ӘБЕ

 
Қазақта тұңғыш рет кітабы редакторсыз оқырманға таралған бір ғана қаламгер бар. Ол ‒ әдебиеттің бүгінгі абызы әрі аңызы атанған Әбдіжәміл Нұрпейісов. Аралдан шыққан алып өзіне арналған бір кездесуде «Мені мақтамаңдар, артық мақтасаңдар орнымнан тұрып, кетіп қаламын» дейтін көрінеді. Биыл сол классикалық әдебиеттің ірі өкілі 95 жасқа толды. Алыптың тойы ‒ халықтың тойы. Осы орайда Әбенің әлеміне бізде терең бойлап көрдік.                                                                        
Арал тарихының жүлгесін жоталаған жазушының балалық шағы да бір қызық. Алдымен соған тоқталайықшы. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков Әбдіжәміл жайлы: «Бір қызығы, Әбекеңнің өз айтуынша, ол 1 сыныпқа барып, он шақты күн ғана оқыпты. «Бірінші сыныпты бітіргенде екі-ақ әріпті біліп шықтым. Үш сыныпқа шейін 50-60 күн оқыған шығармын. Сөйтіп бастауышты бітірдім деп айтады» деп жазыпты. Жастайынан кітапқұмар қазақтың Әбесі 10 сыныпты оқып жүргенде повесть жазуға талпынады, бірақ соғыс сұрапылымен білімге құштар бозбала әскерге аттанады. Сол кезде ауылдағы жақын туыстан майданға төрт адам шақырылса керек, алайда аман келгені Әбдіжәміл екен. Әскерден келген Әбе ауылға соқпай, Алматыға Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды аты әйгілі әдебиет өкілдерінің батасын алуға барады. Олар жас қаламгердің 12 беттік жолжазбасын оқып, риза кейіппен тілеуін тілейді. Содан кейін ғана елге оралған Әбдіжәміл қалам мен қағазды айнымас серік етіп, ел тағдырына үн қосқан шығармаларды дүниеге әкеледі. Әсіресе көптен оқшауланып, есік терезені бекітіп, оңашаланып отырып, ойына келген орамды ойды қағаз бетіне түсіре береді. Содан кейін институтқа оқуға түсіп, әдебиетке кеңінен сүңгіген қаламгердің «Курляндия», одан соң «Қан мен тер», кейіннен  жарыққа шыққан «Соңғы парыз» сынды сүйекті романы оқырманның сүйікті туындысына айналады.
«Менің жазудан басқа ешқандай мақсатым жоқ» дейтін Әбдіжәміл Нұрпейісов қай романы болмасын кейіпкер  бейнесін бір-біріне ұқсатпайды, тіпті олардың тағдыры екіншісін қайталамайды. Бүгінгі әдебиет марғасқалары ғасыр адамының шығармалары жайлы осылай деп жазады. Әсіресе жазушы Смағұл Елубаев «Абай жолы» мен «Қан мен терді» бір оқып шыққан адам көптеген қателіктерден аулақ болады және ол ұлтын ешқашан сатпайтынына көзім жетеді. Онда бір тапжылмайтын рухани табандылық пайда болады» депті бір сөзінде. Онысы рас. «Қан мен тердегі» Еламан мен Ақбала, Тәңірберген, Сүйеу қарттың бейнесі оқырманның көз алдында өр болмысын биіктетіп, өзінше бір табиғи мінезбен асқақтап тұрады емес пе?! Ал оны кітаптан оқығаннан бөлек, сахнада суреттеп, киноға түсірудің машақаты бөлек әңгіме. Әбе әлеміне көз жібере отырып, «Қан мен тер» романының желісі бойынша театрда сомдалған қойылымның дайындығы жайлы да білдік. Әсіресе заңғар жазушының қиянатқа бір қадам аттап баспайтын Сүйеу қартын сомдау кімге болсын оңайға соқпаған. Тектіліктің төресіндей Сүйеу қарттың рөлін сомдайтын Елубай Өмірзақов спектакль дайындығы кезінде ауырып қалады. Сонда спектакль режиссері Әзірбайжан Мәмбетов аяқ астынан актер іздей бастайды. Сол рөлге көп ұзамай актер Сәбит Оразбаев бекітіледі. Бұл жөнінде өнер майталманы мынадай естелік айтыпты: «Күндіз күлкі, түнде ұйқы болған жоқ, рөлге әбден дайындалдым. Бірақ сомдаған рөліме өзім сенген жоқпын. Соданспектакль басталды, бітті. Үстіміз әбден тер болды, тіпті шапаныма дейін су болып кетті. «Сенің қолыңнан қанша арман қырқылды. Қаншама шаңырақ құлады. Қаншама халықтың көзінен қан ақты. Соның бәрін талап келесің, талап келесің. Хайуаннан қандай айырмаң бар? Жоқ болмаса сен мынау адалдықты, Құдайдың