» » » БІР ҚҰМАЛАҚ БІР ҚАРЫН МАЙДЫ ШІРІТЕДІ

БІР ҚҰМАЛАҚ БІР ҚАРЫН МАЙДЫ ШІРІТЕДІ

Біздің анықтама: Шығармашылық адам болып қалыптасу үшін міндетті түрде журналист немесе қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдау шарт емес. Оған дәлел бүгінгі кейіпкеріміз – Самат Сыржанов. Ол техника саласын меңгеріп, табиғи талантымен шығамашылық ортаға ойысқан жанның бірі. Жерлесіміз бүгінде көрерменнің сүйікті шоуына айналған "Түнгі студияның" сценаристі.
– Самат, әңгіменің әлқиссасын шоу бағдарламалар бәсекесінде биік болған  Түнгі студияға қалай келгеніңнен бастасақ?
– Астанада оқуды аяқтап, елге қайтуды жоспарлап жүргенмін. Содан Казмедиада істейтін достарымнан "Түнгі студияға" шығармашылық шабыты мол сценарист қажет деген жағымды жаңалықты естідім. Несі бар бағымды сынап көрейін деп сол кездегі бағдарлама басшысы Нұрлан Қоянбаевпен дидарластым. Аздаған диалогтан кейін әріптестерімен ақылдасып, тағлымдамадан өтуге мүмкіндік берді. "Алдымен алдағы түсірілімге қатысатын екі қонақты берейін. Екеуі де танымал жұлдыз. Біріншісі, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Арман Оспанов. Екіншісі, әнші Ернар Айдар. Аталған тұлғаларға қатысты өз ойыңды жинақтап, сценарий жазып кел" деп алғашқы тапсырмасын берді. Не керек жүктелген міндетті шұғыл түрде орындап, басшылықтың оң бағасын алдым. Дегенмен алғашқы тапсырма түнгі ұйқыдан айырғаны естен кетпейді. Басшылық жұмыстағы тиянақтылығым мен жауапкершілігіме тәнті болған шығар, әйтеуір көрермені қалың бағдарламаға сценарист  қызметіне ойыстым.
Мамандығыңыз электрик. Алайда қазір басқа саланың қызметкерісіз. Бұдан нені аңғаруға болады? Біліктілік пе, әлде?..
– Адам бұйырған несібесін жинаушы ғана. Әу баста электрик болуды армандадым. Арман қуып Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түсіп, Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетін тәмамдадым. Алайда маған нан басқа саладан бұйырыпты. Жалпы, шығармашылық ортаға ойысуыма жайдарман ойындары әсер етті. Алғашқы курстан бастап, әзіл алаңына қатысып, қабілет қарым жинақтадық. Көбісінің бұл үйірмеге көңілі толмайтын шығар. Бірақ жайдарман арқылы үлкен өмірге жол тауып, өсіп өнгендер баршылық. Мен де сол қатарданмын.
– Нұрлан Қоянбаевтың орнын Қайрат Әділгерей басты. Қайрат келгелі бағдарлама қалай өзгерді?
– Айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Тек Даниярдың орнына Эльвира келді. Жалпы жаңа құрамның да көксегені бір. Түнгі студияның мәртебесін көтеру.
– Жалпы, Түнгі студияның күндізгі атмосферасы қандай?
– Көбісі ойлауы мүмкін атауы Түнгі студия болған соң түсірілім кешкісін болады деп. Негізінде күндізгі уақыттың көбі түсірілімге арналады. Өйткені эфир қонақтарына сол уақыт ыңғайлы. 
– Бүгінгі таңда белгілі жас сценаристер қатарына ендіңіз. Алдағы уақытта кино әлемінде бағыңызды сынап көргіңіз келмейді ма?
– Мұндай ой әрине мазалап жүр. Бүгінде бір фильмнің сценариін жазып, дайындап қойдым. Бірақ оны жүзеге асыру үшін қомақты қаражат қажет. Жалпы киноиндустрияның дамуы елдің жалпы мәдениетін дамытуда үлкен септігін тигізетіні белгілі. Әлем бойынша, әсіресе Батыс елдерінде көптеген кинофильмдер түсіріліп, әлемнен қомақты қаражат жинайды. Еліміздің киноиндустриясына келетін болсақ, біздің елде фильмдердің саны бұрынғыға қарағанда көбірек түсіріліп келеді. Оның ішінде әсіресе: "Бизнес по казахский"; "Жаужүрек мың бала","Балалық шағымның аспаны", "Шал";" Каникулы в Таиланде"Он и Она" және тағы басқа туындылар еске түседі. Бұл фильмдер, жалпы алғанда, сапасы жағынан өте жақсы. Алайда, бұл секілді фильмдер біздің еліміздің адамдарында, батыстың көптеген туындылары беретін шаттану әсері немесе мол қызығушылық тудырмайды. Сонымен қатар, бүкіл елді ғана емес басқа мемлекеттердің де назарын өзіне қарататындай туындылар біздің елімізде әлі түсіріле қойған жоқ. Сондықтан сондай туындыны іске асыру арманым.
– Саматты ширақ деп естиміз. Бұл орайда сіздің спортты серік еткеніңді меңзеп отырғанымды сезіп отырған боларсыз.
Түсіндім. Оның рас. Футболмен біршама жыл айналыстым. Спортты жаным қалайтын болғасын жастардың саламатты өмір салтын сақтау мен үшін маңызды.
– Кітап оқисыз ба?
– Бір ойшыл ғалым «Адамдар оқудан қалғанда ойлаудан да қалады» деген. Абай атамыз «Артық білім – кітапта» деп ақыл қосқан. Жаһандану заманында көркем әдеби кітаптарды оқитындар азайған. Тіпті бір көркем шығарманы оқымаған жастардың арамызда бары жасырын емес. Жас күнімізде аға-әпкелерімнің қолынан кітап түспейтін. Олардың кітап оқуға деген құлшынысы жоғары еді. Ондағы кейіпкерлердің образы адам бойындағы адами қасиеттерді қалыптастыруға, алға ұмтылуға жігерлендіретін. Соңғы рет Сейдахмет Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» атты кітапты оқып шықтым. Футбол тақырыбында біршама мағлұмат алдым. Шығармашылық ортада жүрген соң жаңалықтардан да хабардар болуым керек. Сол себепті басылымдарды үзбей оқимын. Кітап оқығанды жаным сүйеді.

