» » » БІЗ ЖЕТІ БАҒЫТТА ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ

БІЗ ЖЕТІ БАҒЫТТА ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ

Жасұлан АЛДАБЕРГЕНОВ, «J7» продюсерлік орталығының директоры:

Жастармен жұмыс
Қызылорданың тумасымын. 2008 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түстім. Сол уақыттан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, факультеттің студенттер деканы, кейін «Студенттер альянсы» деген ұйымның төрағасы болдым. Одан соң «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына басшылық еттім. 2013-2015 жылдар «Жас Отан» жастар қанатында төрағаның орынбасары болып, 2015 жылдың наурыз айында облыстық «Жастар ресусрстық орталығының» директоры болып тағайындалдым. Міне, осы кезден бастап жастармен тікелей жұмыс істей бастадым. Содан өткен сәуір айына дейін осы қызметте болдым.

Арман
Жеке кәсіпкер болу менің бала күнгі арманым еді. Меценат болып, жастарға, халыққа көмектессем деп ойлайтынмын. Орталықта қызмет етіп жүргенде тұрмысы төмен адамдарға біраз көмек жасадық. Жастардың күшімен, демеушілердің көмегімен киім-кешегін алып беріп, тіпті кейбіріне іргетасын қалап, үй де салып бердік. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен» бірлесіп, халыққа кәсіп ашу бағытында түрлі іс-шаралар өткізіп, кеңес бергенбіз. Араға біршама жыл салып, неге өзім кәсіп ашпасқа деп ойландым. Бірақ не кәсіп ашарымды білмей, бір жыл бойы ой үстінде жүрдім. Сосын жастарға, клип түсіру үшін немесе дауыс қойып, ән жазу үшін продюсерлік орталық қажет-ау дедім. Сұранысқа да ие болатын сияқты. Сөйтіп іске кірісіп кеттік.
Әңгіменің ашығы біздің өңірдегі студиялардың көбісі той саласына басымдық берген. Басқа бағыттар қамтылмаған. Мен алдыма кәсіп ашу жайлы мақсат қойғанда «баяғы жартас, сол жартас» демекші, таптаурынды бір бағытпен жұмыс істемеймін деп бекіндім. Тек қарын мен қалтаның қамы үшін ғана емес, елге де үлесін тигізер дүниемен айналысқым келді. Содан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына» барып, мен осындай кәсіп ашсам деп едім, қандай жолдары бар деп кеңес сұрадым. Өз атымнан ашсам, процесс ұзақ мерзімге созылатын болды. Анам ертеректе үйден азық-түлік дүкенін ашқан. Яғни жеке кәсіпкер деген құжаты бар. Сонымен өзімнің бизнес жоспарымды жасап, ата-анама өтініш айтып, үйді кепілдікке қойдым. Сонымен анамның атынан 7 млн. теңге несие алдым. Сол уақытта бармаған жерім, баспаған тауым қалмады деуге болады. Құжаттары өте көп. Бірі дұрыс болса, екіншісі дұрыс болмай қалады. Әйтеуір әрең бітірдім. Содан өткен жылдың шілде айында ақшамыз есепшотымызға аударыла салысымен студияға қажетті фотоаппарат, камера, дрон, кран т.б. құрал-жабдықтар мен аппараттарды сатып алдық. Сөйтіп тамыз айынан бастап жұмысты бастадық. «Жеті рет өлшеп бір рет кес» дейді ғой. Менде біраз ойланып шешімге келгенмін. Шүкір қазір бастамасы жаман емес. 1 айда 1 млн. теңге қаржы түсіп отыр. Жігіттердің айлығы, «Дамудан» алған несием бар. Кәсібім барлығын өтеп отыр.
Мемлекеттік қызметтен бас тарттым
Орталықтың директоры болып жүріп, жеке кәсібімді аяқтан тұрғызу үшін мемлекеттік жұмыстан кетуге шешім қабылдадым. Өткені кез келген жаңадан ашылған кәсіптің басы-қасында болмасаң, әрі қарай дөңгелемесі белгілі. Қуаныш Қуантқанұлына өтінішімді айтып, өз қалауыммен жұмыстан шықтым. 5 сәуір күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданында өткен жастар кеңесінде осы күнге дейін атқарған жұмыстарымызға рақметін айтып, алғыс хатын табыстады. Мерейімді өсіріп, елеп-ескеріп жатқан соң бір марқайып қалдым. Өйткені жастар орталығында талай нәтижеге жетіп, республика бойынша үштікке кіргіздік. Бұрынғы басқарма басшысы Еркебұлан Қайырбекұлымен бірлесе отырып, облыс әкіміне түрлі ұсыныстар жасағанбыз. Соның арқасында аудан әкімдігі жанынан жастар ресурстық орталықтарын құрдық. Сол жағалаудағы жастар ресурстық орталығының да ашылуына мұрындық болған екеуміз. Қазақ «жер басқаныңа мәз болма, артыңда ізің қалмаса» дейді. Осындай жақсы дүниелерге себепкер болғанымызды мақтанышпен айта аламын.
