» » » Пианино періштелері

Пианино періштелері

    Мен оны оқыстан кезіктірдім. Ұзын бойлы, аққұба, арық келген құрбымды кітапхананың кең залынан көрем деп ойламаған едім. Қуанғанымды жасырмай, жылы жымидым да, жағдайын сұрадым. Оның бет әлпеті «бөпеге» ұқсайтын, қағаздай ақ, қардай таза еді. Күлгенде, мұңын білдірмей шынайы жымиятын, сол бейнесін әлі күнге жақсы көремін.
‒ Қалың қалай? Көрінбей кеттің ғой...Қайда жүрсің? ‒ деп төпелете сұрақ қойдым. Ер-азамат болса да, тым сыпайы қалпымен:
‒ Музыкаға ден қойдым. Математикадан әлдебір есептің жауабын таппай әлекпін, ‒ деді (Ол сол сәтте бірнеше күрделі ғылымды атады, қазір бәрін ұмытып қалыппын).
‒ Сонда сабағың ше? Әлде оны тастап кеттің бе?
‒ Кейде барып тұрамын, бірақ жиі емес. Емтихан соңында ақ қағазды оқытушыға беремін де, жауабын ауызша айтамын. Сонша ай сабаққа келмеген менің мұндай дайындығыма таңқалған олар бағаны да бірден қойып береді. (Ол жылы жымиып, университет оқытушыларының емтихан қабылдап жатқан сәтін айнытпай салды). ‒ Ал өзіңде қандай жаңалық бар? Сурет салып жүрген боларсың....
Мен өзімнің университеттегі оқуымды бітіруге таяғанымды, сол үшін дипломдық жұмыстың жазбасын әзірлеп жүргенімді айттым. Ол менің бірнеше сызба жұмысым мен майда жазумен тізбектелген есепті көріп, басын шайқады:
‒ Мықтысың...Сурет саласың, өлең жазасың, мақалаға да бейімің бар...Солай бола тұра болашақ қоршаған ортаны қорғаушысың, иә?!
Мен оның бұл сөзін елемегендей, жәй ғана күлімсіредім.  

***
Келер күні оны тағы да кітапханадан көрдім. Бұл жолғы әңгімеміз әдебиет тақырыбында жалғасты. Ол әлемдік әдебиеттің бәрін түгендеп, авторлардың шығармасы түгіл болмысын талқылай алатын аналитик еді. Бүгін де сол қалпы. Ол әлемді, мен қазақ қаймақтарын айтамын. Онымен әңгімелескенде өремнің жетпейтінін біле тұрсам да, өкінбейтінмін. Бұл жолғы әңгіме неге екені белгісіз, ойда-жоқта Моцартқа ауысып кетті. Әйгілі музыкантты бұрын кітаптан оқысам да, оның өлімі жайлы естімегенмін.
‒ Көрінгенмен ойлаған боп ел қамын,
Көмейінде Сальеридің жалған үн.
Сәл тамызып шарабына Моцарттың
Қойнына тықты удың қалғанынын.
Сол уменен бірге жұтты ажалын,
Моцарт жанын кернеп кетті азалы үн.
Азалы үнді ойнады да,
Аһ! ‒ деді,
‒ Аһ! ‒ дегенде шықты ауыздан ақ жалын.
Ең ғажабы ‒ сұлулыққа таңдану,
Ең жаманы адамдардан алдану,
Қай залымның қалтасында жүр екен.
Сальериден қалған у?!
Ол баяу ғана осы өлеңді оқыды. Қадыр-Мырза Әлидің өлеңі. Ал мен одан мүлде бейхабармын. Моцарт жұмбақ әлем, ал мен бейне бір бәрінен мақұрым қалған тәріздімін.
‒ Сол үшін, ‒деді ол сәлден кейін ‒ биыл көктемде үй ауласына жеті шыбық ектім. (Ол сол сәт аты мәлім алты музыкантты атап шықты,
бірақ бірде-бірі есімде қалмапты, тек соңғысы Моцарт үшін екенін білемін). Білесің бе, сол жетінші ағаштың жанында солып қалған тағы бір көк бар. Анам маған оны «алып таста, жас шыбықты өлтіред»і деген. Бірақ мен оны алуға батпадым. Себебі ол Моцарттың жанындағы Сальериге ұқсайды.
