» » » Айзада АСҚАРБЕКҚЫЗЫ, визажист: БАСТЫ БӘСЕКЕЛЕС − КЕШЕГІ АЙЗАДА

Айзада АСҚАРБЕКҚЫЗЫ, визажист: БАСТЫ БӘСЕКЕЛЕС − КЕШЕГІ АЙЗАДА

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
     Сайлова Айзада Асқарбекқызы Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылында 1990 жылы 7 қазанда дүниеге келген. №191 мектепте орта білім алған. И. Әбдікәрімов атындағы агро-техникалық колледжінде «Мұнай және газ» мамандығын меңгерген. Кейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын «Smаll» сауда үйінде сатушы болып бастаған. Екі жылдан бері «Aizada Askarbek» сұлулық салонын ашып, команда жинап халыққа қызмет етуде. Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталған.

− «Аizada Askarbek» сұлулық индустриясына қалай келді?
− Бұл − мен үшін ең қиын сұрақ. Себебі өмірімнің күрт өзгеруі осы сұрақтың астында жатыр. Оқу бітірген соң, ауылға қайтқым келмеді. Ата-анам мектептен жұмыс тауып беретінін айтты. Мен қалада қалып жұмыс істегім келді. Алғаш «Small» сауда үйінде сатушы болып жұмыс істедім. Жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, үш айда әкімші болдым. Жақсы көрсеткіш болса да ол саладан кеткім келді. Бір орында ұзақ істей алмайтынымды түсіндім. Ол кезде әпкем Әйгерім ауылда мектепте жұмыс істейтін, қалаға шақырып, екеуміз пәтер жалдап жұмыс істедік. Юлия Хан есімді мықты стилистпен танысып екеумізде дәріс алдық. Бірақ алдымызда қыс мезгілінде тапсырыс жинай алмадық. Менің бұл саладан ауысып, астанаға кеткім келді. Көп ұзамай менің бұл ойымды жақындарым құптамады. «Шынышақтай қыз Астананың суығына шыдамассың» деді анам. Қарсылықтарға қарамастан алып ұшып тұрдым. Астанаға бәрібір кетем дедім. Бірақ сол күні жиекте тұрған көлікке барып соқтым. Жол апатынан көлігімнің күл талқаны шықты. Шүкір, өзім аман қалдым. «Ертең жол жүрем» деп отырғанда әкемді камаз қағып кетіп, аяғын жарақаттап алды. Ең жақын адамым − әкем. Үйде табыс табатын қорғаушымыз әкем ауырып жатты. Сонда да әкем жазылған соң барам деп жүрдім.
− Сонымен Астанаға барамын деген арманыңызға жеттіңіз бе?
− Арманға асығуға болмайды екен. Бәрі бір Алланың қалауымен болады. Енді жолға шығамын дегенімде бала күннен бірге өскен бауырым, досым, журналистік еңбек жолын енді бастаған Сара Омарқызы жол көлік апатынан қайтыс болды. Екеуміз ауылда егіз қозыдай бірге өстік. Бірге ойнап, мектепке де бардық. Бірінші сыныпқа барғанда менің бойым одан ұзын болды. Оның бойы белімнен келетін. Бірақ менің сөмкем кішкентай, ал ол өзінен дәу сөмке асынып келді. Екеуміз көше басында кездесіп сөмкемізді ауыстырып алатынбыз. Күнде мектепке осылай бірге барып, бірге сабақ дайындайтынбыз. Қалаға алғаш келгенде де бірге пәтер жалдап тұрдық. Сара қыршын кетті. Күнде жанымда жүрген адамнан бір сәтте айырылып қалғанда өзімді жалғыз қалғандай сезіндім. Сараның қазасы жаныма қатты батты. Өмірден ерте өткеніне сенбедім. Мен көп нәрсеге бас қатырмайтынмын. Тіпті мен кіммін, не істеп жүрмін деп бір рет те ойланбаған едім. Біреу мені «оянсаңшы» деп қатты сілкіп-сілкіп тастап жібергендей болды. Адам өз ойымен жалғыз қалғанда ғана ойланады екен. Осы қазадан соң болған оқиғаларды саралап, Астанаға барамын деген ойдан бас тарттым. «Қызылордада қалып еңбек етуім керек екен, Алла маған «наныңды туған жеріңнен тап» деп белгі беріп отыр деп түсіндім.
− Кәсіп бастау үшін қомақты қаржы жұмсаған боларсыз...
