» » » ЕҢ АУЫРЫ ‒ МИДЫҢ ЖҰМЫСЫ

ЕҢ АУЫРЫ ‒ МИДЫҢ ЖҰМЫСЫ

    Әкімбек ӘЛІБЕК, Жаңақорған аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
‒ Бала кезде ұйықтар алдында нені армандаушы едіңіз?
‒ Ата-анамның айтуынша, кішкентай кезімде ерекше бала болыппын. Үйдің тұңғышы болғандықтан болар, жан-жақты жауапкершілікті сезініп өстім. Жалпы біздің отбасымыздағы тәртіп қатал болды, әкемнің мінезі тік, бұрынғы тілмен айтқанда «пионерский», бірсөзді, айтқанынан қайтпайтын адам. Кішкентайымнан ертегі, аңыз әңгімелерге де ерекше қызықтым. «Ер төстік», «Қобыланды батырды» жиі оқыдым, бірақ «Алпамыс батыр» жыры әлі күнге дейін есімде. «Жиделі байсын жерінде, Қоңырат дейтін елінде» дейтін тіркесте өзімнің руым аталғандықтан болар осы жыр ерекше ұнайтын. Оған қоса үйде Алладиннің орысша кітабы бар еді, түсінбесем де соны қайта-қайта оқитынмын. Ата-әжеме аударып беруін өтінгенімде, ол кісілер «күнде оқитының бір мәтін ғой» деп күлетін. Сол білімнің әсері болу керек, ұйықтар алдында көп қиялдайтын едім. Ауылдың болашақ сұлбасын елестетіп, ойша сызбасын сызатынмын. Балалардың ойын алаңы, саябақ, мегаполисте не бар соның бәрі ауданда болса және бізге Қызылорданың барлық адамы қыдырып келсе деп армандайтынмын. Ол жерге келетін туристер, көше тазалығы менің бала санамнан қалыс қалмайтын. Оған қоса әлемдегі ең үлкен трансұлттық корпорцияның иесі болуды, жалпы биікті жиі армандайтынмын. Сенсеңіз, сол үшін күнделікті жарты сағат уақытымды бөлетінмін.
‒ Сонда осы арманды жүзеге асыру үшін кәсіпкер болғыңыз келді ғой... Солай емес пе?
‒ Мен негізі президент болғым келді. Сол биікке ұмтылғанымның әсері болар мен әлі күнге дейін өмірде екінші болмауды мақсат етемін. Мектеп кезінде барлық жарысқа қатыстым, ол физика, математика, мейлі баскетбол, футбол болсын, барлығынан хабардар болуым керек дейтінмін. Соның арқасында жоғары сыныпқа көшкен кезімде «XXI ғасыр көшбасшысына» жолдама алдым. Ол да менің мектептегі үлкен мақсатым еді, кішкентай ғана ауылдан ол жаққа бара алмайтын шығармыз деп ойласам да баруға қатты қызықтым. Байқаудың аудандық іріктеу кезеңіне 30 оқушы қатысып, 10 адам облыстық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде 200-ге жуық дарын, лицей оқушылары арасынан республикалық телевизиялық жобаға 6 адам жолдама алды. Соның 4-еуі жаңақорғандық еді, бұл біз үшін шынымен үлкен жетістік болды. Жалпы осындай байқау арасындағы бәсеке мені жан-жақты дамытты. Мысалы, бір жарыста өзге мектеп оқушысы ұшақтардың маркасын жатқа білетін, біреуі елдер астанасын мүдірмей айтатын. Сосын «мен неге оны білмеймін?» деген ой туындайды ғой. Солай өз қатарымнан қалмау үшін өзімді жиі қамшыладым.
‒ Қазіргі жұмысыңызға қаншалықты көңіліңіз толады? Сіз келгелі Жастар орталығында қандай бастамалар қолға алынды?
