» » » Этноәшекей жасаушы Мерей

Этноәшекей жасаушы Мерей

 Қызылордалық Мерей Қарашаұлы ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарға тапсырыс беретін адам қай кезде де мол болатынына айтарлықтай сенімді. Зергердің ойынша, ою-өрнекпен әдеміленген білезік, сақиналарға тек наурыз айында елдің қызығушылығы оянады деген – қате пікір. Өткен жылы ғана «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы арқылы Үкіметтің қаржылай грантын иемденген ол, өз кәсібін жандандырмақ.
Негізінен оның бұл салаға келуіне әу баста мектептегі ұстазы әсер етіпті.
– Мен, Қазалы ауданында туып-өстім. Оқушы кезімнен қолөнермен айналысып, соның ішінде ағаш жонуыма, одан түрлі бұйымдарды жасауыма көмектескен – мектептегі еңбек пәнінің мұғалімі Арман Бердиев. Мен, оны алғашқы ұстазым деп есептеймін. Кейіннен түрлі металдардан басқа да заттарды әзірлей бастадым. Шынымды айтсам, сол кісіден көп нәрсе үйрендім, – дейді кейіпкеріміз.
Өткен жылдың соңында «Бастау» жобасының арқасында кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, 1 ай мамандардың дәрісін тыңдаған ол іле-шала арнаулы комиссияның алдында бизнес-жоспарын сәтті қорғап шығады. Көп ұзамай 500 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың иегері атанған.
«Ең әуелі қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. 2019 жылдың күз мезгілінде өткен курс білімімді шыңдадым, содан бастап ізденіс үстінде болдым. Кейіннен ұста әрі шебер Асхат Ерімбеттің тәжірибесіне сүйеніп көп нәрсе үйрендім. қанық болып, оның әдіс-тәсілдерін өз көзіммен көруге мүмкіндік туды. Болашақта өзімнің қолтаңбамды қалыптастыруда бұның пайдасы тиетініне күмәнім жоқ», – дейді зергер.
Бүгіннің өзінде Мерейдің кіішігірім авторлық жұмыстары бар екен. Мысалы, қолдан соққан білезік, алқаларына тапсырыс беретіндер баршылық көрінеді. Мұндағы ерекшелік – оның әр еңбегін ою-өрнекпен әдемілеуі, сұранысқа қарай адамның есімін, белгілі бір датаны, тіпті қысқа тілекті де затқа түсіруі. Ер адамдар тағатын жүзік, басқа да әшекей бұйымдарды жасайтынын айтқан ол әзірге тек күміс металмен жұмыс істейді екен.
– Тапсырыстар негізінен әлеуметтік желі арқылы түседі. Есептеп қарасам, ақпан айынан бері 30-дан астам адамға зергерлік бұйым жасаппын. Бір жағынан, халықаралық әйелдер күнінің де әсері болды. Қазір көпшілігі ерекше сый жасағанды жақсы көреді ғой, – дейді Мерей.
Әңгіме арасында сурет те салатынын айтқан өнерлі жігіт кезінде бұл бойынша тапсырыс та қабылдаған екен. Дегенмен ол енді зергерлігін одан әрі жетілдіріп, осы мақсатта байқауларрға қатысып көргісі келеді. «Жеке шеберханамды ашсам, Қызылордаға ғана емес, елімізге де танымал зергер болсам деген тілегім де бар. Өзімнің брендімді қалыптастыру да – басты мақсатымның бірі», – деді сөз соңында бизнеске енді қадам басқан ол.
29 мамыр 2020 ж. 162 0

PDF нұсқалар мұрағаты

26-355

02 шілде 2020 ж.

25-354

25 маусым 2020 ж.

24-353

18 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031