» » » АРҒЫ ЖАҒЫ МҰХИТТЫҢ БЕРГІ ЖАҒЫ

АРҒЫ ЖАҒЫ МҰХИТТЫҢ БЕРГІ ЖАҒЫ

Қуаныш ДӘЛИЕВ, «Work and Travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-та еңбек етуші:
Өмірге бейімделу, қиыншылыққа қарсы тұру, білімге, ұқыптылыққа ұмтылу – әрбір жастың әлді әрекеті болуы парыз. Бүгінгідей мәйегінен май тамған заманда кәсіп іздеген кісі қай жерден де өз орнын таба алады. Солардың бірі замандасымыз Қуаныш Дәлиев екенін айтсақ дейміз. Ол елден шет шығып, мұхит асып, алып Америкада аспаз болып істейді. Азамат деген осы шығар, жат жерде жалғыз жүрсе де туған елдің атына кір келтірмеген оны әлеуметтік желі бойынша іздеп таптық та сөзге тарттық.
– Қырғызстандық кинорежиссерлар «Салам, Нью Йорк» фильмі арқылы бүгінгі жастардың сырт жердегі тіршілікке бейімделу әрекетін  бейнелі суреттеген. Соны көріп отырып, сен үшін де аузы алты қарыс Америка құшағын бірден аша қоймағаны мәлім...
– Әлбетте. Кез келген дүние оңайлықпен келмейтіні белгілі. Мектеп табалдырығында жүріп-ақ еңбекке етене жақын болдым. Яғни еңбекпен есейдім десем болады. Мектептен соң колледждің білімін алдым. Сәтін салып, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түстім. Мұндағы мақсат –  жеті жұрттың тілін біліп, жиған-терген білімімді ел мүддесіне жұмсау еді. Екінші курсқа көшкен жылыАҚШ үкіметі студенттер үшін тамаша бастама жасады. Бұл – «Work and Travel» бағдарламасы болатын.
Қай адам болсын, жақсы нәрсеге ұмтылуы керек. Мұндай ұмтылысқа мені де өмір үйретті, уақыт ширатты. Осылай бағдарламаның шарттарымен танысып, бір шешімге келдім. Неде болса мұхит асып, анау Америкаға барып, жұмыс істеу қажет деп шештім. Ішкі қобалжуым бар, алайда шешінген судан тайынбас. Мен тәуекелге бел будым.
 Бұрын соңды көрмеген елге баруға жүрексінсем де адасқанның алды жөн, арты соқпақ деген емес пе, буынып-түйініп, заттарымды дайындап, жолға дайындалдым.  Ағылшыншам да мәз емес,  әлі еркін сөйлеу деңгейіне жетпеген кезім. Содан Алматы арқылы ұшатыным белгілі болды. Қалтамда бар-жоғы 80 мың теңге! Оны долларға шақсам бірер жүздік көк қағаз. Тағы да тәуекелге табан тіредім. Қас қылғанда Америкаға тікелей рейс жоқ, үш қалаға аялдау қажет. Ол қалтаны қағатын болды. Амал нешік, 22 сағатым әуеде өтті, 14 сағатым үш қаланың қалтарысында қалды. Осылай 36 сағат дегенде армандаған Америкаға табан тіредік.
– Әрі қарай не болды? Мынау құдды бір кино секілді дүние екен...
– Ассалалмағалейкум Америка деп әуежайдан мені күтіп алуды міндеттелген жауапты адамды іздей бастадым. Елден шығар сәтте телефон арқылы тілдескенмін. Жүзін көрмегеннен кейін, көп адамның арасынан оны  көзді жұмып табу қиынға соқты. Сырт көз сыншы ғой, азулы Американы жатырқап тұрғанымды байқап, өзі келді. Біз лезде танысып, уақытты жоғалтпай Огайо штатына жол тарттық. Тұратын жайымды шегелеп алған соң, жұмыс орнымды таныстырды. Фаст-фуд өнімдерін әзірлейтін аспазшы болып бекітілдім. Осы жерде бір кедергіге тап  болдым. Дәмхананың өзіндік формасы яғни, арнайы киімі бар екен. Формамен қамтамасыз ету дәмханананың құзіретіне кірмейді. Сол себепті сатып алуға тура келеді. Алып ұшып дүкенге барсам форманың құны теңгеге шаққанда 150 мың тұрады. Қалтамдағы қаражатым жарты бағасына да татымайды. Не керек, қиындық сол сәттен басталды. Қарызға сұрайтын танысым да жоқ. Енді не істеймін? Менің басым қатты. Арада екі-үш күн өтті. Америкадағы жалғыз танысым «күтіп алушы аға» қиналғанымды байқап, бір амалын тапты. Жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің киімін қысқартып, арзан бағада алуға мүмкіндік жасады. Осылайша жұмысқа кіруімнің өзі біршама қиындық тудырды.
– Қуаныш, енді америкалық болдың ғой. Естуімше, сен елдегі бауырларына жиі көмек көрсетеді екенсін. Жалпы, табысыңды жоспармен жұмсайсың ба?