‒ Мен келген уақыт орталықтың аудандық әкімгершілікке қарап, қайтадан бюджеті өзіне беріліп, жаңадан құрылған жатқан сәті  тұғын. Бұл кез 2017 жылдың тамыз айы болатын. Бастапқыда біршама қордаланған мәселе, айтап айтсам  орталықтағы құжат, хат айналымының дұрыс болмауы, қызметкерлердің  жұмыс барысын толыққанды білмеуі сынды біршама факторлар болды. Ең алдымен осы мәселені жүйеге келтірдік. Кадр мәселесіне ерекше назар аудардық, соның арқасында жұмысымыз біршама оңтайланды. Мен келген жылы Жаңақорған қылмыстық фактор бойынша атышулы аудан еді, жастар арасында суицид өршіп тұрды. Жұмыссыздық мәселесі де актуалды тақырып болатын. Сол  кезде жұмыссыздық деңгейі 4.8 пайыз болса, қазір 3.8-ге азайған. Бұл нәтижеге тек менің ғана емес, тікелей аудан әкімі Ғалым Әміреевтің, жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлік палатасының бірлескен жұмысының арқасында жеттік деп ойлаймын. Қазір біз бұрынғыдай тек іс-шараларды ғана емес, нақты жобаларды қолға алдық. Ең бірінші Жастар орталығына барған кезде «Ұялы телефонды қалай  жөндеу керек?» деген тақырыпта шеберлік сағатын өткіздік. Балалар үйренсін деген ниетпен маманның келуіне де өзім мұрындық болдым. Кейін ауданға келген маман  бізге ауылдан осы бағыттағы орталық ашуға ұсыныс жасады. Одан кейін бизнес сананы дамытуға арналған тренингтерді қолға ала бастадық. Сол үшін қаладан  Жандос Шынжырбайұлын, Нұрлан Серіккұлын шақырттық. Аудан жастарының басым бөлігі бизнестен хабардар, бірақ оны қалай жүргізу керегін көбі біле бермейді, тіпті бизнес жоспар жасауда шорқақтық танытатын. Сондай қателіктің алдын-алу үшін біз жан-жақты жұмыстар жүргіздік. Ең алғаш  Қорқыт ата университетінде  ашылған «Dream Club» ұйымының жұмысын аудан оқушылары арасында қайта жалғастырдық. Қазір ұйым құрамында 50-ге жуық белсенді жас бар. Жалпы алғанда, Жастар орталығының қызметі  жастарға кеңес беру, мемлекеттік саясатты жастар аясында насихаттауға бағытталған. Бірақ біз ережеде көрсетілген қызметті артығымен орындап, жастардың үйлеріне барып,  ауылдарды араладық. Соның арқасында ауданымыз Zhas prodjekt жобасы аясында жоғары  көрсеткішке қол жеткізді, нақты айтсам, жеті аудан бойынша біздің 69 жобамыз жеңімпаз атанды. Жоба тапсыру бойынша  да алда болдық, қала бойынша 140 жобаның өтініші  тапсырылса, біздің аудан 160 жоба дайындады. Бұл мыңның аса жас жобаға қатысты деген сөз. Жалпы аудан бойынша былтыр 150 миллион теңге  инвестиция тартылды. Сол арада кездескен ең үлкен мәселе жастардың сауатсыздығы болды, олар құжат толтыруда өте шорқақтық танытты. Мен сол кезде жастардың мемлекеттік бағдарламадан не үшін қашатынын, неге қатыспайтынын түсіндім. Олар құжат толтырудан қорыққандықтан орталыққа келмейді екен. Тіпті кейбір жастар «аға, маған цемент құюды немесе кірпіш өруді көрсетіңіз, бірақ  құжатты өзіңіз толтырып беріңіз» дейтін. Алайда осы жобадан соңбұл олқылықтың орны толды деп айта аламын.
‒ Zhas projeсt біткеннен кейінгі нәтиже қандай?
