» » » ҚОРҚУҒА УАҚЫТ ЖОҚ

ҚОРҚУҒА УАҚЫТ ЖОҚ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Нұрәлі Мәжит 1997 жылы  30 қаңтарда Қызылорда қаласында  дүниеге келген. №264 орта мектептің түлегі. Шымкент қаласындағы Халықтар достығы университетінде жоғары білім алуда. Ұнататын көлігі – Lexus. Арманы − өрт сөндіру-құтқару спортының шебері атану.
Нұрәлі МӘЖИТ, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Арал аудандық №3 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты:
Өртсөндіруші білекті де, жүректі де болу керек
− Өрт сөндіруші қызметіне қалай келдіңіз?
Әскери қызметті таңдағым келген. Мектепті енді бітірген кезімде өрт сөндіруші мамандығы туралы толық хабарым жоқ еді. Бастысы, өртті басу, халыққа көмектесу ғана ойымда болды. Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Төтенше жағдайлар департаменті конкурс жариялап жатқанын естіп бағымды сынап көрдім. Нағашы апам Айгүл Жұмабаева облыстық төтенше жағдайлар департаментінде абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан.Роза тәтем де Тасбөгеттегі бөлімшеде радио-телефонист болып жұмыс істеп жүр. Бұл саланы таңдағаныма тәтелерім қатты қуанды. «Нағыз ер жігіттерге арналған мамандықты таңдапсың, жарайсың!» деп арқамнан қақты.
− Өрт сөндіруші қандай болу керек?
− Менің ойымша, қызметіңе деген жауапкершілікпен қатар білектің де күші керек. Әлсізденіп, ауырып тұрсақ жұмысқа жарамаймыз. Әркез жігерлі әрі сенімді болған жөн. Төтенше жағдай орын алса салқынқандылықпен ширақ қимылдауымыз қажет. Адамды өрттен құтқару ғана емес, қауіпсіздікті де сақтап жүру маңызды. Өрттің ортасында қалып қоймауды да аз уақыттың ішінде саралап алу керек. Адамдарды құтқару – өрт сөндірушілердің басты жұмысы.
 − Ең алғаш өрт сөндіруге қайда бардыңыздар?
− Қала сыртындағы Байтен деген жерде дала өртіне қатыстық. Бір бөлімшеге алты жігіт бірге кіргенбіз. Екі айдан бері кәсіби даярлықтан дәріс алып жүрдік. Өрт сөндіру ісіне алғаш рет араластық. Бізді қосалқы күш қажет болып көмекке жұмылдырды. Дала өрті тіпті қиын екен. Жердегі шөптер бірінен соң бірі тұтанып өртеніп кете берді. Екі күн дегенде әзер өшірдік.
− Жас маманды үлкен орта қалай қабылдады?
− Алғаш келгенде шені жоғары төтенше жағдайлар қызметкерлерін көргенде дереу өзімді жинап алатынмын. Әйтсе де бізді баласынбай, үлкендік ұлағатын көрсеткен жандар көп. Жандос Тайманов, Болат Жүнісов, Арғынбай Өтеулиев, Ғани Мұсаев секілді алдыңғы буын, өз ісінің қас шеберлері ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жол көрсетті. Жұмысқа жаңа келген кезімізде осы кісілерден бата алдық десек болады. Қазір біразы зейнетке шығып кетті. Алдыңғы буын ағалардың жемісті еңбек жолы бізге үлгі өнеге.
Ерекше есіңізде қалған оқиғамен бөліссеңіз?
− Қыс мезгілі. 2016 жылы 8 ақпан күні түнгі 12-лер шамасында «Наурыз» саяжайына шақырту алдық. Күн қатты суық. Борап тұр. Аязы бет қаратпайды. Оқиға орнына жеткен кезде үстіміздегі арнайы киімдеріміз аяздан қатып қалды. Ауырлап кетті. Міндетімізді орындау қиынға соқты. Времянка өртеніп жатыр екен. Шатырын ашып, өртті сөндірдік. Үйіне пешке от жағып, көмірді үстін үстін салып өздері қонаққа кетіпті. Тұрғындардың қауіпсіздікке бейқам қарағанының салдарынан.
− Қауіпсіздіктің алдын-алу жұмыстарына да қатысасыз ба?
Бастысы адамдардың амандығы. Сондықтан тұрғындар қауіпсіздік сақтау үшін ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Департамент тарапынан ұйымдастырылатын шараларғабізде қатысамыз. Тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз. Балалардың отпен ойнамауын, қараусыз қалмауын сұраймыз. Өрт − тілсіз жау. Сақтық қажет.
− Қорыққан кезіңіз болды ма?