Кино
Біздің мақсатымыз – кино саласын дамыту. Қысқа метражды фильмдер, қоғамға ой салатын әлеуметтік роликтер түсіруді жоспарлап отырмыз. Одан кейін той саласы. Бүгінге дейін қалалық білім бөлімімен оқушыларға байланысты бірнеше ролик түсірдік. Осы мамыр айынан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттерімен бірлесіп ұзақтығы 45 минут болатын кино түсірмекпіз. Оған бірінші кастинг те өтті. Кастингке 60-қа жуық адам келді. Осы айда тағы екінші кастинг болады. Содан талантты, актерлік қабілеті жоғары студенттерді іріктеп, айдың ортасында киноны бастамақ ойдамыз. Сценарийі дайын тұр. Оқиға желісінде студент болып оқуға түскен сәттен бастап, алдына мақсат қойған жанның өзі армандаған жұмысқа орналасқанға дейінгі өмірі көрсетіледі.
«J7» – жеті бағыт
Аты айтып тұрғандай біз жеті бағытта жұмыс істейміз. «J7» продюсерлік орталығы кино түсіру, әлеуметтік ролик, той саласы, тойды басынан аяғына дейін ұйымдастыру, безендіру секілді дүниелердің барлығын қамтиды. Қажет жағдайда асаба, әнші-бишілерді де тауып беріп отырамыз. Сонымен қатар біздің студияның жанынан «Гүлназ» деген сұлулық салоны ашылды. Осында тойға сәнденсе де болады. Бүгінде бірге жұмыс істеп отырмыз. Қазіргі таңда мұнда 10 адам, сұлулық салонында 10 адам жұмыс істейді.
Үш жылдық жоспар
Мен бұл орталықты жалға алып отырмын. Кез келген кәсіпте барлығы бірден бола бермейді ғой. Кейде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргім келіп, оңайлау бизнеспен айналысқым келген кездер де болған. Бірақ «кәсіпті дамытып, аяғынан тұрғызу үшін кемі 3 жыл керек. Сондықтан өзіме үнемі «қиыншылықтарға мойыма» дейтінмін. Алдағы 3 жылда бүкіл несие мен өзге де шығындарымды жауып, таза табысқа жұмыс істеймін деп жоспар құрдым.
Қазір қаладағы маңдай алды студия «Adilet event groop» студиясы. Оларда кезінде 4 жыл мекемені жалға ала отырып жұмыс істеді де, табыс көлемі артқан соң өздері жеке мекеме салып алды. Бізде 3 жыл уақытта сондай дәрежеге жетіп, өз мекемемізді салып аламыз деп мақсат қойдық. Соған жету үшін тынбай жұмыс істеудеміз. Себебі мұнда жалға алғанымыз үшін 350 мың теңге төлеп отырмыз. Дегенмен студияға түскен қаражат шығынымызды өтеп жатыр.
Ерінбегендер қайда отыр?
«Барлық мәселеден құтылудың бір жолы кәсіпкерлікті дамыту» деді облыс әкімі. Ол кісінің осы сөз маған қатты әсер етті. Кәсіп бастауыма септігін тигізді. Оның үстіне былтырдан бастап біздің өңірде кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды. Оны тағы 2021 жылға дейін созды. Мәселен, қаншама қайтарымсыз гранттар бар. Жақсы инновациялық жобалар болса, 6-7 пайызбен несие алуға болады. Жалпы, еңбек етіп, табыс табам деген жастың аяғына ешкім тұсау салмайды. Керісінше қолдау көп. Барлық мүмкіндік жаслаған. Шыны керек, біздің жастар жалқаулық танытады. Жастар орталығында жүріп, қаншама жасты тәрбиеледік. Өсірдік. Көшбасшы қылдық. Бірақ кейбір жастар кері кетіп, сәл жаны қиналса, жарты жолдан тастап кететін. Ал соңына дейін жүргендер қазір бір-бір жердің белді қызметкерлері болып отыр.