бар екенін ұмыттың ба?» деп айтқан кезде басымнан ұрады ғой. Сонда Әбекең мені шақырып алды да: «Ей, бала, сен немене шалдың дауысын салып, қолыңа таяқ ұстап, таяқты бүйтіп-бүйтіп қозғап қоясың? Сен немене ойнайын деп жүрсің бе?» дейді. Жоқ, Әбеке, ондайдан Құдай сақтасын деймін». Сол кезеңде Сүйеу қартты сомдаған Сәбиттің жасы небәрі отызға жетер-жетпес шамада екен. Адалдық жолында қия баспайтын қазақтың сол бір көнекөз қариясын сомдау үшін жанкешті актер базарға барады, бұрынғы шалдарды іздейді, ауылдағы ата-бабасын еске түсіреді. Сөйтіп жүргенде көшеден белі бүгіле түсіп, кетіп бара жатқан бір шалды көреді. Сонда жас актер бұл көріністі нағыз кәріліктің белгісі деп түсінеді. «Мен сол шалдың жүрісін сахнада салып ем, Мәмбетов жүрісің дұрыс, енді сөзіңе салмақ бер» деді. Не ойнап, не жасағаным есімде жоқ. Есімнен танып қала жаздадым. Бір уақытта Әбекең келіп: «Бала, саған рахмет» деп алғысын білдірді» дейді актер бір сұхбатында. Мәскеуде сахналанған осы қойылым кейін 1978 жылы кино болып түсіріліп, қазақтың алтын қорын байытады. Еламанның рөлін Әнуар Молдабеков, Тәңірбергеннің бейнесін Тұңғышбай Жаманқұлов ойнаған фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен КСРО-ның Алтын медалін және Ашхабад қаласында өткен кинофестивалде «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» номинациясын жеңіп алады. Фильмде Тәңірбергеннің рөлін сомдаған актер Тұңғышбай Жаманқұлов «Мен Тәңірбергеннің алдында басымды иемін. Сол Тәңірберген мені Абылай ханға, Әбілқайырға, Жәнібекке жеткізді. Сол Тәңірберген арқылы менің талай сүйікті рөлдерге қолым жетті» дейді. Байқадыңыз ба, Әбенің қай кейіпкерін болмасын сахнада шынайы сомдау актердің бағына бұйырғанмен, маңдай термен қажырлы күшті қажет етеді. Ал оны қағазға түсірген сәтте қаламгердің қалай еңбектенгенін ойлай беріңіз...
Осыдан 11 жыл бұрын Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» шығармасына негізделген ескерткіштің Сақтаған Бәйішов атындағы кітапхана алдында орнатылғаны көпке белгілі. Арал, Шалқар, Жем бойын қамтыған триологиядағы оқиғалар ғасыр шежіресіне айналып, биіктігі төрт метрлік қола мүсінге тұрақтаған. Әр кейіпкеріне 4-5 ай уақыт жұмсаған   мүсінші Ерік Жауынбаев төрт жыл бойы республиканың түкпір-түкпірін аралап, шығарманың кейіпкеріне ұқсайтын адам іздегенін айтыпты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын сұңғыла суреткердің Сыр өңіріне келгені әлі есімде. Студент кезіміз. Тоқсанның төріне шыққан абыздың сөзін тыңдауға асығып, алып-ұшып жеттік. Кездесуде тарихи тұлғаның «Соңғы парыз» романының адамзатқа айтар ойы қандай?» деген сауалға берген жауабы сол жердегі бір топ қауымға аманат артқандай еді. Көп нәрсені жадынан жоғалтпаған жазушы өткен өмірді саралай келіп: «Адамзаттың бүгінгі парызы‒ адамдық қалпын және табиғи ортаны сақтау. Пендедегі бүгінде белең алған арсыздық пен әлеуметтік желіге қызығушылық жойылмаса, экологияның зардабына алаң білдірмесе, біз көп ұзамай ақырзаманға аяқ басамыз. Сондықтан адам мен қоршаған ортаны бұзатын зардапты тоқтату ‒ соңғы парызымыз» деп сөзін түйіндеген. Жастардың үстірт ойының табанын жерге тигізіп, жалт-жұлт дүниеге қызыққан кейінгі буынға осындай астарлы ақыл айтқан еді. Кейде осы сөзге қарап отырып-ақ жазушының  КСРО мемлекет­тік сый­лығын алған «Қан мен терін» не үшін қайта екшелегенін түсіне қоясың... Бұл жайында жазушы Смағұл Елубаев бір басылымда келесідей пікір айтыпты: ««Кі­тап көрсе судай сіміретін мектеп баласымыз. Қырғын қызық «Қан мен терді» қуалап жүріп оқыдық. Өйткені біздің жан-жүрегімізді романның бірінші бетінен бас­тап-ақ Ақбала мен Еламанның бейбақ тағдыры