ТОҚЫРАУ

  Мұражай ‒ мәдени мұра, сырлы әлем. Ішіне енсең шыққысыз, ұлт тарихын көз алдыңа келтіріп, жан дүниеңді тебірентіп, тағылым сыйлайды. Осындай тарихи жәдігер жиынтығы өңірдің өткені мен бүгінін дәлелді дәйекпен дәріптеп береді. Өкініштісі сол, осы мұражайға баратын адам қарасы кеміп барады. Жастар да аттап баспайды. Үлкендерді де көрмейміз, немересін жетектеп ертіп барған. Бәлкім, музей мұрасы бізді қызықтырмай ма? Жоқ әлде өзімізде қызығушылық жоқ па? Жалпы, көптен бергі көз жеткізген мәселе түйіні осы болды, біз мұражайға не үшін барғымыз келмейді?
         Тоқмағанбетов көшесінде орныққан мұражайға бас сұға қалсаңыз, қызықтап жүрген адамды байқау мұң, арнайылап адам баласы ат ізін сала бермейді. Оған себеп қандай? Әрине, бәзбіреулер біздің  мұражайда таң қалар ештеңе жоқ қой дегенді алға тартады. Расымен солай ма? Жо-о-қ, олай кесіп айтуға келмейді. Мұражайда ұлтымыздың асыл перзенттері туралы, олар тұтынған жәдігерлері, салт-сана, тарих, этнография үлгісі дүкен сөресіндей самсып тұр. Демек, бізде көрсететін дүниелер көп-ақ. Тек соларды көрсетудің жолын таба алмай отырған жоқпыз ба? Яғни, мейлі бала болсын, мейлі ересек адам болсын, соларды мұражайға жетелеудің, қызықтырудың жолын білмейміз. Қысқасы, рухани дағдарыстамыз…
«Озған ел тарихын таспен жазады…». Тасқа басылған тарихымыз барын айттық. Ендеше, сол тарихымызды неге көрмеске?! Мәселен, археологтарды алайықшы. Олар күннің ыстық-суығына қарамай, терең тарих қойнауында жатқан көне жәдігерлерді аршып алады. Қалпына келтіріп, мұражайларға табыстайды. Ал біз мұражайға бармасақ, тарихымызды көруге ұмтылмасақ, археологтардың еңбегінің еш кеткені емес пе? Әлихан Бөкейханов «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» демей ме?!
Мәселен, АҚШ-тағы Ақ үйдің маңындағы тұтас бір көше осы елдің тарихынан сыр шертетін мұражайлар көшесіне айналыпты. Еуропаның мұражайларының өзі неге тұрады десеңші? Әлемде бүгінде 100 мыңдаған мұражай бар болса, соның ең ірісі – Париждегі Лувр мұражайы. Ал екіншісі – Лондондағы Британ Ұлттық мұражайы. Бұлардан кейін Мысырдағы Каир мұражайы, Түркиядағы Топқапы сарайы, АҚШ-тағы Метрополитен, Ресейдегі Кунсткамера, Эрмитаж,Третьяков галереялары, Ұлыбританиядағы Мадам Тюссо мұражайы мен Ұлттық галереялары алда тұр. Әрине, бұл мұражайларға әлемнің әр түпкірінен туристер ағылатыны белгілі. Ал балалар ше? Бұл елдердің жастары мұражайларға бара ма екен?
 Түрік елінде Білім басқармалары тарапынан жылына бір мәрте арнайы күн белгілеп, оқушыларды, жастарды сол күні мұражайға баруға міндеттейді және тарих сабағын дәл сол мұражайда тікелей түсіндіріп береді. Осылай еткен кезде балалар жақсы әсер алады. Сосын алған әсерін басқа балаларға айтып, қызықтырады. Осылайша келесі топ мұражайға баруға асығып тұрады. Біздің білім ұйымдары да осындай қадам жасаса құба-құп болар еді. Оқушылардың мұражайға қызығушылығы оянар еді ғой. Шыны керек, біздің  мұражайға барсақ флора мен фаунаны толтырып-ақ тастағанын көреміз. Америкадағы тарих мұражайындай болмаса да, Қазақстанның тарих мұражайының төрінде Абылай ханның, Кенесарының қылыштары тұрса, қандай керемет! Бәлкім, сонда жастарымыз мұражайға мұрын шүйіре қарамас па еді?!
Ерасыл ШӘРІБЕК
22 тамыз 2019 ж. 831 0

PDF нұсқалар мұрағаты

47-324

21 қараша 2019 ж.

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930