» » » Маржан БИСЕНОВА, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры: Ең керек дағды − тайм менеджмент

Маржан БИСЕНОВА, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры: Ең керек дағды − тайм менеджмент

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Бисенова Маржан Қылышбайқызы − заң ғылымдарының кандидаты. Бірнеше оқу құралдары мен электронды оқулықтар авторы. Әр жылдары жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің, қала әкімінің алғыс хаттымен марапатталған. ҚР Білім және ғылым министрінің алғыс хаты және «Халықаралық көшбасшы» медалінің иегері. Отбасылы, бес баланың анасы.


− Өмірілік ұстанымыңыз қандай?
− Ешкімге жамандық жасамау. Айналама мейірім көзімен қарау.
− Жүрегіңіз санаға бағына ма?
− Бағынады. Адамда сана болу керек. Сана болмаса ол баламен жұмыс істеу қиын. Әрбір жан не нәрсені де бірінші өзінен бастау керек. Әр адам өз ісіне, өміріне жауапкершілік сезіну керек. Өзін-өзі жоғалтпау қажет. Саналы болу осыдан басталатын шығар.
− Тағдырдың сізге берген ең үлкен сыйы не деп ойлайсыз?
− Ол менің ата-анам, балаларым, жан жарым.
− Уақытты ұту мүмкін бе?
− Мүмкін шығар?! Алға қойған мақсатыңнан айнымай, күнделікті уақытты дұрыс жұмсай білсек, ұтамыз. «Ерте тұрған ердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп айтады ғой. Әр күннің өз несібесі бар. Ерінбей ерте тұрып, еңбек ету керек.
− Бүгінгінің әйелі қандай болу қажет?
− Бірінші кезекте отбасына, жарына, ата-енесіне жағдай жасап, қасынан табыла білу қажет. Балаларға дұрыс тәрбие беруге күш салу керек. Әйел төзімді болу керек деп айтады бірақ төзімділіктен гөрі мақсатшылдық қажет. Алдына келген қиындықтарды жеңе білетін, жүрек түбіндегі ұстанымы мықты жан болуы қажет. Бірінші кезекте ана баланы дүниеге әкелмес бұрын бұл балаға не беремін? Күйеуім әкесі ретінде не береді? Оларды қалай тәрбиелейміз? Еліміздің жақсы азаматы болып өсуі үшін оларды қалай оқытамыз? Қандай жағдай жасаймыз деп ойлану қажет шығар. Бүгінгі уақыт анаға да, әкеге де зор жауапкершілік артып отыр.

− Ғылымнан қол үзіп қалған жоқсыз ба?
− Ғылымда еңбегімді жалғастыру қажет. Қазір қоғамдық жұмыс көп болған соң сәл тоқтап қалды. Ғалымдар зерттейтін тақырып көп. Болашақта қайта қолға аламын. Дәл қазір оқу орнының имиджін қалыптастыру, шәкірттер тәрбиелеу − басты мақсат.
− Жоғары оқу орнының имиджін қалай көтеруге болады?
− Бірінші кезекте заман талабына сай білікті мамандар дайындау. Кезінде бәрі экономист, заңгер болды. Қазір біз техникалық мамандарды іздейміз. Электрик, сантехник, IT саласының маманы сұранысқа ие. Қазір аймақта орыс тілі пәнінің мұғалімі мен денешынықтыру пәнінен мұғалімдер аз. ҰБТ тапсырарда бала да, ата-анада қиналады. Себебі бейіндік пәнді дұрыс таңдау қиын. Қазіргі бала мұғалім болам деп армандамайды. Сондықтан төртінші пәнді таңдағанда ұзақ ойланады. Мамандық таңдауда жаңылмас үшін кәдімгідей көмек қажет.
− Бүгінгі жас буынның тәрбиесінде не жетпейді?
− Бір жағдай болса, ата-аналарды шақыртамыз. Сонда «Мен оны киіндіріп, ақшасын беріп отырмын. Қымбат қалта телефонын да алып бердім. Бұл балаға не жетпейді?» деп бізден сұрайды. Бірінші кезекте ата-ананың мейірімі, жылулығы жетпей тұрғанын аңғарамыз. Үйге келгенде бір сәт балаға уақыт тауып бірге серуендеп, әңгімелессе, бала да сенімді серікті алыстан іздемес еді.
− Жастарға нені үйрену керек деп ойлайсыз?
− Қазіргі жастар өз уақытын жоспарлауды үйрену керек. Тайм менеджменттің тілін түсіну, қолында бар аз қаражатын тиімді жұмсау, еңбекқор болу, өз бойындағы кемшіліктермен күресуге дағдылану ең басты керек дағдының бірі. Осының бәрін жастық шақта жасамаса, алдағы өмірде қиындықтар бірінен соң бірі кездесе береді екен. Кез келген сәтте кедергілерге тойтарыс беру үшін білімді, еңбекқор болған жөн.
− Қылышбай Бисеновтың қызы болу сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
− Үлкен жауапкершілік жүктейді. Әлі күнге дейін «әкесінің арқасында жетістікке жетіп отыр» деп сын көзбен қарайтындар бар. Әрине ата-ана тәрбие берді, білім берді. Дегенмен кәмелеттік жасқа толған соң өз міндеттерімізді сезіндік. Мен іште жұмыс істегенді ұнатамын. Сыртқа көп шыға бермеймін.
− Әкеңіз үнемі қызметте болды. Балаларға қаншалықты көңіл бөлетін?
− Әкем үнемі қызметте болғанмен, қыз баланың тәрбиесіне үнемі көңіл бөлді. Қызықты сәттер көп болды. Менің балалық шағым әкемнің Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғап жүрген уақытына сәйкес келді. Сол кезде әкеммен бірге Мәскеуді аралап қыдырғанымыз, цирке барғанымыз әлі күнге дейін есімде. Одан әр қарай
студент болсақ та ата-анамызбен бірге Алматы қаласына демалысқа баратынбыз.
− Көбіне танымал адамның қыздары жариялылықты жақсы көреді? Сіз ше?
− Мен әлеуметтік желілерді қолдануды білемін. Белсенді отыратын адамдардың жазғанын оқимын, жарнамасын көремін. Бірақ мен өзім жариялылықты қолдамаймын. Себебі бұрын құқықтық салада сегіз жыл еңбек еттім. Жолдасым әлі күнге дейін сол салада. Сондықтан біз мұндай дүниелерге қарсымыз.
− Өмірді қайта бастау мүмкіндігі туса кім болар едіңіз?
− Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік меңгерген табысты бизнесмен болар едім.
− Іскер әйелдің бәріне үлгеру құпиясы неде?
− Бірінші кезекте жарының қолдауы, ата-енемнің демеуі. Менің балаларыма ата-әжесі қарап, мейірімге бөлеп отыр. Отбасындағы жақындарыңның сенімі сәттілікке бастайды.
− Бақыттысыз ба?
− Аллаға шүкір, бақыттымын.
− Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН
28 қазан 2019 ж. 921 0

PDF нұсқалар мұрағаты

45-322

07 қараша 2019 ж.

44-321

31 қазан 2019 ж.

43-320

24 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930