» » » СОТТАҒЫ ЖЕҢІС – ШЫҒЫН МЕН УАҚЫТ ЖОҒАЛТУ ЖЕҢІСІ

СОТТАҒЫ ЖЕҢІС – ШЫҒЫН МЕН УАҚЫТ ЖОҒАЛТУ ЖЕҢІСІ

Кәмшат СӘДУАҚАСОВА, Қызылорда қалалық сотының судьясы:
Бір адам бар: еңбегі әйгіленіп, бәйгіленген, ел құрметіне ерте бөленген. Оның әр табысы сарапқа түсіп, салмақталып отырады. Орден-медаль көп...
Бір адам бар: тек  өз міндетін тиянақты атқарып  жүре береді, ол биікке де шықпайды, күйікке де қалмайды. Әуел бастағы сапалы, әрі қарапайым еңбегімен мен мұндалап өз-өзіне үкі тақпай, шаруа торысындай бүлкек желісімен-ақ ұлы істің үлескері болып өмір кешеді. Әмісе еңбегін пайыздан гөрі жүрекпен, сезіммен өлшей аласың. Біздің кейіпкеріміз – Кәмшат Сәдуақасованы екінші сатыға жатқызуға болады. Ол Қызылорда қаласының тумасы. Қазақ академиялық университетінде заңгер мамандығын үздік бітірген. Алғаш еңбек жолы Қазпошта акционерлік қоғамында экономист болып бастаған. Бүгінде Қызылорда қалалық сотының судьясы.
Заң саласына қалай келдіңіз?
– Заң факультетіне түскеннен кейін тәжірибеден өту мақсатында қалалық сотқа келдім. Күнделікті жұмыс барысына қарап, қызығушылығым оянды. Бір жарым жыл ақысыз жұмыс істедім. Іс тіркеуші, мемлекеттік қызметкер, заңгер содан кейін сот саласына келдім. Әділеттілік жолында қызмет атқарған ұнайды.
Елімізде бітімге келумен аяқталатын істерді көбейту үшін түрлі бастамалардың қолға алынып жатқаны белгілі. Осы бағытта Қызылорда облысы соттарында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз?
     – Ағымдағы жылдың ақпан айында Қызылорда облысының қалада орналасқан соттарында «Құқықтық көмек көрсету орталығы», ал аудандық және оған теңестірілген соттарда «Құқықтық көмек көрсету секторлары» ашылып, күнделікті азаматтарға құқықтық тұрғыда ақысыз қызмет көрсетіп отыр. Аталған орталық пен секторлардың мақсаты ең алдымен өзара келісіммен, кешіріммен қарап, дауды сотқа жеткізбей  шешуді көздейді. Сондай-ақ, 2018 жылдың 28 сәуірінен бастап 31 желтоқсан аралығында «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасымен азаматтық істерді қарау және татуласуға ықпал етуге Қызылорда қалалық сотында арнайы татуластыру рәсімдерін жүргізетін судья ретінде бекітілдім. Пилоттық жоба аясында тараптарға дауласудың зардаптары,  татуластыру рәсімдерінің артықшылықтары туралы түсіндіріліп, өзара келісім жасау ұсынылады. Мамыр айынан бастап бүгінге дейін татуластырушы судьяның ықпалымен 50 талап арыз сотқа жетпей шешімін тапты.  
Аталған пилоттық жоба аясында бір істі қарауға қанша уақыт қажет?
– Істі қарау үшін жарты сағат жеткілікті. Десе де соттасып жатқан екі тарапты медиацияға келтіру үшін біраз уақыт кетеді. Екі тарапқа жан-жақты түсіндіру керек. Күмәнмен қарайтындар бар. Заңмен танысып, оның тиімділігіне көз жүгірткеннен кейін көбі келіседі. Заң бойынша істі 6 ай мерзімге созуға болады. Бізге дейін алты ай, бір, бір жарым жыл бөлек тұратын ерлі-зайыптылар болады. Татуласатын адам бірін-бірі іздейді. Сот шешімінен кейін жылап келіп, қайта қосуды талап ететіндер де болады. Біз қуана-қуана қарсы алып, қосылу жолдарын түсіндіреміз. Жас отбасының ісін қарағанда оңаша сөйлесіп, істің анық-қанығына жетуге тырысамын.
   – Медиацияның мақсаты қандай? Ерекшелігі неде?
  – Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды реттеу тәртібі. Бастысы екі жақтың қарым-қатынасын, бітімге келу, ынтымақтастығын, достығын сақтау. Ерекшелігі тараптар уақытын үнемдейді, себебі сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау; мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қызметі керек емес.  Басты құндылығы – екі тараптың ауызбіршілігі сақталады. Бүгінгі таңда бүкіләлемдік тәжірибе медиацияның ірі бизнестен бастап, жанұялық дау-жанжал, айырылысу мен дүниені бөлісу деген сияқты мәселені реттейтінін дәлелдейді. Халықаралық санаққа жүгінетін болсақ, медиация арқылы бүкіл келіспеушіліктің 30-40 пайызы өтеді, 85 пайызы оң нәтижеге ие болады. Кезінде Авраам Линкольн: «Соттасудан аулақ болыңдар. Өз қарсыласыңызды бітімге келуге көндіріңіз. Соттағы бір жеңісіңіз – шығын мен уақытты жоғалтудағы нақты жеңісіңіз» деген екен.
