» » » «ӘЛЕМ БОЙЫНША ҰРЫҚТЫҢ ЖҮРЕГІН БАҚЫЛАЙТЫН МАМАН САНАУЛЫ»

«ӘЛЕМ БОЙЫНША ҰРЫҚТЫҢ ЖҮРЕГІН БАҚЫЛАЙТЫН МАМАН САНАУЛЫ»

  «ӘЛЕМ БОЙЫНША ҰРЫҚТЫҢ ЖҮРЕГІН БАҚЫЛАЙТЫН МАМАН САНАУЛЫ» дейді ультрадыбысты зерттеу дәрігері Елена МАЛЬЦЕВА
 – Елена, әңгімемізді осы салаға келуіңізден бастасақ...
– Мен Қызылордада туып-өстім. Ата-анам да, ата-әжем де қызылордалықтар. №5 орта мектепте білім алып, Алматыдағы сол уақытта Медициналық институттың «Емдеу ісі» бөліміне оқуға түстім. Интернатураны да Алматыда бітірдім. «Жедел жәрдем» қызметінде, поликлиникада жұмыс істедім. Тұрмысқа шықтым. Күйеуім де дәрігер. Бірге оқыдық. Бүгінде Облыстық медицина орталығындағы «Андрология» бөлімінің меңгерушісі. Бірінші қызымыз Алматыда дүниеге келді. Дегенмен отбасылық жағдаймен Қызылордаға көшіп келдік. Ол кезде перинаталдық орталық Облыстық медицина орталығының ішінде еді. Сол жерде терапевт дәрігері болып жұмысқа орналастым. Болашақ ананың ағзасында қалыптан тыс жағдайлар (патология), бүйрек, қан қысымы ауруы, анемия секілді ауыр дерттер болған кезде олар міндетті түрде терапевтке көрінеді. Босану барысына да қатыстым. Сол кезден бастап келешегім осы аяғы ауыр әйелдермен байланысты болатынын түсіндім. Одан кейін ұлым өмірге келді. Декреттік демалысқа шықтым. Осы ультрадыбыстық зерттеу саласы мені ерекше қызықтырды. Бізбен бірге оқу бітіргендердің ішінде екі адам ғана осы салаға бет бұрды. Себебі сол уақытта енді таныла бастаған. Оқып жүрген кезде бұл саланы меңгеру маған бұйырмады. Өзім де бұл зиян, радиация деп ойлайтынмын. Ата-анамның, жарымның қолдауымен жарты жыл Алматыға оқуға барып келдім. Әдетте біліктілікті арттыру үшін дәрігерлер 1-2 айда оқып келеді. Менің жағдайым жаңа саланы меңгеру болғандықтан ұзақ уақытты талап етті. Қызылордаға келген соң енді ашылған «Ультрамед» медицина орталығында УЗИ маманы ретінде жұмысымды бастадым. Оған қоса №2 поликлиникада жарты жалақы мөлшерлемесімен қызмет еттім. Аяғы ауыр әйелдермен жұмыс істей алмайтындар, тіпті істегісі келмейтіндер көп. Себебі жауапкершілігі орасан.  Бірақ медицина саласының ішінде осы УЗИ жаныма жақын болды. Мені «Іштегі бала не істеп жатыр екен?» деген сұрақ жиі қызықтырады (күліп). Дегенмен жүрек УЗИ-інен басқа барлық ағза мүшесін, көбіне тамыр, буын, құрсақ қуысын, қалқанша, сүт бездерін қараймын. Сонымен қоса, өкінішке қарай, онкологиямен байланысты көрінуші көп. Магнитті-резонансты томография көмегімен көріне қоймайтын, тері астындағы ұсақ ісіктерді де УЗИ көмегімен анықтаймыз. Жаңалықты білмей, бір орында отыруға қазір мүлде болмайды. Сондықтан әртүрлі ғылыми конференция, оқу, жиындардан қалмауға тырысамын. Әр жарты жылда жаңа бір дүние ойлап табылуда. Мәселен, бұрын сүйекті қарай алмайтынбыз. Қазір жаңа технологияның көмегімен ол да мүмкін жағдайға айналуда. 
– Неге медицина?
– Анам осы саланың өкілі болуды өмір бойы армандады. Ол медицинаға байланысы бар «Биология» факультетін бітірген. Бірақ дәрігер
болу бұйырмапты. Кішкентай кезімнен «Біздің үйге дәрігер керек» дегенді естіп өстім. Жоғары сыныпта достарым «Кім болсам екен?» деген ойда жүрсе, менің санамда ондай сұрақ мүлде туындамайтын. Себебі мен дәрігер болатынымды білетінмін. Ата-анамның берген тәрбиесі, өзімнің де қызығушылығым осы салаға бағыттады.
