» » » Асқар ҚҰРМАШ, кәсіпкер: «Темір адам» атанғым келеді

Асқар ҚҰРМАШ, кәсіпкер: «Темір адам» атанғым келеді


БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
   Асқар Шалқарұлы − 1996 жылы 30 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. «Қабілет» мектеп-гимназиясында, Қ.Мұхаммеджанов атындағы №1 мектеп гимназиясында орта білім алған. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың түлегі. Еңбек жолын «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі болып бастаған. Кейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да студенттер кәсіподақ комитетінің төрағасы, облыстық филармонияда конферансье, «Б-Асқар» серіктестігінің директоры қызметін атқарған. Жасөспірімдер арасында велоспорттан екі дүркін чемпион. «Nur Otan» партиясының бастауыш партия ұйымының төрағасы, бүгінде «ВSG» серіктестігінің бас директоры.

− Сыр елі сізді тележүргізуші ретінде таниды. Телеарнаға қалай келдіңіз?
− Анам Қаршыға Есімсейітова белгілі журналист, ақын. Кішкентайымнан журналистің баласы болған соң сол ортадағы қызу тіршілікті көріп өстім. Анаммен бірге іс-сапарға баратынмын. Үлкендерді көріп тез есейгім келді. Ол кезде мемлекеттің қаржыландыруы аз еді. Тележобалардың жарыққа шығуына кәсіпкерлер көмектесетін. Сол үшін мен кәсіпкерлерге қызығатынмын. Кейін студенттік жылдары телеарнада жүргізуші болдым. Басында аз ақшаға уақытша келісіп бардым. Басшылық менің жаңалық жүргізгенімді ұнатып тұрақты жұмыс ұсынып, айлығымды көбейтті. Мен үшін «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы – үлкен мектеп. Қаншама дарынды ірі додаға баптап қосқан орта. Халыққа тікелей эфир арқылы шығу үлкен жауапкершілік жүктейді. «Жаңа күн», «Өзекжарды» бағдарламасының редакторы әрі жүргізушісі болыпта жұмыс істедім. Бұл ұжымнан үйренгенім көп болды. Әртүрлі тұлғалармен сұхбат құрып, мол тәжірибе жинадым. Бұл ортада білімді де, біліктілігімді де арттырдым.
− Кәсіп бастауыңызға не түрткі болды?
− Үшінші курста оқып жүріп концерт, телеарнаға барып хабар жүргіздім. Студенттер кәсіподақ комитетінде төрағалық жұмысым бар бәрін қатар алып жүру қиын болды. Тапқан жалақымнан бөлек жұмыстың жауапкершілігі де жоғары еді. Біріне үлгерсем, бірін ренжітіп ұятқа қалғым келмеді. Өзімнің кәсібімді ашқым келді. Бір орында тұра бермей, өзгеру керек екенін ұқтым. Бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеп жинаған азын-аулақ ақшама кәсіп бастадым. Халыққа түрлі қызмет көрсетеміз. Түрлі шараларды ұйымдастырып, мұғалімдерге арналған әдістемелік журнал да шығарамыз. Алайда мемлекеттік тапсырысты алмаймыз. Халықпен жеке ұйымдармен байланыстамыз. Ұжымға көп адамды жұмысқа алып, оның тек үш-төртеуі ғана жұмыс жасағанын қаламаймын. Сондықтан қазір командама тек белсенді жастарды жинақтадым.
− Велоспорт мектебіне қанша жасыңызда бардыңыз?
− 7 сынып оқитын кезім, теледидардан "Тур де Франс" жарысына көзім түсті. Біздің елдің намысын қорғайтын Александр Винокуровты көрдім. Барлық жарыс күндері жанкүйер болып, осы спортқа қызығушылығым оянды. Уақыт жібермей қаламыздағы велоспорт мектебіне бардым. Жаттыға келе облыстық жарыстарда бақ сынадым. Алғашында 60-50 орындарды қанағат етіп жүрдім. Күнделікті жаттығу, дайындықтан қалмайтынмын. 2009 жылы облыстық жарыста топ жарып, Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде үштікке кіріп "Спорт шеберлігіне үміткер" межесін орындадым. 2010 жылы "ҚР чемпионы боламын", "Ұлттық құрамаға кіремін" деп, мақсат қойдым.
− Мақсатыңызға жеттіңіз бе?
− Кенет ойламаған жерден көлік апатына ұшырап, басымнан жарақат алдым. Бірақ, бір аптаға жетпей қайта жаттығуға қосылдым. Араға 10 күн салмай турникке тартылу барысында жерге құлап, қолымды сындырдым. Бұл мен үшін үлкен сынақ болды. Бірақ ол мені мақсатымнан тайдырған емес. Уақытылы емделген соң, велосипедімді қайта тізгіндедім. Үзілістен кейінгі алғашқы жарысым Астана қаласында өтті. Елдік үлкен сайыста 6-шы орынды еншіледім. Алматы қаласында Ел Чемпионаты басталды. Бірінші күні асығым алшысынан түсіп, қола медаль иелендім. Ертесіне, топтық жарыста тағы да құладым. Бірақ бұл жолы шегінерге жол жоқ еді. Барлық күш жігерімді жинап жарысты жалғастырып, мәреге бірінші болып жеттім. Үшінші күні тағы алтынды жеңіп алдым. Сөйтіп, 2011 жылы Ұлттық құрамаға кіріп, Астана қаласында өткен бес күндікте үш алтын бір күміс еншілеп велоспортты тәмәмдадым. Спортты қойғаныммен велосипед айдауды тоқтатпадым.
