» » » Бізде циклді әрекеттер әдетке айналған

Бізде циклді әрекеттер әдетке айналған

Біздің анықтама:
       Ол 1994 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген.  Бала күнінен жаңалыққа жаны құмар кейіпкеріміз Алматы халықаралық ақпараттық технологиялар университетін IT саласы маманы бойынша тәмамдайды.  Университет табалдырығында протезді электромиография сигналымен басқару тетігін еркін меңгереді. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды қоғам мүшесі атануына ықпал етеді. Жасанды интеллект, жасанды қол тек шетел ғалымдарының қолынан келеді деген түсінікпен келіспейтін кейіпкеріміз аяқ-қолынан айырылған адамдарға бионикалық протез ойлап тапты. 

– IT саласының мүмкіндігі шексіз екені рас. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік сыйлау идеясы неден туды?
– Барлығы математикадан басталды. Мектепте балаларды екі топқа бөліп оқытатын. Бірі – математикаға қызыққан оқушылар болса, екіншісі –гуманитарлық бағыт. Мен алғашқы топта болдым. Оқушы күнімде математика, геометрия, биология сынды жаратылыстану саласына жақын өстім. 9 сыныптан бастап Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде білім алдым. Математикамен қоса, бағдарламашылар олимпиадасына қатыстым. Әр қалада «Дарын» орталығы жұмыс істейді. Жазғы демалысым сонда өтетін. Жан-жақтан келген білімді балалармен неше түрлі идеяларды айтып, жиі армандайтынбыз. Арманымды ақиқатқа айналдырамын деп жүріп жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Қазір жетістігімнің сырын сұрағандарға “бәріне математика кінәлі” деп қысқаша қайырамын. Ал идея не туды десеңіз, елімізде тағдырдың қиын сынағына ұшыраған жандар көп. Тіпті олар жасанды қол, аяқ салу үшін өзге мемлекетке барып, жылдар бойы күтіп,  қомақты қаражат жұмсайтынын білеміз. Ал қаражаты жоқ адамдар амалсыз көндігеді. IT саласын меңгергендіктен бионикалық қол, бионикалық аяқ жасап шығарып мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік сыйлағым келді. Шынын айтқанда, аяқ-қолды толық алмастырып, еркін қимылдауға мүмкіндік беретін құрылғылар елімізде мүлде жоқ. Керісінше, бионикалық құрылғыға мұқтаж жандар саны көп. Алғашында бионикалық протез жасай бастағанымда әлемде аналогы бар қолды не үшін жасап жатырсың дейтіндер болды. Бірақ мен оны шетелдегідей қымбат бағада емес, қолжетімді бағада отандық өнім ретінде шығаруға бел будым. 2015 жылы зерттеу барысында бұлшық еттерді техникалық құралдар арқылы байланыстыруға болатынына көз жеткіздім. Сөйтіп, адам қолына ұқсас бионикалық қол жасауға кірістім. 2016 жылы екінші прототип жасап, одан әрі жетілдірдім. Былтыр сәуір айында жобамды аяқтадым.


Мәулен БЕКТҰРҒАНОВ,  «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:

