» » » "Халық" – менің жүрегімде

"Халық" – менің жүрегімде

  Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ, журналист:

   – Әйгерім, біз сізді білікті журналист ретінде танимыз. Тілшілікке келуге не түрткі болды?
  – «Ат болар тай саяққа үйір» демей ме, журналист болуға талпыныс та менің  бала күнімнен қалыптасқан дағды. Олай дейтінім, мен төрт жасыма дейін алфавит таныдым. Кез келген кітапты мән-мағынасын түсінбесем де, судыратып оқып беретінмін. Шығармадан үзінді, өлең-жырды жаттап айтқан сайын ата-анам «жарайсың, менің қызым ертең журналист болады» деп қолдап, қолпаштап отыратын. Сол санама сіңіп қалған ба, кейіннен журналистикаға келу шешімі өзіме де, өзгелерге де тосын болған жоқ. Сырдағы қарашаңырақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне журналистика мамандығына түстім, өмірімнің маңызды белесіне қадам бастым. Бірақ бүгінде тілі бардың бәрі тілші болған заман ғой. Тілшілікке келу – тіршілікке ену. Қалам ұстаған осы екен деп БАҚ-ты сорға айналдырып жүргендер көп. Телеарна, басылымдардың дені арзан ақпарат, жалт-жұлт еткен дүниені көрсетіп, реңсіз рейтинг қууға көшкен. «Сұрыптау» деген ұғым ұмытылған. Сондықтан «шымшық сойса да қасапшы сойғаны» дұрыс деп ойлаймын.
    – Біршама басылымдарда қызмет еттіңіз. Десе де қазір басқа салаға ауыстыңыз. Газеттен кетуге не түрткі болды?
     – «Газеттен неге кеттің?» деген сауал маған қазір таңсық емес. Кетуіме себеп болған үлкен себеп те жоқ. Жасыратыны жоқ, «Халық» – менің журналистік жолымдағы ең үлкен және мені шығармашылықта шыңдаған мектеп. Журналист болу – ол еркін шығармашылықты сезіну, журналист болу – ол тәуелсіз болу екендігін ескерсек, осы қасиеттерді менің бойыма сіңірген – «Халық». Қанаты қатайған балапан ұядан ұшуға талпынады ғой. Оның үстіне адамның өзін кез келген салада сынап көргеннің ешқандай айыбы жоқ. Көр, біл, сезін. Журналистің газетте де, телеарнада да, радиода да тәжірибе алмасуы заңды. Облысымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде мәселеге өзгеше қырмен келіп, ақ сөйлеп, ақиқатын айтатын басылымның бірегейі – «Халық». Мұны мен емес, әлдеқашан-ақ ел бағалап қойған. Сондықтан ел мақтан ететін газетте қызмет қылғанымды мақтанышпен айта аламын, «Халық» – менің жүрегімде.
    – Сізбен тілдескен сәтте адамның көңілі көтеріледі. Сатира жазамын-ау деген ой болмады ма?
  – «Позитивтің адамысың», «Сен осы ренжи аласың ба?», «Қашан көрсең күліп жүресің» деген комментарийлерді көп естимін. Жақын-жуықтарыма ара-тұра хабарласып қалсам, «сен жиі хабарласып тұршы, сенімен  сөйлесіп бір жасарып қалдым ғой» дейтіндер де бар. Шын мәнісінде, әлдебіреуді күлдіргелі мақсатым жоқ, сөз арасындағы саптауларымның реті күлкіге өріледі. Бірақ мен өзіме жақын адамдардың, дос-жарандардың арасында ғана позитивтемін. Бейтаныс ортада менен байсалды адам жоқ. Сатира жазу, фельетон, памфлет жазуға деңгей керек, мен әлі оған жеткен жоқпын. Күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім дей ме, Құдай күлкілі болудан сақтасын дейік.
   – Қоғамдық мәселені жиі көтересіз. Ақырында әлеуметтік желідегі парақшаңызды өшірдіңіз. Айтыңызшы, кімге, қандай мәселенің бетін ашамын деп жақпай қалдыңыз?
   – Бүгінгінің бес қаруының бірі – әлеуметтік желі. Айтам деген ауызға қақпақ жоқ, желіге жазса болды биліктің құлағына мәселе заматында жетеді. Басылымда жұмыс істегенде қоғамдық мәселелерді әлеуметтік желілерде де аз-кем қозғайтынмын. Бәрін қырдым-жойдым, топырақтан тау тұрғыздым дей алмаспын, дегенмен азын-аулақ тақырыптарға соғып тұрғаным бар. Өкінішке қарай, соңғы екі жылда әлеуметтік желілерде аса белсенді емеспін. Иә, фейсбук парақшамды өшіріп те үлгердім. Оған айқын себептер бар. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген. Бірақ бүгінде бұ тәмсілдің салмағы қалмаған. Бойымда қазақы менталитет басым ба, көнбістікке салынамын. Қазір фейсбук желісіне қайта қосылдым. Тіркеліп қойсаңыздар болады – Әйгерім Нажмадинқызы.  
