» » » БОЛАШАҚТЫҢ ЖӨНІ БІР БӨЛЕК

БОЛАШАҚТЫҢ ЖӨНІ БІР БӨЛЕК


Талант Айымбетов,  
Qyzylordaтелеарнасының дикторы:

Жалпы тележүргізуші болудың оңай еместігінен сырттай хабарымыз бар. Небір «сайрап» тұрған шешендер телекамераның алдында білгенінен жаңылып жатады. Өзің осы салаға   қалай келдің?
  • Бір қызығы, тележүргізуші болу менің үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. 2014 жылы «Сыр жұлдыздары» атты байқауға қатыстым. Сол байқауда телеарна басшысы Жағыпар Қарабала ағамыздың көзіне түссем керек. Көп ұзамай жұмысқа шақырды.  Ғимараттың ішіне енгенде бойымда толқу сезімі болды. Касстингке қатысып, көп адамның арасынан іріктеуден өттім. Белгілі диктор Гүлайым Жанұзақова апайымыз 2 ай бойы мамандықтың қыр-сырына қанықтырды.   
  • Тележүргізуші, футболшы... Таланттың біз білмейтін тағы қандай қыры бар?
  • Футболды жаныма бала кезден серік еттім десем болады. Мектепте түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелендік. Бұл хоббиім бүгінде де керекке жарап тұр. Қазір журналистер арасында өтетін жарыстардан тыс қалған емеспін. Ең үлкен жеңісіміз – биыл белгілі қаламгер, қазақ спорт журналистикасының бастауында тұрған Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнирдің жеңімпазы атандық. Бұл жарысқа осалдар келмейді. Кіл мықтының арасынан озық шыққанымыз жігіттердің ойыны мен команданың ауызбірлігінің арқасы. Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық  турнирде 2 орын иелендік. Қазір «Яксарт» деген команда құрамындамын.
     Доптан кейінгі ермегім – ән айту. Бұл өнер маған әкемнен дарыған. Әкем бұрын ансамбльдер құрамында болған. Анам да өнерден құралақан емес, жалпы отбасымызбен өнерліміз десем артық айтпаймын. Кейде әлеуметтік желілерге ән айтқан видеоларымды салып қоятыным бар. Мұндағы мақсат жұртқа танылу емес, елдің пікірін білу. Лебіз білдіргендердің арасында тілектес жандар да, сын айтатындар да кездеседі.
  • Ән айтатыныңызды білдік. Бұл бағытта қандай жаңалықтарыңыз бар?
  • Жақында бір ән жарыққа шығады. Жақсы бір ағамыз азаматтық танытып, демеуші болып отыр. Әзірге әннің аты да, демеушімнің есімі де құпия болып қалсын. Алдағы уақытта біле жатарсыздар.
  •  Жалпы сынды қалай қабылдайсыз?
  • Өнердегі өріс сын арқылы ашылады. Бірақ сын шын болу керек. Кейбір пікірлерден кейін кемшін тұстарыңды жетілдіре түсесің. Кейде тырнақ астынан кір іздеп, болмайтын нәрсені әңгіме қылатындар кездесіп қалады. Оларды тез ұмытуға тырысамын. 
  • Кімді пір тұтасыз?
   – Ата-анамды пір тұтамын. Әуелі Алла, содан соң осы кісілерге алғысым шексіз. Мені жарық дүниеге әкеліп, тәрбие бергендері үшін өмір бойы басымды иіп өтемін. Ал кәсібіме келсек Мариям Айымбетова, Қымбат Досжан апайлардан көп нәрсе үйрендім. Әлі де үйрене беремін.   
  • Қолыңызда уақытты кері айналдыру мүмкіндігі болса, нені өзгертер едіңіз, құпия болмаса?
  • Бала кезіме оралғым келеді. Бірде күнделікке «Қолымнан келсе ысырар едім уақытты артқа, оралғым келеді алаңсыз балалық шаққа» деп жазыппын. Әлі «Шіркін, баяғы кездер-ай...» деп отыратын жасқа жете қойған жоқпыз ғой, сонда да балалықтың жөні бөлек екен.
Жаһандануға деген көзқарасыңыз қандай?
Ел ертеңi - бiлiмдi жастар. «Бұлақ көрсең көзiн аш» дегендей, қазақ жастарын бiлiмге бағыттайық. Елбасымыз айтқандай «Қазақстанның болашағы – бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады». Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Ендеше жастар еңбек жолына түскенде ғана қоғамын өрге бастыра алады. Отаншыл халық жастары болмағанелдiң болашағықараңғы.
  • Жұмыс барысында яғни тікелей эфирде болған қызықты жағдайды айтып бересіз бе?
  • Эфирге енді шығып жүрген кездегі бір оқиға естен кетпейді. Бір күні аяқ асты тұмауратып қалдым. Бірақ кезекші диктор болғасын эфирге шығуға тура келді. Даусым қарлығыңқырап тұрса да, суфлердегі мәтінді анық оқуға тырысып отырмын. Бірақ жаңалық аяқталуға сәл қалғанда еркімнен тыс түшкіріпжібердім. Сол оқиға есіме түссе, осы уақытқа дейін ұяламын (күліп).
Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Армандар орындалмай жатса, қабылдаған шешімім қате деп түсінемін. Сол қателіктен сабақ алып, үйренеміз. "Аузы күйген үрлеп ішеді" демекші, келесіде теріс шешім қабылдамау үшін барымызды саламыз. Демек, ұстанып отырған қағидамның оң болғаны. Қабылданған дұрыс шешімдерім – менің өмірлік ұстанымым. Бұл пікірімде әлі ұзақ уақыт қалармын. Бірақ, кім білсін? Қатып қалған қағида жоқ. Жас ұлғайып, өмір өзгеріп, ойым өзгеруі де мүмкін, әрине.
  • Арман туралы айтып қалдыңыз, сіздің арманыңыз қандай?
  • Ата-анамның үмітін ақтап, солардың берген тәрбиесінен таймай, алар асуым көп болса екен деймін. Өнер жолында биік шыңдардан көрінгім келеді.
– Бос уақытыңызда қандай іспен айналысқанды ұнатасыз?
Негізінде бос уақыт болады деп те айта алмаймын. Бізде кезекшілік, одан босасаң жаттығуларға барамын. Ал демалыс арнайы еңбек демалысын  алған кезде ғана болады. Сол үшін барынша әр уақытымды бағалап, өзіме пайдалы іспен айналысқан ұнайды.
  • Өзіне сын көзбен қарай алған адамның ұтары көп болмақ. Өз ойыңызша сіздің жақсы жағыңыз қандай?
  • Әуелі жақсы жағымды айтайыншы (күліп). Мақтаннан аулақпын. Адамдарды жатырқамаймын,  тез араласып кетемін. Жұрт «өте ақкөңілсің» деп жатады. Жаман жағымды айтар болсам, мінсіз адам болмайды. Кейде аяқ асты бұрқ ете қалатыным бар. Бірақ ашуым шай орамал кепкенше.
Сұқбатыңызға рахмет!
                                                                                                                                                             Байтөгей СУАН
29 қараша 2018 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 49 (274)

06 желтоқсан 2018 ж.

№ 48 (273)

29 қараша 2018 ж.

№ 47 (272)

22 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31