» » » Жаңыл ЖОНТАЕВА, Назарбаев университеті қосымша білім беру департаментінің директоры: «Мұғалімнің миссиясы – баланы бақытты ету»

Жаңыл ЖОНТАЕВА, Назарбаев университеті қосымша білім беру департаментінің директоры: «Мұғалімнің миссиясы – баланы бақытты ету»

Әр уақыттың өз талабы бар. Кешегі мен бүгінгіні салыстыруға келмегенмен, ешқашан мәнін жоймайтын мәңгілік құндылықтар бар. Ол – ұлттық құндылық, атадан балаға мирас болған ұлттық тәрбие, салт-дәстүрді сақтау. Ұрпақ тәрбиесі, жаңаша білім беру жүйесі жайында Назарбаев университеті қосымша білім беру департаментінің  директоры Жаңыл Жонтаевамен ой бөліскен едік.
– Жаңыл Алпамысқызы, еңбек жолыңызды ауылдан  бастағаныңызды білеміз. Десе де, қазір жастарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен де ауылға шақыру оңай емес тәрізді...
– Бұл бүкіл елдерге тән үрдіс.  Елді мекендерге жас­тарды еңбек етуге шақыру үшін дүние жүзі мемлекеттері көптеген ынталандыру шараларын жүзеге асырады.  Оларға талдау жасап көрсек, ұқсастық көп. Яғни, үй беру, ақшалай ынталандыру, материалдық көмек көрсету.
Дегенмен,  жастарға мате­риал­дық жағдайдан өзге де қолдау шаралары маңызды дер едім. Олардың өзін-өзі дамытуға, қоғаммен араласуына,  сүйікті ісімен айналысуына, эстетикалық тартымдылық қа­лыптастыруына жағдай жасау қажет. Ол үшін ауылға жас­тарды тарту керек дегеннен гөрі тұрғындардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасау ұста­­нымымен әрекет еткен абзал. Сонда тұрғындар да тұ­рақ­­талады, жастар да ауылға келеді.
Мәселен, Ақмола облы­сын­дағы Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын «Родина» агро­шаруашылығына жұ­мыс­қа ор­наласуға кезекке тұр­ған­дардың көптігі сонша күту ұзақ­тығы бірнеше жылға созылады екен.
– Ауыл мен қала мектеп­терінің білім беру деңгейі айтарлықтай сөз бола бастады. Себебі неде?
– Ауыл мен қаланың білім деңгейін мектеп қана айқындамайды. Ауылдық жерде тұрғындар іс-әрекеттің шектеулі түрлерімен айналысады. Қалаларда экономикалық әрекеттің түрлері көп. Олармен айналысу үшін білім мен дағдының көп көлемі қажет. Сондықтан оқып-үйренуге сұраныс зор. Сол сұранысты қанағаттандыратын ұсыныс та бар. Осылайша білім беру нарығы қалыптасқан. Сонымен қоса қалаларда білім беру мен білім алудың инфрақұрылымы да жақсы дамыған.
Ауылдардың білім дең­гейін көтеру үшін еңбек нарығын, бизнестің түрлерін, инфрақұрылымды дамыту керек. Оқушылар мен жастарға кәсіби бағдарды дұрыс беріп, жаңа білімдер мен дағдыларға сұранысын қанағаттандыратын жағдай жасау керек. Ауыл мұғалімдерін жағдай келгенше біліктілікті арттыру курстарына жіберіп, кейін соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының әлеуетін де жоғарылатып отыру керек.
– «Мұғалім мәртебесін» заңмен белгілейтін күн жа­қын. Құрметті маман­дық иесі болу – үлкен жауап­кер­шілік. Дегенмен, мұға­лімдік қол­жетімді ма­ман­дыққа ай­нал­ды. Бұл турасында пікіріңіз қалай?
– ҰБТ қорытындысымен төмен балл алған балалар тек мұғалімдікті ғана емес, өзге мамандықтарды да таңдайды. Одан қорықпау керек. Олар білім деңгейі төмен түлектер емес. Тек салыстырмалы түрде жинаған ұпайлары төмендеу болды деп қабылдағанымыз жөн. Қалай болғанда да жоғары білім алуға ниетті балалар.  Ең бастысы, жоғары оқу орындары білікті маман даярлауға барынша күш салу керек.