– Білуімізше, жуырда MBionics компаниясын аштыңыз...
– Жасаған өнімімді заңдастырып, бионикалық протезге авторлық құқық алып, Mbionics атты компания құрдым. Біз соңғы жаңалықтардың
бәрі тек АҚШ-та бар деп ойлаймыз. Бұл қате пікір. Тіпті, АҚШ-тың өзінде жасанды бионикалық қол шығарылмайды. Әлемде жасанды қол шығаратын елдер аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елде бар болғаны он шақты компания жұмыс істейді. Сондықтан мені осы сала қатты қызықтырды. Алайда, шетелге шығып оқуға, үйренуге мүмкіндік болмады. Ғаламтор арқылы, тәжірибе арқылы үйрендім. Екі жыл бойы жасаған жобамның нәтижесінде MBionics компаниясы құрылды. Мұнда бионикалық қолдардың жаңа нұсқасын жасайтын  бағдарламашы, 3D дизайнер-құрастырушы және хирург жұмыс істейді. Олар Алматыдағы протез орталығынан кеңес алып, білімін жетілдіруде. Біз бір сатыда тоқтап қалғымыз келмейді. Жаңа өнім ойлап, сынақтан өткізуден жалықпаймыз. Бұл біздің шығармашылық әлеуетімізді жетілдіреді. Одан соң отандық өнім ретінде бионикалық қолдар барлығына бірдей қолжетімді болса дейміз. Өйткені, протездер шетелде 20 мың доллар тұрады. Біздің өнімнің бағасы 2 мың доллардан аспайды. Кеңес сұрап келген тұтынушылардың денсаулығын тексеріп, қол бұлшық етінің мүмкіндігін анықтап, қолайлы бионикалық протез жасаймыз. Яғни әр тұтынушының ерекшеліктерін ескереміз.
– «Арзанның сорпасы татымас» демекші, өнімнің сапасы шетелдегі құрылғымен бірдей екеніне кепілдік бар ма?
– Ұсынып отырған өнім сапалық жағынан шетелдік аналогтардан кем емес. Өнім қаншалықты сапасыз болса, тұтыну ұзақтығы да
соншалықты аз болады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігімен, Алматы протез орталығымен ынтымақтастық аясында жұмыс істейміз. Жаңа өнім жасап шығаруға «Нұр Отан» партиясы да қолдау білдіруде. Осы сенім мен қолдаудың үдесінен шығу қажет. Сондықтан өнімнің сапасы біз үшін бірінші орында. Өйткені протез бір адамға арнайы жасалады. Әр адамның қолының зақымдануы және бұлшық еттерінің сезімталдығы әртүрлі. Бастапқыда бір протезді жасауға 8 ай уақыт кеткен. Қазір барлық құрал-сайман түгелденіп, бағдарлама қалыптасқаннан кейін екі апта ішінде жасайтын болдық. Мұның өзі үлкен жетістік. Протездің 20-дан астам қызметі бар. Оларды басқару, ауыстыру үшін көп уақыт қажет. Ал біз өнім уақыт үнемдеу үшін автоматты түрде басқарылып, өздігінен қозғалатын жасанды қол даярладық. Алдағы уақытта бионикалық қол сенсор арқылы басқарылады. Яғни компьютер арқылы жасанды қол ашылып, білек қозғалып, тұрмысқа қажетті құралдарды ұстауға мүмкіндік береді.
– Протездің тағы қандай ерекшеліктері бар?
– Жасанды қолдың көмегімен есікті ашып-жабуға, ыдыс-аяқты ұстауға, тіпті спортпен айналысуға болады. Жуырда бионикалық протездің бесінші нұсқасын жасауды жоспарладық. Біртіндеп саусақ білезіктерін ғана емес, иыққа дейінгі адам қолының орнын баса алатын технология жасауды ойға алдық. Өткен жылы мемлекет тарпынан жобаны дамытуға 2 млн. теңге көлемінде грант жеңіп алдық. Енді сол қаражатты жаңа жобаға қажетті құралдар алуға жұмсаймыз. Ғылым бір жерде тоқтап қалмау керек. Қолға арналған бионикалық протездерді қолданысқа толықтай енгізіп болған соң, жасанды аяқ жасауды да қолға аламын. Қазіргі таңда жастар арасында да, ересектер арасында да көздің көру қабілеті үлкен мәселеге айналды. Болашақта жасанды көз қарашығын жасап шығаруды да жоспарлап отырмын.
– Алғашқы тапсырыс түсті ме? Нәтижесі қалай?
Mbionics өніміне тапсырыс берушілер саны көп. Тапсырыстың барлығы өзіміздің елден. Әсіресе, Алматы қаласынан. Бес ай бұрын семейлік Әкежан есімді  балаға протез қол салып бердік. Баланың қуанғаны көргенде өзімді ұстай алмадым. Қанша жылғы еңбегім далаға кетпегенін ұқтым. Бұған дейін Әкежан қоданған протез ыңғайсыз, әрі өзіне арнайы жасалмағандықтан қиындық туғызыпты. Осыған қарап, протез жасайтын мамандар өз ісіне салғырт қараған деп ойладым. Мәселен, Ресейде протез жасайтын мамандарды даярлайтын колледж бар. Онда білім алушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып үйренеді. Оқу мен ізденіс адамды алға жетелейді. Сондықтан ол жақтағы мамандар кәсіби шыңдалған. Өкінішке қарай, біздің елде мұндай арнайы оқу орны не болмаса мамандық иесі атануға мүкіндік жоқ. Алдағы уақытта бізде де жасанды мүшелер жасайтын оқу орны ашылса, бұл сала қарыштап дами түспек.
–Жетістікке жету үшін не істеу керек?
– Протез жасауға отбасым қолдау білдірді. Анам – дәрігер, әкем – инженер. Бионикалық қолдарды 3D принтерден шығарып, керек құралдарды АҚШ-тан арнайы тапсырыспен алуға жәрдемдесті. Маған жетістігім емес, соған жету жолында атқарылған жұмыстарым қызықты болды. Алдына мақсат қойып, сол арманына қол жеткізген соң көп адамдар не істерін білмей қалады. Миллионерлердің көпшілігінің өмір тарихын қарасаңыз, осыны байқайсыз. Сондықтан мақсат неғұрлым биік болған сайын құлшыныс та, күнделікті процесс те соғұрлым қызықты. Оңай келген нәрсенің қадірі болмайды. Жасаған жұмыстан ләззат алуға тырысу қажет. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ғана жетістікке жетеді. Ол үшін еркін ойлап, еркін армандау қажет. Біздің еркіндіктен қысылатынымыз ұнамайды. Кеңес Одағы кезінде біздің ата-аналарымыз бен ата-әжелеріміз айналасына белгілі бір көзқарас бойынша ғана қарауға мәжбүр болды. Ал қазір тәуелсіз Қазақстан жастарының ойы мен қиялына, пікіріне шек қойылмайды. Қоғамда көпшілік батыс мәдениетіне еліктеушілікті қате деп таниды. Алайда, әр нәрсенің жақсы тұстары болатынын ұмытпаған жөн. Еуропада адамдар еркін ойлайды, адамның мүмкіндігін шексіз деп бағалайды. Осының арқасында олардың экономикасы да, әлеуеті де қарыштап дамуда. Бізге де еркіндік қажет. Ой еркіндігімен, пікір еркіндігінен. Қысылмау керек. Бізде мектепте үлгілі оқушы болу керек, университетке грантқа түсу керек, кейін тұрақты жұмысқа орналасып, зейнетке шығу керек деген циклді әрекеттер әдетке айналған. Меніңше, жастарды бұл менталитеттен құтқару керек.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылығыңыз шыңдала берсін!
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
29 наурыз 2018 ж. 151 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 27 (252)

05 шілде 2018 ж.

№ 20 (245)

17 мамыр 2018 ж.

№ 19 (244)

11 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031