жақсыбикемен жарты ғасырдай тату-тәтті жұбайлық өміріміз кейінгі жастарға үлгі болады деген үкілі үмітпен мақаламды жастар газетіне ұсынып отырмын. Еліміздің болашағы – ұл-қыздарымыздың сезім шынайылығына сәлде болса оң әсер етсе, ойымның орындалғаны деп білемін. Сөзімді төмендегі өлең жолдарымен түйіндейін:
Өзіңсіз он жыл өтіпті,
Бесеуін соның санама!
Қалғаны бізге жетіпті,
Ем болып қайғы жарама.
Өзіңмен он жыл келмейді,
Шомылсам мұңның зарына.
Рухың маған кел дейді,
Күтемін дейсің сағына.
Өзіңсіз он жыл білгенім,
Ішімде болды түйгенім.
Куә ғой оған ай мен күн –
Бір ғана сені сүйгенім.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры
12 маусым 2019 ж. 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

25-302

20 маусым 2019 ж.

24-301

13 маусым 2019 ж.

23-300

06 маусым 2019 ж.

Спорт

ЖЕРЛЕСТЕРДЕ ЖЕТІ ЖҮЛДЕ
22 маусым 2019 ж. 21

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930