Ол кейде көп кітапты тауысып, қиялданып кететін философтарға ұқсайтын. Әңгіме соңында бұл қасиеті маған анық сезілді.
***
Біз осылай күн сайын кітапханада әңгімелесетінбіз. Күнделікті күйбең тұрмыстың, бірсарынды адамдардың әңгімесінен жалыққан маған оның бейтаныс әңгімесін тыңдау шынымен қуаныш сыйлайтын.
Бірде кітапхананың үшінші қабатынан өзге дауысты құлағым шалды. Ұялы телефон дейін десем, екінші қабатқа оның үні жетпейтінін жақсы білемін. Өзім отырған ауыл шаруашылығы бөліміндегі таныс апайдан жаңағы дауыстың қайдан шығып жатқанын сұрадым.
‒ Өнер бөлімі ғой, ‒ деді толықша келген, қысқа шашты сары апай. ‒ Оқушылар ма, студенттер ме білмеймін күнде келіп, пианино үйренеді. Ішінде домбыра, баян да бар. Саған кедергі келтіріп тұрса, есікті жауып келейін, ‒ деп орнынан түрегелді. Мен дипломдық жазбамды бітіруге аз ғана уақыт қалғанын білсем де, жаңағы фортепианоны көрмекке үшінші қабатқа көтерілдім. Дауыс шыққан бөлімге жақындаған сайын әлдебір нәрсені сезгендей әлдебір қызық күйге ендім. Міне, ғажап! Әлгі фортепианоны «сөйлетіп» отырған сол бозбала. «Періште әуені»... Мамық үн бөлмені тербетіп тұр. Ол менің келгенімді көрді де, күлімсіреді. Баяу ғана амандасқан соң, музыкаға қайта оралды.
‒ Көп адам «Музыка ангелов» деп орысша атаумен тыңдайтын бұл әуен Моцарттікі емес. Білесің бе, кімдікі екенін?!
‒ ... Мен басымды шайқадым.
‒ Шопен деген музыкантты естіген боларсың. Міне, сол музыканттың туындысы.
‒ Сен фортепианода ойнауды білуші ме едің?
‒ Жоқ, жақында үйрендім. Бұл бастамасы ғана...
‒ Нота арқылы ғой иә, сонда?! Сен қашан жаттап үлгердің?
Кейде оған еркелегім келеді ме, білмеймін, осындай ақымақ сұрақты да қоюшы едім.
‒ До, ре, ми... (ол тағы да жымиды). Әзірге тек дыбыс арқылы ғана... Үйретейін бе?!
Мен қуана келісетінімді білдіріп, басымды изедім. Содан соң мені жанына отырғызды да, пианиноның пернесін біртіндеп басуды үйретті.
‒ Алдымен до, кейін ре...
Пернені жеңіл басқаным болмаса, мен түкке де түсінбедім. Ақ, қара... Қара, ақ... Тіпті олар қайталана берген соң ұмытып та қалдым. Сол үшін өзімді жек көріп те кеттім.
‒ Ештеңе етпейді. Ашуланба, сен ақылдысың ғой, ‒ деп басымнан сипады ол. Қызық, оның мейірлене қарағаны да өзгеше.
‒ Осылай күнде жаттығып тұрсаң, көп ұзамай үйреніп кетесің. Мақұл ма? Тағы да кішкентай қызды еркелеткен ағасы тәрізді дауысын жұмсартты. Мен сол сәт оның шынайы болмысына, көп ұзамай-ақ өзімнің мынау тұрған фортепианоға жан бітіре алатыныма шүбәсіз сендім...
