» » » ​СӨЗБЕН СИПАТТАУ МҮМКІН ЕМЕС

​СӨЗБЕН СИПАТТАУ МҮМКІН ЕМЕС


Шыңғысхан САДУОВ,
Ақмешіт-Сырдария мешітінің наиб имамы:

– Шыңғыс, алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ассалаумағалейкум баршаңызға. Мен 1994 жылы Шиелі ауданы Ақмая деген ауылда дүниеге келдім. Сол жердегі №49 орта мектебіне барып, оны бітірген соң, Алланың қалауымен Нұр Астана мешітінің жанындағы медреседе діни тәлім алдым. Ислам жайында ілімдерді оқи отырып, Құранды толық жаттап шықтым. 3 жылдан кейін, яғни 2015 жылы Астананың орталық мешітінде 2 айға жуық азаншылық қызметін атқардым. Содан кейін Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне оқуға түсіп, ол жақта 3 жыл білімімді шыңдауға мүмкіндік алдым. Өткен жылғы Рамазан айынан бастап облыстағы орталық Ақмешіт-Сырдария мешітіне жұмысқа орналастым. Алғашында ұстаз болсам, бүгінде ұстаздықпен қатар наиб имам қызметіндемін.
– Дінге қашан және қалай бет бұрдыңыз?
Аллаға шүкір, біз кәпір болып туған жоқпыз. Ата-анамыз мұсылман. Қателеспесем, 5-інші сынып болу керек, ауыл мешітінің имамына жиі баратынмын. Араб әріптерін кішігірім жаттап, кейін тазалық жұмыстарына араласа бастадым. Осылайша Исламға деген қызығушылық бала күнімнен басталды.
– Егер Исламды бір сөзбен сипатта десе...
Кез келген адам өсе келе, әлемді, қоршаған ортаны тани келе барлығының ғажайып реттілікпен жаратылғанына көз жеткізеді. Осы кезде «маған ойлауға ақыл-сана, мүмкіндік берген кім? Адамды жаратқан кім?» деген сұрақ та қатар туындайды. Мұндай кезең барлығымыздың басымыздан өтеді. Сондықтан мен Исламды Жаратушы Алла мен жаратылғанның арасындағы көркем «байланыс» деп сипаттар едім. 
– Қазір мешітте қызмет етесіз. Жалпы жастар жиі келе ме? Олардың дінге деген талабы қандай?
Бүгінде дін – әлемдегі өзекті мәселенің бірі.Оған түрлі жағдай әсер етуде. Енді ол дүниежүзінде талқыланып жатқан соң кез келгенді ойландыратыны сөзсіз. Мен біздің жастарды құлшылыққа құмар деп айта аламын. Толассыз ақпарат алаңында жүрсе де, олар ең алдымен дұрыс емес жолдан сақтануға тырысады. Мен көріп жүрген қуантарлық көрініс осындай. Оған қоса олар білетін адамдардың сөзін тыңдауға бейімделіп келе жатқандай.  
– Қай сүре ерекше ұнайды және несімен?
Біреуін айрықша атай алмаймын. Барлығы бірдей ұнайды. Десе де ерекше ұнайтын аяттар бар.
– Мәселен?
– «Ей, күнәға батқан, өздеріне зиян келтірген, мен берген нығметтердің байыбына бармай, зая қылған құлдарым, менің кешірімімнен, рахметімнен үміт үзбеңдер! Расында Алла Тағала барлық күнәларды кешіруші. Себебі ол өте кешірімді әрі аса мейірімді». Осы аят маған ерекше әсер етеді.
– Намаз оқуға ниеті бар, бірақ тәуекел ете алмай жүрген адамға не айтар едіңіз?
Намаз адамның қалау-еркіне салынбайтын дүние. Ол – Жаратушының бұйрығы дер едім. Иә, кей адам намаз оқу керегін іштей ойлағанмен, жайнамазға тұрғызып жіберетін тылсым күшті күтіп жүре береді. Біз барынша намаздың екі дүниедегі пайдасын түсіндіруге, құлшылыққа бейімдеуге тырысамыз. Ал одан нәтиже шығару енді адамның өзіне байланысты.   
– Кейде намазға ден қоя алмай, жалқауланатын кез болады. Осындай сәттермен қалай күресесіз?
Әрбір адамның Раббысымен байланысы болады. Ол екеуінің арасындағы сыр. Алла Тағала бізден барлық құлшылықты ықыласпен, жүрекпен орындауды талап етті. Иә, қатты шаршағанда сіз меңзеген кездер болады. Осы сәтте бірден шынайы ниетпен оқылған намаз үшін берілетін сыйды ойлауға тырысамын. Ол әсер етпесе, оқымағаным үшін алатын жазаны еске аламын. Бірақ бәрінен де адамда Раббысына деген махаббаты жоғары тұруы тиіс. Мен сізге айтқым-ақ келеді, бірақ ол махаббатты сөзбен сипаттау мүмкін емес.
Әсел БЕГМАН
21 ақпан 2019 ж. 416 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 17 (294)

25 сәуір 2019 ж.

№ 16 (293)

18 сәуір 2019 ж.

№ 15 (292)

11 сәуір 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930