− Әпкем екеуміз қалтамыздағы 100 000 теңгеге шағын ғимаратты жалға алып, жарнамадан қондырғылардың ең арзанын тауып, тіпті біреуін қарызға алып жұмыс істедік. Мен келушінің бетін әрлесем, тәтем әдемі шаш үлгілерін жасап берді. Жасаған жұмысымның суретін әлеуметтік желіге салып отырдым. Осылай жарнамалап, алты ай жұмыс істедік. Ол кезде облыс әкімдігінде диспечер болып жұмыс істеп, еңбек демалысында жүр едім. Үш жыл бір орында қозғалмай істедім. Автокөліктерді тексеріп қабылдап, шығарып отырдым. «Қашанғы диспечер болып жүремін», деп салоннан тапқан бір айлық табысымды есептеп, әкімдіктегі жұмысымды тастап кеттім. «Әкімдіктегі жұмысыңды тастама, тұрақты айлық, мемлекеттік жұмыс, ақымақсың» дегендер болды. Біз тәуекел еттік.
− Қиындықты қалай жеңдіңіздер?
− Әкем ауырып, досымнан айырылып қатты қиналдым. Басыңа іс түскенде ғана жаныңда жүргендердің кім екенін біледі екенсің. Менде ештеңе қалмаған кезде ғана түсіндім. Біз әбден тарықтық. Несиемізде көп болды. Үйде тек тәтем Әйгерім ғана күнделікті ақша табатын. Мен тәтемнің табысына қарап, бұл салада күнделікті қомақты ақша табуға болатынын түсіндім. Ғаламтордан сән әлеміндегі әйгілі визажистер туралы көп оқыдым. Танымал визажист Санди Бексырғаның суреттеріне қарап, бүгінгі қазақ қызының ұлттық рухын сезіндім. Барып танысып, дәріс алғым келді. Ол кісінің үздік шәкірті, кейін әріптесі боламын деп ойлаған емеспін. Ақыры ағаларымнан қарызға ақша сұрап алып, Астанаға барып Санди Бексырғадан дәріс алдым. Ол кісінің дәрісіне уақытылы дұрыс тамақтанбай барсам да, көңілім тоқ қайтатын. Сандидің әрбір сөзі, ісі маған үлкен мотивация беретін.
− Жұмыс табу қиын болған жоқ па?
− Оқып келген соң көптеген салондар мені қабылдай қоймады. Бірі тәжірбиең жоқ десе, енді бірі табысты екіге бөлуді ұсынды. Кәсіби макяж жасайтын косметикалар қымбат, сондықтан бұл шартқа да келіспедім. Мені сынап көрместен, «сенің тәжірбибең жоқ» дегені мені одан сайын жігерлендірді. Мен өзімнің «қалай жұмыс істейтінімді, не үйреніп келгенімді әлі-ақ дәлелдеймін» дедім ішімнен. Өзім бетімді жуып тастағанды ұнатамын, ал өзгелерді сәндегеннен ләззат аламын. Тұтынушыларым қуанып, шаттанып келген сайын мен өзімнің шығармашылық адамы екенімді одан әрі түсіндім.
− Бәсекелестеріңіз көп пе?
− Мен ешкіммен жарыспаймын. Таласпаймын. «Мен мықтымын» деп те айтпас едім. Себебі үлкен жолға енді шықтым. Тек кешегі Айзадаға бүгінгі Айзада бәсекелес. Бұрынғы Айзада артта қалып қойды. Кейде шаршап, баяулап қалсам, алдымдағы Айзадаға қарап, қиялға ерік беріп, алға ұмтыламын. Басқа әріптестерімді өзіме бәсекелес санамаймын. Біреуді сыртынан әңгімелеу, кедергі жасау дегеннен аулақ жүруге тырысамын. Мен туралы айтыпты десе де, мен бермеймін. Ол адаммен дұрыс сәлемдесіп жүре беремін. Әркімнің өз жолы бар.
− Қазір салада қандай кедергі бар?
− Еңбек етем деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Сән әлемі адамның шексіз қиялындай. «Тау басында бақыт бар, байлық бар дегенді естіп, жүз бақа тауға шықпақ болыпты. Сонда барлығы улап-шулап, бақытқа жетудің оңай жолын іздеп, түрлі қауесет айтыпты. Ұзақ жолды еңсеріп тек бір ғана бақа шыңға жетіпті. Сөйтсе ол саңырау екен. Жолда айтылған мың сан қауесетке құлақ түрмеген» Осы мысал маған ұнады. Қажетсіз ақпараттарға құлақ түрмеу керек. Өзім дұрыс деп шешсем, ол ешкімге зияны тимейтін болса бөгелмеймін. Қазір командада 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Болашақта өз ғимаратымыз болып, команданы, қызмет көрсету сапасын дамытып алға жылжысақ деймін. Қаламыздың жоғары сапада қызмет көрсететін сұлулық орталығын ашқым келеді.