− Қауіп-қатер туралы мүлде ойламаппын. Жігітпін, қорықпадым дей алмаймын. Қорқынышымызды жеңіп, өрт кезінде бір-бірімізді сақтандырып жүреміз. Топпен жұмыстың ерекшелігі де осы. Тек өзіңді ойлап, мен осы тұсты сөндірдім болды деген түсінік жоқ. Бәріміз біргеміз. 
Қазір өрт сөндіру-құтқару спортымен айналысып жүрсіз. Бұл өрт сөндірушілерді шыңдайтын спорттың түрі ме?
 – Өрт сөндіру-құтқару спорты жеке және топтық сынақта өрт сөндіру тәжірибесінде қолданатын әртүрлі тәсілдер кешенін орындайтын спорт түрі. Құтқарушылар оқу мұнарасының төртінші қабатының терезесіне шабуыл сатысы арқылы көтеріліп, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өтіп, ұнтақты өрт сөндіргішпен ыстық сұйықтықты сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаюға әркез дайын болу керек.
− Алғаш қайда пайда болған? Мақсаты қандай?
−  Кеңес үкіметінің тұсында 1937 жылы өрт сөндірушілер арасында алғаш рет өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жарыс өткен. Бұл спорттың басты мақсаты өрт сөндірушілерді кәсіби тұрғыдан дайындау. Қауіп пен қатер кезінде жедел құтқару қызметіне көшетін өрт сөндірушілерді кәсіби шыңдау. Адам өмірін құтқару. Заманауи өрт сөндіру және құтқару қызметі спортшыдан жоғары физикалық дайындықты талап етеді.
− Біздің аймақта бұл спорт түрі қаншалықты дамыған?
Біздің елімізде де ерекше көңіл бөлінуде. Өрт сөндіруші-құтқарушылардың физикалық дайындығын, ептілігі мен жігерін шыңдайтын әдістерге толы. Біздің облыста да ерекше қолдау табуда. Департамент тарапынан өрт сөндірушілердің жаттығуына қажетті барлық құрал жабдықтар алынып, дайындыққа арнайы уақыт бөлінген.Ерлер командасы ғана емес, әйелдер құрамасы да бар. Олар да чемпионатқа қатысып, бақ сынап жүр. Жуырда Төтенше жағдайлар министрлігі мен Атырау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтеді.XXVIӨрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасында Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстіндеміз. Тобымызда 11 жігіт бар. 7 қыздан тұратын әйелдер тобы да бақ сынамақ. Алла қаласа, жүлделі орын алуды мақсат етіп отырмыз. 
Күнделікті жаттығу жасайсыздар ма?
Күн сайын екі мезгіл жаттығу жасаймыз. Тренерлеріміз Владимир Ситников пен Бекболат Бакенов бізден жаттығуларды үзбей және дұрыс орындауды талап етеді. Күн сайын кедергілер арасымен 100 шаршы метр жүгіріп, шабуыл сатысымен оқу жаттығу мұнарасына төртінші қабатқа көтерілеміз.
− Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
− Әрине отбасыма, бауырларыма арнаймын. Жаттығудан соң үйдің шаруасына қолғабыс етемін. Әкем сан жыл полиция қызметінде абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Анам қазір қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, подполковник. Ата-аналарымыз бізді мейірімге бөлеп өсірді. Төрт ағайындымын.  Үйдің үлкені болған соң жауапкершілікті сезініп өстім. Үлкен інім Жайсаң 6 сыныпқа көшті. Қарындасым Әлия 4 сыныпқа барады. Ал ең кішкентайымыз Әлжан − үш жаста. Жайсаң өскенде полиция боламын дейді. Ал Әлия мал дәрігері болғысы келеді. Бала ғой, тәтті армандарын айтады. «Дегендеріңе жетіңдер» деп еркелетіп отырамын. Бауырларымды ойнатып, соларға баскөз боламын.
− Өрт сөндіруші болып қабылдану үшін не істеу керек?
− Төтенше жағдайлар департаменті бос жұмыс орындарына конкурс жариялайды. Бірінші кезекте денсаулық пен физикалық дайындық тексеріледі. Еліміздің заңдарынан тұратын тест сұрақтарына жауап берсе, әңгімелесу кезеңіне жіберіледі. Ең бастысы, өрт сөндіруші білекті де, жүректі де, білімді де  болу керек.
− Әңгімеңізге рақмет!
Гүлбану МАҚАЖАН
03 тамыз 2019 ж. 666 0

PDF нұсқалар мұрағаты

34-311

22 тамыз 2019 ж.

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031