‒ Жоба барысында бәрі керемет болды деп айта алмаймын. Қаржы  мәселесінде отбасылар арасында түсінбеушілік, белгілі бір топ ішінде кикілжіңдер болды. Бірақ біз соның бәрін жастарға түсіндіріп, соңына дейін жеткіздік. Соның арқасында 69 жобаның үшеуі ғана жабылып, қалғаны жалғасын тапты. Бірақ мақсат әркімде әртүрлі ғой.  Біз бастапқыда бәріне жоба аяқталған соң да кәсіпті жалғастырудың маңызды екенін түсіндірдік. Қазір аудан мен ауылдарда тігін шеберханасы, киностудия,  шаштараз, иппотерапия, сұлулық салоны нәтижелі жұмыс жасап тұр. Бұл жобаның басты артықшылығы, ауыл жастарына ерекше  сенім берді. Өзіңіз де білесіз ғой,  халық арасында «қоғамда жемқорлық көп» деген түсінік бар, көп жастар жоба бастамас бұрын біреудің көкесі немесе басқа адамы болатынын айтып шағымданып жатады. Zhas prodjektосы түсінікті жойды. Жоба барысында бағдарламаға сенбегендер кейін өкініп, қайта сұрап жатты. Биыл біздің орталыққа 200-ден астам жас кәсіпкерлікке тіркелуге өтініш бергісі келетінін айтып, арнайы келді. Олардың көпшілігі қайтарымсыз грант берілгенін қалайды.
‒ Ал аудандағы қылмыс мәселесін қалай шештіңіздер?
‒ Барлық аудан төңірегінде «көше лидерінің» болатыны белгілі,  біз солармен дұрыс мәмелеге келу арқылы бұл мәселе тоқтатылды. Біз жақта тағы бір ауқымды мәселе ‒ руға бөліну қалыптасқан. Қоңырат, Сунақ, Қожа руы арасындағы келіспеушілік әлі де бар, бірақ бұрынғыға қарағанда жақсарған. Ол енді бірден шешімін таппайды ғой. Бізде қазір  басқа аудандарға қарағанда қылмыс аз, себебі кәсіпкерлікке жіті мән берілуде. Кейде тіпті жастарды шараға әкеле алмай жатамыз, себебі олар маусымдық жұмыстарда жүреді. Мал шаруашылығы, сауда, жаз басталса қауын, қарбыз, күріштікке кетеді. Олар тек үлкен табыс көзі бар деген жағдайда ғана шараға келуі мүмкін, ал концерттік шараға көп жағдайда барғысы келмейді.
‒ Не үшін алдымен ұялы телефон құрылғысын жөндеу жобасын таңдадыңыз?
       ‒ Біріншіден, біздің ауылда ондай орталық аз болды. Екіншіден, мен бұл саладан көп пайда табуға болатынын білдім және бұл тарапта менің таныстарым да көп болды. Адам бір кәсіпті болсын меңгерсе, аш қалмайды ғой. Ал мен аудан жастары жұмыс істемесе де, өзін бір кәсіппен қамтыса екен деген ниетпен осы жүйені бастадым. Оған қоса аудан әкімі Ғалым Әміреев те кәсіпкерлік салаға жақын. Жалпы кәсіпкерлікке баса назар аударғанымыз да сондықтан.
‒ Жастардың кәсіп ашып, бизнеске бет бұрғаны қуантады. Бірақ әлі күнге дейін кәсіпкерлік тек тіршілік қамын жасау деңгейінде қалып қойған жоқ па?
‒ Иә, бұл жағдайды мойындау керек. Оны өзгерту үшін жастар арасында тренингтер жиі өткізілу керек. Біз жастарды оқытқан кезде ауыл арасында ғана кәсіп ашып, 50-60 мың табысқа қанағат етумен шектелмеу керек екенін  түсіндірдік. Негізі кәсіпкер болу үшін сенің кемінде 10 жылдық жоспарың болу керек. Жапониядағы Тайота компаниясының басшысы 88 жастағы кісіден бір журналист «компанияңыздың неше жылдық жоспары бар?» деп сұраған екен. Жастарға «неше жыл деп айтуы мүмкін?» деп осы мысалды сұрақ етіп қойғанымызда көбісі 50 жыл немесе бір ғасыр деп жауап береді. Тіпті сіздің өзіңіз бір ғасырдан артық уақытты айтпайсыз. Ал компания басшысы аты әйгілі мекеменің  3 ғасырлық алдағы жоспары бар екенін айтады. Кәсіпкерлік жоспар міндетті түрде сол нәрсе болады деген дүние емес, ол логика мен жол көрсетуші бағыт. Біз осы тақырыпты жастарға барынша ұғындырдық, бірақ әлі күнге дейін осыны түсінбей келе жатқан  жастарымыз да жоқ емес.
