» » » БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ – НАУҚАНШЫЛДЫҚ ЕМЕС, НӘТИЖЕЛІЛІК

БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ – НАУҚАНШЫЛДЫҚ ЕМЕС, НӘТИЖЕЛІЛІК

Қуаныш ЖАНҰЗАҚОВ, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
   −  Қазақ жастары дегенде дәл қазір көз алдыңызға кімдер елестейді?
− Ойы еркін, рухы азат, болмысы бөлек буынды көремін. Үлкендерден ірілікті үйренген, мәрелерде маңдайы жарқырып,  бәсекеде биіктен көрінетін жастар елестейді. Олар −Тәуелсіздіктің ұрпағы. Солай болуы да заңды.
−  Осы картинаны өзгерткіңіз келе ме?
− Қандай жағдай болса да өзгертпес едім. Себебі олар қоғамды жақсы бағытқа бұра алатын қозғаушы күш. Ел тентексіз болмайды. Қоғамда қыңыр мен қырсық, бойкүйез жастар да бар. Бірақ аға буын айтқан ақыл, көрсеткен үлгі оларды тезге салып, тәрбиелей алады.
− Жастар басқармасында офис те, киім де, жұмыс та ресми. Осы жейде мен галстук жастармен емін-еркін тілдесіп, жұмыс істеуде кедергі емес пе?
Біріншіден, жастар басқармасы − мемлекеттік орган. Мемлекеттік құрылымның бекітілген ережесі, қызметшінің өз әдебі бар. Сол нормаға сәйкес ресми киім, әдеп сақталады. Бірақ жастармен өткізілетін шаралардың форматына қарай киім үлгісі де өзгереді. Бұл арада ситуациялық жағдайларды ескеру керек. Кейде маңызды жиыннан соң киім ауыстыру мүмкіндігі болмайды. Егер жастармен кездесуге еркін стилде киіну қажеттігі алдын ала хабарланса, біз одан бас тартпаймыз.
− Қазір жастарға жан жақты қолдау бар. Отбасында ата-ана қалағанын әпереді, престижді мамандыққа оқуға түсіреді. Оны бітірген соң мемлекет жұмыс, баспана тауып беру керек. Осы қолдауды біржақты қарап отырған  жоқпыз ба? Көп бақылаудан, оларды жетектегеннен өзі шешім қабылдай алмайтын, «мен мемлекетке емес, мемлекет маған беру керек» дейтін жастар өспей ме?
− Сауалдың төркіні масылдық турасында екені түсінікті. Заң бойынша ҚР әрбір азаматы орта білім алуға міндетті. Одан соң жоғары оқу орнында немесе кәсіптік мекемеде білімін жетілдіруге құқығы бар. Біз тек жастардың дұрыс бағытта дамуы үшін жұмыс жасаймыз. Ол жетектеуге жатпайды, жаңа буынға қашанда демеу көрсетіп, бағыт сілтеу біздің міндетіміз. Мемлекеттің қолдауын әрбір жас сезінуі тиіс. Мысалы, Елбасы тапсырмасымен жастарға баспана беру мәселесі тапсырылды. Үйді кез келген жас жеңілдікпен жалға ала алады. Бірақ оның жұмысы, тұрақты табысы болу керек. Егер мемлекет бәрін тегін берсе, негізгі қор таусылады. Сол үшін жастар берілген жеңілдіктің қайтарымы бар екенін түсіну керек.
− Осы жылы ауыл жастары үшін қандай бастамалар қолға алынады?
Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылға баратын жастар үшін қосымша мамандықтарды қарастыру және жәрдемақыны 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 пайыз көлемге арттыру көзделді. Бұл – ауылға барам деген жасқа үлкен демеу. Барлық ауданда «Жастар ресурстық орталықтары» жұмыс жасайды. Қазір жастар мамандық таңдаудан көп қателеседі. Ауылда олардың мамандығына сұраныс бола бермейді де, жұмыссыздық мәселесі туындайды. Сол үшін қайта бағдарлау бағдарламалары қабылданды. Жастар белгілі бір кәсіпті игеру үшін мемлекет шәкіртақы мен жол шығынын мойнына алды. Ауылдағы ең басты мәселе жұмыссыздық болса, оның шешу жолын мемлекет көрсетіп қойған.
− Мемлекет басшысы еңбекпен де, біліммен де қамтылмаған 300 мыңға жуық жас бар екенін айтты. Біздің аймақта NEET санатындағы жастардың үлесі қанша?
