» » » Қазақ қолөнері әлемдік брендке айналады

Қазақ қолөнері әлемдік брендке айналады

Отандық өнім
 Облысымызда алғаш болып ұлттық нақыштағы қолөнер дүкенін ашқан жеке кәсіпкерді білесіздер ме? Ол – Аида Керімқұлова. Ол бүгінде қолөнер шеберлерінің басын қосып, түрлі қазақы нақыштағы өнімдерді халыққа ұсынып, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда.
 «Қолөнер» ұлттық дүкенін ашуыңызға не түрткі болды?
«Қолөнер» орталығын ашудағы мақсатым – ұлттық кодты қалыптастыру. Қазір жаһандану кезеңі деп түп-тамырымызды ұмыта бастадық. Сондықтан ата кәсіпті қолға алып, осы саланы дамытамын деп өзіме серт бердім. Аймақ басшысының биыл «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялағаны бізге қолдау болды. Бұрын жергілікті қолөнершілер әзірлеген бұйымдарды базарда немесе өзге де сату орындарына шығаратын. Ұлттық қолөнер бұйымын қайдан алу қажетін де тұтынушылар нақты біле бермейтін. Қазақ елінде тұрып қазақы бұйым шығару, сату жағынан ақсап жатқанымыз қынжылтатын. Одан бөлек, бұрын қолөнершілер туындыларын базарда, үйінде сатып, тіпті рұқсат бермеген орындарда бей-берекет сауда ұйымдастырғаны үшін түрлі қиындықтарға кезігетін. Осы олқылықты жою үшін шеберлердің басын қосатын, олардың өнімін бір орталықта сататын ұлттық нақыштағы дүкен аштық. Бүгінде «Қолөнер» дүкенінде 11 шебердің өнімі сатылуда. Қолөнершілер деп жалпылама айтқанымызбен, әрқайсысы бір төбе, яғни ағаш шеберінің, зергердің, тігінмен айналысатын маманның туындылары бір-біріне ұқсамайтын құнды дүниелер ұсынамыз.
Ұлттық бұйымдардың бағасы қымбат, халықтың қалтасы көтермейді деп жатады. Бұған не дейсіз?
– Жылдан жылға ұлттық бұйымдарға сұраныс артуда. Тіпті шетелдіктердің қызығушылығы зор. Өйткені, ұлттық бұйымдар табиғи дүниеден жасалады. Қазір ағаштан, мүйізден, былғарыдан, аң терісінен жасалған бұйымдарға сұраныс арта түскен. Сондықтан шеберлер өз бұйымдарын тек таза табиғи өнімнен істейді. Содан болар, бағасы кәдімгідей қымбат. Осы мәселе төңірегінде өткен жылы біраз қозғалды. Мәселен, көпшілік ұлттық бұйымдарды сататын кәсіпкерлерді салықтан босату керек, сол кезде бағасы арзандайды деген бастама көтерді. Бұл ұсынысқа көпшілік наразы болып ұлттық бұйымдарымызды арзандатудан гөрі, оның жарнамасын арттыру қажеттлігіне тоқталды. Шындығында, құнды дүниенің қолжетімді болуы, ұлттық киімдер мен бұйымдардың арзандай беруі оның қадірін қашырады. Осы тұста әрбір бұйымда қолөнер шеберлерінің жұмсаған еңбек күші мен шығынын да ұмытпаған абзал.
Сіз қоғамдық орындарда жиі көрмелер ұйымдастырасыз. Тоқталып өтсеңіз.
– Негізгі мақсатым – коммерциялық бағытты ұстанудан гөрі халыққа насихат жасау, қазақтың ұлттық бұйымын таныстырып, оның мән-мағынасын түсіндіру. Сол себепті жер-жерде көрме ұйымдастыру арқылы ұлттық брендімізді насихаттаймын. Өйткені, қазақы бұйымдар елімізді танытуда таптырмайтын жарнама. Тіпті әлеуметтік желіде өнімдерімізді тұтынушыға ұсынып, әр тауардың шығу тарихын, салт-дәстүрге қатысты маңызын айтып, сипаттап береміз. Бүгінде «Қолөнер» дүкенінде тек қызылордалық шеберлердің ғана емес, өзге де өңірлердегі қолөнершілердің туындылары бар.
Сұқбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
15 наурыз 2018 ж. 969 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30