‒ Қазір қанша жас кәсіпкерлікке ресми түрде тіркелген?
‒ Дәл қазір кәсіпкер ретінде тіркелген 900- ден аса жас бар. Ал 200-300 жас тіркелуге ниетті.
‒ Ауданда көңіл алаңдататын басқа қандай мәселе бар?
‒ Облыс бойынша ең көп жасы бар аудан біз, бірақ қызметкері де өте аз аудан да осы. Қазіргі кезде Жастар ресурстық орталығында өзімді қосқанда төрт қана қызметкер бар. Ал басқа ауданда кемінде жеті адам жұмыс істейді.   Жалпы Жаңақорғанда 22 700-дей жас бар. Оның 12-15 мыңы ауылдық жерде,  қалғаны кентте тұрады. Басты назар аударатын мәселенің бірі кадр тапшылығы деп ойлаймын.
 ‒ Өңір жастарын дамытуда өзгеріс керек деп ойламайсыз ба? Ауыл жастарына басқа елге саяхаттау, әлемдік тәжірибені аймаққа енгізетіндей деңгейге көтеру керек тәрізді...
‒ Негізінде аудан, ауыл жастарына әлдеқайда  үлкен өзгеріс керек. Себебі ол жақтағы жағдайды қаламен салыстыра алмайсыз. Қалада әрбір студентке бос уақытын тиімді жұмсауға, активист болуға мүмкіндік бар. Ал ауылдық жерде жастар ата-анасына немесе үй тірлігіне қарайлаймын деп күйбең тірлікпен қалып қойып жатады. Тағы бір себеп, ол деңгейге халықтық сана әлі жете қоймады. Көп жастар шара болып жатқан орталықққа баруды ұят көреді немесе оның не пайдасы бар деп сылтауратуы мүмкін. Өзгерістің болмау себебі де қаладағы жағдайдың ауыл жастарына жасалмауында болып тұр. Қала жастарының көргенін ауыл жастары көріп отырған жоқ, олар қатысқан халықаралық шараға да барып жатқан жоқ. Бір-екі жас респубикалық шараға барған болар, бірақ көп жағдайда ескі қалыптасқан құрам ғана қатысады. Бізде де облыстағы жастар орталығы  тәрізді орталық ашылса, жастар әлдеқайда көп жиналар еді. Ондай мүмкіндікке қала жастарына қарағанда ауыл жастары әлдеқайда мұқтаж. Өйткені қалада қаншама кітапхана, фитнес-зал, мәдениет орны бар, ал ауданда мұндай орталық бар болғанымен жоғары деңгейде емес. Мүмкін ауыл жастарының  мәдениет деңгейін көтеру үшін халықаралық, республикалық деңгейдегі мамандарды ауылға апару қажет болар. Әрине бүкіл ауыл жасына шетелді таныстыру қажет деп қолды айға созу дұрыс емес, бірақ осы бағытта шаралар жасалу керек.
‒ Ал жастарға жаңа идея, қарқынды мотивация беру үшін не істеу керек?
       ‒ Ол үшін жастар арасында бәсеке болу шарт. Бәсекені қалыптастыру үшін ауданда «Ең үздік ауыл жасын» анықтау керек тәрізді. Мысалы, Қожамберді ауылында үздік болған жас биыл шетелге немесе республикалық бір үлкен орталыққа жіберіледі деген сынды. Қатарлары соны көріп, алға талпынады ғой. Ал бізде қазір аудан бойынша бір үздік жасты сұрайды. Мысалы 25 ауылдық округ болса, содан бір ғана жас үздік танылады. Ал ол қаладан көрген тәжірибесімен барлық ауылды қамтымайды ғой. Қазіргі шараларда жастарға стимул беретін, бәсекеге ұмтылдыратын дүние аз. Жыл сайын облыс бойынша ауданның барлық саладағы 10 немесе 20 үздік жасын анықтап, оларды барлық БАҚ-та жарнамалап насихаттаса мүмкін сонда нәтиже болатын шығар.
