» » » МӘСКЕУ МЕНІ ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ

МӘСКЕУ МЕНІ ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ

Ислам МҮСІЛІМҰЛЫ, Мәскеу болат және қорытпа институты  ұлттық зерттеу технологиялық университетінің магистранты:



ҰБТ-дағы сәтсіздік немесе...
‒ Биыл Мәскеуде білім алып жатқаныма алты жыл толады. Алдымен Мәскеу болат және қорытпа институты  ұлттық зерттеу технологиялық университетіне «Нанотехнология және микро-жүйелік техника» мамандығы бойынша оқуға түстім. Ал қазір бакалаврды үздік тәмамдап, магистратураны «Электроэнергетика және электротехника» мамандығы бойынша жалғастырудамын. Қазалы ауданындағы №266 мектеп-лицейдің түлегімін. 11 сыныбымда ұстаздарым «Алтын белгіге» ұсынып, өкінішке қарай қорғай алмадым, бірақ сол сәтте Мәскеу қаласындағы ЖОО-ның оқу грантын иеленген едім. Ойлана келе шетелде білім алып, еліме мықты маман болып оралайын деген ниетпен шекара астым.

Тұрғындарға демалыс керек, себебі..
 ‒ Мені Мәскеу халқының ұлттық менталитеті таң қалдырды. Сенсеңіз, орыс халқының ойлануы бір бөлек дүние. Соған қарағанда «орыстар білгенін істейді, қазақтар көргенін істейді» деп бекер айтылмаған болу керек. Әрине елімді жамандайын деген ниетім жоқ, тек олардың білімді халық екенін айтқым келеді. Екіншіден, Мәскеу тұрғындары жұма күні түске дейін ғана жұмыс істейді де, қалған уақытты демалысқа арнайды. Барлығы өз уақытымен, мұнда тайм-менеджемент ұстанымы өте қатты орныққан. Жергілікті халық демалысқа көп көңіл бөледі. Сенбі, жексенбі күндері  міндетті түрде демалады. Мұның себебін сұрағанымда жаңа аптаға тың ой, идеямен бару үшін жақсы демалыс керегін айтты. Қазір мен де осы әдетке үйренісіп қалдым.  
     Бұл жақта жастар үшін мүмкіндік көп. Тіпті студент болып жұмысқа орналасу аса қатты қиындық тудырмайды. Білімді әрі шынайы  болсаң, ең мықты деген компанияның өзіне шақырту алуыңа мүмкіндік бар. Әрі мұнда қызметкердің еңбек өтіліне назар аудармайды, егер сенде  креативті идея болса, қызмет «баспалдағымен» тез-тез көтерілуіңе болады. Мәскеуде медицина саласы да көш ілгері. Айта кету керек, мұнда шетелден келген студенттердің алдын ала медициналық сақтандырылуы міндетті, себебі ауыра қалсаңыз, сақтандырусыз ешбір емхана қабылдамайды.  
 

Кішкентай технологияның үлкен мүмкіндігі

 ‒ Алғашқы мамандығым нанотехнолог болған соң, газет оқырмандарына жаңа сала бойынша да ақпарат беруді жөн көрдім. Қазіргі таңда нанотехнологиялар үлкен сұранысқа ие. Нанотехнологияның арқасында заманауи есептеуіш машиналар мен өндірістік технологияның, тіпті, дәрі-дәрмектердің де өндіріліп жатқаны бәріне белгілі.
  «Нанотехнология» қазақ тіліне «кішкентай өлшемді технология» деп аударылады. Бұл жерде «нано» сөзі «миллиардтың бір бөлшегі» деген мағынаны береді. Қысқасы, кез келген заттың миллиардтан бір бөлшегі бастапқы тегінен ерекшеленеді де, басқа физикалық қасиеттерге ие болады. Міне, осы заңдылық арқылы, яғни, материяның белгілі бір күйден екіншісіне өту кезіндегі өзгерістер арқылы өмірге, бұрын ешкімге белгісіз жаңа технология енуде. Қазір ғалымдар нанотехнологияның үш негізгі міндетін айқындады:
   Біріншіден, ғылымның көмегіне сүйене отырып, атомдарды өз қалауымызша тікелей орналастыруға болады, яғни ерекше қасиеттерге ие материалдар жасалады. Екіншіден, көлемдері жекелеген молекулаларға немесе атомдарға тең белсенді элементтері бар электрондық схемалар өндірісін ұйымдастыру көзделіп отыр. Үшіншіден, ғалымдар көлемі молекулаға тең механизмдер мен роботтар, яғни наномашина жасауды көздеуде.
   Мәселен, Scientifus Ameriсa журналының болжамына сүйенсек, таяу арада көлемі пошта маркасына тең медициналық құрылғы жасалады екен. Соны жарақат алған жерге қойса жеткілікті, ол қанның құрамын, қандай дәрі қажет екенін анықтап, сол дәрі-дәрмекті қанның құрамына өзі жібереді. 2025 жылы дайын атомнан кез келген затты құрастыруға қабілетті алғашқы нанороботтар жасалады. Ауыл шаруашылығында да айтарлықтай өзгерістер енеді: нанороботтар өсімдіктер мен жануарларды алмастырып, азық-түлік өндіретін дәрежеге қол жеткізеді. Осыған сәйкес экологиялық жағдай да жақсара түседі. Өнеркәсіптің жаңа түрлері болашақта қалдық заттар шығармай, оның есесіне нанороботтар ескі қалдықтарды жояды.

Сәттілік еңбекпен келеді
‒ Шекара асқан соң өмірімде көп өзгеріс орын алды. Ата-анама деген құрметім одан сайын артып, еліме деген сүйіспеншілігім күшейді. 18 жасқа  толған соң бірден елден кеттім, бастапқыда бейтаныс елде қорқыныштың болғаны рас. Жаңа ортаға бейімделу қандай қиын болса, жергілікті ортаға үйренісу де ұзаққа созылады. Әрі бұл жерде білім алудағы талап өте қатты. 1 пайыз ғана бағың жанса, қалған 99 пайыз сәттілік  еңбекпен келеді.
  Қазір статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда Еуропа елдерінің ішінде ең тез дамып жатқаны  Мәскеу қаласы екен. Қалада жастарды қолдауға арналған бағдарламалар көп,  жастар резервы да өте қарқынды жұмыс жасайды. IT саласы, маркетинг, бизнес саласына көп көңіл бөледі. Дизайн саласы да жоғары деңгейде дамыған.
  Келесі айда Германия мемелекетіне іс-сапармен шыққалы отырмын. Мәскеудегі оқуымды тәмамдаған соң осы жерде бір жыл жұмыс жасауды жоспарлап жүрмін, себебі еліме тәжірибе жинап, сауатты маман болып оралғым келеді.
  Мәскеудегі қазақ жастарымен әрбір ұлттық мерекеде бас қосып тұрамыз. Артымнан ерген, енді оқуға түскен студенттерге бағыт-бағдар беруге тырысамын. Мен қазақ жастарының жоғары деңгейде, сапалы білім алғанын  қалаймын. 
Гүлдана ЖҰМАДИН
11 ақпан 2020 ж. 337 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930