Жауапкершілік пен ақша
Жауапкершілігі мол жұмыс. Өйткені біреудің тойын түсіріп келіп өшіріп алсаң, барлығы өз мойныңа жүктеледі. Техника болған соң тосын жағдайлар орын алуы мүмкін ғой. Біреудің ең қуанышты сәтін жоқ қылсаң қалай болады? Сырттан қарағанада әшейін видеоға түсіріп, ішке әкеліп шығара салатындай көрінуі мүмкін. Алайда олай емес. Оның өзі қаншама еңбек, қаншама тер. Көбіне үйден таңғы сағат 9-да шыққаннан түнгі 3-те қайтамын. Бұрын жастар орталығында 8 сағаттық жұмыс істеуші едік. Сонда он сағат жүріп қойсам шаршайтынмын. Енді мына жақта өз кәсібім болғасын күніне жиырма сағат жұмыс істейтін болдым. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген осы болар. Өйткені жігіттер тойдан түнгі сағат бірсіз қайтпайды. Келгесін түсірген видеосын флешкадан компьютерге екі сағат көшіреміз. Бірі өшсе, екіншісінен алу үшін екі жерге сақтаймыз. Осының өзі қаншама уақыт алады. Тіпті 1-2 күндеп ұйықтамайтын күндер болады. Кейде шұғыл жұмыстармен келетін тұтынушылар бар. Олардыңда жұмысын ұжыммен ақылдаса отырып, барынша сапалы қылып, күттірмей бітіріп беруге тырысамыз.
Демалыссыз жұмыс
Демалыссыз әрі таң атқаннан түнгі бірге дейін жұмыс істейміз. Шүкір, қазақта аптаның жеті күнінде де той ғой. Одан бөлек алда оқушылардың винеткасы, бітіруші түлектердің фото-видеосы бар дегендей. Оның үстіне іштен арнайы студенттерге қалтасы көтеретіндей 10 теңгеден ксерокопия ашып қойдық. Суретке түседі немесе қағаздарын шығарады.
Менің мойнымда
Менің жұмысым ауыр десем де болады. Тұтынушылармен сөйлесу, ұжымды басқару, уақытылы айлық тауып беру – менің мойнымда. Тапсырыс беруші тікелей менімен сөйлескесін қызметкерлерімнің тойға уақытынан кешікпей баруы, жұмысының сапалы жасалып, тапсырыс берушінің қолына тиюі, бәріне жауапты менмін. Көп студияда процентке жұмыс істейді. Ал мен барлығына айлық қылып берем. Бір меже бар. Яғни артық не кем болмайды. Өйткені арамызда отбасылы азаматтар бар. Мәселен, кейде той болмай қалса, процентке жұмыс істеген адамға ақша да берілмейтінін білесіз ғой. Бірақ жігіттер бәрін ақтап жатыр. Бізде Алматы кино академиясын бітірген, білікті жастар жұмыс істейді. Барлығы осы салада алды он жыл, соңы 4 жыл еңбек өтілі бар өз ісінің шеберлері. Бізге сұраныстың да көп түсетіні әр дүниенің сапалы шығуынан деп ойлаймын. Ал оның артында осы жігіттердің маңдай тері бар.

Ең төменгі табыс 70000
Облыстағы аудандарға шықтық. Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларға барып «Love Story» түсіріп қайттық. Қазіргі таңда сырт қалалардан тапсырыс түсіп жатыр. Барлығына үлгеруге тырысып жатырмыз. Тойға сұраныс көп. Табыс та мол түседі. Біз бір тойдан ең төмені 70 мың теңге табамыз. Содан 500 мыңға дейін барады. Қыз ұзату, келін түсіру, кортеж, тойына қанша камера барса, соған қарай бағасы да айқындалады. Жалпы, сәуірден бастап той басталады ғой. Мамыр айы ораза. Одан соң қазан айына дейін той толастамайды. Сондықтан жаз, күз айлары біз үшін көсіліп қалатын шақ.
Сериал
Қазіргі таңда студенттерге байланысты кино түсіріп жатырмыз дедім ғой. Биыл Жастар жылы болған соң, жастар және Қызылорда туралы кино түсіргіміз келіп отыр. Тағы бір тың жаңалық. Атын алты алаш танитын жерлесіміз Илия Илинь Токиодан жеңіспен оралып жатса, ұсыныс айтып, өзі жайында кино түсірмекпіз. Мұнан бөлек сериал да ойда жүр. Жалпы ұсыныс түсіп жатса, қазақылықтың иісі шығып тұратын, тарихынан хабардар ететін, батырларын насихаттайтын кинолар түсіруге атсалысқым келеді. Жастар қазақтың батырларын білмейді. Мысалы «Жау жүрек мың баладағы» Сартай батыр Қазалы өңірінің тумасы. Бірі білсе, бірі білмейді. Батырлықта бағы үстем болған Наруызбай, Қабанбай, Қобыланды батырлар мен қазақ хандары туралы неге кино түсірмеске?
