» » » ӘЗІЛ, МЕН ҮШІН, КҮЛКІ СЫЙЛАУ

ӘЗІЛ, МЕН ҮШІН, КҮЛКІ СЫЙЛАУ

Төребек ДӘРМАҒАНБЕТОВ, «Арал-АС» КВН құрамасының жетекшісі:
«Арал-АС»-тың ел мойындаған, үздік құрама екені даусыз. Жайдарманның да, КТА-ның да кубогы қолда. Ал топ қалай жасақталған еді, жетекшісі кім? Төребек Дәрмағанбетовпен осы мақсатта сұқбаттастық. Ол кездегі идеясы мол, жалынды студент бүгінде «Арал-АС» шығармашылық орталығының директоры, белгілі кәсіпкер. Қазақ мұндай жігіттің сегіз қыры, бір сыры бар дейді.
− Əңгімемізді 2007 жылдардан бастайықшы. Жиырма жастағы Төребекке «Арал-АС»-ты құру идеясы қалай келді?
− 2005 жылы Ақтөбе қаласына оқуға түстім. Жаңалық естісе елеңдеп, тыным көрмейтін, іс-шарадан қалмайтын студент едім. Оқу орнында қазақша КВН командасы жоқ екен. Ол кезде әлі Жайдарман атауы қолданысқа енбеген. Студенттер топ құрғалы жатыр дегенді естіп, кастингке қатыстым. Солай команда құрамына қабылдандым. 2007 жылы біздің ойындарымызды Евразия каналы көрсетіп, аралдық жерлестерімнен «бір топқа бірігейік» деген ұсынысты жиі еститін болдым. Демалыста Аралға барғанда ауылдан командаға жігіттер қарай бастадым. Мектеп кезінде оқушылар үйіндегі үйірмелерге жиі қатысатындықтан, бірінші сонда бардым. Алдымнан бұрыннан таныс Ғалым кездесті. Ұсынысымды айттым. Онын да ойында жүр екен, «Арал-АС» деген атауды қояйық деп бірден құраманың атын да ойластырды. Бұл2007 жылдың 25 тамызы болатын.
− «Арал-АС» деген атаудың өзі танымал. Брендті қалыптастырған қарапайым бозбалалар ол кезде қандай еді? Бастары қалай бірікті?
Ол кезде жігіттер әр мектепте оқитын.Аудандық сайыстарда бір-біріне қарсылас ретінде ойнап жүрген. Одан кейін бір командаға жинала бастадық.
− Топтың аты неліктен «Арал-АС»?
«Арал-АС» екі мағынаны білдіреді. Біріншісі, әр командадан жиналған аралас құрама болғандықтан. Екінішісі, ас – өз ісінің нағыз маманы деген мағынаны береді.
−  «Арал-АС»-тың асығы қашанда алшысынан түсіп тұрды. "Сыр елі" лигасының жеңімпазы, республикалық Жайдарман ойынының, КТА-ның алғашқы чемпионы атанған. Екі рет Астана əкімінің жəне Өскемен əкімінің кубогын иеленгенінен хабардармыз. Ауданнан шыққан құраманың бас бəйгені бермеуінің басты себебі неде деп ойлайсыз?
− Команданың  өз ұстанымдары болды. Бастысы ауызбіршілікті сақтау, халық алдында өнерімізді дұрыс жеткізе білу. Қай істе болмасын өз ісіңді жақсы көруің керек. Өзіңді құрметтегенде ғана барлық дүниені қолдан келгенше жақсы істеуге тырысасың. Байқағаныңыздай, біз үшін кубок басты орында болған жоқ.  Ал өзіне талап қойғыш құраманың мекен-жайына кубок адаспай жететіні белгілі.
−  Топ Жайдарманның да, КТА-ның да чемпионы. Ендігі мақсат қандай?
− Құрама ретінде белгілі бір деңгейден көріне білдік. Ендігі ойымыз теле жоба ашу. Бағдарламадан өзімізден кейінгі іні-қарындастарымызды көрсек дейміз.
− Сіз үшін əзіл деген не?
− Әзіл, мен үшін, адамға күлкі сыйлау. Оның да түрлері бар. Айталық, күнделікті өмірде кездесетін қызықтарды бейнелейтін тұрмыстық әзіл халыққа ең жақыны. Өйткені, өз басыңнан күнде өтеді, оған еріксіз жымиясың. Ал біреу айтқанда да, кітаптан оқып, телеарнадан көргенде де бірдей күлсең – нағыз әзіл сол.
− «Жайдарман» мен КТА-ның əзілді ұсыну форматы бірдей. Айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
− Жайдарман мектеп, КТА колледж секілді. Демек, құрылымының ұқсас болуы заңдылық.
− Байқасақ, Данияр, Ғалым, Ақылбек те Астанаға тұрақтаған. Сізде жұмысыңызды бас қалада жалғастыруыңызға болар еді. Аралда қалуыңыздың себебін білуге бола ма?
− Аралда қалуымының бірнеше себебі бар. Бірақ, бірінші, екінші деп бөле алмаймын.  Үйдің кенжесімін, сол уақыттарда шаңырақ көтердім, қазір балаларым бар. Сондай-ақ, Аралда бірнеше кәсіп бастадым. Демек, бұл жерде де берекелі еңбек етіп, елге қызмет істеп, өз өміріңе риза көңілмен қарауға болады. Мен үшін Астана – біраз уақытқа барып, қыдырып, демалып қайтатын қала. Ол жақтағы қарбалас тірлікке, Астананың тұрмыс деңгейіне сай болу үшін уақытыңның барлығын, жалпы өзіңді жұмысқа арнауың қажет.  Сондай-ақ, "жоқ" деп айтуды үйрену керек. Бұл тек материалдық тұрғыда емес, уақытқа қатысты да. Ал ол маған үйреншікті нәрсе емес.