***
Мен сол жылы көп кітапты ақтардым. Шетел әдебиеті болмады демесеңіз, қазақ, орыс ғалымдарының қоршаған орта жайлы жазған еңбектерін түгел сүзіп шықтым. Қазір ойлап қарасам, сол кезеңде шаң кітапты шаршамай оқуға да пианино әуені әсер еткен екен...
Тағы бірде кітапханадан мұңлы әуен естілді. Азалы дауыс. Жаныңды жегідей жеп, өзінен-өзі өмірден түңіліп кеткендей әсер қалдырады. Мен әуенді «оның» ойнап отырғанын білдім. Күнделікті «меншігіме» айналған кітапхана партасына ноутбук пен сызба-дәптерімді қойдым да, жоғарыға көтерілдім. Қателеспеппін, соның дәл өзі. Ал, әуен бейтаныс. Ол пианиноны қоя салды да, халімді сұрады. Екеуміздің арадағы әңгіме жаңа әуенмен жалғасты.
‒ Ноктюрн До-диез минор. Поляк композиторы Фредрик Шопеннің туындысы...
‒ Тым мұңлы екен, ‒ дедім мен аузыма басқа сөз түспей.
***
Біз бірге жүріп, аула ішінде, көше бойында да түрлі тақырыпты қозғайтынбыз. Өмірде адамдардың бәріне білімі арқылы көмектесетін оны «пайдалы адам» деп есептейтінмін. Әйтпесе, өзі аз ғана уақытыңның тең жартысын құр былшылмен құртатындар аз емес қой?! Өкініштісі, ол айтқан тарихи оқиғалар мен тұлғалардың көбісі қазір ойымда сақталмапты. Бірақ ең өкініштісі ол емес...
Бір ай немесе одан да көп... Мен жобамды қоғайтын уақыт жақындаған сайын алаңдап, өзге дүниенің бәрін ұмытатынды шығардым. Солай арпаласамын деп жүріп, мен құрбымды да жоғалттым.
Межелі күні комиссия мүшелері алдында төрт жылдық білімімді қорғап шықтым. Олар жобаны өте жоғары бағалап, мақтау сөзбен бас шайқасып жатты. Бұл көрініске балаша қуанғаныммен, іштей құлазып тұрдым. Бар болғаны сол жерден кетіп, дереу кітапханаға барғым келді. Іле-шала сызба плакаттарын жинадым да, сол жаққа қарай асыға адымдадым. Мен оның кітапханада жоқ екенін біле тұра бардым. Төрт жүз мыңдай кітапты қойнына тығып үнсіз тұрған еңселі ғимаратты шынымен де тыныштық буып тұр. Тынысым тарылып, өксіп жылағым келді. Құлағыма «Ноктюрн-до диез минордың» мұңлы қайырмасы естілді. Сол сәт маған кітапхана ішін ол ойнаған пианиноның музыка періштелері кезіп жүргендей әсер қалдырды. Мен баяу ғана үйіме беттедім.
Кейін алты ай өткен соң көшеден сол құрбыма ұқсайтын бозбаланы көрдім. Алдында ғана балаша шаттанып келе жатқан көңіл шар айнадай сынып, жанымды осқылады. Сол болса екен деймін іштей. Бөгде адам. Мен қайта үйге асықтым. Сырт киімімді дәлізге ілдім де, жығылған күйі жастыққа басымды қойып, жылай бердім. Періште әуені, Моцарт, Шопен... Ноктюрн-до диез минор...Мен оны жақсы көргенімді, оны қалай сағынғанымды сонда барып қана ұқтым...
***
Бір сен үшін терер едім қыр гүлін,
Аз да болса бояп тірлік сұрлығын.
    Ал сен кеттің құмға сіңген тамшыдай,
        Сырлас болып қалды тағы құрбы мұң...
Бұл оның маған жазған алғашқы әрі соңғы хаты еді. Кейде адамды түсіну үшін, оны бағалау үшін жай ғана көңіл бөлу жеткілікті тәрізді... Әйтпесе, күйбең тірлік келесі бір пенденің жан дүниесін сездіртпей қояды емес пе?!
Нотельефтің  күнделігінен
09 қазан 2019 ж. 65 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031