– Республикалық басы­лым­дардың бірінде бүгінгі ұрпақ жайына алаңдаған белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов: «Бүгінгі мектеп түлегі цифрлық әлемге, жаһандық ғаламторға шырмалуда. Оның өз ойын жинақтауға шамасы жоқ. Ол тек қас қағым сәтті ғана ойлайды. Олар ұғынықты тілмен түсіндіре алмайды. Өйткені олар виртуалды әлемде өмір сүреді. Ұялы телефонынсыз екі сағат та тұра алмайды. Телефонын жоғалту – олар үшін нағыз қасірет. Ғаламтор таптырмас көмекшіге айналады деп есептеді осыдан біраз бұрын. Бірақ қазіргі жағдайда ғаламтор нағыз жауға айналды» деген пікір айтады.  Цифрлық әлемде өмір сүріп жатқан жастар туралы сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Бұл жағдай ересектер баланың әрекетін  дұрыс  ұйым­­дастыра алмағанда орын алады. Баланың уақытын жүйе­лі етіп, интернетті білім алу­ға пайдалануға үйрете білсе, онда интернет досқа, кө­­мекшіге айналады. Мектеп пен ата-ана цифрлық гигиена­ны қолға алу керек.  Шын мәнінде интернетте пайдасыз ақпараттан гөрі пайдалысы көбірек. Тек сол ортада жұмыс істеп үйрету – заман талабы. Со­ны­мен қоса қазіргі альфа буын балалары онлайн оқып-үйре­нуге өте икемді және соны ба­сымдық деп таниды. Осыны ескеруіміз керек. Қазіргі заман­ның балаларын 50 жыл бұрын қалыптасқан әдіспен оқыта алмаймыз.
– Өзіңіз айтқандай, бүгінде альфа буынды оқытып, тәрбиелеудеміз. Альфа буынды сипаттап берсеңіз...
– Олар ғаламтор зама­нын­­да дүниеге келді. Әлеу­мет­­­тік желілерден оқып-үй­­рен­­­­генді дұрыс көреді. Сен­­сорлы экранды жақсы кө­реді. Өздерінің техникалық құрал­­­дарымен бөліскілері кел­­­мейді. Өте мобильді. Олар жеке өмір құпиялылығы туралы алаңдамайды. Адамның заңды бостандықтарына қа­­тыс­ты шектеулер мен ше­ка­ра­­ларды мойындамайды. Тым қатаң немесе қатып қал­­­ған, логикаға сыймайтын ережелерді ұстанбайды. Ұйым­­­дасқан діннен аулақ жүреді. Киім киюдің комбинацияларын өздері ойластырады. Ұзақ уақыт бойы өздері ұнатқан нәрселерді көруді немесе тыңдауды қайталай алады. Қазіргі уақытпен өмір сүреді. Өткеннің мағынасы жоқ, болашақ туралы тү­сінік қалыптаспаған. Олар құбыл­малы. Аз уақыттың ішінде мың құбылып тұрады.
– Жастарды кітапқа оралту үшін қандай қадам жасауы­мыз керек?
– Біздің уақыт пен қазіргі кезді салыстыруға келмейді. Сондықтан біз оқыған кітаптар жастарды қызықтыра қоюы екі­талай. Себебі тарихи, саяси, экономикалық формация өзгерді. Жас буынның өмірге деген көзқарасы өзгерді. Олар еңбек ететін салалар, тәсілдер, тіпті орта өзгерді. Уақыт талабына сай табысты, икемді болуға үйрететін кітап керек. Жастарды құндылықтарға тәрбиелейтін әдебиет қажет-ақ. Сонымен қоса, жастар аз оқиды деген пікірмен де келісе қою қиын. Олар көп оқиды. Әлеуметтік желідегі хабарламалар, электронды кітаптар, sмs оқу-жазу – оның бәрі оқу. Жастар кітапқа оралу үшін олардың өміріне жақын заманауи әдеби туындылар керек. Жас­тар оқитын форматтарды игерген абзал. Кітаптар ин­тернет арқылы оқуға да, сатып алуға да қолжетімді болу керек. Қазір Нұр-Сұлтан қала­сында QR-код арқылы жүктелетін кітаптардың тізімі барлық қоғамдық орындарда  бар. Сол тәжірибені неге бүкіл Қазақстанға таратпасқа?! Сонда өз смартфоны арқылы электронды кітапты қызығып оқитын жастар табылады. Ин­тернет-кітапханалар онлайн ре­жимінде болу керек. Насихат жұмыстары да жастарды қы­зық­тыратын форматтарда өту қажет. Аға буын өкілдері осы өз­герістерді қабылдауға тиіспіз.
– Білім саласындағы бағ­дар­ламалар мен оқулықтар жиі сынға ұшырайды. Себебі неде?