– Балаларыңыз дәрігер боламын демей ме?
– Үлкен қызым 8 сыныпта оқиды. Қызығушылығы байқалады.
– Өзіңіз қалайсыз ба?
– Әрине. Білім мен тәжірибемді біреуге үйретуім керек қой. Отбасымызда жиі айтылатын тақырып та осы медицина болған соң, балалар кей терминдерді жатқа біледі (күліп).
– Ултьра дыбысты зерттеу қалай жүзеге асады?
– Тексерілетін ағза мүшесіне ултрадыбысты сәулелер еніп, жұмсақ терімен шағылысады. Нәтижесінде тері астындағының барлығы сүйекке дейін көрінеді. Сүйектің ар жағына шағылыса алмайтындықтан, көре алмаймыз. Шағылысқан сәуле арнайы датчикке әсер етіп, оның көмегімен экранға бейнесі шығады. Компьютерлі томография және рентгенмен салыстырғанда ультрадыбысты зерттеу ағзаға зиянсыз. Оны жиі қолдануға, ағза мүшесін қозғалыс барысында бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ басқа диагностикаға қарағанда пациентпен тығыз байланыс орнатамыз. Басқа зерттеуде (МРТ, КТ, ренгтген) дәрігер көбіне қолындағы қағазбен жұмыс істейді. Ал біз келген адамның ауруы туралы ақпаратты өзінен толығырақ аламыз. Бауыры ауырып тұрса, бүйрегін де қарай аламыз. Ал сәбилерде 6 айға дейін жамбас сүйегін рентген көмегімен қарау – ағзаға орасан зиян келтіреді. Қазір баланың туу барысында жамбас сүйегіне зақым келтіру – жиі кездесетін жағдай. Осы ретте біздің сала көмекке келеді. Себебі сәбидің сүйегі жұмсақ, әлі қатаймаған. Соның арқасында УЗИ-мен жұмсақ теріні жақсырақ көре аламыз.  
– Бұл диагностикадан өтетін адамға арнайы дайындық керек пе?
– Егер келушінің бауыры, асқазаны, өт қабы мазаласа, аш қарынға көріну керек. Егер қуықты тексеретін болса, толтырып келу керек. Бірінші, толған күйінде көреміз. Одан кейін дәретханаға жіберіп, бос қуықты қараймыз. Басқа ағза мүшесі үшін аса дайындықты қажет етпейді. Ал аяғы ауыр әйелдерге қатысты 3, 5, 6 аптасында ғана қуығын толтырып келуін сұраймыз.  
– Үш апта деген өте аз мерзім. Осы уақытта және бір айға дейін жүкті әйелдер үшін УЗИ зиян емес пе?
– Әдетте, ультрадыбыс тері астын 1 градусқа жылытады. Зиянды әсері тек құрылғыны бір орында бір сағат бойы ұстаса ғана болады. Біз жүкті әйелді аз мерзімінде жүктілікті анықтау үшін ең көп дегенде 3-ақ минут қараймыз. Үлкен мерзімінде де ұзақ қарамаймыз. 20-30 минут көріп, экранға жүктелген ақпаратпен жұмыс істейміз. Жарты сағат бойы сәулені бір бағытқа ғана түсіру деген жоқ. Егер УЗИ-ден кейін ауырып туған жағдай тіркелсе, осы уақытқа дейін жарияланатын еді. Ал диагностикалық тұрғыдан зиянына қарағанда пайдасы көбірек. Себебі 13 апта 5 күнге дейін әдетте алғашқы скринингті тексеріс өткізіледі. Осы уақытта Даун, Эдвардс, Патау синдромы, 22-інші аптасында жүрек, зәр шығару, ми жұмысының ақауы бар-жоғы анықталады. Өте кеш шығатын ақаулар да бар. Бала үлкейіп қалған кезде байқалады. «УЗИ зиян» деп, міндетті тексерулерге келмейтін әйелдерге айтарым, ақау неғұрлым ерте анықталса, анасы үшін де, баласы үшін де жақсы. Егер ақау  күрделі болса, арнайы консилиум құрылып, баланың тағдыры шешіледі. Ал туғаннан кейін емдеуге жараса, гинекологтарға барлық ақпаратты өткіземіз. Сондықтан бізді гинекологтардың көмекшісі деп те атайды.
– Анасы мен баласын алғаш рет таныстырған сәтіңіз есіңізде ме?
