» » » ТУҒАН ЖЕРДІҢ МЕРЕЙІН ӨСІРУ – БІЗГЕ ПАРЫЗ

ТУҒАН ЖЕРДІҢ МЕРЕЙІН ӨСІРУ – БІЗГЕ ПАРЫЗ

 Арман МАЖИТОВ,
Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты:

Біздің анықтама:
Арман Мәжитов 1987 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясында «теміржол тасымалын ұйымдастыру» мамандығын бітірген. Облыс әкімінің жастарға арналған «Сыр үміті», республикалық Ғани Мұратбаев сыйлығының иегері.

– Арман, Жаңақорған жастарының жалынды жұмыстары шынайы жанға шуақ себеді. Оның ұрпақ тәрбесінде алар орны, ыстық ықпалы бар. Өзіңіздің де өнер мен мәдениетке қолдау көрсетіп, олардың ынта-ықыласын жетелеуде азаматтық парызыңыз аз емес. Әсіресе,  сіз бас болған КВН командасы республикада топ жарып, аудан мерейін асырғанын айрықша атауға болады. Бұл – Арман үшін қандай мәртебе?
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, туған жерімізге туымызды тігіп, оны түлету - ортақ парызымыз. Сондықтан Жаңақорған жастарының басын біріктіріп, ауданымыздың мәртебесін көтеру мақсатында, құрама жасақтау басты жоспарда болды. 2015 жылы «Жаңақорған құрамасы» деген атпен облыстық жайдарман лигасында бақ сынадық. Алғаш рет қатысқалы тұрған топқа  қарап, аздап уайымның болғаны да жасырын емес. Бірақ, жігіттер сахнада жасқанып қалмай, көрермен қошеметіне бөленген сәтте үлкен жетістікке жетерімізге сенімділік пайда болды. Сол жылы облыстық лигада үздік үштіктен көрінсек, келер жылы бас бәйгесін алдық. Ал биыл  «Жаңақорған құрамасы» республикалық «Жайдарман live» жобасына қатысып, жеңімпаз болғаны мен үшін де командаға да үлкен мәртебе болды. Жоба басталғалы тақымын қысып, жанкүйерлік еткен барша жерлестерге де алғысым шексіз. Негізі Жаңақорған – өнердің үлкен ортасы.Өнер жолындағы тұлғаларға туған жерінің қасиеті даритынын құрамадағы жігіттерден аңғаруға болады. Жалпы, туған жердің мерейін өсіру – парыз.
Аудан тарихында мәслихатқа алғашқы сайланған жас депутатсыз. Депутаттық мандат Арман Мәжитовқа қандай өріс әкелді?
– Тегінде кез келген адамға, азаматқа ел сеніміне ие болудан артық мәртебе жоқ шығар. Ауданда жүргенде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен тұрмысы төмен отбасыларға жиі қолдау көрсетіп, көмек қолын создым. Содан болар халық оң баға беріп, аудандық мәслихаттың депутаттығына сайлады. Сөйтіп, ел сенімінің арқасында халық қалаулысы мандатына ие болып, ел аманатын арқалап келемін. Жалпы, қай уақытта болсын сенім жүгі ауыр, әрі ол үлкен мәртебе. Сондықтан, депутаттық жұмысымда мүмкіндігінше елдің ортасында болып, оларды ойландырып, толғандырып жүрген мәселелерді жіті зерттеймін. Сан қырлы мәселелердің ішінен мүмкіндігінше ең өзектісін бірінші кезекте қолға алуға, ол туралы мәселе қозғауға тырысамын.
– Кезінде драматург, атаңыз Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» пьессасы өнердің қара шаңырағы М.Әуезов драма театрында сахналанып, көрермен мен өнер қайраткерлері тарапынан жоғары баға алды. Меніңше, тартымды туындыны өмірге әкелуде қаламгердің  Алматы мен Астана тұруы шарт емес, аудан мен ауылда тұрғаны да ешқандай кедергі болмайтынын білдік. Жалпы, атаңыздан «жұққан» қандай қасиетіңді атай аласыз?
– Атамның өнер саласында еткен еңбегі көп. Туындысы өнердің қара шаңырағы М.Әуезов драма театрында қойылғаны әулетіміз үшін үлкен мақтаныш. Енді атамның қасиеті қонды деп айта алмаймын. Өзіме қонбаса да балаларымның бірі атасының жолын жалғайтынына кәміл сенемін.
– Өзгент ауылында мешіт салып, халықтың имандылық жолын жаңғыртқан жұмыстарыңызды жұрт жиі айтады. Жыл сайын онда қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады. Мұны Мәжитов әулетінің мерейі десек қалай?
– Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай деген «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Сол себепті әкемнің інісі Нүрпейіс Мәжитов мешіт салу бастамасын көтеріп, жүзеге асырды. Әйтсе де ағамызға қолдау көрсетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып демеу бердік. Бұл өмірге келгеннен кейін әрбір пенде өзінің артынан өшпес мұра немесе өшпес із қалдырып кетсем деп армандайды. Оған жетер жол Ислам шариғатында жатыр десек жөн болар.
– Жалпы, адам өзі жайлы жылы сөз естісе марқайып жатады. Ал, сынға қалай қарайсыз?
– «Жылы киім – тәнді жылытар, жылы сөз – жанды жылытар» деген тәмсіл бар. Жылы сөз естісек марқайып қалатынымыз жасырын емес. Бірақ, асыра мақтап, мадақтау айтқанды онша ұната бермеймін. Бірақ, адамның жігерін жалындату үшін жылы сөзді пайдаланғанымыз абзал. Ал, сынға келер болсақ, Сынды жақсы қабылдаймын. Сол сыннан үлкен сабақ аламын.
– Қатты қуанған сәтіңіз есіңізде ме?
– Жоғарғы оқуды тәмамдап, Түркістан қаласында жұмысқа орналастым. Содан жалақамды жинап, кәсіппен айналыса бастадым. Содан тапқан табысымның бір бөлшегіне  ата-анаммен інімді Сарыағаш шипажайына демалуға жібердім. Бұл – менің қатты қуанған сәтім. Ата-анам бұл ісіме қатты қуанып, ризашылығын білдірді.
– Рахат Тұрлыхановтың орындауындағы «Әже» әні құлаққа жылы тиеді. Сізді де әжесінің баласы дейтін көрінеді. Әлеуметтік желіден әжеге деген сағынышты байқап қалдым. Осыдан кейін үлкенге құрмет, ініге ізет деген пейілге тоқ екеніңді түсіндім. Ерке Арманның әже туралы толғамы қалай?
– Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші – әжелер екені даусыз. Әжемнің мейірімін көп көрдім. Қайда барса да  жанынан екі елі қалмайтынмын. Тіпті өзімді әжемнің кенже баласы ретінде сезінетінмін. Әже тәрбиесін көрген бала сөздің қадірін біледі. Әжем бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өсу керек деп бірге ертіп жүретін. Немерелерін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліте білетін. Біз ғана емес әжеміздің әсерлі әңгімесін тыңдауға көршілеріміз, достарымыз да үйге жиі бас сұғатын. Мен үшін  әжемнің орны ерекше.
– Отбасындағы әкелік орныңды, асыраушы тірек болған болмысыңды бағалап көрсек...
– Жалпы өзім өмірде көңілді жүргенді ұанатамын. Достарымның арасында болсын, әріптестірммен бірге болсақ та қалжыңдасып жүруге құмармын. Ал, отбасына келгенде қаталдығым жиі байқалады. Өмірде ұрпақтар тәжірибесі деген бар. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі». Сол себепті әкесіз ананы, анасыз әкені елестетудің өзі қиын. Жер бетінде жақсылық атаулының барлығы осы екі адамның қолымен, солардың ізгі жүректерімен, нәзік көңілдерімен жасалады. Дүниедегі ешбір оқу – әке мен ананың берген тәлімін бере алмайды. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие – тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Оны кітаптан да табу қиын. Олардың тәрбиесі, Абай айтпақшы, бар тамырды қуалайды. Жүректен шығып жүрекке жетеді. Әкенің балаға айтқан әңгімесі, баласымен бірге ойнап-күлгені, серуендеткені, ел аралатып қыдыртқаны, жаңа адамдармен таныстырғаны, «балам» деп мақтанғаны, ата-бабасының, руының, елі мен жерінің кім екенін ұқтырғаны – тәрбиелік мәні терең дүниелер. Әке – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұрған алтын көпір.
Сұқбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК 
13 желтоқсан 2017 ж. 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 20 (245)

17 мамыр 2018 ж.

№ 19 (244)

11 мамыр 2018 ж.

№ 48 (222)

07 желтоқсан 2017 ж.

Хабарландыру

Нұрлы жер

Нұрлы жер

22 мамыр 2018 ж.
Даму өндіріс

Даму өндіріс

22 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031