    – Шындықты бетке айтатын журналист деп кімді айта аласыз?
   – Елімізде де, аймағымызда да өз дәрежесінде халыққа қалтқысыз қызмет қылып жүрген журналистер бар. Барлығын да бағалаймын. Атын атап, түсін түстеңіз десеңіз айтайын, мен журналистикада жалғыз ғана адамға еліктеймін. Ол – Нұртөре Жүсіп.
  – Балалық шағыңыз ауылда өсті. Есте қаларлықтай қызықты сәттеріңіз көп болған шығар...
   – Қапелімде есіңе де түспей қалады екен. Бір оқиға бар. Мені анам қырыққа жақындап қалғанда дүниеге әкелген. Мен алғашқы сыныпқа барған жылы ол кісі қырық алтыға таяп қалған. Бір күні ата-аналар жиналысы болатын уақытта барлық балалардың ата-анасы сыныпқа кіріп келе жатты. Сыныптастарымның аналары жап-жас. Менің анам арасында үлкен кісі болып көрінді. Сөйтіп үйге келгеннен кейін «басқалардың барлығының мамалары мама, сен неге әжесің?» деп жылайды екенмін. Сонда анам маған «басқа балалар мамаларының тұңғыш баласы, ал сен менің кенжемсің, сондықтан мен әже сияқты көрінемін» деп түсіндіреді екен. Осы оқиғаны айтса, әлі күнге дейін күліп аламын.
    – "Отыз мың данамен шыққан кітап отыз күнге жетпей-ақ ең түпкірдегі ауданға барып үлгеретін" дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы. Бұл дегеніңіз кітапты таласып оқу деген сөз. Ал қазіргі таңда кітапханада шаң басып жатқан кітаптар да бар. Бұған көзқарасыңыз қандай?
  – Кітап оқуға баланы кішкентайынан баулыған дұрыс. Қазір екі баланың біреуінде ұялы телефон. Көретіндері  – түкке тұрғысыз мультфильмдер. Мұғалімге дейін баланы тәрбиелейтін – ата-ана. Сондықтан баланы телефонға емес, кітап оқуға үйретудің әдіс-тәсілдерін қолдану керек. Бүгінгілер кітап оқымайды деп заманға өкпе арту жөнсіз. Қоғамды құрайтын өзіміз ғой. Алақандай отбасыдан шығатын мәселені шеше алмай жатып, айналасын жөндеуге ұмтылуға ешкімнің хақысы жоқ.
   – "Өмір қарызға берілген нәрсе сияқты" дейді. Өтіп жатқан әрбір минутыңыз, әрбір сағатыңыз үйреткен қандай қасиеттеріңізді бағалайсыз?
  – Расында, өлшеп берген ғұмырда уақыттан асқан бағалы дүние жоқ. Бойымда өзге түгілі, өзімді де жирендіріп жіберетін жаман қасиеттер бар, жасырмаймын. Ол – шыдамсыздық, сабырсыздық, жалқаулық. Бағалайтын жақсы қасиеттерімді менің айналамдағылар айтады.
   – Республикалық "Халық" газетінде жұмыс істеген сәтте біраз мәселені қозғадыңыз. Сіздің мақалаңыз арқылы шешімін тапқан жағдайлар болды ма?
   – Шешімін тапқан мәселелер болды. Журналист үшін жазған дүниесінің нәтижелі болғаны – мәртебе. Жер теліміне байланысты даулы мәселесімен бір кісі редакцияға хабарласып, жүргізілген зерттеулерге орай  жерін қайтарып алды. Көше атауларына байланысты да бірді-екілі мәселе шешілгені бар.  Есімде қалғаны осылар ғана. Айтқан мәселе оң шешімін тауып, жазған дүниең өтімді болып жатса, тілшіге өзге не мерей керек?
    – Домбыра шертетініңіз бар. Домбыраны қайдан үйрендіңіз?
   – Екі қазақ болса, екеуі де домбыра шертуге міндетті деп ойлаймын. Өйткені домбыра мен қазақ егіз ұғым. Домбыраны бала күнімде үйрендім. Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылы – менің туған жерім. Сонда ауылдық мәдениет үйінде домбыра үйірмесі ашылады екен дегенді естіп, барып жазылдым. Жетекшім – Қыдырбек деген ағай болды. Бір өкінішім – сол домбыра үйірмесін аяқсыз қалдырғаным. Дегенмен шерту, жыр-терме тартуды меңгердім. Өнердің артығы жоқ. Көңілім түскенде домбыра – таптырмас досым, мұңдасым.
    – «Қыз мұраты – кету" дейді. Ақбоз атты ханзадаңызды кездестірдіңіз бе?
    – Төлеген Айбергеновтің «Бір тойымның болатыны сөзсіз менің, дәл қай күні екенін айта алмаймын, бірақ..., бірақ, ешкімді де билетпей қайтармаймын» деген өлеңі есіме түсіп отыр. Нәтіміз қыз болған соң мұндай сауалдың қойылуы заңды. Алла бұйыртқан күні болады. Таңдағаным бар. Ол кісінің бойында мен бағалайтын қасиеттер көп. Ең бастысы, бір-бірімізді түсінеміз, қолдаймыз, сыйлаймыз.