   Азаматтық іс бойынша қанша татуластыру ісі қаралды?
– Азаматтар «дауын сотқа беріп қойған соң қайтып алуға болмайды» деп ойлайды. Медиацияның ерекшелігі – дауды соттың қарауында жатқанда сұратып, медиатор шешіміне ұсынуға болады. Бұл – туыстар бір-бірімен соттасып жатыр деген атақтан құтқаратын жол. Іс медиация рәсіміне берілгенде сот іс жүргізуді тоқтата тұрады. Медиация нәтижесінде мәмілеге қол жеткізілсе, дауды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде, келісімде көзделген тәртіппен және тағайындалған мерзімде орындауға тиіс. Азаматтық іске келер болсақ, қалалық сот бойынша жыл басынан бері 235 іс бітімгершілікпен шешімін тапты.
– «Ерлі зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» деген сөз бар. Жалпы халықтың медиацияға көзқарасы қандай?
– Жоғарыда атап өткендей, бастапқыда түсінбей жатады. Уақыт өте келе тиімділігін байқайды. Жалпы көзқарасы жақсы. Ерлі зайыптының барлығы медиацияға келіп, татуласып кетеді деуге болмайды. Ажырасамын деп шешім қабылдаған адамды ештеңе де тоқтата алмайды. Қанша түсіндірсең де татуласуға көнбейтін жағдайлар кездеседі.
–  Отбасы ажырасуының басты себеп неде?
   –  Бүгінде ажырасуға түрлі себеп бар. Отағасының ішімдікке салынуы, жүріс жасауы секілді нәрседен бастау алады. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар бір-бірімен ашық сөйлеспейді. Ажырасумен мәселе шешіледі деп сенеді. Оларда сыйластық, сенімділік жетіспейді. Ерлі-зайыпты арасындағы әңгімеден өзгелер хабардар болып отырады. Жалпы, қазақта отбасы мәселесін өзге білмеуі тиіс деген қағида бар. Көбіне-көп бұл қағида сақталмай келеді. Бұрын арыз көбіне әйелдерден түсетін, қазір жігіттерден де түседі.
    – Есіңізде қалған отбасы бар ма?
– Әрине көп. Ажырасуға келгеннің көбі ішіндегі ренішін бір-біріне айтпайды, сөйлеспейді, тіпті неге ренжігенін білмейді. Татуласуға тырыспайды. «Неге сөйлеспейді» деп сұрасам, «білмеймін, шын мәнінде сұраған жоқпын» деп жауап береді. Әлеуметтік желіде отырады. Осылайша отбасына мән берілмейді.
– Қай жастағы ерлі-зайыптылар жиі ажырасады?
– Кейде 50-ден асқандар да келіп жатады. «Осы уақытқа дейін шыдап келдім, енді қанша өмірім қалды дейсің, соны тыныш өткізейін, қоятын шығар деп едім, болмады» дейді. Жастардың көбісі балалары үш жасқа толмай ажырасып жатады. Азаматтық істі қарап жүріп түсінгенім, әйелдерде жүктілікке дейінгі және кейінгі кезеңдер болады, сол кезде оларға көңіл бөлу жетіспейді. Оның жан дүниесі, ішкі сезімі ескерілмейді.
     – Отбасы айырылысты делік, балалары кімде қалады?
  – Заң бойынша бала анасымен қалуға тиіс. Ал 10 жастан асқан баланың өзінен сұраймыз. Көбіне отбасын ажыратпауға қатысты мәселе қарастырылады. Мысалы, баланы анасы мен әкесіне бөліп беру. Бұл – балалардың бір-бірін сағынып,  соңында ата-анасының қосылуына дәнекер болады.
Халықты бітімге шақыру оңай емес, шаршаған кезіңіз болады ма?
– Әрине, талап берушілер бітімге келгенде, шаршағанымның бәрі су сепкендей басылады. Баланың шаттыққа бөленгенін сезінемін.
Медиацияның болашағы қандай болмақ?
– Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке  бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Дарабоз халықтың дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы.
Сынды қалай қабылдайсыз?
– Өз қателегінен сабақ алу –  әркімнің қолынан келе бермейді. Егер орынды сын болса, қабылдауға, одан нәтиже шығаруға тырысамын.
      – Арман-мақсатыңызға тоқталсаңыз...
– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөз бар. Жаратушы Алладан елімді аман, жұртымды тыныш ете гөр деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
 
20 маусым 2018 ж. 853 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30