– Қоғам өміріне белсенді араласып жүрген жассыз. Қазір жастарға не жетіспейді? Олардың басты мәселесі не?
– Бұл тұрғыда кесіп айту қиын. Жастар төңірегінде мәселе көп. Жұмыссыздықтан басталып, білімсіздікпен, мәдениетсіздікпен ұштасады. Жастардың бәрі мәдениетсіз дей алмаймыз. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген бар. Бір жастың кесірінен қанша жасқа сөз кеп жүр. Аға буын жастарға көңілі толмайтынын жиі айтады. Кейде аға-апаларыма қарсы пікір айтуға тура келеді. Жастар – жаңашылдықтың бастамашысы. Олар өмірге прогресс әкеледі. Дей тұрғанмен кей жастардың бойында құлшыныс аз. Масылдық психология басым. Үкімет жұмыс тауып беру керек. Жұмыс болғанда таза әрі аз істеп, көп табатын жұмыс. Нағыз жалқаулықтың белгісі. Өмір – күрес. Тырысу қажет, тырбану керек. «Есектің артын жу да, мал тап» дейді халық даналығы. Мектеп жасындағы бала оқуға ерінеді, жоғары оқу орнында қашып-пысып білім алады, сосын біліксіздігінен жұмыссыз жүреді. Содан келе шаруаның тірлігін істеуді ар көреді. Мәдениетсіздікке келер болсақ, қоғамдық орындарға жиі барамын. Аллея, саябақ деген жастардың демалыс орны ғана емес, тұрғындарға арналған айлақ. Ал жастар сондай орындарды бүлдіруге бейім. Темекі қалдығын тастайды, орындықтардың бетін жаралайды, түрлі сөздерді жазып кетеді. Айналып келгенде, қоғам мүлкін бүлдіреді. Вандализмнен арылу керек қой, өйткені өркениетті елде өмір сүрудеміз.
– Сіздің кемшілігіңіз неде? Қай қасиетіңізді артық санайсыз?
  • – Менің ең басты кемшілігім – сенгішпін, одан соң шыдамсызбын. Біреу бірдеңе десе сеніп, кейін онымнан өзім опық жеп жатамын. Шыдамсыздығым ойымдағы бір іс уақытында орындала қоймаса дегбірім қашып, ашуға тез бой алдыртып қоямын. Артық қасиетім, достыққа адалмын. Ешқандай досымның көңілін қалдырмауға тырысамын.
  • – Ұят дегенді қалай түсінесіз? Ұятқа қалған кезіңіз бар ма?
– Әрине, адам болған соң ұятқа қаласың, біреуді ұялтасың. Менің көп жерде ұятқа қалуыма жоғарыда айтқан сол сенгіштігім мен шыдамсыздығым-ау. Ақырын күтпей, әлдекімді жазғыра саламын. Кейін ол іс атқарылса, өз сөзім үшін ұялып қаламын. Ұят деген – меніңше ісің мен сөзіңнің бір жерден шықпауы.
Сұқбаттасқан: Ерасыл ШӘРІБЕК
15 наурыз 2018 ж. 747 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Спорт

НЕАПОЛЬДЕН ЖЕТІ ЖҮЛДЕ
21 шілде 2019 ж. 37
ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

20 шілде 2019 ж.
ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

19 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031