Облысымызда 190 мыңнан астам жас бар. Ол аймақ халқының  24 пайызын құрайды. Осы көрсеткіштің 7,5 пайызы білімсіз, жұмыссыз жастарға тиесілі. Былтыр бұл көрсеткіш республикамен теңесті. Соңғы 5 жылда мұндай жастар санында тұрақты төмендеу бар. Бұл
жағдайда түлектерді біліммен қамту маңызды. Аймақта екі жыл қатарынан оқушылардың 97 пайызы жоғары оқу орнына түскен. Өткен жылы NEET категориясы бойынша Үкіметтің арнайы жоспары бекітілді. Онда мектептерде кәсіптік бағдар беру кабинеттерін ашу қажет деген тапсырма бар. Оның пайдасы қандай? Мектеп бітіруші түлектерге сұранысқа сай мамандықтар жайлы ақпарат береді, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сараптамалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша түлектердің 13 пайызы ғана мамандықты дұрыс таңдайды. Қалғандары түрлі себептермен қателесіп жатады. Осы тұрғыда мамандыққа талдау жасап, оны жастарға дұрыс түсіндіру күн тәртібінен түспейді. Тек оқушылар бұл мәселеге ат үсті қарайды, сосын жаңылысады. Әйтпесе елімізде жұмыс орындары көп, мамандар тапшы.
− Жастардың медиасауаттылығын қалай дамыта аламыз?
− Осыдан екі жыл бұрын қала әкімдігінде жастардың ақпараттық  сауаттылығын арттыру үшін арнайы жоба енгізілді. Әлеуметтік желіні белсенді қолданушыларға республикадан арнайы мамандар шақырылып, тренинг өткізілді. Былтыр құрылған цифрландыру басқармасы да осы бағытта жұмыс жасайды. Биыл «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген термин енді, сол арқылы қоғамдық ұйымдар  жоба дайындауда. Аймақтағы жастардың бәрін бір шарада тоғыстыру мүмкін емес. Олар әлеуметтік желіде белсенді отыратындықтан, онлайн курстар ұйымдастыру да жоспарлануда.
−  Жастарда біз байқамай жүрген қандай мәселелер бар? Оларды шешуді неден бастау керек?
Кейде отбасылық жағдайға байланысты әлеуметтік мәселелер туындап жатады. Мәселен, ойы ұшқыр, қиялы озық балалардың білім алуына тұрмыстық келеңсіздіктер кері әсер етеді. Әрине оның бәрін бір мезетте қолдау мүмкін емес. Бірақ аянып қалмаймыз. Бізді көбіне «ауылдағы жастармен араласпайсыздар, белгілі бір топпен жұмыс жасайсыздар» деп сынап жатады. Былтыр мен аудандарға қарасты бірнеше шағын елді мекенге бардым. Сол жерде жазғы демалысқа келген студенттермен жастар мәселесін талқыладық. Олар көбіне тұрмыстық мәселенің шешілуін қалайды. Тағы бір байқағаным, ауыл жастары жұмыссыз болса да жергілікті жерде қалғысы келеді. Оларға басқа қаладан жұмыс табылған жағдайда да барғысы жоқ. Біздің еліміз біртұтас, оның әр қиырында жүріп, ұлтқа қызмет етуге болады. Ауылда мектеп, емхана, балабақша сынды санаулы ғана мекеме бар. Сондықтан ауыл жастары жұмыспен толық қамтылмайды. Олардың жеке кәсібін ашып, жеңілдетілген несие алуына мүмкіншілік бар. Бірақ мұндай бастама зор тәуекелмен ашылса да, көп жағдайда нәтижесіз бітеді. Себебі, бірінші мемлекетті кінәлау түсінігі қалыптасқан. Жастар батылдық танытып, қолдауға сай еңбек етсе, мәселе де шешімін табар еді.
− BRIF Research Group агенттігінің сарапшылары Қазақстанның  7 қаласында  14-30 жас аралығындағы жастарға сауалнама жүргізіпті. Сұралғандардың 41 пайызы Қазақстаннан кеткісі келеді. Осындай көзқарастағы жастар турасында не айтасыз?
− Меніңше, олар қомақты жалақыны көксейтін болар. Сұранысқа ие маман болсаң, елде де жоғары жалақы алуға болады. Шешім қабылдау әркімнің өзіне байланысты. Шетелде болуға, ол жақтан тәжірибе алуға ешкім кедергі емес. Жастарға елден арнайылап көшіп кететіндей қысым да, себеп те жоқ.
