» » » БҮГІНГІ КҮН ӨМІРІҢНІҢ СОҢҒЫ СӘТІ ДЕП ҚАРАСТЫР

БҮГІНГІ КҮН ӨМІРІҢНІҢ СОҢҒЫ СӘТІ ДЕП ҚАРАСТЫР

Біздің анықтама: Жандос Оразмаханов 1994 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. №15 мектеп-лицей мен халықаралық ІТ университетін үздік бітірген. Англиядағы Лондон, Кембридж және Ипсвич қалаларында білімін толықтырған. Табысты жас кәсіпкер.
– Бүгін мен үшін күн қарбаласпен басталды. Жандос Оразмахановта таң қалай атты?
– Жалпы, мен "үкімін"(күліп). Көп шаруаны түнде істеп, күндіз ұйқыға көңіл бөлемін. Ұйықтағанды өте жақсы көремін. Мен тұрған сәтте барлығы жұмысқа кетіп, шаруасымен айналысады. Бүгін әдеттегіден сәл ерте 9:30-да ояндым. Кумирім Стив Джобстың керемет сөзі бар. "Бүгінгі күн өміріңнің соңғы сәті деп қарастыр" деген. Осы кеңеске құлақ ассаң, үлкен нәтижеге кенелесің. Өйткені сол көзқараспен оянсаң, қимылың шалт, жоспарың тиянақты болады. Бүгінгі жоспарым бекітілді. Алғашқысын сізбен бірге атқаруға кірістім. 
– Белгілі кәсіпкер Қуаныш Шоңбай алғашқы бизнесіне 8 жыл дайындалып, 600 кітапты оқыпты. Сіз бұл салаға қандай дайындықпен келдіңіз?
– Қуаныш Шоңбай секілді үлкен дайындықпен келдім деп айта алмаймын. 600 кітапты оқымасақ та, біршамасын парақтадым. Бұл ортаға түсуімнің өзі қызық болды.  Жалпы, үйдегілердің қалауы ақ халатты абзал жан болу еді. Енді әкесінің жолын жалғаса деген ойы болар. Бірақ әкемнің күнделікті жұмысын көзбен көргеннен кейін бұл саланың маманы болуды ой санамнан сызып тастадым. ҰБТ-дағы балдық көрсеткішпен  Халықаралық ІТ университетіне оқуға түсіп, ата-анадан жырақ кеттім. Сыртта жүргеннен кейін ақша көп кетеді емес пе? Сондықтан өз қаражатым өзімнен шығу тиіс деген мақсат қойдым. Аз-маз ақшамды қалтама салып, "Барахолка" базарынан сағат сатып алып, Қызылордадағы таныстарыма сатуды бастадым. Бұл табыс күнделікті жүріс-тұрысымнан әрі аспады. Қысқасы, жабайы бизнес нәтижесін бермеді. Қаладан футбол тауарларын сататын дүкен ашу ойыма келді. Негізінен бұл ой футболға қатты қызығатынымнан туындаған нәрсе. Ата-анамның көлік алып беремін деген 1.500.000 теңгедей жинаған ақшасы бар екен. Кәсібім дөңгеленіп жатса, темір тұлпардың сан түрлісін мінемін  деп, ақшаның 500 мың теңгесін сұрап алдым. Мен секілді спортқа қызығатындар стадионға ағылады деп Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның маңайынан ғимарат жалдап, ойлаған істі жүзеге асырғандай болдым. Дүкен ашылғаннан кейін Мұратбаев стадионы жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып, футболмен шұғылданатындар Локоматив алаңына кетті. Осының салдарынан дүкеннің маңайынан бір адам кездеспейтін болды. Жалға алған ғимараттың ай сайынғы шығынын өтей алмай, қарызға белшесінен баттым. Амал жоқ дүкенді жабуға мәжбүр болдым. Екінші курсқа көшкенімде ағам мемлекеттік сатумен айналыссаң қайтеді деп жол сілтеді. бір күні сабақтан шығып, базарға барып, керекті заттардың бағасын біліп, мемлекеттік сатуға қатыстық. Бұл жүйеден жағдайым