− «Арал-АС» шығармашылық орталығының директорысыз. Төребекті кəсіпкер ретінде де танимыз. Қазір Аралда қолға алған істеріңіз туралы сөз қозғаңызшы.
− Аралда жастарға арналған әр түрлі шара өткіземіз. Бірақ «Мұны ұйымдастырған кім» дегенде үнсіз қаламыз. Өйткені, нақты ұйымның аты жоқ. 2016 жылы «Арал-АС» шығармашылық тобын құру ойыма келді. Бірақ бұл атау жастар арасында танымал болғанмен, тіркелмеген. Алдымен, мерекелік, жастарға арналған шараларды ұйымдастырып, жарнамалағым келді. Бірінші ұйымдастырушы топ құрылды. Әрине, олардың 90 пайызы жайдарманшылар, қалғаны әнші, бишілер. Одан кейін мынадай бірнеше жобадан тұратын бағдарламасын дайындадық. «Жайдарман», «Krump balleto» заманауи би сайысы, «Арал-АСып тұрайық» концерттік кеш. Кештің ерекшелігі әндер жанды дауыста және инструментпен орындалады. Лэд экран арқылы көрерменмен ойындар ойнап, тек оларды тыңдаушы ретінде қалдырмай, жақсы қарым-қатынас орнату үшін жаңа дүниелер ойлап табамыз.  Мұнан кейінгі жоба – жаңа жылға дайындық. Бұл да концерттік кеш. Алдағы уақытта әншілер арасында сайыс ұйымдастыру және «Арал-АС» шығармашылық тобы» қоғамдық қорын ашу ойда бар.
Бұл жобаға арнайы қаражат бөліне ме?
− Ешқандай қаржы бөлінбейді. Түскен қаражаттан бұрын сайыстарға барар алдында қарызданып қалған жерлерге қайтарамыз. Ал қалғаны жас жайдарманшы және бишілерді сайысқа апаруға (жол ақысы, пәтер, азық-түлік) және залды жалға алуға, билет, афиша жасатуға, кубок, сыйлықтарға, келген қонақтардын жол ақысына кетеді. Бастысы жақсы нәтиже бар. Заманауи би сайысын ұйымдастыру кезінде біраз адамдар қарсы болған. Неге ұлттық би емес, ол не тәрбие, біздің ауылда ондай бишілер жоқ деген секілді қарсы ойлар айтылды. Менін ойымша, бірінші жастарды бір ортаға біріктіріп, жинау керек. Ал басын қосу үшін заманға сәйкес, солардың тілімен сөйлесу керек. Әркімнің қызығушылығы әр түрлі. Бір досым жастар әлеуметтік желіге кіріп, бұзықтармен араласқанша, осындай бимен айналыссын деген. Аралда ондай бишілер жоқ деп даурығып жүргенде  17 команда жиналды. Осы жылы топтың саны 23-ке жетті.
  • Мұнымен қоса жеке кәсіп те бастаған екенсіз...
  • Қазір жастардың көбі мамандық емес, грандты тандайды. Төрт жыл оқығанымен не керек, дипломы  пайдаға аспай жатады. Менде де солай. Адам өзіне ұнайтын, шабыт беретін, қуантатын жұмыспен айналысуы керек. 2011 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс бастадым. Қазір Аралда бизнес орталығым бар. Жалға бөлмелер береміз, "ПОРТ" компьютер және PS4 клубы бар. Сондай-ақ, “Zhasmine” сұлулық салонын аштым. Отбасылық "НАБАТ-2000" жол жөндеу жұмыстарымен айналысатын мекемемеміз де бар. Қазіргі таңда, Қызылорда қаласындағы “Garant” тәуелсіз бағалау орталығының Арал қаласындағы өкілімін. Арал аудандық оқушылар үйіндегі "Жайдарлы жасұлан" үйірмесінін жетекшісімін, Жайдарман ойындарына дайындаймын. Алдағы уақытта балаларға және орта жастағы адамдарға арналған демалыс орталықтарын ашу ойда бар.
− Орда бұзар отыз жасқа келдіңіз. Жайдарманшы ретінде халыққа танылдыңыз, талайды мойындаттыңыз. Сізді əлі де əзіл əлемінен көре аламыз ба?
− Әзіл әлеміне бұрынғыдай шығып, ел алдында өнер көрсете қоймаспын. Бірақ мен дайындаған талантты шәкірттер топ жарып, жеңіске жетеді деген сенімдемін.
  • Сұхбат үшін рақмет!
Сұхбаттасқан: Айдана ЖҰМАДИНОВА
Жас әзілкештерге
 чемпионнан кеңес:
«Қай істің болсын өнуінің 3 шарты бар: ең әуелі ниет, одан соң күш, үшінші тәртіп керек. Жас ойыншыларда ниет пен күш бар. Бірақ уақыттың көбі жұмыстың ілгері жүруін емес, тәртіпті түсіндірумен өтеді. Сондықтан сөзге тұрақтылық, уәдеге беріктік, істі қалай да дер кезінде атқаратын жауапкершілік керек».
13 желтоқсан 2017 ж. 584 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 27 (252)

05 шілде 2018 ж.

№ 20 (245)

17 мамыр 2018 ж.

№ 19 (244)

11 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031