− Кімнен қолдау күтесіз?
− «Алла Тағала барын білдіреді, білдірмесе бүлдіреді» деген сөз бар ғой. Басты қолдаушым − Жаратқан ием. Аллаға шүкір, жалғыз емеспін. Менің тірегім − отбасым. Әкем мен анам әркез қолдап отырды. Ең басты идея әпкем − Әйгерімдікі. Ол тамаша идеялар айтады. Бірақ жүзеге асыруға жүрексінеді. Сондықтан мен қорқынышқа қарсы жүремін. Ұстазым Санди Бексырғаны да ерекше айтар едім. Ол менің бойымнан шығармашылық қабілетті байқап, маған жол көрсетті. Әлі күнге дейін ұстазыммен тығыз байланыстамын. Халықаралық жобаларға шақырту алып, қасында көмекші боламын. Маған сеніп тапсырғаны, мені шабыттандыра түседі. Санди әркез кеңесін беріп, «Мен жетістікке он жылда жетсем, сен үш-ақ жылда жетуің мүмкін. Себебі мүмкіндігің мол» деп алға жігерлендіреді.
− Арманыңыздағы азамат қандай болу керек?
− Ең бастысы рухани бай азамат болса. Іші қуыс, тек сыртқы фактормен күн кешіп жүрсе, түсінісе алмайтын шығармыз. Бір-бірімізді шын сүйіп, әркез қолдап, қызметімізде де бір-бірімізді демеп отырсақ деймін.
Қыз баланың басты мақсаты − ана болу. Менде бақыт сыйлап, жар болып, келін атансам деймін. Дүниеге сәби әкеліп ана болғым келеді.
− Жастардың басты жауы не?
− Жалқаулық. Үлкен қалаға барсам, мегаполисте басқаша өмір сүрер едім, бұл жақ экология деп адам өзін артқа тартып, жалқаулыққа жеңдіреді екен. Еңбек етсең сен мейлі қуыстағы сарайдан шықсаң да табысты боласың. Адамның мүмкіндігі мол. Тек жалқаулықты жеңе білу керек.
− Қазір қандай автордың шығармасын оқып жүрсіз?
− Әлемге танымал оратор Ник Вуйчичтің «Жизнь без границ» атты кітабын оқыдым. Қол, аяқсыз туылса да, үлкен жүректі адамның «Менің өлуге хақым жоқ, мені Алла осылай жаратты. Мен енді Алланың игілігін халыққа жеткізуім керек» деген сөздері, ол кісінің өмір жолымен танысу маған қатты әсер қалдырды. Жуырда Алматы қаласында өткен кездесуіне арнайы бардым. Үлкен әсер алдым. Қазір Вадим Зеланд деген автордың «Пространство вариантов» атты еңбегін оқып жатырмын.
− Сізді теннис алаңынан да көрдік. Спортпен шұғылданасыз ба?
− Ештеңеге бас қатырмай, жұрт қатарлы өмір сүріп жүрміз ғой деп алаңсыз жүрген уақытында қатты толып кеттім. Артық салмақ маған дерт болып көрінді. Қайтсемде арылуды мақсат еттім. Ең бастысы дұрыс тамақтану қажет екен. Дүкен сөресінде қорапта ораулы тұрған затты алып жегенше, оны өз қолыңмен дайындаған әлдеқайда пайдалы. Әлі де солай, таңмен таласа тұрып жоқ дегенде бес мың қадам жүгіріп келемін. Жүгіру күні бойы сергек жүруіме себеп.
− Алдағы жоспарыңыз жайлы не айтасыз?
− Өзімді, кәсібімді дамытып, тұлға болып қалыптасқым келеді. Сара досым өмірден озғанда «ауылға кейін қайтып келіп мешіт саламын, онда күн сайын оған арнап дұға жасалатын болады» деп армандаған едім. Сол үшін еңбектенгім келеді.
− Сұхбатыңызға рақмет!


Әңгімелескен Гүлбану МАҚАЖАН
27 қыркүйек 2019 ж. 587 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031