– Әрине, жоспарлап жұмсаймын.АҚШ-қа барар сәтте мақсат қойып, қалайда соны жүзеге асырамын деп өзіме серт бергенмін. Баспана мәселесі бұл күнде кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Сондықтан баспаналы болу үшін  өзге елде тер төктім. Алғашқы еңбекақымды бауырларыма жіберіп, жер алуға жұмсадым. Онан кейінгі жалақымды үйдің іргетасы мен қабырғасын қалауға пайдаландым. Жалпы, «Work and Travel» бағдарламасымен 4 ай ғана жұмыс істеуге болады. Бірақ, 4 айда үйді бітіруге қаражат жетіңкірімеді. Сол себепті, Огойада тағы да аялдауға тура келді. Қазір тұрақтағаныма 8 айдың жүзі болды.
– Жалпы, Америка халқы Қазақстанды қалай таниды?
– Рас, Қазақстанды алдымен кәсіби бокста бірталай жетістікке жетіп жүрген отандасымыз Геннадий Головкин арқылы таниды. Генаның Америкадағы әрбір кездесуіндегі жеңісімен бір марқайып қаламыз. Сонымен қатар АҚШ үкіметінің студенттерге ұсынған «Work and Travel» бағдарламасы арқылы келген жерлестеріміз арқылы да таниды.
– Әлемдік саясаткерлер екі елдің дипломатиялық байланысын жоғары бағалап жатыр. Елбасының осы сапары Америкадағы қандастарға қандай әсер сыйлады?
– Елбасының бұл сапары Америкадағы қандастарымызға серпін бергені анық. Дамушы елдер қатарына енетін Қазақстан үшін АҚШ сынды нарықтағы беделі жоғары елмен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Екі ел арасындағы дипломатикалық байланыс Қазақстанның тәуелсіздік тұғыры деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Дональд Трамппен кездесуінің өзі, әлемдік аренада мәртебесінің жоғары екенін айқындайды. Екі ел арасындағы келісімде АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты ары қарай дамыту, еліміздің демократиялық және экономикалық өркендеуіне қолдау көрсету сынды шаралар қарастырылған. Осыған дейін АҚШ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолға алынған "Болашақ" бағдарламасы аясында ел азаматтарының Нью-Йорк, Вашингтон, Бостон және Сан-Франциско сынды қалаларында білім алуларына мүмкіндік туғызды. Бұл – еліміздің болашағы үшін білікті мамандарды даярлауға үлкен қолдау деп есептеймін.
– Біз секілді Америкаға әлі аяғы жетпегенге таңсық нәрсе көп. Ал, саяхаттауға құмар туристер үшін АҚШ-тың қай штаты қолайлы?
– Жалпы, АҚШ – туризм секторын дамытқан елдердің бірі. Бүкіл әлемнен бір жылда жаңа құрлыққа 75 милллионнан астам адам келіп, қызыққа толы жерлерін тамашалап, көңілдерін көтеріп қайтады екен. АҚШ-та белгілі бір саяхат маусымы жоқ. Бұл елге жыл он екі ай барып демалуға болады. Негізінде туристер үшін Нью-Йорк, Калифорния және Маями штаттары қолайлы. Соңғы жылдары Қазақстаннан да Америка құрлығына саяхаттап баратын адамдар саны артқан. АҚШ-та барлық нәрсе адамның жағдайын жеңілдету үшін жасалған. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі туристік визаны 10 жылға беруді бастады. Есесіне америкалықтар біздің елде бір айға дейін ғана визасыз жүре алады. Бұл туризмге деген екі елдің көзқарасының айырмасы. Туристердің басым бөлігі Америкаға тәжірибе жүзінде тілдерін жаттықтыру ниетімен келеді.
– Ал енді қандай жерлері қауіпті?
– Мысалы, туристер көп шоғырланатын Нью Йорк қаласын алсақ. Мұнда қылмыстың деңгейі де кейбір аймақтарында жоғары. Десе де, сіздің қауіпсіздігіңізді 36 000 полиция қызметкері күні-түні қамтамасыз етеді. Нью-Йорктің қай аймақтарында қылмыстық әрекеттердің көбірек болғанын trulia.com сайтынан көруге болады. Аталған портал жылжымайтын мүлік саудасы үшін жасалған. Ол жерде өзіңіз тұрақтаған аймақтың қаншалықты қауіпсіз екенін анықтай аласыз. Интернетте бар ақпараттарға сүйенсек, көбіне афро-америкалықтар тұратын жерлерде қылмыс көп жасалады. Егер Нью-Йоркке жолыңыз түссе, Coney Island (Бруклин), Flatbush (Бруклин) және Jamaica (Куинс) деп аталатын жерлерге бармағаныңыз абзал. Одан бөлек, Манхэттеннің жоғарғы жағында орналасқан Бронкс округі де салыстырмалы түрде қауіпті аймақ болып саналады.
– Америка мен Қазақстан халықтарынының айырмашылығын байқадың ба?
– Қазақ елінің халқы өте ақжарқын, ақкөңіл жандар. Ал бұл жердің адамдары тек баспен ғана жүреді. Қай жерден, кім арқылы, қалай ақша табамын деп үнемі ойлау үстінде жүреді. Бұл жақта ақшаң болса өмір сүресің, болмаса ақшасы барларға қызмет етесің.
– Жақында елге қайтады деп естідік. Ендігі жоспарларың қандай болмақ?
Құдай қаласа, жақын маңда елге оралып, оқуымды жалғастырамын. Америкада жүріп, үйренгендерімді бауырларыммен бөлісіп, кәсіп ашуды қолға аламын.
– Іске сәт. Ниетіңе жет.
Сұқбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК
25 қаңтар 2018 ж. 605 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930