» » » АҚЫЛДЫ ҒАЛАМТОР МЕН АҚЫМАҚ АДАМ

АҚЫЛДЫ ҒАЛАМТОР МЕН АҚЫМАҚ АДАМ


Қаңтардың 17-і күні дүкенде түсірілген бейнежазба WhatsApp желісін шулатты. «Таразда болған оқиға» деген тақырыппен таралған видеода ер адам дүкенге келген әйелге пышақ сұғып алады. Видеоның астында: «Әйел қайыр сұраған жанға «жұмыс істе» дегені үшін өлді» деп жазылыпты. Дегенмен кейін бұл оқиға 2016 жылдың 24 наурызында Минск қаласында болғаны анықталды. Осы жылдың 10 қаңтар күні Алматы облысындағы Сарқан қаласында белгісіз біреудің қолынан бірнеше адам қаза болғаны туралы жазба желіге тез тарады. Оған қоса «Полиция қызметкерлері үйден шықпауын сұрайды» деген мәтіні бар. Бұл жазбаны таратып, елді дүрліктірген әйел мәтіннің алып-қашпа әңгімеге негізделгенін мойындады. Сол секілді жерде қансырап жатқан жігіт бар бейнежазба «Жаңа жылдан кейін Павлодарда болған оқиға» деген атаумен желіде танымал болды. Видеоның астында «қыз гүл алудан бас тартқан соң оны өлтіріп, өзіне пышақ сұғып алған» деген мәтін бар. Дегенмен бұл оқиға Павлодарда емес, Уфада болғаны анықталды.
Бүгінде кез келген жан оқиғаны ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайды. Бірінің ойында қоғамдағы түйткіл мәселені анықтауға жәрдемдесейін деген ниет болса, енді бірі халықты үркітіп, тыныштықтың тас талқанын шығаруды мақсат еткен. Себебі желіге лақап атпен тіркелген соң, жалған ақпаратты кім жариялағанын анықтау мүмкін емес.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 467 баптан тұратын «Көрінеу жалған ақпарат тарату» жөніндегі Қылмыстық кодекс күшіне енді. Заңға сәйкес, жалған ақпарат таратқан адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
2017 жылы Қазақстанда «Ақпарат құралдары арқылы жалған ақпарат тарату» бабы бойынша 25 құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде екі адамның біреуі үш жылға, екіншісі екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Оның бірі ұлтаралық қақтығысты тудыратын жалған мәлімет жарияласа, енді бірі Шығыс Қазақстан облысының 33 жастағы тұрғыны ғаламтордағы құлаған көпқабатты үйдің видеосын «Семей қаласында болды» деп желіге таратқан.
   Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратушының басты мақсаты – оқырман санын көбейту. Себебі ол оқырман саны мен жарнама арқылы табыс табады. Сондықтан ұялы телефонға келетін, әлеуметтік желіде жарияланатын мағлұматқа сенбес бұрын бұл ақпарат ресми деректерде жарияланды ма, жоқ па тыңғылықты зерттеп алу керек. Әсіресе дінге байланысты ойды бұрмалау, теріс бағытқа итермелеу әрекеттері жиі кездеседі.
Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп айтқандай, жан-жақтан еркін ағылған ақпараттар ағыны, мылтықсыз майдан, ұлтты ішінен іріткен індеттер халқымызға кері әсер етуде. Оның бір сөзі осы мәселенің басты себебін айқындайды: «Айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш, айтаққа үргіш ұлттың жаңа буыны өсіп шықты». Расында, негізсіз ақпаратқа ермей, әрқайсысымыз азаматтық позициямыздан ажырамасақ екен.
Әсел БЕГМАН
01 ақпан 2018 ж. 656 0

PDF нұсқалар мұрағаты

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

17-346

01 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031