     ‒ Жастар жылында біршама жоспар бекітілгені белгілі. Бірақ жалпы аудан жастарының қамын бір жиналыста, бір топ маман шеше ала ма?
      ‒ Бұл мәселе соңғы кезде жақсы көтеріліп келеді. Менде бұл жүйені дұрыс емес деп ойлаймын. Ол үшін әрбір жас белсенді болу керек, «маған мынадай шара қажет немесе керек емес» деп анализ жасай алу қажет. Сол кезде Жастар орталығы соған сай жұмыс жасайды. Немесе әр сала жастарынан құралған топ құру керек. Мысалы, шешім шығаратын топ студент, оқушы, жұмыссыздардан 1-2 адам, яғни әрбір санаттағы адамдардан құралса дұрыс болатын шығар. Жыл басында әр салаға қандай шара қажет екендігі талқыға салынып, үлкен жоспар жасалу керек. Сонда бұл мәселе де реттеледі.
‒ Ал биыл жастар үшін қанша жоба қолға алынады?
‒ Биыл бес әлеуметтік жоба жарияланды. Оның ішінде ардагерлермен кездесу, кәсіпкерлік бағыты, тарихи танымдағы шаралар бар. Сондай-ақ  Астана қаласына ең үздік жас 10 маманды  және NEET санатындағы 10 жасты апару, аудандық «Жаңа толқын» Жастар сыйлығын тапсыру да бар. Айта кетейін, бұл шаралар барлық саланы қамтитын болады.
‒  Өткен жолы «Ақмешіт жастары, достарын шақырады» форумында аудан жастарының қағазға қарағанда кәсіпкерлікке бейім екенін айттыңыз. Жастарды рухани дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
 ‒ Мойындау керек, XXI  ғасырда жастар кітапты іздеп жүріп оқиды деп айта алмаймын. Көп адам ақпаратты интернеттен қарайды. Ал сіз айтқан бағытта жыл сайын 40-50 жасты Сығанақ, Хорасан ата ескерткішіне, Ақтас мешітіне, Сауран жеріне апарамыз, туған өлкенің тарихымен таныстырамыз. Одан бөлек аудандық мәдениет қызметкерлерімен бірге елге танымал тұлғалармен кездесулер өткізіледі. Жалпы Жаңақорған қазақылықты сақтаған аудан ғой, сондықтан жастар бұл бағыттан қалыс қалып жатқан жоқ.
      ‒ «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасына қатысқаныңыздан хабардармыз. Ол үшін логика мен интеллекттің маңызды екені белгілі. Жалпы өзіңізді қалай дамытасыз?
      ‒ Өмірімде келген ситуацияны логикамен шешкенді жақсы көремін. Сол үшін логикалық сұрақтарды  көп оқимын. Фильм қарағанда да пайдалы, ерекше ой тастайтын дүние көргенді жөн санаймын. Сосын мультфильм қарағанды ұнатамын, себебі ол фантастикалық бағытта болғандықтан адамға жаңа идея  береді. Соңғы рет «Алладин» балалар фильмін, «Ральф против интернета» мультфильмін көрдім. Студент кезімде кітапты көп оқитынмын. Ал дәл қазіргі кезде  мен регресске кетіп бара жатқан сияқтымын. Кейде осы жұмысты тоқтатып, өзімді шығармашылық тұрғыдан дамытсам деген ой келеді. Өйткені маған көп жағдайда еркіндік ұнайды. Кейде менің айналамда бәрі жақсы болғанмен, өзім рухани құлазып тұрғандай жағдай жиі болады. Ешқандай мәселе жоқ десең де, жан дүниеңе бірнәрсе жетіспейді. Сол кезде жалғыз қалып өзіме есеп беріп, ойланамын. Сол сәтте ғана жаңа идеялар туындайды.
‒ Қалыптасқан ұстанымды өзгерткен сәттер жиі бола ма?
‒ Кейде ең жақсы деп жүрген адамның сенім артқан кезде сатып кетуі өмірге деген ойыңды өзгертіп сала береді. Әсіресе соңғы бір айда мен уәдеден тайқып кететін  адамдарға қарап, қоғамда сөздің құдіреті қалмағанын түсіндім. Содан кейін көп адамға сыр ашпайтын болдым.
