» » » Актер – сахна ханзадасы

Актер – сахна ханзадасы

    Олжас Аманов, Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театр актері:
    – Өзіңіз жайлы аз кем айта кетсеңіз...
 – Жалағаш ауданында дүниеге келдім. №202 орта мектепте білім алдым. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде ән салу мамандығында оқыдым. 2011 жылдан бері Нартай Бекежанов атындағы драма театрында жұмыс істеймін. Бала кезден актер болуды армандадым. Ата-анама қойылым қойып жүрдім. Менің көрерменім –  ауылдастарым. Олардың қошеметі мені жігерлендірді. Өнер жолына жетеледі. Осылайша сахна төрінен бір-ақ шықтым. Отбасында үш ағайындымыз. Үйдің кенжесімін.
– Алғаш сахнаға қалай шықтыңыз?
– Әуелі үйде, аулада өнер көрсеттім. Алғаш сахнаға 9 сыныпта оқып жүргенде шықтым. Сол сәттен бастап сахнадан түспей келемін (күліп). Сахна жаныма жақын. Театрда өнер көрсету – әрбір жастың арманы. Мен өз арманыма жеттім деп есептеймін.
– Қандай рөлдер жаныңызға жақын?
– «Кемпір шалдың комедиясы», «Арман-ай», «Қыз жиырмаға толғанда» сынды қойылымдарда бой көрсеттім. Мелодрама және драмалық рөлдерде ойнаған ұнайды. Актер болған соң қай рөлді жүктеді, соны алып шығуға тырысамын.
    – Сіз үшін актер деген кім?
    – Актер – тұлға. Бір сөзбен айтқанда, сахана майталманы. Актер өз тағдырын емес, өзгенің болмысын сомдайтын және біреудің
жақсылығын да, жамандығын да жүрегіне тоғытып, халыққа жеткізе білетін тұлға.  Актер – сахна ханзадасы, өнердің теңдессіз алыбы.
   –  Артист жан-жақты келеді. Әнді де айтады, биді де билейді. Көрермен білмейтін тағы қандай өнеріңіз бар?
–  Дұрыс айтасыз. Біз ән шырқауға, би билеуге бейімделу керекпіз. Бұл театрдың актерге қояр талабы. Шүкір, өнерден кенде емеспіз. Себебі образды ашу үшін бізден жан-жақтылық талап етіледі. Оған дәлел жақында театр Шотландиядағы халықаралық «Фриндж» фестивалінде өнер көрсетті. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісінде сахналанған «Ақбаян» спектаклін ұсындық.
  • –  Өнерге өкпеңіз жоқ деп ойлаймыз. Ал өмірге ше?
–  Өмір дейсіз бе? (ойланып). Өмірге өкпем жоқ. Өмір деген мен үшін бір ағын су сияқты. Бір күні тоқтайды.
   –  Алауыздық сахнада жиі кездеседі. Оған көзқарасыңыз қандай?
     – Алауыздық – өнердің қай ортасына болмасын тән құбылыс. Ол театр мен кинода жүрген адамдардың үнемі бетпе-бет келетін кедергісі. Тіпті соның өзі қамшылайды. Мұстафа Кемал Ататүріктің «Біздің бәріміз парламент, депутат, министр бола аламыз. Тіпті республика Президенті бола аламыз. Бірақ ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолынан сүйеміз» деген.
–  Қазір не көп әнші көп. Оларға көзқарасыңыз қандай?
–  Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда әншілер, мағынасы жоқ әндер көп. Роза Бағланова, Шәмші Қалдаяқов, Мәдина Ералиеваның әндері қандай? Шырқалып жүрген әндер олардың жанына да жуымайды. Ерке Есмахан «Жоқ, жоқ» деп ән шырқаса, Серік Ибрагимов «Бар, бар» деп жауап қайтарады. Сізге қызық па? Ішінде түк іліп алары жоқ. «Ешкім сендей болмайды», «Жүрегім сен деп соқса да», «Жүрегім сен келгелі бақытты», «Күнім сен сөнбеші». Міне, барлығы махаббат жайлы әндер. Елім, жерім деп тебіренген жас әншіні көрмейсіз. Бірақ оларды жаппай жамандауға болмайды. Дауысы да бар, мәдениеті де мол әншілер баршылық. Олар фортепианоны сезінеді, оркестрді жан-тәнімен қабылдайды.