  – Күнделік жазасыз ба?
  – Күнделік жазуды қойдым. Менің өмірім кімге керек деп шештім.
  – "Абай жолын" оқымаған адамнан журналист шықпайды дейді. Осыған келісесіз бе? Жалпы "Абай жолын" оқыдыңыз ба?
   – Атым Әйгерім бола тұра, Абайды оқымау күнә шығар?!  Біздің қоғамда Абайды оқымағандар түгілі, журналистиканың иісі мұрнына бармайтындар да қаламды айналдырып жүрген жоқ па? Осыдан кейін біз кімге өкпелейміз, кімге кінә артамыз?  Әр адам өз игілігі үшін білім терсін. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» деген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тағылымды тіркестері бар. Міне, түсінгенге нақ жауап.
  – Жылап қайттым өмірдің базарынан" демекші, орын толмас өкінішіңіз бар ма?
   – Орны толмас өкінішім жоқ. Алла өкіндірмесін.
  – Атаққа, қызметке қызығатын адам көп. Сіз қызығасыз ба?
    – Жаңа ғана Абайды айтып едік, тағы бір Абайдың өлеңі есіме түсіп отыр. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық боласың өлсең тағы» дейді. Атақ, қызметтің бәрі уақытша. Адамға абыройдан артық нәрсе жоқ. Атағың айға асып, өзің абыройсыз болсаң, ол кімге керек?
     – Сынға, өзіңізді сынағандарға қалай қарайсыз?
     – Сын мені шыңдайды. Алға ұмтылуға, қателіктерімді қайталамауға үйретеді. Біреу сынды жаны ашығаннан айтуы мүмкін, біреу аяқтан шалу үшін айтуы мүмкін. Маған барлық сын бірдей. Жер бетінде жеті миллиард адамға ұнауға міндетті емеспін. Сынаса мен көтеремін, құласам жер көтереді.    
  – Нені армандайсыз?  
   – Арманым көп. Бастысы өмірден адам болып өтуді армандаймын және сол жолда күш-жігерімді, қайратымды жұмсаймын. Мендегі жалғыз принцип ол –  кісіге зиян келтірмеу, ешкімнің ала жібін аттамау, құмырсқаға қылдай қиянат жасамау. Осы мақсаттардың үдесінен шығып, тура жолымнан таймасам деймін, басқа арманым жоқ.
    – Сіздіңше журналист қандай болу керек?
  – Заман талабына сай, білімді, оперативті.
   – Қазір көбісі семинар, тренинг өткізіп жатыр. Осыған қалай қарайсыз?
   – Семинар-тренинг егер баруға, қатысуға тұрарлықтай ақпараты болса, қолдаймын. Қазір не көп, «бизнес үйретемін, қалай байып кетуді үйретемін, өміріңді өзгертіп жіберемін» деген тренингтер көп. Олар онсызда нарықтан тарыққан халықты алдап-арбап, түкке тұрғысыз тренингтерімен ақшаларын қағып алады. Сондықтан «семинар-тренинг өткізсем ол халыққа не береді?» деп ойланғаны дұрыс. Өкінішке қарай, көпшілігі құлқынның қамын ойлайды.
   – Жастардың дені кәсіпкерлікке баруда. Себебі жастарға жасалып жатқан жеңілдік көп. Қолдау да бар. Кәсіп ашу жоспарда жоқ па?
   – Көзін тапқанға дәл қазіргідей заманда кәсіппен айналысқанның айыбы жоқ. Оқы, ізден, тап. Ешкім кедергі келтірмейді. Кәсіпке келу үшін алдымен ынта, мақсат, жігер керек. Осыған дейін кәсіпкерлікке байланысты түрлі мотивациялық кітаптарды оқыдым. Бірақ тәжірибе жүзінде пайдаланып көргенім жоқ. Бұл тақырыпта мен көп ойландым. Нәтижесінде шешімін таптым. Тәуекел жетіспейді. Болашақта бұл салада да бағымды сынап көретін сияқтымын. 
   – Айтыңызшы, болашаққа жоспарыңыз қандай?
    – Жоспар өте көп. Дегенмен, мен жоспарға келгенде жабық адаммын. Алдағы жоспарларымды құпияда ұстайтын әдетім бар. «Арық айтып, семіз шық» деген.
   – Жастар жылынан не күтесіз?
   – Әр жылдан бір жаңалық, жақсылық күтетін қанға сіңген әдетіміз ғой.  Жастар жылынан да көп үміт күтеміз. Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Демек бұл бастамада толағай табысты жұмыстар, нәтижелі еңбектерді көреміз деп нық сеніммен айта аламын. Күрмеуі қиын әлеуметтік мәселелер, жастар арасындағы проблемалар барлығының да нүктесі осы жылы қойылса, жастар жылына алғыс үйіліп-төгілер еді.
 – Сұхбатыңызға рақмет!
    Әңгімелескен: Мөлдір САБЫРЖАН
12 сәуір 2019 ж. 979 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031