Нәтиже
Кейде алға қойған мақсатыңа қол жетпей жатады. Дегенмен «Армандар орындалады, мақсатың айқын болса» дейді ғой. Дамуға құжат дайындап жүргенде әбден шаршадым. Өзім мемлекеттік жұмыста жүрем. Соған 6 ай уақытым кетті. Кейде қолымды бір сілтеп  кетіп қалғым келеді. Бірақ өз-өзімді жеңдім. Бастаған ісімді соңына дейін апаруға бел будым. Қазір нәтижесін көріп отырмын.
Қорықпа!
Талай жасқа ақыл-кеңес беріп жүрміз. Мемлекеттің шын мәнінде көмек беріп жатқанына көзімді жеткізгім келді. Солай кәсіппен де айналыстым. Қазір кез келген адамға «бизнесті бастаңдар» деп айта алам. Қорықпау керек екен. Төлей алмай қалам ба деп қорқады. 7 млн. алу міндет емес. Амалын тапсаң 500 мың теңгемен де бастауға болады. Кезінде көлік жуатын жерді, одан соң жанар май құятын мекемені жалға алып, кәсібін дөңгелетіп, қазір бай-манаптардың қатарына қосылған кәсіпкерлерді білемін. Сондықтан кішіден болса да бастауға қорықпау керек.
Компания
Күні бүгінге дейін мемлекеттік мекемеде жұмыс істедім. Қазір қала және облыс әкімдігіне жұмыс істеуге ұсыныс түсіп жатыр. Дегенмен мына жұмысты аяқсыз қалдырмауым қажет. Оның үстіне қаншама адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оларға айлық тауып беру керек. Мұнда өзімде бұрынғыдан көп ақша табатын болдым. Бірақ кейін мемлекеттік жұмысқа қайта ден қоятын боламын. Студент кезден қоғамдық жұмысқа етене араласқасын ба, мені мемлекеттік жұмыс тартып тұрады. Келешекте екі жақты қатар алып жүріп, кәсібімді биікке шығарғым келеді. Біраз жылдан кейін «J7» атты компанияға айналса деген ойдамын. 5 жылда оңтүстік өңірлерден филиал ашып тастамақпын. Барлығын уақыт көрсетеді енді. 20 адам емес, 200 жуық адамды жұмыспен қамтып, халыққа пайдам тисе нұр үсітне нұр болады емес пе?!
Жастар жайында
Менің әкем қарапайым құрылысшы болған. Бірақ бір айлықпен екі ұл бір қызды ешкімнен кем қылмай өсірді. Бір отбасыны жалғыз өзі асырады. Әкем «үйлендің бе, бала-шағаңмен келіншегіңді асырауға міндеттісің, бізге ештеңе бермей-ақ қой. Өзіміздікі өзімізге жетеді. Бірақ саған сенім артқан оларды жәутеңдетпе» дейтін. Кішкентайымнан осылай үйретті. Бүгінде екі баланың әкесімін. Жарым үшіншісін босанғалы жүр. Шынымен, отбасыны асырау, ешкімнен кем қылмай өсіру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл әрбіріміз өтетін жол. Бірақ соны біле тұра немқұрайлы қарайытындар бар. Уайым-қайғысыз жүре береді. Ата-анаң үміт күтіп отырады. Әйеліңді әдемі киіндіру керек. Ол дәмді тамақ жегісі келеді. Балаңа әдемі киім керек, балабақшасы бар, ойыншық алып беру керек. Ал осылай отбасыңның жағдайын жасай алмаса несіне үйленеді? Жастар жұмыс таңдамау керек. Ата-ананың мойнына мініп отыру бойында қайраты бар адамға жараспайды. Дипломмен жұмыс жоқ деп әркімге қол жайып отыратындардың қатары күн санап көбейіп келе жатыр. Әркім өз саласында үздік болуы шарт. Дым білмейтін маман ешқандай мекемеге қажет емес. Мысалы жастар тәжірибесінде 6 ай жұмыс істеген жастар неге сол орталықтарда қалмайды. Өйткені өз ісін дұрыс білмейді. Ондай мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Мықтысың ба, сені міндетті түрде алып қалады. Осыдан 5-6 жыл бұрын мұндай мүмкіндік жоқ еді. Қазір үкімет жұмыс істеймін деген адамға жағдай жасаған. Екі қолға бір күрек табылмады деген сылтау сияқты меніңше.
Ақтілек БІТІМБАЙ

14 мамыр 2019 ж. 1 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031