−  Неге мемлекеттік қызметті таңдадыңыз?
− Университет бітірер жылы мемлекеттік органда жұмыс жасай отырып, елге қызмет еткім келді. Бірақ бала арманым басқаша болған. Кішкентай кезімде әскери салада қызмет етуді қалайтынмын. Кейін ата-анамның қалауымен ол саладан бас тарттым.
−  Мансап жолында қайсы қызметті ерекше атап өтер едіңіз?
Мемлекеттік қызметтегі ең алғашқы жұмыс орным соттар әкімшілігі болды. Одан кейін ішкі саясат бөлімінде жетекші  маман, бас маман, бөлім басшысы, басшы орынбасары сынды қызметтер атқардым. Мемлекеттік қызметші ретінде 11 жыл еңбек өтілім болса, оның 8-9 жылы ішкі саясат саласында өтті. Сондықтан осы бөлімінің жұмысы жаныма жақын.
−  Өзіңізге айрықша әсер еткен 3 кітапты атап өтіңізші.
Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» және Б.Нұржекеұлының «Күтумен кешкен ғұмыр», М.Әуезовтың әңгімелерін сүйсініп оқыдым. Көбіне кітап парақтауға уақыт бола бермейді, бірақ оқылу қажет кітап қорын жасақтап қойдым.
− Тарихта өткен кез келген оқиғаны көзбен көру мүмкіндігі болса, қайсысын таңдайсыз?
− Қазақ тарихы азаттық жолындағы сан алуан күрестер пен қанды оқиғаларға толы. Ол күндер қайтып келмесін деп тілейміз. Ал өткенге сапар шегуге мүмкіндік болса, ел тәуелсіздігін жариялаған күнді көргім келеді. Дүйім халықтың толқынысын, риясыз күлкі мен кеуде керген шаттықтың дәмін бірге татқан болар едім.
−  Жаңадан не үйренгіңіз келеді?
− Мүмкіндігінше шет тілдерін көбірек меңгерсем деймін. Жаңа технологиялармен танысуға да ниеттімін. IT саласы бойынша бағдарламаларды өзім жасап шығаруды жоспарлаймын. Домбыра үйірмесіне қатысу да ойымда бар. Жалпы өзімнің қабілетімді арттыратын дүниелерге көңіл бөлгім келеді.
− Жастар жылында жастар басқармасында қандай жоспар бар?
− Осы жылғы ең басты мақсатымыз − Жастар жылын науқаншылдықпен емес, мәселелерді шешу арқылы нәтижелі өткізу. Қазір облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың төрағалығымен арнайы жұмысшы топ құрылды. Өткен жылдың соңында жұмысшы топтың екі рет отырысы өткізілді. Жастар мәселесі тек жастар басқармасында шешім таппайды, сол үшін денсаулық, білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, кәсіпкерлік салалары мамандарын жинадық. Қазірге дейін IT саласы, телебағдарлама, халықаралық деңгейдегі лагерьлер, байқаулар және басқа да салаларды қамтыған 28 жоба  дайындалды. Оны облыстық экономика және бюджет жоспарлау басқармасына ұсындық. 7 ақпан күні өтетін облыстық мәслихат отырысында бюджетке өзерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бюджет мүмкіндігіне қарай бірінші кезекте қаралу керек  9 жоба ұсынылады.  Оның ішінде 2017 жылы тоқтатылған «Сыр үміті» сыйлығын қайта тағайындау, түрік халқы жастарының халықаралық фестивалін өткізу, жастар туризмін дамыту мақсатында республикалық лагерь ұйымдастыру мен Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы ауқымды шаралар бар. Сонымен қоса Ақтөбе, Түркістан облысы жастарымен бірлескен шара өткізуді де жоспарлап отырмыз. Біз көршілес екі аймақта тәжірибе алмасып, өз жұмыстарымызды насихаттайтын боламыз. Егер қаржылық қолдау болса, мәдениет басқармасымен бірге республикалық жас ақындар айтысын өткізу де жоспарда бар. Бұл жобалардың барлығы мәслихатта қолдау тапса, жүзеге асырылады.
Айта кетейік, биыл Мәскеудегі ЖОО-дан 117  түлек елге оралады. Білім басқармасының есебінше, осы жылы 3 жатақхананың құрылысы бітіп, қолданысқа беріледі. Тағы бір қуанатын жағдай, сол жағалаудағы Жастарға қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастайтын болады.
− Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН

  
07 ақпан 2019 ж. 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031