– Егер оқулықтарда тех­ни­калық қателер кетсе, ол түзетіліп тұратын нәрсе. Оқу­лықтарда теория мен фактологияны бұрмалайтын қате­лер болмау керек. Оқу­лық жазған кезде авторлар ұлттық құндылықтарға негізделіп жаз­ғаны жөн. Ал қоғам қате деп тапқан кейбір нәрселер педа­гогикалық, психо­логиялық, ғылыми тұрғыда қате емес. Олар әлемдік трендтер бойынша орынды мазмұн мен тапсырмалар. Себебі біз қазіргі балаларды бұрынғыша оқыта алмаймыз. Бағдарламалар оқу­шыларды барынша да­мытуға бағытталған. Олар құнды­лықтарды да, ака­де­мизмді де, функционалды сауаттылықты  да, сын тұрғысынан ойлауды да, шы­ғар­машылықты да, ба­ла­ның денсаулығын сақ­тауды да қамтиды. Сон­дық­тан да олардың оқу ісіне жа­рам­ды­лығын тек ғалымдар мен арнайы сарапшылар анықтау керек. Әрине, қоғам пікірін білген, ескерген жөн. Бірақ педагогика  ежелгі ғылыми сала. Онымен арнайы айналыспайтын адам сарапшы бола алмайды. Білім беру саласының мазмұнын ұдайы жақсартып отыру үшін елімізде кәсіби сарапшылардың базасын қалып­тастыруымыз қажет.
– Үштілділік айнала­сын­дағы пікірталасқа нүкте қойылды десек те болады. Президент ағылшын тілін 5 сыныптан бастап оқытуды айтты. Ғалымдардың айтуынша, баланың психологиясы 9 жасқа келгенде ғана басқа тілді меңгеруге қабілетті болады екен...
– Үштілділік жаңартылған білім беру мазмұнымен кірген жоқ. Бұрынғы стандартпен бірге енген. Жаңартылған білім беру мазмұны тек тілдерді оқы­тудың тәсілдемесін өзгертті. Осы жағдайды түсінген жөн.
Ал сұраққа келетін болсақ, көпжылдық халықаралық зерт­теулердің нәтижесі бойынша бастауыш сыныптың баласы қосымша тілдерді үйренуге әбден бейімді. Содан кейін осы көрсеткіш жыл сайын екі есеге төмендеп тұрады екен.
Қазақстан үштілділікті ен­гіз­гелі бері оқушыларымыз қан­­дай жетістікке жетті, үшін­ші тілді бесінші сыныптан бас­тап енгізсек, нәтиже қандай бол­мақ деген сұрақтардың төңі­­ре­гінде зерттеу жүргізіп, нақты саяси шешімді соның нәти­­желеріне сүйене отырып қа­­былдаған абзал деп ойлаймын.
– Мамандық таңдау қай кезде де  маңызды. Кейбір мамандықтардың қажетсіз болып қалуы болашақтың мамандығын таңдауға жас­тарды бейімдеу керектігін алға тартады. Алып-қосар кеңесіңіз бар ма?
– Қазіргі заманды мамандар «VUCA әлемі» деп атайды, яғни ол тұрақсыз, құбылмалы, күрделі, түсініксіз. Технология­лар жыл сайын емес, ай сайын өзгеріп тұрады. Олардың әрқайсысы еңбек нарығын айтарлықтай өзгертеді. Көп­те­ген мамандықтар, кәсіптер жо­ғалып барады. Бірталайының өміршеңдігі күрт төмендеп кетті. Бұрын бір кәсіп өмір бойы жеткілікті болса, қазір заманның қарқынына қарай адам баласы еңбек жолында бірнеше рет мамандығын өзгертеді екен. Сондықтан оқу орындары нақты мамандықпен қоса бүкіл кәсіп иелеріне ортақ дағдыларды қоса үйретуі керек. Ол компьютерді еркін меңгеру, тілдерді білу, креативті болу, жобаларды жүзеге асыру, коммуникацияның барлық түрін игеру, командада жұмыс істеу, бір мәселені шешу үшін бірнеше білім саласының білімдері мен тәсілдерін бір мезетте қолдану. Айта берсең көп. Бірақ соларды қазірден бас­тап қолға алу керек.
– Шәкірттеріңізді айтпа­ғанда, кейбір мұғалімдердің өзі «Жонтаева мектебінен» өткенін мақтан етеді. Жалпы, жақсы ұстаз болудың қандай да бір сырлары бар ма?
– Бұл сұраққа әр мұғалім, әр оқушы өз көзқарасына, тәжірибесіне сай жауап береді. Менің көзқарасымда мұғалім білімді, білікті, дағдылы болуы шарт. Соған қоса мұғалім баланы бақытқа жетелеу керек. Баланы бақытты ету – ең жоғары миссиямыз, парызымыз, мақсатымыз.
– Еркін сыр-сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
19 қазан 2019 ж. 311 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

44-321

31 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930