− Еліміздің велоспорт саласын қалай бағалайсыз?
− Қаладағы велоспорт мектебінің түлегімін. Ол − мықты тәрбие ошағы. «Астана» велокомандасы әлемдегі әйгілі топтармен тең. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен құрылған команданың болашағы жарқын. «Команда да легионерлер көп» деп сын айтатындар бар. Атақты легионерлерді шақыру арқылы бізді әлем біледі, елді таниды. Қазақстандағы велоспорт мектебінің жарысқа дайындау жүйесі жоғары деңгейде. Еліміздің спортшылары Азия чемпионатына барса да, әлемдік додаға қатысса да жоғары нәтиже көрсете алады.
− «Темір адам» атануға талпынып жүр екенсіз. Бұл спорт туралы толығырақ айтсаңыз...
− Спорт дегеніміз − өмір. Өмір қозғалыстан тұрады. Әрбір адамның алдына қойған мақсаты болады. Мақсатқа кедергілерді еңсеру арқылы ғана жетеміз. Ол үшін бойымызда төзімділік, ерік-жігер, жауапкершілік сияқты қасиет болу керек. Спорт осы қасиеттерді шыңдайды. Қиын спорт түрлерінің бірі – триатлон. Онда 4 км қашықтықты жүзіп өту, 42 шақырымда жүгіру және 180 шақырымды велосипедпен еңсеру керек. Ironman − темір адам деген мағынаны білдіреді. Кім жоғарыда аталған көрсеткіштерге қол жеткізсе, сол «темір адам» атанады. Менің бұл спорт түрін таңдауымның басты себебі айналамдағы адамдарды спортқа, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру.
− «Жастар ресурстық орталығының» директорының орынбасары болып қызмет істедіңіз. Жастардың қандай өзекті мәселесі бар және ол қалай шешімін табады?
− Қызмет бабымен барлық жеті ауданда болып, ондағы ауылдарды аралап, жастармен кездестім. Жастар арасындағы ажырасу, маскүнемдік, төбелесу, ақша жетпеу, отбасылық дау-дамай секілді мәселе бар. Мұның бәрі жұмыссыздықтан шығады. Мен жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына қарсымын. Қайтарымсыз грант мәселені уақытша ғана шешеді. Кешегі атаулы әлеуметтік көмек те солай. Жұмыссыздықпен күресу керек. Барлығын бірдей мемлекеттік жұмыспен қамту мүмкін емес. Кәсіп ашу керек. Фрила́нсерлерді көбейту қажет. Ағылшын тілінен аударғанда freelancer еркін суретші, еркін жұмысшы деген мағына білдіреді. Өз өзін жұмыспен қамтыған азаматтардың санын арттыру қажет. Ауылда еңбекқор жастар бар. Есік алдынан дүкен ашып, монша салып немесе жарнама агенттігін ашып қызмет етіп отыр.− Азаматтық қоғамды дамыту үшін не істеуге болады?
− Мемлекеттік сектор қоғамдағы көптеген жұмыспен міндетті мойнына ала отырып, үлкен жауапкершілікті жүктеді. Олай болса, мәселеге кінәлі – тарап әрине мемлекеттік органдар болады. Ал, қоғам өкілдері мен азаматтар көңіл толмаушылығын білдіріп, сын айтып жатады. Яғни жауапкершіліктің барлығы мемлекеттік органда, ал қоғамдық сектор, яғни азаматтар жауапкершілікті бұл жерде сезінбейді. Демек, мемлекеттік сектордың жұмысын жеңілдетіп, көптеген функцияларды, қызметті қоғамдық, азаматтық секторға беру керек. Көптеген дамыған мемлекетте осы жүйе жұмыс жасайды. Сол кезде мыңдаған мемлекеттік қызметкерді ұстап отырудың қажеті болмайды. Мемлекеттік орган мемлекеттік сатып алуды жасап, тек қадағалаушы, бақылаушы функциясын атқару керек. Сол кезде жемқорлық тиылып, қоғамдық сектор мен азаматтар жауапкершілікті сезінер еді.
− Әлеуметтік желіні белсенді қолданасыз. Берері бар ма?
− Халық пен биліктің арасын жалғауда блогерлер мен қоғам белсенділерінің рөлі зор. Халыққа шынайы жаны ашитын адам қоғамды жақсартуға, халықты біріктіруге жұмыс істеу керек. "Әкім бол, халқыңа жақын бол" деп бекер айтылмаған. Қазіргі таңда халыққа жақын болудың негізгі тетігі, билік пен халықты жалғайтын көпір − әлеуметтік желі. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов әлеуметтік желіден өз парақшасын ашты. Аймақ басшысы қоғамда көтеріліп жатқан өзекті мәселеден алғаш хабар алып, оларды шешуге мүмкіндік туды. Әкіммен ашық диалог жасауға болады. Қазір «You tube» желісінде «Сөз кезегі...» бағдарламасын ашып сала басшыларымен, айтары бар азаматтармен сұхбат жүргізуді бастадым.
− Болашақта нені армандайсыз?
− Шет елде білім алып, түрлі кәсіпті үйреніп, елге еңбек еткім келеді. Халық сенім артып, арқа сүйейтін ардақты азаматы атанғым келеді.
− Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН
04 қазан 2019 ж. 254 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031