жаулап алды. «Қан мен терден» кейін біз Ақ­бала мен Еламанды ұмыта алма­дық. Осы бейбақтардың тағдыр-талайын білген үстіне біле түс­кі­міз келді. «Қан мен тер» кейіпкерлері Ақ­бала мен Еламан, Судыр Ах­мет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қа­­лен, санаға басқан мөрдей жат­­та­лып қалды. Сонда бұ не? Бұл не сиқыр? Сөйтсек, бізді арба­ған бұл сыр кітаптың авторына ‒ Әбе­ке­ң­е Алла берген суреткерлік си­қыр екен. Содан арада зымы­рап жылдар өтті. Жиырма­сын­шы ғасыр аяқталуға жақындады. Көз алдымызда заман кенет күрт өз­­­герді. Кешегі әдебиет алыпта­ры­­­ның ойы тұрмақ түсіне кірме­ген заман басталды. Бұрын жұрт­тың қолынан кітап түспейтін бол­са, енді теле­фон түспейтін болды. Кітап ұстап отыратын баяғы оқырман көзден бұлбұл ұшты, олардың   ор­нына айфон ұстап бүкшиген ұрпақ келді. Бір жақсысы, кешегі классиктер бұ сұмдықты көрмей кетті. Көрсе, құсалықпен өтер еді. Бірақ байқап қарасақ, ара­мыз­­да біреу жүр, сол алып­тар­дан қалған. Солардың қоста қалды­рып кеткен баласындай. Ол кім десеңіз... Ол – анау-мынау емес, Әбді­жәміл Нұрпейісов! Алыптар көшінен түсіп қалған жалғыз жаяудай, арамызда жүр. Бүгін­гі­лерге мүлдем ұқсамайды. Бәрі­не кешегінің көзімен қарайды. Қарайды да, күңіренеді. Күңірен­бей қайтсін?! Қайда қараса да, көзіне телефон ұстап отырғандар түседі, кітап ұстап отырғандар емес. Содан ал кеп жыны келеді. Өзде­рінің телефондарын тартып алып табанға сап езіп-езіп тастар ма еді. Бірақ көпке топырақ ша­ша алмайсың. Бір күні қараса, айфон деген пәле өз қолында да тұр. Ал құты­лып көр! Жұртты жаппай жау­ла­ған бұл кәпірдің сыры не десе, қысқалық пен нұсқалық екен. Қысқалық, нұсқалық. «Оу, оу, бұл сонау жылдары «Климан­джа­ро қарын» жазған жазушының стилі емес пе?! «Қан мен терді» жаз­ғанда   өзі де   осы стиль   жа­ғын­да болды емес пе?! Ендеше мына жұрт   неге «Қан мен терді» емес, «Соңғы парызды» емес, ай­­фон­ды оқып отыр?! Сонда... Апыр-ау, сонда не болғаны?! Осы сұрақ жанын отқа да салды, суға да салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды.    Ақыры «Қан мен терді» қайта қолға алды. Енді өз романына өзі мына қырқылжың заманның көзімен қарады. Содан... не бол­ды дейсіз ғой? Содан... бір біт­пей­тін жұмыс басталды да кетті. Романның май басқан бет­терін сылып ала бастады.   Ширата бастады. Бұл жұмысқа қамшының сабындай қысқа ғұмыры жетпей­тін болды. Содан ал кеп Алладан сұрасын, ғұмырымды ұзарта гөр деп. Қанизесі кең Құдай берді сұрағанын. Жұмысы аяқталған­ша, мәулет берді. Және жоғары­дан бақылап тұрды. Сөйтсе, бұ пенденің жұмысы аяқталар түрі жоқ. Анау-мынау емес,   ширек ғасырға созылды. Тек жақында   жас 95-ке таяғанда нүкте қойды «Қан мен терге»... Бұл роман әлемнің 35 тіліне аударылды. Содан қазақтың Нұрпейісові, әлемнің Әбдіжәмі­лі­не айналды» дейді жазушы. Әбенің әдебиет пен оқырман алдындағы адалдығына жазушы айтқан ойдан  артық не айтуға болады?!
Жақында ұлттық арнадан Әбенің нағашысы ақын Мырзан Кенжетайдың сөйлеп отырғанын көзім шалды. Мырзан Әбекеңе: «Сенің жасың 95-ке келді ғой. Шалқар, Арал жаққа барып қайтайық» десе, қарт қаламгер «енді бір 10 жылдан кейін барайық» деп жауап беріпті.  Теледидарда ақын «Ол шын айтып отыр. Бұл не, өмірге құштарлық па?!» деп таңырқап отыр. Ал біз қаламгердің қайсар болмысына, жазуын тоқтатпаған қуатты қаламына қайран қалдық. Енді ойлап   қарасақ, алты Алаштың басы бірігіп, Аралдан шыққан алыптың алтын ғасырын тойлайтын күнде алыс емес екен ғой... Жаратқан сол күнге жеткізсін!
 
Гүлдана ЖҰМАДИН
31 қазан 2019 ж. 291 0

PDF нұсқалар мұрағаты

47-324

21 қараша 2019 ж.

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930