– Дина есімді жақын танысым бар. Алғашқы жүктілігі кезінде келді. Құрылғыны қосып, жатырына жақындаттым. Экранда кішкентай екі «нүктеше» тұр. Үндемей, монитордан көзімді алмай, қарап отырмын. Уайымдай бастаған Дина қобалжыған даусымен: «Не болды?» деді. Мен жымидым да, «Дина, егіз сияқты» дедім. Артынша: «Тұра тұршы, мұндай жағдай басымда бірінші рет болып тұр. Дұрыстап көрейін» десем, көзіне жас толған Дина: «Менде де» дейді. Кейін осы жағдайды еске алып, бір күліп алдық. Қазір, шүкір, балалары ер жетті. 
– Тексерілуге келгендер жақсы жаңалық естуді қалайды. Бірақ қалауы орындала бермейтін жағдай бар. Жағымсыз жаңалықты қалай жеткізесіз?
– «Көптен күткен сәбиің өмір сүре алмауы мүмкін» деп турасынан айту мен үшін өте қиын. Сондықтан «кішкене мәселе болып тұр, бірақ сабыр сақтап, дәрігерлермен келісейік» деп басты назарды «кішкене» деген сөзге түсіруге тырысамын. Бірақ екіұдай ойда, жанары төменге қараған әйелді көргенде жүрегің езіліп кете жаздайды. Оған қоса, онкологиялық дертке шалдыққан адамға да диагнозын айту өте қиын. Мұндай жаңалықты бірінші менен естиді. Сондықтан барынша сабырлы, жақсылыққа деген сенімді дауыспен айтуың керек.
– Қазақстанда осы салада қандай мәселе бар?
– Ең қиыны – ұрықтың жетілуіндегі ақауларды анықтау. Ол үшін білікті маман, заманауи құрылғы ауадай қажет. Сонымен қоса халықтың санасына «профилактика» ұғымын енгізу керек. Әр әйел бала көтеретіннің алдында бүкіл ағзасын тексертіп, емдеу керегіне көңіл бөлсе. Алдын-ала. Сонымен қоса «ультрадыбысты зерттеу дәрігерлерінің басын біріктіретін Ассоциация жұмысын жүйелеп, ғылыми конференция, консилиум, жиындар, біліктілікті арттыратын курстар жиі ұйымдастырылса, кәсіби журнал ашылса» деймін. Осы саланың үздік мамандары кеңінен насихатталып, үлгі тұтатын тұлғалар көбірек болса екен.
– Алдағы 10 жылда жоспарыңыз қандай?
– 10 жыл? Көп екен. Ойлану керек. Мен шетелде білім алғым келеді. Халықаралық конференцияға қатысып, көріп-білгенімді осы жерге келіп, жүзеге асырғым келеді. Әлем бойынша ұрықтың жүрегін бақылай алатын білікті маман санаулы. Соның бірі атанғым келеді. 
– Байқағанымдай, сіз дәрігермен қоса, жеке кәсіпкерсіз. Осы «Саламат» клиникасын ашу барысында қандай қиындықтар туындады?
– Алматыда профессор, әрі отбасылық досымыз бар. Ол 4 жыл бұрын осы кәсіпті бастаған кезімізде қаржылай да, рухани да қолдау білдірді. Алғашқы УЗИ құрылғыны фирма бөліп-төлеу арқылы несиеге берді. Бастапқыда кешкі 8-9-ға дейін жұмыс істейтінбіз. Бәрі бірден болған жоқ. Бірінші үстел, одан кейін орындық сынды бәрі ретпен алынды. Шығын табыстан көп болды. Қазір жұмыс істейтін, бір ай бұрын ғана алған құрылғым туралы айтым өтсем. Бұл – Voluson e8 expert америкалық құрылғыда гинекологиялық зерттеуге басымдық берілген. Жатырдағы баланы 4D үлгісінде көруге мүмкіндік береді. 10 жыл бұрын осы құрылғы менің арманым еді. Сапасы да, мүмкіндігі де «эксперт» деңгейіне лайықты. Ендігі он жыл осы құрылғы қаржысын ақтау үшін тынымсыз жұмыс істеу керек.
Әсел БЕГМАН
20 қыркүйек 2018 ж. 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 50 (275)

13 желтоқсан 2018 ж.

№ 49 (274)

06 желтоқсан 2018 ж.

№ 48 (273)

29 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31