біршама жақсарды. Үйден мүлдем ақша сұрамайтын болдым. Үшінші курста емтиханнан шығып, жатақханаға келе жатсам, бір топ адам аулада үстел теннисін ойнап жатыр екен. Мұндай нәрсені Қызылордаға неге салмасқа деген ой туындады. Жаныма досымды ертіп, спорттық сауықтыру кешеннің жоспарын сызып, туған жерге бет алдық. Қалтада бақыр тиын жоқ. Құдай өзі сәтін салар деп қалаға жеттік. Алдымен кешенге жер іздедік. Сарқыраманың етегінде тоз-тозы шыққан алаңды көріп, иесін анықтауға кірістім. Жер қатынастарына барып, мән-жайды сұрастырсам, жердің иесі жоқ. Жер қалалық әкімнің рұқсаты арқылы беріледі екен. Нұрлыбек Мәшбекұлымен кездесіп, қалталы азамат ретінде көрінгенім бар (күліп). Қаладағы замандастардың көбі денсаулығының әсерінен әскерге жарамсыз екенін баяндап, 5 жылға жерді тегін игеруге рұқсатын алдым. Жер бар, ақша жоқ. Қайтпек керек. "Сыр бойы" газетін парақтап отырсам "Жан-арай" инвесторлармен келісімге келіпті деген ақпар көзіме оттай басылды. Таң атысымен жоспарымды құшақтап, "Жан-арайға" бет алдым. Жылы қабақ танытқан басшымен сөйлесіп, мәселе шешімін тапты. Жастарға танымал Сарқырамадағы спорт кешеннің құрылысының хикаясы осылай болды. Бұл бизнес ең нәтижелі болғанын жасырмаймын. Су жаңа темір тұлпар міндім. Байқасам, жоқтан бар жасасаң жемісті болады екен. Қуаныш Шоңбайдың өмір дерегін қарасам, ол да сағат сатумен, мемлекеттік сатып алумен айналысқан екен. Кейде Шоңбайдың ізімен келе жатқандай көрінемін.
– Сөз еткен Шоңбай идеяны саяхаттан алатын көрінеді. Сіз ше?
– Айтып отырмын ғой, менің әрекетім тура Қуаныш Шоңбайдікіндей. Жасырып қайтеміз, көп нәрсені сырттан алып келуге тырысамыз. Қызылордада жүріп қалсам, бизнестегі идеям сарқылып қалады. Мұндай сәтте, ауылға барып ойды тынықтырамын. Кейде Астана мен Алматыға барып, көше аралаймын. Одан бөлек, атақты адамдардың өмір тарихымен танысып, идеяның сан түрлісін жолықтырам. Жақсы кинолардан да кезіктіруге болады. Негізінде бизнес – өнер. Жұмысты бастау үшін шабыт пен муза керек. Кейде өзім музаны әсем арудан кезіктірем.
– Музаңызды әдемі қызбен байланыстырдыңыз. Сіз болжаған арудың бейнесі қандай болу керек?
– Жасым 25-ке жақын қалды. Ағайын-туыстың ортасында қашан шаңырақ құрасың деген сауал жиі туындайды. Ашығын айтайын, сөзі мен ісі біркелкі болса ұлтына қарамаймын.
– Жуырда Мәскеу мен Сочиге барғаныңызды көрдік. Бұл сапардың бизнеске қатысы бар ма? Жалпы, Ресейдегі сапарды тарқатып айтсаңыз?
– Негізінде қызылордалық делегация Сочидың Сириус оқу орталығымен танысу үшін барды. Сочиге тікелей рейс болмағандықтан Мәскеу арқылы баруға тура келді. Мәскеуге ерте келгендіктен МИССИС университетіндегі қызылордалық студенттермен кездесу ұйымдастырдық. Диалогты "чизбургер" әдісімен жүргіздік. Алдымен жастарды мақтадық, жігерін қайрау үшін сын айттық, соңында қайта шабыттандыру үшін жылы сөзбен қорытындыладық. Университетті аралап жүріп, жетістігіне қуандық, бір жағынан өкіндік. Оқу орны әлемдік