  • –  Елімізде кітап оқымайтын топтар пайда болғаны алаңдатпай ма?
  • –  Жастарды кітап оқымайды деп жамандауға болмайды. Себебі ғаламтордан керектің бәрі табасыз. Тіпті қажетті кітапқа дейін жүктелген. Жастар кітапты ғаламтордан оқиды.
  • –  Өнер жолында сынау мен мінеу жиі кездесіп жатады. Сізді шыдата қояр ма?
  • – Әрбір ұлы адам болсын, кіші адам болсын ол кісінің тағдыры әрқилы қалыптасады. Қиыншылықтар мен ауыртпалықтар кездеседі. Көпшілігі «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүр деп ойлайды. Бірақ бәріне шыдап бағуға үйренгенмін. Қаннан сіңген әдет болса керек, қандай қиыншылық болса да мойымаймын.
  •  –  Жастардың қандай мәселесі алаңдатады?
–  Жастардың ортасында жүргендіктен  жастардың біраз мәселесі алаңдатады. Біріншіден, жұмыссыздық. Екіншіден, баспанасыз пәтерден-пәтер жағалауы. Құл базардан нәпақасын тапқандардың дені – жастар. Несін айтасыз, шешімін таппай жүрген мәселе көп.  
  • –  Жұмыссыздық деп айтып қалдыңыз. Жұмыссыздықпен күресу үшін не істеуге болады?
–  Жұмыссыздықпен күресу жұмыстары жүргізіліп-ақ жатыр. Көптеген бос жұмыс орындарына жәрмеңке де өткізілуде. Десе де жұмысқа тұруға өтінішін апарғанда жұмыс тәжірибесін сұрайды. Айтыңызшы, өзі жұмыс таба алмай жүрген жаста қайдағы тәжірибе?! Есігін қақсаң үш жылдық тәжірибе сұраса, оқуды енді бітірген түлек тәжірибені қайдан алсын?! Кейде ойлап қаламын, біз осы орындалмайтын талап қоямыз-ау...
  • –  Ер жігіттің міндеті Отан алдындағы борышын өтеу. Әскерге бардыңыз ба?
  Әскерге бару – Отан алдындағы борышымыз. Әрбір ер жігіттің арманы. Бүгінгі таңда әскерге бармайтын жастар көп. Сізді алаңдатқаннан туындаған сауал екенін сездім. Шынайы жауап берейін, әскерге бармадым. Комисиядан өттім. Десе де, мені әскер қатарына қабылдамады.
  • –  Театр қазіргі таңда демалыста. Бос уақытыңызда немен шұғылданып жүрсіз?
–  Бос уақытымды тиімді пайдалануға тырысамын. Көп уақытымды отбасыма арнаймын. Балаларымды қыдыртамын. Оларға әкелік махаббат, мейірім сыйлауға тырысамын. Спортпен шұғылданамын. Кітап оқимын, теледидар көремін.
–  Кино саласына бетбұрыс жасау жоспарда бар ма?
–  Кино саласына қызығушылығым бар. Киноға түскен өзіме ұнайды. Алда жоспар көп. Оны уақыт еншісіне қалдырғанды жөн санадым.
  • –  Білікті актер болу үшін не істеу керек?
  • –  Білімін жетілдіру керек. Ең маңыздысы, кітап оқу. Актер сомдайтын образын ашу үшін көп ізденген тиімді.
  • –  Осы рөлді сомдасам екен деген кейіпкеріңіз бар ма?
–  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі Қозының рөлін армандаймын.
–  Әлеуметтік желіде белсендісіз. Жасырын болмаса айтыңызшы, ғаламторға күнделікті қанша уақыт жұмсайсыз?
–  Ғаламторға жиі үңілемін. Жаңалықтар оқимын. Қызықты ақпараттарды бөлісемін. Өзіме пайдасы тиер дүниелерді аламын.
–  Екінің бірі кәсіпкер болғысы келеді. Кәсіп ашу ойыңызда бар ма?
–   Қазіргі таңда кәсіпкерлікке қолдау көп. Jas project жобасының өзі неге тұрады?! Кәсіпкер боламын деген жасқа 1 миллион грант бөлді.  Қандай кәсіп ашамын десе де қолдау барын сезіндік. Жұмыссыз жастарға демеу болды. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жастар көп. Мені осы қуантты. Ал өзіме келер болсам, дәріхана ашу жоспарда бар.
  • –  «Актердің табысы аз» деген қауесет қаншалықты шындыққа жанасады. Жасырын болмаса айтыңызшы, айына қанша табыс табасыз?
  • –  Актер үшін көрерменнің қошеметі үлкен баға. Ол соның табысы болмақ.
      –  Сіз үшін не маңызды?
  – Мен үшін елімнің амандығы, тату-тәтті өмір сүргені маңызды. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Сұқбаттасқан. Мөлдір САБЫРЖАН
16 тамыз 2018 ж. 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 46 (271)

15 қараша 2018 ж.

№ 45 (270)

08 қараша 2018 ж.

№ 44 (269)

01 қараша 2018 ж.

Экономика

Әлеуметтік шаштараз

Әлеуметтік шаштараз

18 қазан 2018 ж.
Ащы, ащы да болса тәтті

Ащы, ащы да болса тәтті

06 қыркүйек 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930