‒ Ең маңызды шешімді кімнің кеңесімен қабылдайсыз?
‒ Көп жағдайда барлық адамның пікірін тыңдаймын да, соңғы нүктесін өзім қоямын.
‒ Сіз үшін 24 сағаттың ішінде қайсысы қымбаттырақ?
‒ Кешкі 19.00-00.00 аралығы (күліп). Себебі бұл уақытта жұмыстан босап, еркін ойлануға мүмкіндік аласың. Ауыл баласы болғандықтан кезінде цемент те құйдық, барлық тірлікті жасадық. Қазір түсінгенім, соның бәрінен ауыры мидың жұмысы екен.
‒ Өзіңізге күніне қанша рет есеп бересіз?
‒ Күнделікті демесем де, жиі есеп беруге тырысамын. Әсіресе үлкен шаралар алдында немесе біреуді ренжітіп алған сәтте көбіерек ойланамын.Сосын туған күн алдында өзіме бір жылдық есеп беру болады.
‒ Жалпы қазіргі болмысыңызға көңіліңіз тола ма?
‒ Жоқ. Өйткені мен өз деңгейімде білімді, білікті емеспін. Менің әлі үйренетін дүнием көп. Келешек шет тілін меңгеріп, өзге саланы игергім келеді. Оған менде бір ғана кедергі бар, ол жалқаулығым ғана. Оған қоса жұмыстағы күйбең тіршілікте өз-өзіңді дамытуға мүмкіндік бермей жатады.
 ‒ Бірінші болып кешірім сұрай аласыз ба?
‒ Егер кінә менен болса, кешірім сұрай аламын. Ал әдейі ойластырылған дүние болса, керісінше. Негізі бәрі жағдайға байланысты.
‒ Бірлік ауылында әр жыл сайын мектеп түлектері қаржы жинап, ауылға көмектесіп, алма ағашын отырғызу сынды жақсы дәстүр бар екен. Бұл жалпы ауданға тән көрініс пе?
‒ Иә бұл үрдіс барлық ауыл бойынша дәстүрге айналып келеді. Бірлікке қазір Бесарық ауылы қосылды. Бұл жердегі басты ерекшелік, жастардың арнайы қоры бар. Жыл сайын сол қорға 1971 жылғы  мектеп түлектерінен бастап барлық жас  қаржы бөліп отырады. Сол жиналған ақшаға мешіт құрылысы аяқталады немесе стадионға бөлінеді. Мысалы келер жылы қаржы жолды асфальттауға бөлінеді екен. Осы арқылы  жастар мемлекеттен ақша алмай-ақ ауылды көркейтуге болатынын дәлелдей алды.  Мен өзім халқы 2000-ға жетпейтін Бірлік ауылында 3 мейрамхана бар екенін естіп таң қалғанмын. Аты айтып тұрғандай, жастары да тату. Оған қоса биыл «Жаңғырған Жаңақорған жастары» еріктілер тобы құрылды, олар шыныменде үйге мұқтаж адамдарға баспана  салып беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Тіпті оған бізде араласып жатқан жоқпыз.
       ‒ Отбасыңыздағы ең құнды дүние деп нені айтар едіңіз?
‒ Адалдық. Көп жағдайда әкемнің ұстанымын сақтауға тырысамын. Әдетте ер адамға жарының «қайда бара жатырсың?» деген тәрізді сауал қойғанын, жұмыс барысында жиі хабарласқанын ұнатпаймын. Сондықтан отбасында әкенің, ер адамның үстем болғанын қалаймын. 
       ‒ Екі күндік сапарға билет берілсе, қайда барар едіңіз?
‒ Гавай аралдарына. Ол менің арманым емес, көп ұзамай баратыныма сенімдімін.
‒ 10 жылдан кейінгі Әлібекті қалай елестетесіз?
‒ Облыс әкімі немесе министр қызметінде немесе коорпорация басшысы ретінде  көремін. Айта кетейін, алдағы уақытта ұлттық мектеп ашу идеясы да жоспарымда бар.
      ‒ Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
24 маусым 2019 ж. 707 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30