брендке айналған Toyota, Audi, Lg, Bmb компанияларының жобаларымен және заманауи 4:0 форматымен жұмыс жасап жатыр. "Мұндай нәрсе бізде неге жоқ" деп күрсіндік. Кешқұрым Сочиге бағыт алдық. Сириус орталығының оқушыларына таңырқадық. Іс-әрекетіне тамсандық. Қаршадай қыздар мен балалар космосқа спутник шығаруды әдетке айналдырған. Мұндай нәрсені көргенде адамзаттың дамығанына қуандық. Бірақ біздің бұл іске жетпегенімізге тағы өкіндік. Істің мән жайына үңілдік. Сочи – туристік орталық. Туризм саласын дамыту бойынша да тың ақпараттар алдық. Енді тәжірибені Сыр жастарымен ұштастырсақ деймін.
– Адам атақты болу үшін тумайды, дегенмен атақты ешкім жек көрмейді. Атаққа қаншалықты құмарсыз?
Атақты болу үшін пиар керек. Атың шықпаса жер өрте деген бар. Неше түрлі пиар жұмыс арасында кездесіп жатады. Қара пиар, ақ пиар деген бар. Мен атаққа ұмтылмаймын. Сен өз ісіңнің білгірі, шебері болсаң, елдің алғысына бөленесің. Халықтың шынайы батасы, міне, нағыз атақ-абырой осы.
– Қазір шағын және орта бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар өте көп. Осы салада жүрген адам ретінде ол бағдарламалардың тиімділігі туралы пікіріңіз қандай?
– Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда орта және шағын бизнесті қолдауға үнемі қаражат бөліп отырады. Ал Ресейдің тәжірибесін қарайтын болсақ, олар көбіне үлкен бизнеске көңіл бөледі. Орта және шағын бизнеске қолдау жоқ. Сондықтан біздің мемлекетіміз кәсіпке дұрыс екпін қойып отыр. Бірақ бізде жас кәсіпкерлер бизнес ашу кезінде бәрін анықтап сұрап білуге ерінеді. Ешкім ойланғысы келмейді. Біреуден сұрай салған жақсы. Кейде маған да жазады «Қалай бизнес ашсам екен?» деп. Алайда менде оған айта салатын бизнестің қандай да бір формуласы жоқ қой. Кәсіп бастаған кезде іздену керек. Мысалы, биыл өңірге "Zhasproject" жобасы келді. Кәсіпкер боламын деген жастарға таптырмайтын бағдарлама. Жобаның игілігін мыңға жуық жастар көруде. Жобаға сенімсіздік танытып, селсоқ қарағандар қаншама! Сондықтан адам ақпаратты жақсы қабылдай білуі тиіс. Ешқашан жеңіл ақшаны тосып, уақыт жоғалтуға болмайды. Егер ойланатын болса, кішігірім ақшадан бәрін бастауға болады. Еш уақытта тегін грант күтіп жатпау керек.
– Кәсіпкер боламын, табысқа жетемін деген адамдарға қандай кітапты оқуға кеңес бересіз?
– Жақында Қуаныш Шоңбайдың "Екінші болма" кітабы жарық көрді. Өзінің оқыған 600 кітабының жиынтығы есебінде шығарған кітапты оқысаңыз, керемет әсер аласыз. Бизнес бастау үшін барлық форманы бүге-шүгесіне дейін баяндаған. Осы кітапты алып оқығандар жақсы нәтижеге қол жеткізеріне кәміл сенімдімін. Сондай-ақ жапон жазушысы Роберт Кийосакидың "Боготый папа, бедный папа" кітабын парақтаса, оқығаны үшін өкінбейді.
Әңгімелескен:
Ерасыл ШӘРІБЕК
13 желтоқсан 2018 ж. 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 12 (289)

21 наурыз 2019 ж.

№ 11 (288)

14 наурыз 2019 ж.

№ 10 (287)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031